Үстіміздегі жылғы 9 мамырда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы аталып өтті. Онда қаншама аталарымыз толарсақтан саз кешіп, ерліктің жарқын үлгісін көрсетті. Қаншама азаматтар майданнан оралмады. Оларға топырақ жат жерден бұйырды.
Өткен жылдарға көз жіберіп отырсақ, сол кездегі қылшылдаған жігіттердің жасы тоқсаннан асып қалды. Олардың қатары да күзгі жапырақтай сиреді.
Қазіргі таңда Әулиекөл ауданындаүш Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. Солардың бірі- Алдаберген Каскин. Қадірменді ақсақал бұл күндері 94 жаста болса да әлі тың да сергек.
Ұлы Жеңіс мерекесіне байланысты қарт майдангерге құрмет көрсету мақсатында Әмит ишан мешітінің бас имамы Нұрлан қажы Сыздықов бастаған азаматтар ардагердің үйінде болды.
Өзін құттықтай келгендерге дән риза болған кешегі Отан үшін от кешкен Алдаберген ақсақал қанды майданды бастан кешкен оқиғаларды еске алып, тебірене әңгімеледі.