Сұрағы:
Әссәләмуалайкум ! Есімімді ауыстырсам ба деп едім. Бұлай жасауыма бола ма?
Жауап:
Уа алейкум әссәләм! Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Балаға әдемі ат қою, дінін үйрету және уақыты келгенде үйлендіру, ата-ананың баласының алдындағы міндеті» (Әбу Нуаим). Адамға қойылатын немесе бұрын қойылған аттың мағыналары дінімізге сай келмесе, жаман мағыналы болса, онда оны өзгертуге болады, тіпті ауыстыру қажет. Хадис шәрифте: «Есімі жаман болған адам, оны әдемі атқа ауыстырсын»,-деп бұйырылған (Бәриқа). Хазреті Айша (р.а.) анамыз: «Алла Елшісі жаман есімдерді өзгертетін еді»,-деген (Тирмизи). Сонымен қатар басқа бір хадисте былай делінген: «Қияметте әкелеріңнің атымен шақырыласыңдар (мәселен: Әлиқызы Әмина деп). Олай болса, аттарың әдемі болсын!» (Әбу Дауд) Ал егер қойылған есім Ислам шариғатына сай болып, мағынасы да жақсы әрі дұрыс болса, онда мұндай есімді ауыстыруды ислам діні талап етпейді. Бұл жағдайда есімін сонда да ауыстырғысы келсе, адамның өз еркіне қалдырылады. Қаласа өзгертеді, ал қаламаса бұрынғы қалпында қалдырады.