Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Super User

Super User

Вторник, 05 Ноябрь 2019 12:39

Имамдардың ұстанар асыл мұраты

Жақында Елордамыз Нұрсұлтан шаһарында республикалық III имамдар форумы болып өткені белгілі. Осы аса маңызды жиынға өзім де қатысып, қаншама игі әсер алдым. Басқосудан көргенім мен түйгенімді өңірдегі әріптестеріммен бөлісіп, алда тұрған асқаралы міндеттер жайлы үнемі айтып келемін.

Аталмыш жиынға байланысты Қостанай өңіріндегі аудан, қала, елді-мекендердегі дін қызметкерлеріне арнайы семинар өткіздік. Онда республикалық форумда қабылданған «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы, «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері» және «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» деп аталатын құжаттарда баяндалған күнделікті қызметімізге аса қажетті жайлар жан-жақты айтылды.

Сонымен форумнан алған әсерім жайлы осы мақаламда тілге тиек етпекпін. Меніңше жоғарыда сөз етілген «Жеті рухани қазық» деп аталатын рухани тұғырнама тек қана дін саласында жүрген имамдардың ғана емес, әрбір мұсылманның үйінде болуға тиіс аса құнды дүние деп есептеймін.

Осы маңызды дүниені қолға алған адам үлкен тебіреніске түсіп, терең ойда қалатындығы белгілі. Өйткені онда әрбір адамның өмірлік ұстанымы әрі мұраты болар жайлар баяндалған. Мұнда имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік және әділдік жайлы толық баяндалған.

Имандылық бағытында менің әріптестерімнің тындырып жатқан жұмыстары қашанда ауыз толтырып айтарлықтай. Олар халықтың арасында тынымсыз еңбек етіп, мұсылман қауымын ізгілікке, қайырымдылыққа, адамгершілікке баулуда.

Жүрегінде иманы бар адам ешқашан да қиянатқа, әділетсіздікке жол бермейді. Ата-анасын ардақ тұтып, үлкенге ізет, кішіге кішіпейлдік танытады. Өмірде көріп жүргеніміздей, әке-шешесінің бойынан қуат, қолынан күш кеткенде, артық зат секілді, көздері қиып қарттар үйіне тапсырмайды.

Өз басым жастар арасында болғанда осы жайды үнемі саналарына жеткізуге тырысамын. Біз отаншылдық жайын жиі айтамыз. Бұл өте орынды да. Өз отанын сүйген адам ешкімге де жамандық ойламайды.

Жастардың бойына кішкентайынан патриоттық сезімдерді қалыптастыру баршамыздың асыл мұратымыз әрі мақсатымыз. Бұл жөнінде талай алқалы жиындарда айтылып та, жазылып та жүр.

Білімділік, ауызбіршілік біздің ұдайы қозғап жүрген ерекше тақырыбымыз. XXI ғасыр білім ғасыры екендігі даусыз. Мемлекетіміз өркендеген сайын білімге де айрықша көңіл бөлініп, көптеген жетістіктерге жетудеміз.

Бүгін мен күнделікті бірге қызмет атқарып жатқан имамдардың білімі мен біліктілігі жайлы тілге тиек еткенді жөн дер едім. Қазіргі таңда имамдарға қойылар талап та өте жоғары.

Мәселен, олар діни ілім алуларымен қатар рухани жағынан кемел, жан сарайы өте терең болып, жан-жақты біліммен қаруланғандары абзал. Олар шешендігімен, біліктілігімен, қарапайым да адамгершілік қасиеттерімен дараланып жатса нұр үстіне нұр емес пе.

Сол себептен де әріптестерім халықпен тонның ішкі бауындай араласа қызмет атқарып, бойларындағы ізгі қасиеттерімен оларды ауызбірлікке, еңбекқорлыққа, мәдениеттілікке әрі әділдікке шақырып, өздері әрдайым үлгі-өнеге көрсетулері тиіс.

Дін қайраткерлерінің жүздерінен имандылықтың нұры төгіліп, жұртшылықты мәнді де ізгілікке толы сөздерімен айрандай ұйытып жатса құба-құп емес пе.

Форумда қабылданған құжаттардың бірі «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» деп аталатын салт-дәстүріміз және дінімізбен біте қайнасқан ұлағатты дүниелер кімді болсын терең ойға жетелері хақ.

Осы арада жалаң сөзге салынбас үшін оның мазмұнына қысқаша тоқталып өткенім жөн болар. Мысалы, сәбиге ат қою, бата беру, Құран үйрету, азан айту, мәуліт оқу, жарапазан айту секілді рәсімдерді әрбір мұсылман бауырларымыз білсе артық емес.

Өздеріңіз де көріп жүргендей, қазіргі таңда имамдар қауымына жүктелер жауапкершілік пен міндет те жеткілікті. Олардың бойында кәсіби білім, жан дүниелері рухани жағынан бай болуымен бірге патриоттық сезім, Отан алдындағы перзенттік парыз, адалдық пен адамгершілік қасиеттер әрбір сөздерінен айқын сезіліп тұрса ғанибет.

Мен еліміздегі барша дін қызметкерлерін бүгін әңгімемізге арқау болған имамдардың республикалық III форумында қабылданған маңызды құжаттарды насихаттауға әрі арамыздағы күллі халықтардың ынтымақ-бірлігін нығайта түсуге шақырамын.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Қостанай облысы бойынша Бас имамы

Бахытбек қажы Тәжімбет

Пятница, 01 Ноябрь 2019 15:18

Форумда қабылданған құжаттар

Қостанай облыстық мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» - атты ІІІ республикалық имамдар форумдағы қабылданған құжаттарға қатысты семинар өткізілді.

Аталмыш жиынға облыс бойынша қазіргі таңда халыққа қызмет көрсетіп жүрген барлығы 72 діни қызметкер жиналды.

Облыстың Бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы өткізіліп отырған шараның мақсаы туралы түсіндіріп, баяндамашыларға сөз берді.

Қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің бас имамы Шоқан Ғазизұлы «Жеті рухани қазық» тұғырнамасын жан-жақты түсіндіріп өтсе.

«Діни рәсімдер» туралы Лисков қаласының Бас имамы Сабыржан Зейнелғабиденұлы ашықтады.

Ал Арқалық қаласының Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері» бойынша айтып, қойылған сұрақтаға жауап берді.

Осылайша форумдағы қабылданған құжаттар жиналғандарға толықтай түсіндіріліп, бір данадан ұсынылды.

Жиын соңында облыстың Бас имамы Бахыбек қажы Тәжімбет осы қабылданған құжаттар аясында жасалып жатқан жұмыстарды жандандыруды және қала, аудан мен елді мекендерде халыққа таныстыруды тапсырды.

ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Вторник, 29 Октябрь 2019 16:26

Жат ағым жарға жығады

Асыл дініміз Ислам – барша адамзат баласын бейбiтшiлiкке, амандыққа, ешкiмге соқтықпай тыныш өмiр сүруге шақыратын иләһи дiн. Міне, осындай хақ дiнiмiз жер бетiнде нағыз адамгершiлiктiң, сыйластықтың рухын жайып, алауыздыққа, қастық пен дұшпандыққа тыйым салғаны да мәлiм.

Ислам бұл – тыныштықты бұзу үшiн емес, теріс пиғылды тыю үшiн жiберiлген мейірім діні. Ата-бабаларымыз да сан ғасыр бойы дәстүрлі дінді өмiрлеріне негізгі діңгек етіп ұстанып, ауызбiршiлiкпен бейбiт ғұмыр сүрiп келдi.

Дiни дүрдараздық деген ұғым қазақ даласында күнi кешеге дейiн болмаған. Өкiнiшке орай, соңғы жылдарда асыл дiнiмiздi жеккөрiнiштi етiп көрсететiндер жер-жерден бой көтере бастады. Кешеге дейiн бар қазақ бiр дiндi, бiр мәзһабты ұстанып келдi. Сенiмi де, мақсат-мүддесi де бiр болды. Ендi бүгiн әлемде түрлi мүдделер – кертартпа-жатпиғылды ағымдар көбейіп, дiнiмiзге әртүрлі жаман атаулар таңылуда.

Жат ниетті ағым, қарапайым халықты сонау ата-бабадан жалғасып келе жатқан дінінен үркітіп-шошыту мақсатында қаншама айлы-шарғыларын жасап әлек. Хақиқи Исламның атын жамылған ағымдар ашық та, жасырын да ел ішінде теріс бағытта қызмет жасауда. Әсіресе, қазақтың дүниетанымына сай келетін Әбу Ханифа мәзһабын мойындамай, жоққа шығарғысы келетіндердің әрекеті байқалады. Ал, сондай жатпиғылды ағымдардың шырмауына түскен бауырларымыз хақ дін мен ағымның арасын ажырата алмай дал.

Жат ағым өкілдері қарапайым халықты қалай өзі ұстанған сенім жолына алдап-арбайды? Оның басты деген амал-тәсілдері қандай?

  1. Кез келген «діни ағым»топқа жаңа қосылған адамды, ең алдымен психологиялық қысымға алады. Өздерінен басқаның бәрін адасқан санатына қойып, санасын улайды.
  2. Өз орталарына ерекше бір қамқорлыққа алғандай сыңай танытып, шынайы бір жанашырындай көрінеді. Үнемі оған көңіл бөледі, бұл нәрсе «ағымға жаңа қосылған адамның» жанына жағымды болады. Осыдан, діни түсінігі таяз, алданған адам, діні мен дәстүріне қарсы шығып, өз Отанына, ата-ана, ағайын-туыс, қоршаған ортасына деген өшпенділікті оятады.
  3. Дәстүрлі емес діни ағым өкілдері қоршаған ортасынан іргесін аулақ салып, қоғамнан бөлектене бастайды. Өз араларындағы «ұстазға» тәуелді болып қалады. Демек, осыдан кейін «періште ұстаздан» өзге жанның сөзін құлаққа ілу, осыған дейінгі уақытта өмір сүрген ортаның салтымен санасудың қажеттілігі көрінбей кетеді.
  4. Адамның ойлау қабілетін тежейтін тәсілдерді қолданады. Мәселен, «шектеулі болған ұстаздардың» бір сарынды уағызын ғана тыңдату. Бұл адам психологиясын тәуелділікке әкеліп соқтырады. «Тыңдарман» өзінің бұрынғы отбасынан алған тәлім-тәрбие, қадір-қасиеттерін бір сәтте жоққа шығарып, өзі түскен ағымға ұнамды бейнені қабылдап алады. Мұның соңы бөлінуден басқа ешнәрсеге алып бармасы анық.

Исламнан нәр алған бабаларымыздың ұстанған жолы – береке мен бірлік болған-ды. Ал, дініміз мұсылмандардың басқа жолдарға бөлінуіне әрқашан да қарсы. Алла Тағала бұл жайлы:

وَاعْتَصِمُواْ بِحَبْلِ اللّهِ جَمِيعاً وَلاَ تَفَرَّقُواْ

«Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» («Әли Имран» сүресі, 103-аят)-деп ескертті.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде:

يقول النبي صلى الله عليه وسلم "عَلَيْكُمْ بِالجَمَاعَةِ وَإِيَّاكُمْ وَالفُرْقَةَ فَإِنَّ الشَّيْطَانَ مَعَ الوَاحِدِ وَهُوَ مِنَ الِاثْنَيْنِ أَبْعَدُ، مَنْ أَرَادَ بُحْبُوحَةَ الجَنَّةِ فَلْيَلْزَمُ الجَمَاعَة" الترمذي

«Сендерге әрдайым жамағатпен бірге болуды және бөлінушіліктен сақтанып жүруді тапсырамын. Шын мәнінде Шайтан, жалғыз қалған адаммен бірге, ал екі адам болған жерден аулақ жүреді. Кімде-кім жұмақтың жайлылығын қаласа көпшілікті ұстансын» (Тирмизи 2165).

Және Абдулла ибн Масғуд (р.а.) айтты:

وعَنْ عَبْدِ اللهِ بن مسعود رضي الله عنه، قَالَ: "الْزَمُوا هَذِهِ الطَّاعَةَ وَالْجَمَاعَةَ ، فَإِنَّهُ حَبْلُ اللهِ الَّذِي أَمَرَ بِهِ، وَأَنَّ مَا تَكْرَهُونَ فِي الْجَمَاعَةِ خَيْرٌ مِمَّا تُحِبُّونَ فِي الْفُرْقَةِ ."المعجم الكبير للطبراني

«Итағат (бойұсыныңдар) етіңдер және әрдайым көпшілікпен бірге болыңдар. Расында осы екеуін мықтап ұстануды Алла бұйырған. Көпшіліктен бөлінгенде ұнатқан заттарыңнан гөрі көпшілікте жүріп ұнатпаған заттарың жақсырақ» (Әл-Муғжам Әл-Кәбир Ат-Табарани 8973).

Яғни, жамағаттан алыстап-бөлінудің зарары қаншалықты ауыр екендігін осы сөзерден анық аңғаруымызға болады. Демек, асыл дініміз көпшіл болуға, бірігіп ел болуға шақырып қана қоймай, жікке бөлінуді де құптамайды.

Негізінде елімізді паналаған кез келген ағымды «жақсы-жаман» деп бөлуге болмайды. Неге? Өйткені, олардың түпкі мақсатында: «бөліп ал да, билей бер»-деген ұстаным жатқаны анық.

Ал, шындығында мұсылман қандай болу керек? Әрине, нағыз мұсылман Алладан шынайы қорқып, Құдай тағала көріп тұрғандай құлшылық жасауы керек. Кісіге үкім шығарып, «сен кәпірсің, күнәһарсың» деген сөздерді қолданбауы қажет. Сондай-ақ айналасына пайда тигізетін мейірімді жан болуы тиіс. Өйткені ардақты пайғамбарымыз: «Жақсы адам – қоғамға пайдасы тиген адам», – деген. Демек, қоғамға пайдалы болғаның – жақсы мұсылман болғаның.

Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет. Діни білімге сусаған кезде, бір діни мәселеге тап болған сәтте әркімге жүгінбей, арнайы «дін мамандарынан» кеңес сұрағанымыз абзал.

Әсіресе, ата-аналар балаға дін мәселесінде дұрыс бағыт сілтеп, мешіт қабырғасынан сауат ашуға кеңес бергені жөн дер едім. Егер ата-ана балаға имандылық мәселесінде дұрыс тәрбие беріп, оңды бағыт-бағдар көрсете алмаса, жат ағым өкілдері оны өз мүддесіне пайдаланып кетуі әбден мүмкін.

Қазіргі таңда қайсыбір ата-ана баласы дінге бетбұрыс жасап, намазға жығыла бастаса кәдімгідей қорқатын жағдайға жеткен. Мұндай жайт ата-бабамыздың өңі түгілі түсіне де кірмеген болар.

Алайда, өкінішке қарай, бүгінгі жаһандану заманында еліміздегі ахуал осындай. Бұл арада мәселе діннің өзінен емес, «дін атын жамылушы теріс пиғылдылардың» құйтырқы әрекетінен ушығып тұрған жайы бар.

Бүгінгідей кезеңде басты қатер – ашық-шашықтығымыз. Осы ұрымтал тұсты пайдаланушы жымысқы әрекетті әрқандай жат ағымдар ұлтымызға жақын «дін» атын жамылып кез келген бағыт бойынша, соның ішінде ғаламтор арқылы да жастарымыздың санасын улап, қоғамымызға іріткі салуда.

Көбіне сырттан қаржыландырылатын діни ұйымның басты мақсаты болады, ол – қоғамға іріткі салу. Сондықтан олар қоғамда дүрбелең туғызатын қозғаушы күш, тобыр іздейді.

Әңгімені қорытындылай келе айтарым: түсіне білген адам үшін дін – тек намаз оқу емес, ол күрделі ғылым. Ол ғылымды игеру үшін білімнің қажет екені айт­паса да түсінікті. Ғасырлар бойы ұлы даламызда салтанат құрып келе жатқан исламның қадір-қасиеті адамзат үшін басты құндылық.

«Алланы бір, Пайғамбарды хақ, Құранды шын» деп таныған бабаларымыздың аманатына адалдық таныту – бүгінгі міндет. Сондықтан қазіргі таңда жас ұрпаққа рухани тәрбие берiп, дiни сауатын ашу үшiн барлық жағдайды жасауымыз қажет.

Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат екендігін ұмытпайық.

Құрметті бауырлар, ел болу үшін, ең алдымен өз ішімізден бөлінуге жол бермейік. «Бөлінгенді бөрі жейді»-демекші, іштегі бірлік кетіп, алауыздық туындаса, сырттан келіп, елімізді ойрандап, іріткі салу оңайға түседі.

Сондықтан әсіресе, жастар, жалпы ел мұсылмандары ешбір топтың жетегіне ермей, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұстаздарының пәтуасына жүгініп, дәрістерінен рухани азық алайық. Егемен еліміздің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда ерінбей еңбек етіп, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз – азаматтық әрі мұсылмандық парызымыз екенін жадымыздан шығармайық!

Бектұрсын Уәлиев

Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің

бас имамы

Понедельник, 28 Октябрь 2019 12:13

Қостанай: Халықтың ынтымақ-бірлігі

Еліміздегі мекен етіп жатқан барша ұлт өкілдері достық пен ауызбірлікті әрқашан да жоғары қояды. Осындай ұйымшылдық пен ынтымақтың арқасында Қазақстан әлемге танылды.

Жақында өңіріміздегі іргелі оқу орындарының бірі Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Тәрбие жұмысының басқармасы, Жастар ісі жөніндегі комитеті, Этника аралық және конфессияаралық келісім мәселелерін зерттеу орталығында «Ел бірлігі – Рухани келісімде» атты кездесу өткізді.

Бұл кездесуге арнайы шақырылған Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің наиб имамы Нұрлан Сейдагалиев «Рухани келісім» тақырыбы бойынша әңгіме өрбітті.

Сөйтіп, «Рухани келісім» күнінің жоғары деңгейде өтуіне өзінің айрықша үлесін қосты. Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы еліміздегі мекен етіп жатқан күллі ұлт өкілдерінің қолында екендігі де жан-жақты айтылды.

ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Понедельник, 28 Октябрь 2019 11:44

Алғыс хатпен марапатталды

Қазан айының 23 күні Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» - атты ІІІ республикалық имамдар форумы өтті.

Аталмыш форумға Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен белгілі теологтар және 500-ден астам имам қатысқан еді.

Форумның екінші бөлімінде ЖАНТ (жергілікті ақпараттық-насихат тобына) арналған семинар өткізілді. Жиынды ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ашып, уағыз-насихат жұмысын жандандыруға қатысты бірқатар ойларымен бөлісті.

Насихат тобына еліміздің түкпір-түкпірінен сараптамадан өткен 420 діни қызметкер енген. Отырыс барысында ЖАНТ-ның жарты жылдық есебі тыңдалды.

Жиын соңында наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы насихат жұмыстарында белсенділік танытқан «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлына Бас мүфтидің «алғыс хатын» табыстады.

ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Понедельник, 28 Октябрь 2019 11:37

Діндегі ырым

Жақында Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Асылхан Түсіпбек Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің шәкірттеріне «Діндегі ырымның өзіндік орны» тақырыбында уағыз-насихат жүргізді.

Уағыз барысында шәкірттердің көкейлерінде жүрген сауалдарына нақты да тиянақты жауап алуға толық мүмкіндік туғызылды. Осылайша басқосу жоғары деңгейде өткізілді.

Асылхан қажы - өз саласын жетік білетін азамат. Сондықтан қойылған сауалдарға орай әңгіме өрбітті. Жүздесуден жастар қаншама алдағы уақытта өмірлеріне ықпалы тиетін жайларды жете түсінді.

Жалпы, осындай кездесулер әрқашан да екі жаққа да пайдалы екендігін көріп те, біліп те жүрміз. Келешекте де барлық мешіттерде осындай уағыз-насихаттар жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді.

ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі

ІІІ республикалық имамдар форумында баяндама жасаған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бұл жиын Діни басқарманың беделін көтеруге, имамдардың мәртебесін арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.

«Бүгінгі форумда қабылданған «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани Тұғырнамасы атты құжат – халқымыздың ұлттық рухани мұрасы мен құндылығын жаңғыртып, бұқараға кеңінен насихаттауға арналған. Сонымен бірге, форумда «Діни лауазымдар тізілімі», «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер реті», «Діни лауазымдардың қызметтік міндеттемелері» атты құжаттар қабылданды. Бұл ауқымды құжаттар – діни саладағы өзекті мәселелерді шешуге, мұсылман үмбетінің рухани сұраныстарын қанағаттандыруға, Діни басқарманың беделін көтеруге, жұмысын жүйелеуге, имамдарымыздың мәртебесін күшейтуге оң ықпал етеді деп санаймыз», – деп атап өтті Дәурен Әскербекұлы.



Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником