Қазіргі таңда Арқалық шаһарында Арыс қаласынан келген 70 бала демалуда. Олар «Құрылысшы» деп аталатын демалыс лагерінде орналасқан. Оларға қолдан келген қамқорлықтардың бәрі де жасалып жатыр.
Алыстан келген балдырғандардың жай-жапсарымен танысу мақсатында «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы және киелі орынның қызметкерлері бүлдіршіндермен кездесті.
Бас имам балалармен жүздесу барысында имани тәлім-тәрбие, үлкенді сыйлау, ата-ананы құрметтеу жайлы сөйлесті. Сондай-ақ мұсылман баласы ешқашанда өтірік айтпауы, бұзақылық жасамауы керектігі, көркем мінезді азамат болып қалыптасуы қажеттігі жайлы сөз етті.
Сонымен қатар қонақ балаларға сый-сыяпатта көрсетті. Өздерімен ала барған түрлі тәттілер мен шырындарды табыс етіп, көңілдерін бір көтеріп тастады.
Жалпы Түркістан облысының Арыс қаласынан демалуға келген балалар уақыттарын көңілді де мазмұнды өткізуде. Олар да өздеріне ерекше ықылас көрсеткен мешіт қызметкерлеріне дән риза болысты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2019 жылы Құрбан айт мерекесі тамыз айының 11-і күні басталатынын хабарлайды.
Астрономиялық тұрғыдан Айдың тууы бейсенбі күніне, яғни 1 тамызға сәйкес келеді. Ал, 2 тамыз зулхиджа айының бірінші күні болып саналады.
Арапа күні 10 тамызға сәйкес келеді. Арапа – қажылар Арафа жотасында құлшылық ететін күн.
Қажылыққа бармаған мұсылмандар үшін арапа күні ауыз бекіту – мұстахап (жағымды) амал. Әбу Қатадан жеткен хадисте: «Арапа күнінің оразасы өткен және келер жылдардың күнәларына кәфәрат (кешірім) болады...» делінген.
Жағдайы бар мұсылманның құрбан шалуы – уəжіп (міндет). Құрбандыққа түйе, сиыр жəне қой (ешкі де) шалынады. Құрбандық малы айт намазынан кейін айттың үшінші күні күн батқанға дейін шалынады.
Құрбандық етін үшке бөліп таратуға болады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге таратылады.
Жақында Арқалық қаласына қарасты Жаңақала ауылында мұсылмандардың құлшылыұ орыны «Намазхана» салтанатты түрде ашылды. Бұл, биылғы жастар жылындағы ауыл жастарының елге қосқан сүбелі еңбегі. Ауылдың саналы жігіттері өздері ақылдаса келіп, халықты имандылыққа баулу мақсатында өз қаражаттарымен аталған киелі орынды пайдалануға берді.
Намазхана үйінің ашылу салтанатына Әулиекөл ауданы және Арқалық шаһарының бас имамдары Нұрбол Балахметов пен Бектұрсын Уәлиев, сонымен қатар қала әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров, ішкі саясат бөлімінің басшысы Мансия Айтмағамбетова, «Жастар ресурстары» орталығының жетекшісі Аманкелді Ахметжанов және басқа да азаматтар қатысты.
Осы басқосуда Арқалық қаласының бас имамы Бектұрсын Уәлиев жиналған қауымды шын жүректен құттықтап, өздерінің лайықты үлестерін қосқан жастарға алғысын білдірді. Оларға алдағы уақытта да мықты денсаулық, отбасыларында бақыт, қызметтерінде табыс тіледі.
Ал жиналғандарға имандылық ордасының қалың жұртшылықтың жиі басқосар орнына айналатындығына нық сенімді екенін айтты. Сөйтіп, намазханаға қасиетті Құран мен аяттар жазылған тақтаны тарту етті.
Намазханаға аталмыш ауыл тұрғыны Бауыржан Мырзабекұлы діни қызметкер болып тағайындалды. Салтанатты жиыннан кейін көпшілікке ас беріліп, қайтыс болған жандарға Құран бағышталды.
Сондай-ақ жоғарыда әңгіме арқауына айналған намазхана үйінің тұрғызылуына өздерінің демеушілік-қолдауын көрсеткен барша азаматтарға «Алғыс хат» табысталды.
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде 2019 жылдың 24 маусымы мен 14 шілдесі аралығында мектеп оқушыларына арналған сауат ашу курсы ұйымдастырылды. Аталған шараға жетекшілік еткен наиб имам Сейдағалиев Нұрлан және «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің тәжрибе демалысындағы шәкірттер.
Аталған сауат ашу курсы екі бағытта жұмыс істеді. Мәселен, алғашқысында жазғы лагерь, яғни балалар 20 күн бойы мешітте дәріс алса, ал екінші жартысында түске дейін ұйымдастырылған дәрістерден сауаттарын ашты. Діни сауат ашу курсына 8-15 жас аралығындағы 40 бала қабылданды.
Мешіт ұстаздарының мәжілісінде бекітілген оқу жоспарына сәйкес балалар «Құран әліппесі», «Имандылық әліппесі» және «Әдеп» сабақтарынан діни білім алып, таным көкжиектерін кеңейтті.
Аталған парасат ордасында шәкірттер тек білім алып қана қоймай, көңілді әрі бой сергітер ойындарға қатысып, өз араларында жарыстар өткізді.Сонымен қатар шаһардың көрнекті жерлерін аралап, оларға түрлі серуендер де ұйымдастырылды.
Әңгіме арқауына айналған шараның соңында балаларға сертификат табысталды. Діни білім нәрімен сусындаған балалар соңында «Дильшод» асханасы ұйымдастырған қайырымдылық дастарханынан дәм татты.
«Балықты» мешітінің бас имамы Есенгелді қажы Сақтағанұлының ұйытқы болуымен Ұзынкөл ауданында балалардың жазғы демалыс кезінде діни сауат ашу курсы өтті.
Аудандық мешітте балаларға арналған имандылық демалысының басты ұстанымы «Сіздердің ең жақсыларыңыз Құранды үйреніп және басқаларға үй-реткендеріңіз» деген ұлы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисі және қазақтың ұлы ағартушысы Ы.Алтынсарин атамыздың «Бір Аллаға сыйынып, Кел балалар оқылық» деген тағылымы мол ұлағатты өлең жолдары болды.
Демалыста ұйымдастырылған шараның өзге демалыс орындарынан ерекшелігі - жеткіншектерге дініміздің қағидалары мен Құран әліппесін оқуды үйретуінде.
Сөйтіп балаларымыз ғасырлар бойы халқымыздың көкірегіне ұялап, қанына сіңген Ислам дінінің имандылық қағидаларын үйренумен қатар ізгілік, қайырымдылық, адалдық, әділдік сияқты жақсы қасиеттерді де бойларына сіңірді.
Сонымен қатар балалар ұлттық ойындардыда ойнады. Ал дәріс беруші имамдар Алла тағаланы таныған жеткіншектердің келешекте жақсы аззамат болады деп үміттенетінін айтып өтті.
-«Бұл жазғы демалыс дәстүрге айналды. Дінді таныған балалар келешекте жаман әдеттерден аулақ болады. Келген балаларға қазақтың салт-дәстүрін, ұлтымыздың тарихын үйретеміз. Ислам дінмен танысқысы келген әрбір оқушының үйренері мол» дейді Ұзынкөл аудандық«Балықты» мешітінің бас имамы Есенгелді Әжімахантегі өз сөзінде.
Жітіқара жұртшылығы үшін «Ержан Тәтішев» мешіті тек имандылық ордасы ғана емес, үлкен рухани-мәдени орталық. Ауданға сән беріп тұрған, иісі мұсылман халықтарының барлығы да тағзым етіп, Алла Тағалаға құлшылық-ғибадат жасайтын киелі ғимарат.
Осынау парасат ордасы аудан орталығындағы ең бір қолайлы жерге, бас көшенің бойында орналасқан. Сондықтан аталған мешіт бірден еріксіз көпшіліктің назарын аударады.
Мұсылман бауырларымыз мұнда жұма, Ораза және діни мереке кездерінде келіп, тағзым етеді. Аруақтарға Құран оқытады. Жастар болса, шаңырақ көтерген соң некелерін қидырып жатады.
Жаз мезгілі ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге өте қолайлы кезең. Сондықтан Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде осындай аса маңызды істер жүзеге асырылды.
Мысалы, мешітке жанашыр азаматтардың тікелей көмегінің арқасында киелі орынның іші мен сырты ақталып, сырланды. Оны шынайы көңілдерімен атқарған жандарға айтар алғысымыз шексіз.
Алдағы уақытта да аталмыш мешіттің барша қызметкерлері мен азаматтар имандылықты жандандыру мақсатында көптеген игі мақсаттағы жұмыстарды іске асыра беретіндігіне кәміл сенімдіміз.
Апат айтып келмейтіндігі белгілі. Қалың қазақ тұратын Арыс қаласындағы оқиға барша қандастарымызға үлкен ой салды.
Осындай жағдайда бүкіл ел болып көмек көрсетіліп жатқаны баршаға мәлім. Осыған дейін облыс әкімінің тапсырмасы аясында Қостанай обысы атынан 20 тонна ұн, 7 тонна макарон мен 3 тонна кондитерлік өнімдері бар авто керуені жолданған.
Қостанай облысының өкілі бас имам Бахытбек Нұрғабылұлы «Арыс қаласындағы жағдай бәріміздің де қабырғамызды қайыстырып, терең ойда қалдырғаны аян. Қазіргі таңда бүкіл елімізде оларға азық-түліктей, қаржылай көмек ұйымдастырылып жатыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл орайда дін қызметкерлері де жоғары саналылық көрсететіндігі даусыз».
Міне осы орайда да намазхан бауырларымыздың және Қостанай облысы бойынша барлық дін қызметкерлері бір күндік еңбекақысын қосқанда 644 000 теңге көмек жолданды.
Әр жыл сайын облыстық мешіттің сауат ашу курстарында жасөпірімдерге арналған жазғы сабақтар өткізіліп тұрады. Міне быйыл да жазғы демалысы болса да, мешітіміздің тұрақты яғни жылда қатысып жүрге жас шәкірттері және басқа да ықылас білдірген балалар мешітімізде маусым айының 10-30 аралығында 20 күндік сабаққа қатысты.
Дәстүрімізде және Ислам дінінде бала тәрбиесінің орны ерекше екендігі баршаға мәлім. Исламмен ұштасып жатқан дәстүріміз де баланың өзін жаратқанды тануына, ақ пен қараны айыруына, үлкендерге деген сый-құрметінің жоғары болуына айрықша мән береді.
Осы орайда қатысушыларға жапы қасиетті Құранның әліппесі, Пайғамбарлардың өмірбаяны, 100-сұрақ секілді ақпараттық дәрістер өткізілді.
Биылғы жылы барлығы 26 бала тәлім-тәрбме сабақтарына қатысқаны үшін арнайы сертификатқа ие болды.
Жалпы облысымыз бойынша көптеген сегіз мешітте жазғы діни сауат ашу курстары өткізілді. Ондағы басты мақсат өскелең ұрпаққа дәстүрлі дініміздің тура жолын көрсету.
Қасиетті бес парыздың бірі – қажылық жасайтын уақыт та таяпқалды. Осыған орай, облыстық мешітте болашақ қажыларды ұлы сапарға дайындық семинары болып өтті.
Бұл шара барысында дін қызметкерлері күнделікті жүйелі түрде дайындық дәрістерін өткізді. Атап айтар болсақ, Икрам Бақытжан, Сыздықов Дархан, Төребаев Тимур, Бейсекеев Абзал, Балахмет Әлішер және Ғабдімәліков Есет сабақ жүргізді.
Дін мамандары қажылық рәсімін өткеру кезіндегі жайттарды, яғни парыздар, сүннет, уәжіп амалдардың бүге-шүгесіне дейін түсіндірді.
Міне бұл Ұлы сапарға Қостанай биылғы жылы сегіз адам барады. Олар еліміздің «Нұр Қазақстан», «Қызмет саяхат» және «Атлас туризм» компаниялары арқылы аттанатын болады.
Қажыларға тілейтініміз сапарлары оң болып, қажылықтары қабыл болған күйде елімізіге аман-есен жетуді нәсіп болсын.
Қайрат Жолдыбайұлы, Мұхитдин Исаұлы
Қажылық ғибадаты шамасы жеткен әрбір адамға өмірінде бір рет парыз.
Қажылықтың парыздығының дәлелдері
(Құран, сүннет, ижмағ)
«Ол жерге баруға шамасы жеткен барлық адамға Аллаһ үшін Қағбаны зиярат етіп, қажылық жасау парыз».«Қажылықты және умраны Аллаһ үшін тәмамдаңдар».
Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:
«Ислам діні бес негізден тұрады: Аллаһтан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммедтің (с.а.у.) Аллаһ тарапынан жіберілген шынайы елші екендігіне куәлік келтіру, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, шамасы келсе қажылыққа бару»
«Күмәнсіз, Аллаһ Тағала сендерге қажылықты парыз қылды, қажылықты орындаңыздар».
Ислам ғұламалары шамасы жеткен әркімге қажылық ғибадатының ғұмырында бір рет парыз екендігіне бір пікір білдірген.
Қажы ғибадатының парыз болуы үшін қосылған шарттар белгілі бір адамда толықса, оған дереу қажылық жасау шарт па?
Қажы ғибадатының парыз болуы үшін қосылған шарттар белгілі бір адамда толықса, ол кісіге ертерек қажылық жасау парыз. Шамасы келе тұра қажылықты кешіктірген күнәкар болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қажылықты орындауда асығыңыздар! Өйткені, сендердің ешқайсыларың өлімнің қай уақытта келіп жететінін білмейсіңдер»,– дейді.
Қажылық ғибадатының парыздығының шарттары
Белгілі бір адамға қажылық ғибадатының парыз болуы үшін төмендегі шарттар орындалуы керек.
Балиғат жасына жетпеген балалар мен ақыл-есі дұрыс еместерге қажылық парыз емес. Бұл екеуі қажылықты атқарса, сосын бала балиғат жасына жетсе, ақыл есі кем адам жазылса, қажылықты шамалары жеткен жағдайда қайта орындаулары парыз. Жас баланың балиғат жасына дейінгі жасаған қажылығы – нәпіл қажылық саналады.
а) Денсаулығы болуы
Денсаулығы нашар, алып жүретін адамы жоқ соқыр, ақсақ, сал сияқты ауруларға ұшырағандарға және көлікке өздігінен міне алмайтын қарт кісілерге қажылық парыз емес.
ә) Қажетті қаражаты болуы
Қажыға барып-келу қаржысын, жолда, қажылықта жейтін азығына және әйел бала-шағасының, жалпы қарауына міндетті адамдардың қажылықтан қайтып оралғанға дейінгі қаражатын көтере алатын адамға қажылық парыз.
б) Баратын жолдың сенімді болуы
Қажылыққа барудың парыз болуы үшін жол сенімді болуы керек. Баратын жолда соғыс немесе басқа да қатерлі жағдайлар туындаса, қажылыққа бару парыз емес.
Әйелдерге байланысты арнайы шарттар
Қажылыққа баратын әйел күйеуінен талақ немесе күйеуінің қайтыс болуына байланысты шариғаттың белгілеген ғиддет мерзімінде болмауы керек. Өйткені, Аллаһ Тағала мына аятта ғиддет мерзіміндегі әйелдердің үйден шығуларына тыйым салған: «Талақ қылған әйелдеріңді үйден шығармаңдар, олар да шықпасын».Қажылықты басқа уақытта өтеуге болады. Ал ғиддет белгілі уақытқа арналған.
Сал ауруына душар болған, денсаулығы нашар қарт, мүгедек адам, жол көрсететін көмекшісі жоқ соқыр адамдар, жанында бірге баратын махрамы жоқ әйелдер, шетелге шығудан мемлекет тарапынан тыйылған, баратын жолында қатерге ұшырауы мүмкін адамдар қажылыққа өздерінің орнына басқа біреуді көздерінің тірісінде жіберуіне немесе өзі дүниеден қайтқаннан кейін өкіл ретінде барып-келулерін талап етулеріне болады.
Әли Имран, 3/97.
Бақара, 2/196.
Тирмизи, Иман, 3; Бухари, Иман,1; Муслим, Иман,21.
Муслим, Хаж,412.
Әбу Дәәуд, Мәнасик,5. Ибн Мажә, Мәнасик,1.
Исламда әйелдің үйленуі харам болған жақын туыстары.
әш-Шәукәни
Әйел адамның күйеуінен талақ болғаннан кейін немесе күйеуі қайтыс болғаннан кейін күтетін белгілі уақыт.
Талақ, 1.