Биыл да дәстүрге айналған Алғыс айту күніне орай «Алғыс айту – рухани байлығымыз» деген атпен Арқалық қаласы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұжымы шаһарда бірнеше қайырымдылық іс-шаралар мен кездесулер өткізді.
Алдымен олар көмекке мұқтаж жандарға қолұшын беру мақсатында, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың үйлеріне арнайы барып, күнделікті тұтынатын азық-түлікті таратты.
Сондай-ақ мешітке келуші барша жамағатқа 600-ге жуық нан таратылды.
Сонымен қатар қаладағы ерекше білім берілу қажеттілігі бар мектепте өткен кездесуде мешіт алқасы оқушыларға сый-сияпат жасап, оларға шын жүректен шыққан ізгі ниетпен баталарын берді.
Осындай тағылымды жағы мол жүздесу Арқалықтағы «Агроколледж» студенттерімен де болып өтті. Онда жастарға имандылық, тәлім-тәрбие жөнінде дәрістер оқылды.
Осы айталғандармен қатар №12-ші жатақхана тұрғындарымен «Алғыс айту – ризашылық белгісі» атты дөңгелек үстел де ұйымдастырылды.
Мұнда білім бөлімінің тәрбие жөніндегі әдіскерлері мен психолог мамандар да қатысты. Сұхбат барысында өмірде кездесетін қиыншылық кездері әрдайым сабырлылық пен ұстамдылық таныту қажеттілігі жайында да айтылды.
Аталмыш үш мекемеде қалалық мешіт тарапынан әрдайым жасалатын қайырымдылық шаралары мен жастар тәрбиесіндегі сауапты да игі істер үшін дән ризашылық білдірілді. Дін қызметкерлері арнайы Алғыс хаттармен марапаттады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Көпшілікке аян, қазір еліміздің барлық аймақтарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мазмұнды шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Соның бір көрінісі ретінде Таран ауданының «Әйет» мешітінің ұйытқы болуымен аймақтық мешіттер арасында спартакиада болып өтті.
Онда спорттың футбол, стол теннисі, мылтық ату, арқан тарту, қол күресі секілді түрлерінен сайыстар өткізілді.
Осынау салауатты өмір салтын насихаттайтын шараға Рудный және Лисаков қалалары мешіттерінің жамағаттары да қатысып, өздерінің бақтарын сынады.
Сайыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды Лисаков, екінші орынды Рудный қаласы және үшінші орында Таран ауданының жамағаттары өзара бөлісті.
Аталмыш жеңімпаздарға лайықты құрмет көрсетіліп, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Содан кейін мәртебелі қонақтарға дастархан жайылып, бұл кездесу тағылымды әңгімелерге ұласты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасы негізінде «Алғыс айту» күнінде Қостанайды біршама шаралар атқарылды. Осы күні Қостанай облысының Діни проблемаларды зерттеу орталығының қолдауымен облыстық «Жастар ісі» және «Қыздар секторы» бөлімдерінің ұйымдастыруымен «Тоғыз құмалақ», «Шахмат» және «Дойбы» ойындарынан сайыс болып өтті.
Аталмыш жарысқа қостанайдың түпкір-түпкірінен 55 адам қатыстып бақтарын сынады. Нәтижесі бойынша жарыстың соныңда жеңімпаздарға мақтау қағазы мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Сонымен бірге Мәселен, демеушілердің қолдауы арқасында мешітте күнкөрісі төмен он бес отбасына қайырымдылық мақсатында азық-түлік жағынан көмек көрсетілді.
Сондай-ақ өңірдегі «Зекет» қорының өкілі Жақсылық қажы Ғайсин мен найб имам Сеит Темірбекұлы «Қостанай балалар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне барды. Онда ата-анасының қарауынсыз қалған балалар тәрбие алуда. Оларға мейрімділік, татулық туралы тәрбие аларлық өнегелі сөздерден соң, тәттілер мен сусындар үлестірілді.
Мұндай шаралар басқа өңірлерде де жалғасын тапты. Қарабалық ауданының «Ғашура ана» мешіті атынан бас имам Серік Темірбекұлы аудандағы қарттар үйінде ұжымымен болып, жақсы лебіздермен көңілі қаяу қарттарды бір қуантты.
Кездесу соңында тәттілер мен базарлықтар таратылды. Қарттар болса өз кезегінде алғыстарын жаудырып, баталарын беріп жатты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Қостанай ауданы «Маңдай батыр» мешітінің ұйытқы болуымен бірнеше есте қаларлық кездесулер мен дөңгелек үстелдер болып өтті. «Нұр Отан» партиясы Қостанай аудандық филиалының ғимаратында Бас имам Асылхан Түсіпбек, ауыл молдалары және ішкі саясат қызметкерлері «Жаназа және жерлеу рәсімдері» тақырыбында тағылымдық іс-шара ұйымдастырды.
Онда діни басқарманың тапсырмасы бойынша жаназадағы ысырапшылдық және өзге де мәселелер қаралды. Жүздесуге еліміздегі ғұламалар кеңесінің бастамасымен жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы арқау болды.
Бас имам ауыл молдаларына жаназа кітабын таратып, оларға нақты тапсырмалар берді. Одан кейін жат ағымдардың алдын-алуға байланысты осы аудандық «Маңдай батыр» мешітінің найб имамы Абзал Сұлтанғалиұлы және Ішкі саясат бөлімінің маманы Кымбат Қоянбаева, Қостанай ауылшаруашылық колледж студенттері, аудандық кітапхана оқырмандары, сондай-ақ «Қазақ тұлпары» жылқы зауыты қызметкерлерімен кездесу болып өтті.
Бұл жүздесулерде Қазақстанда тыйым салынған ағымдар және олардың болашақ ұрпаққа келтірер зияны мен одан сақтану жолдары туралы түсіндірмелер жасалды. Қатысушылар қойған сұрақтарына нақты жауап алды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Еуразия кеңістігіндегі Ислам өркениеті: өткені, бүгіні және болашағы» атты тақырып аясында Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы басталды.
Халықаралық форумға ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Сенат және Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Еуразияның 21 елінен 35-тен астам делегат, еліміздің беделді дін ғалымдары мен Ғұламалар кеңесінің мүшелері, жалпы 250-ден астам адам қатысуда.
ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелден келген мәртебелі меймандарға құттықтау сәлемін жолдап, форум жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде сөз алған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев әлемдегі діни тұрақтылық пен халықтар арасындағы бірлікті сақтауда дін қызметкерлерінің рөлі үлкен екенін атап өтті.
Мінберде сөз алған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз:
«Бүгін Қазақстан мұсылмандарының рухани өмірінде тарихи күн. Өйткені, біздің бастамамызбен тұңғыш рет Еуразия еліндегі Ислам ғалымдары Астанада бас қосып, әлемдегі діни ахуал туралы пікір алмасып, ортақ Қарар қабылдап отыр. Ислам діні Еуразия мұсылмандары арасында Қарахан кезеңінде тарала бастап, Алтын Орда дәуірінде аяқталғаны баршамызға мәлім. Мәураннахр мен Анадолы және Каспий мен Еділ бойында жаңа түркі-ислам өркениетінің негізі қаланды. Яғни, біздің діни-рухани тұтастығымызды қамтамасыз етіп отырған ортақ тарихымыз бен мәдениетіміз бар. Олай болса, сырттан келіп жатқан тасқындарға төтеп беру үшін Еуразия мұсылмандарының ортақ мәдени және рухани құндылықтарын жандандыруымыз керек. Еуразия мұсылмандары радикализмнің кез-келген түрін, оның ішінде дін атын жамылған содырлық әрекеттерді ешқашан қолдамауға тиісті. Керісінше, исламға қатысты ксенофобия орын алмас үшін діни радикализмге қарсы орынды сын айтып, ортақ ұстанымдарымызды жариялап отыруымыз керек», – деді.
Халықаралық форумның мақсаты мен міндеті – жаңа замандағы мұсылман қауымының жауапкершілігі мен өзара түсінігін қалыптастыру, әлемдегі сын-қатерлерге жауап беру, бүгінгі мұсылман үмбетінің діни экстремизм мен терроризмге қарсы иммунитетін арттыру, ортаазиялық тарихи діни мектептің рөлін арттыру, Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасына орай қазақ топырағынан шыққан әлемге танымал діни тұлғалардың еңбегін насихаттау, Еуразия елдерінің ортақ пәтуалар базасын қалыптастыру, Еуразия кеңістігінде діни ықпалдастық пен рухани қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосу, т.б.
Форум жұмысы соңында «Бүгінгі мұсылманның келбеті» құжаты қабылданып, жиынға қатысушылардың Қарары жарияланады.
Бұл күндері республикамызда көптеген игі жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың қаңтарында беделді басылымдарда жарық көрген «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауы дер едік.
Қазіргі таңда еліміздің барлық аймақтарында аталмыш маңызды құжат талқыланып, жұртшылық өздерінің қолдауларын білдіруде. Оның халқымыз үшін маңызы ерекше екендігі айтпаса да белгілі.
Жуырда Қарабалық аудандық «Ғашура ана» мешітінің ұжымы осы Жолдауға байланысты жиын өткізді. Оған ауданның жаңадан тағайындалған Бас имамы Серік Темірбекұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Сәния Сұлтанбекқызы және аудандық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің қызметкері Кенжегүл Орынбасарқызы қатысты.
Бас имам Серік Рахым Жолдаудың негізгі бағыттарына жан-жақты тоқталды. Ендігі барша қауымның алдында тұрған басты міндет – осы маңызды құжатта айтылған мақсаттарды жүзеге асыруға лайықты үлес қосу керек екендігін тілге тиек етті.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Сәния Сұлтанбекқызы Жолдауға байланысты өзінің ойларын ортаға салды. Өзгелер де пікірлерін білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Бүгін Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз «Еуразия мұсылман ғұламалары» форумына қатысушы делегациялармен кездесу өткізіп, арнайы қабылдау жасады. Еліміз бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған алқалы жиынға ат терлетіп жеткен Еуразия елдерінің дінбасылары мен қайраткерлері еліміздің Бас мешітін зиярат етіп, Серікбай қажы Сатыбалдыұлымен бірқатар мәселелер жайын талқылады.
Форум қарсаңында өткен осындай келелі кездесулердің алғашқысы Түркия Республикасы Дін істері басқармасы төрағаcының орынбасары, доцент Селим Аргунге арналды. «Түбіміз бір түркі халықтарымыз» деп туыстық құшағын аша келген Селим Аргун Бас мүфти Серікбай қажы Оразға арнайы алғысын білдіріп, бүкіл түрік елінің ыстық сәлемін жеткізді. Қазақ елінің дінбасшысына деген құрметтерін арнайы әкелген тарту-таралғылары арқылы білдірген Түркия делегациясы екі ел арасындағы рухани байланыстың биік деңгейлерге көтеріліп, діни-мәдени байланыстардың дами түсуіне мүдделі екендіктерін жеткізді.
Сондай-ақ, кездесу аясында екі ел арасындағы діни ахуал жайлы айтылып, оқу орындары мен білім ошақтары арасындағы ынтымақтастық арттыра түсу жайы да сырт қалмады. Қабылдау соңында құрметті мейманға халқымыздың қонақжай салтына сәйкес жағалы шапан жабылып, ілтипат көрсетілді.
Ислам дінінде азан шақырудың алар орны ерекшеі. «Азан» - Ислам дінінің бес парызының бірі - намазға шақыруды білдіреді. Осы ретте Қостанай облысы бойынша мешіттердің шәкірттері арасында аса маңызды сайыстарды тұрақты ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Міне осы орайда «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде «Әуезді Азаншы» атты облыстық азаншылар жарысы ұйымдастырылып өтті.
Оған екі жарым жыл бұрын дүниеден өткен баласына сауабы тисін деген ізгі ниетпен Құрманғазы ағамыз үлгі ретінде жария садақа етіп, осынау игі бастамаға демеушілік жасады.
Аталмыш сайысқа өңірден 40-қа жуық азаншылар (муаззин) қатысты. Жарыс екі кезеңнен тұрды. Қазылар алқасы алғашында азаншының тәджуиді мен мақамына мән берсе, келесі кезеңінде азан тақырыбы аясында үш сұрақ қойылды.
Сонымен Таран ауданынан келген Арғынбек Бейбітханұлы Бас жүлдені жеңіп алып, 30 мың теңге сыйлыққа ие болды. Ал бірінші орын «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітіндегі жас шәкірттердің бірі Оразхан Зейноллаұлына бұйырып, оған 20 мың теңге табыс етілді.
Сондай-ақ жүлделі екінші орын мен 15 мың теңгені Жангелдин ауданының жас шәкірті Архат Құлтайұлы иемденді. Үшінші орын және 10 мың теңге ақшалай сыйлық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітің шәкірті Дәуренбек Саламатұлына бұйырды.
Ал қалған барлық қатысушыларға Бас мүфтиіміз Серікбай қажы Сатыбалдыұлының «Тәпсір тұнығы» атты кітабы мен ақшалай ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Марапаттау соңында қатысушыларға дастархан жайылып, қаситетті Құран оқылып, уағыз-насихат айтылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі.
Бұл күндері елімізде Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауы талқыланып жатқаны белгілі.
Осы аса маңызды құжатты халыққа түсіндіру мақсатында біздің өңірімізге Қазақстан Республикасы дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев бастаған ақпараттық топ келді.
Соған орай министр Нұрлан Байұзақұлымен Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның залында кездесу болып өтті. Оған ғылыми, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, дін қайраткерлері және жастар қатысты.
Жүздесуді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев ашып, мәртебелі қонақпен таныстырды. Ақпараттық топтың бізге келгендегі мақсаттары мен міндеттері жайлы айтып берді.
Діл істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев үстіміздегі жылғы мемлекет басшысының Жолдауы жөнінде жан-жақты тоқталды. Ондағы негізгі он бағыттың алға қойған міндеттері хақында баяндады.
Сондай-ақ өзі басқарып отырған министрліктің осы кезге дейін халық мүддесі үшін тындырған жұмыстары жөнінде жиналған жұртшылықты хабардар етті.
Сонымен қатар алда тұрған жұмыстарға да кеңінен тоқталды. Оның айтуына қарағанда, алдағы жүзеге асырылар істер де өте ауқымды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен тығыз байланыста екендіктерін де сөз етті. Министрлік әзірлеген заң жобасы жайында да тілге тиек етті.
-Қостанай аграрлы өңір. Сондықтан Жолдаудағы үшінші бағытта айтылған «Ақылды технологиялар» - агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі жөнінде айтылған тұжырымдардың біздің облыстың диқандары мен мамандары үшін алар орны ерекше, -деді ол.
Осы басқосуда Нұрлан Байұзақұлына залдан бірнеше сұрақтар қойылды. Министр оларға нақты жауап берді. Жиын соңында барша қатысушыларға еңбекте табыс тіледі.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің бұйрығы негізінде Қостанай облысының бірқатар мешіттерінде жаңа тағайындаулар болды.
Мәселен, Лисаков қаласындағы «Әс-Салам» мешітіне Сабыржан Есмурзин тағайындалды. Ол осыған дейін Жітіқара ауданы «Ержан Тәтішев» мешітінің бас имамы қызметін абыроймен атқарған.
Ал Жітіқара аудандық мешітіне Мейіржан Бердіғожин бас имам болып тағайындалды.
Сонымен қатар Лисаков қаласындағы «Әс-Салам» мешітінің бас имамы қызметін атқарған Серік Рахым Қарабалық ауданы «Ғашура ана» мешітінің бас имамы лауазымына кірісті.
Облыс орталығына жақын орналасқан Рудный қалалық «Нұр» мешітіне найб имам болып қызметін бастаған Қаип Сағандықов та жұртшылыққа таныстырылды.
Мұндай кадрдық өзгертулер ҚМДБ-ның бекіткен Ережеге сәйкес жүзеге асырылды. Аталмыш дін қайраткерлерінің қай-қайсы да өз саласын жетік білетін білікті мамандар. Оларға жамағаты алғыстарын білдіріп, ақсақалдар батасын берді.
Барша тағайындалған азаматтарға алдағы уақытта да жаңа қызметтерінде абырой мен жеміс тілейміз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің
баспасөз қызметі