Жақында Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы Торғай өңірінде сапарда болып, біраз жайларға қанықты. Сол аймақтағы мешіттердегі атқарылып жатқан игі істерді көзбен көріп, жергілікті имамдармен жүздесті.
Алдымен ат басын Арқалық қаласына бұрып, осындағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің тыныс-тіршілігімен танысты. Аталмыш шаһар мешітінің болашақта құрылысы басталатын асханасына ерекше көңіл бөлді. Бұл мешіт жанынан салынып, қолданысқа берілген мәйітхана хақында да білді.
Осы сапар барысында Амангелді ауданында да болды. Аудандық «Сатыбалды Ишан» мешітінің жұмысымен де танысып, жүзеге асырылып жатқан істерге назар аударды.
Кездесу кезінде мешіт жанындағы құрылысы жүріп жатқан мәйітхана жайында сөз болды. Ол аудан имамы Жандарбек Амирхамзиннің бастамасы және аудан әкімінің тікелей қолдауымен әрі аудан тұрғындары, кәсіпкерлердің демеушілігімен атқарылып жатқаны белгілі.
Бахытбек қажы Нұрғабылұлы аудан әкімі Әмірхан Асановпен болған сұхбатта мешітке қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
Бас имам Жангелдин ауданында болғанда жергілікті «Оспан қожа әулие» мешітінің тыныс-тіршілігіне де айрықша назар аударды. Ауданда ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай «30 нысан» атты шараға байланысты Берік Бейсенғалиевтың демеушілігімен мешіт жанынан салынған асхананы көрді.
Сондай-ақ облыстың Бас имамы Жангелдин ауданындағы Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген киелі шаңыраққа арнайы барып, зиярат етті. Алаштың ұлы перзентінің әруағына құран бағыштады. Жергілікті ағайындармен кездесті.
Онан соң Торғай өңіріне сапарын Ақшығанақ ауылындағы «Шақшақ Жәнібек» мешітінде қорытындылады.