«Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің дін қызметкерлері, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшылығы және шаһардағы қалалық жастар ресурстық орталық мамандарының бірлесуімен құрылған ЖАНТ (жергілікті ақпараттық насихаттық топ) мүшелері бірқатар кездесулер ұйымдастырды.
Мәселен, олар осы өңірдегі Аманкелді ауданында, Амантоғай, Фурманов, Үштөбе және Восточный ауылдарында болып, тұрғылықты халықпен кездесті. Жұртшылықтың арасында жастар да аз болған жоқ.
Қалалық мешіттің бас имамы Бектұрсын Уәлиев жиналғандарға келгендегі сапарларының мақсатын түсіндірді. Сондай-ақ, дін жайлы түсінік берді. Адамгершілік және имандылық қағидаларын насихаттау, жастарды теріс ағымдардан сақтандыру, басқа да жүздесулерге қатысқан жандарға тигізер пайдасы мол әңгімелер жайлы тілге тиек етті.
Белгілі дін қайраткері, ең бастысы, ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, еліміздің бірлігін нығайтуға лайықты үлес қосу әрбір азаматтың басты парызы екендігін еске салды.
Жалпы, кездесу барысында дәстүрлі Ислам құндылықтары, имани тәлім-тәрбие жайлы сөз етілді. Бейнероликтер көрсетілді. Теріс ағымдар хақында брошюралар таратылды.
Осы әңгімеге арқау болған тақырыптармен қатар, ғаламторды қолданғанда, әсіресе, әлеуметтік желілерде діни ақпараттарға өте сақ болу жөнінде де баяндалды. Қажет болған діни мағлұматтарды текқана ҚМДБ-ға қарасты сайттардан алу ұсынылды.
Сөз болған жиындарда сұрақтарға нақты жауап берілді. Жалпы, апта ішінде 6 кездесу өтіп, оған 248 адам қамтылды.
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде өтетін дәстүрлі ауызашар әр дүйсенбі мен бейсенбі күндері өз жалғасын табуда. Аталмыш күндері ауызашарға шақырылған жамағатқа уағыз қазақ және орыс тілдерінде өткізіледі.
Сабақ барысында «Ихъя улуму Ддин» кітабы пайдаланылады. Мәселен, қазіргі танда ауызашарға келіп, жамағатпен бір дастархан басында ауыз ашып, дәріс сабақтарына қатысушы адамдар саны, шамамен, 45-50-ді құрайды.
Болашақта ауызашарға жиналатын жамағаттың санын 70-80 адамға жеткізу жоспарда бар. Осынау мешіттегі игі істер өңірдегі өзге де парасат ордасының қызметкерлеріне өнеге болары хақ.
Таяуда қасиетті жұма күні Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» атындағы мешітінде есте қалар оқиға болды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша «Халал даму» бөлімінің жауапты өкілі Әлішер Ертайұлы «Қособа 2017» «Мал бауыздау және ет өңдеу» қасапханасының директоры Тобыл Бейсенұлына жұртшылық алдында халал куәлігін тапсырды.
Сондай-ақ, аталған қасапханада қызмет атқаратын Құмар Балабекұлы мен Самат Бейсенұлының кәсіби біліктілігі және өз ісіне деген жауапкершілігі ескеріліп, халал қасапшы куәлігі берілді.
Куәлікке ие болған азаматтар алдағы уақытта да адал еңбек етіп, мұсылман қауымының көңілінен шыға береді деген үміттеміз!
Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы іс-сапармен Торғай өңірінде болды.
Осы сапар барысында облыстың бас имамы өңірдегі халықты діни сауаттандыру және жат ағымдардың алдын алу бойынша маңызды кездесулер өткізді.
Алдымен, Жангелдин ауданына ат басын бұрып, осындағы «Оспан қожа» мешітінде жамағатпен жүздесті. Содан кейін орталықтағы Ы. Алтынсарин атындағы музейде оқушылармен маңызды әңгіме ұйымдастырды.
Басқосуда жат ағымның зардабы хақында жан-жақты түсіндірді. Келесі күні Арқалық қаласына келіп, Арқалық телеарнасына «Қазіргі жастар тәрбиесі» жайында сұхбат берді. Сол шаһардағы «Көпсалалы» колледжде студенттермен кездесті.
Мұнда «Білімді ұрпақ - ел ертеңі, тәрбие - тал бесіктен» атты тақырыпта қозғалған жүздесу де өте әсерлі болды. Жиналған қауым өкіл имамның терең біліміне, шешендігіне дән риза болысты.
Жітіқара өңірінде жүзеге асырылып жатқан игі істер аз емес. Солардың бірі ретінде аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің жұмысының жанданып, әсемдене түскенін айтар едік.
Мұндай киелі орындар үнемі қолдауды, жанашырлықты қажет етеді. Көпшілікке белгілі, «Костанайские минералы» акционерлік қоғамы басшыларының тікелей демеушілігімен, мешіттегі шамдар жаңартылып, жергілікті халықтың дән ризашылығына бөленді.
Осындағы мешіттің имамы Мейіржан Қапарұлының айтуына қарағанда, киелі орындардың іші жарық та тартымды болғаны абзал. Қазіргі таңда аудандағы іскер азаматтардың қолдауының арқасында мешіттің іші-сырты келетін жамағаттың назарын бірден аударады.
Орнатылған шамдар сонадайдан жарқырап тұрады. Сол себептен де жаны жомарт кісілерге айтар алғыстары шексіз.
Ысырап сөзі араб тілінен еңген, «босқа шашу», «мөлшерсіз жұмсау», «шектен шығу» деген мағыналарды білдіреді.
Алла Тағаланың тарту еткен несібесін бет алды шашу, түбінде адамға өкініш алып келетін күнә. Алла Тағала қасиетті Құранда ысырап жөнінде былай деген:
وَكُلُوا وَاشْرَبُوا وَلَا تُسْرِفُوا ۚ إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ
«Жеңдер, ішіңдер бірақ ысырап етпендер! Алла Тағала ысырап еткендерді әлбетте жақсы көрмейді» (Ағраф суресі, 31-аят).
Ысырап етуші Жаратушымыздың алдында жағымсыз іс жасауымен қатар, шайтандардың бауырына айналады.
وَآتِ ذَا الْقُرْبَىٰ حَقَّهُ وَالْمِسْكِينَ وَابْنَ السَّبِيلِ وَلَا تُبَذِّرْ تَبْذِيرًا إِنَّ الْمُبَذِّرِينَ كَانُوا إِخْوَانَ الشَّيَاطِينِ ۖ وَكَانَ الشَّيْطَانُ لِرَبِّهِ كَفُورًا
«Жақын туысқа, пақыр-міскінге һәм жолда қалған жолаушыға тиісті жақсылығыңды жаса! Мал дүниеңді орынсыз шашып-төгіп, ысырап қылма! Шүбәсіз ысырапшылар шайтандарға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына рақметі жоқ малғұн!» ( Исра суресі, 26-27-аяттар)
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) берілген нығметті қалауымызша тұтынуымызды рұқсат етіп, алайда ысырап жасауға тыйым салып, былай деді: «Адамды адасу жолына жетелейтін нәрсе, ысырапшылдық пен такәппарлық» (Бухари ).
Бабаларымыз да кейінгі ұрпақ сіз бен бізге ысырапшылдыққа бармай, қолдағы бар ырыздық-несібе мен берекетті орнымен пайдалана білуді өсиет еткен. Абай атамыз «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде ысырапшылдықты ең бір жаман әдет ретінде қарастырып былай деген:
«Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз».
Демек Алланың берген нығметінен жеп, ішіп, алайда дәулет артқан кезде, жағдайы төмен кедейдің, жетім-жесірлердің тиісті үлестерін беруді еш ұмытпау қажет. Сондай-ақ сырт көзге мақтану ниетімен қымбат киіну де ысыраптың бір түріне жатады. Сондықтан қаражатымызды пайдасы тиетін жерге жұмсап, зияны тиетін жерден аулақ болуымыз ләзім.
Тамақтанған кезде де өз мөлшерін сақтаған жөн. Ислам дінде аз тамақтанып тән саулығын күшейтумен қатар, мешкейлікпен артық асап, ысырапшылдыққа ұрынбау керектігі де ескертілген. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл жөнінде былай деген: «Ішіп жеңдер, киініңдер және садақа беріңдер, бірақ ысырап пен тәкаппарлықтан сақтаныңдар» (Бұхари).
Сонымен қатар Алла Тағала Құран Кәрімде адамзат баласы уақыттың қадірін түсінуі қажет екендігін былай деп баяндайды:
وَالْعَصْرِإِنَّ الْإِنسَانَ لَفِي خُسْرٍ
«Заманға серт! Негізінде адам баласы зияанда!» (Аср суресі, 1-2-аяттар)
Бұл аяттарда Жаратушымыз уақытпен серт етіп, сол уақытты дұрыс пайдалана алмаған адамдар қасіретте болатындығын ескертуде. Ал сол қасіреттен арылуымыз үшін ең бастысы әр бір сағат, күн, ай, жылымызды игі істермен өткізіп, сауапқа кенелудің жолын табуға көп көңіл бөліп, уақытты бекер өткізіп алудан сақтануымыз керек.
Ұйқы – Алланың ұлы нығметтерінің бірі. Адам баласы бұл дүниеде негізгі екі қалыпта болады. Оның бірі ұйқы болса, ал екіншісі сергектік. Орынсыз көп ұйқы уақыттың жауы. Көптеген кітаптар жазған ғалымдардың өмірбаянына қарасақ, олардың аз ұйықтап, көп ғылыммен шұғылданғандықтарын аңғарамыз. Ғалым болып кетпесек те, кез-келген адамға білім алу – парыз. Сондықтан ұйқымызды азайтып, уакытымызды тиімді пайдаланып, ғұмырымызды білім алуға жұмсайық.
Дінімізде меймандарға ас тарту етудің сауапты іс екендігі аят, хадистерде баяндалған. Қазақ дәстүріндегі жетісі, қырқы, жылын беру де тектен-тек пайда болмаған. Ол кезде қазақ ауылдарында ағайын-туған, жекжат-жұрағаттардың арасы өте шалғай болған. Көршілердің өзі де жақын жерде болмаған. Сондықтан алыстан көңілқос айта келген қонақтарға арнайы мал сойдырып, ет астырып, ас ұсыну қалыптасқан. Алайда қазіргі уақытта, қайтқан кісінің құрметіне берілетін құдайы астарды ысырапқа жол бермей атқару қажет. Ислам діні аталмыш асты қарызданып, қауғаланып міндетті турде өткізуді құп көрмейді. Себебі қазіргі уақытта адамдардың көбісі өзінің тұрмыс-тіршілігіне мән бермей, жетпей жатқан жағдайда да мол қаражат жұмсап, жылқы сойып, садақа беріп, әбігерге салынып, ас беруді әдетке айналдырған. Тіпті шектен тыс ойына келген әрекеттерге, ысырапшылдыққа жол берілген. Соның бірі – өлік шыққан үйдің дастарханы, тойдың дастарханымен бірдей деңгейге жетті. Орамал, жыртыс, ақша тарату шариғат міндеттемейтін ысырапшылдық. Санамыздағы ысырапшылдық сияқты кемшілікті имандылық тәлім-тәрбие, арқылы түзетуіміз қажет. Құран мен сүннеттегі осыншама ұстанымдарға құлақ түрілсе, ысырапшылдықтың алды алынары сөзсіз.
Қазақтың тойсыз күні жоқ. Салт-дәстуріміздің қатаң сақталуымен тәрбиелік маңызы зор болып есептелетін тойлардың өзі де бұрынғы денгейінен құлдырап, даралықпен даңғазалыққа айналған. Бүгінгі күні дәстүр мен дарақылықты шатастырып, ысырапшылдыққа жол беретіндер көп. Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен қасақ қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мумкін емес.
Прагматизм – өзінің ұлттық және жеке байлығыңды нақты біліп, оны үнемді пайдалануың әрі соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алуың және ысырапшылдық пен астамшылдыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдинеттің белгісі орынсыз сән-салтанат емес, керісінше ұстамдылық пен қанағатшылдықты, қарапайымдылық пен үнемшілдікті орынды пайдалану – көрегенділікті көрсетеді. Тойға тыйым салу немесе шектеу қоюды қалап отырған жоқпыз, бәлки астамшылдыққа тосқауыл болатын барлық амалдарды жұзеге асыруымыз қажет.
Ұзынкөл аудандық
«Балықты» мешітінің бас имамы
Ажмахан Есенгелді Сақтағанұлы
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жарғысына сәйкес, Бас мүфтидің бұйрығымен өңірімізде бірқатар аудандарда имамдарды тағайындау болып өтті.
Облыстың өкіл имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы сол жаңа имамдар бекітілген аудандарда болып, оларға қызметтерінде табыс тіледі, болашақта жергілікті жұртшылықтың сенімін ақтайтындығына сенім білдірді.
Мәселен, Әулиекөл ауданына Науырзым ауданының «Түркебай» мешітінің бас имамы Нұрлан Сыздықов бекітілді. Бұл ауданның бұрынғы бас имамы Нұрбол Балахметовке ауданның әкімі Ерлан Теменов көп жылғы қызметін ескере отырып, иығына шапан жауып «Алғыс хат» тапсырды.
Сондай-ақ ел алғысына бөленген білікті маман Нұрбол Исламұлы Сарыкөл ауданына бас имам болып тағайындалды.
Біз жаңа тағайындалған әріптестерімізге алдағы уақытта мықты денсаулық, қызметтерінде табыс тілейміз!
Осыдан бұрын баспасөзде жазғанымыздай, РАНТ мүшесі, Шымкент қалалық «Тәжібай ата» мешітінің Бас имамы Берік Сүйіндікұлының сапары кеншілер қаласы Рудныйда онан соң Затобол кентінде жалғасты.
Облыс орталығындағы жоғары және арнаулы оқу орындарында, түзету мекемелерінде маңызды жүздесулер өткізді. Аталмыш кездесулерде қоғамдағы теріс діни ағымдар, діни салт-дәстүрлер, әлуметтік желідегі жалған ақпараттар жайлы қозғады.
Бұл кездесулерде жұрттың көкейінде жүрген өзекті мәселелермен күрделі сұрақтарға тұшымды жауап берілді. Жастар Берік Сүйіндікұлының тағылымды әңгімелерін ұйып тыңдап, үлкен әсерге бөленді.
Көпшілікке белгілі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бастамасымен елімізде «Ел үлесі пәтерге» атты игі бастама қолға алынған еді.
Содан бері қаншама алтын құрсақты аналарымыз, баспанаға мұқтаж жандар үйлі болып, қуанышқа бөленуде.
Бұл игі бастама Қостанай өңірінде де жалғасын тауып, қаншама отбасылары шат-шадыман күйді бастан кешті.
Мысалы, таяуда Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылының тұрғыны, алты бала тәрбиелеп отырған аяулы ана Ханымгүл Амантайқызына ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұы пәтердің кілтін салтанатты түрде табыс етті.
Бұл республикамыз бойынша 135-ші баспана. Оған ие болған көп балалы Ханымгүл ана игі шараға бастама болған Бас мүфтиге және оның жүзеге асуына қолдау берген барша халыққа алғысын білдірді.