Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ел үлесі пәтерге» деп аталатын қайырымдылық акциясы аясында елімізде талай кісілер баспаналы болып, үлкен қуанышқа кенелуде.
Жуырда осындай қуанышқа дін саласында 30 жыл аянбай еңбек етіп, жұртшылықты имандылыққа, адамгершілікке баулып келе жатқан Қостанай облысы Алтынсарин ауданында имам болып қызмет атқаратын Ерік қажы Қожахметұлы Ыбырай ие болды.
Оған жоғарыда аталған «Ел үлесі пәтерге» жобасының 249-шы баспанасы өзінің кіндік қаны тамған Меңдіқара ауданында табыс етілді. Мұндай сәтті күтпегендіктен болар, оның жүзінен ерекше жоғары көңіл-күйдің нышаны айқын сезілді.
Ұзақ жылдар бойы өз саласында адал жұмыс істеген азаматқа мұндай мүмкіндік Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының үстіміздегі жылғы мерейтойына орай діни кадрларға құрмет көрсету, марапаттау бөлімі және «Зекет» корпоративтік қорының тікелей бастамасымен туғызылғандығын ерекше атап өткеніміз жөн.
Ерік қажы Ыбырай адал еңбегін ескеріп, өзіне пәтер сыйлаған діни басқарма мен «Зекет» корпоративтік қордың басшыларына, өңірдегі барша жанашыр әріптестеріне шын жүректен шыққан шынайы алғысын жеткізді.
Біз халық сүйіспеншілігіне кенелген дін қайраткерінің қуанышына ортақтаса отырып, оған алдағы уақытта да мықты денсаулық, отбасында бақыт, жауапты қызметінде табыс тілейміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі