Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығына орай Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінде шәкірттер арасында «Ислам ілімінен 30 сұрақ» атты сайыс болып өтті.
Осы жарыс барысында ислам ілімдері «Ақида», «Фиқһ» және «Ислам тарихы» бойынша түрлі сұрақтар қойылды. Нәтижесі бойынша Бас имам Сабыржан Есмурзин жиналғандарға жоғарыда аталған діни басқарманың тарихы жайлы қысқаша баяндап, шәкірттерге естелік сыйлықтар табыс етілді.
Жуырда халықты теріс ағымдардан сақтандыру мақсатында Қарабалық ауданындағы Бөрлі ауылының тұрғындарымен «Ғашура ана» мешітінің найб имамы Толыбай Сембиев кездесті.
Онда дін қызметкері «Қазіргі замандағы терроризм мен экстремизмнің зардаптары» атты тақырыпта бүгінгі таңдағы аса өзекті мәселені қозғады.
Ол жихад-күрес туралы нақты дәлелдер келтіріп, қатысушыларға үлкен ой алды.
Жиналғандар өздерінде жүрген сауалдарына жауап алды. Ауданда мұндай кездесулер алдағы уақытта басқа елді мекендерде жалғасын табатын болады.
Биылғы балалардың қысқы демалысы кезінде Қарабалық аудандық «Ғашура ана» мешітінің ұйымдастыруымен шағын футболдан мектепаралық жарыс болып өтті.
Шараға аудандағы төрт мектептен командалар қатысып, бақтарын сынады. Жарыс мықтыларды анықтады.
Ойынның қорытындысы бойынша 1-ші орынды № 3, 2-ші орынды №2, ал жүлделі 3-ші орынды №1 мектеп командалары жеңіп алды.
Жүлдегерлерді «Ғашура ана» мешітінің найб имамы Толыбай Сембиев құттықтап, оларға сыйлықтарды табыс етті.
Жақында қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде көпке үлгі боларлық қайырымдылық шара ұйымдастырылды.
Онда арнайы сойылған соғымның еті көмекке мұқтаж қала тұрғындарына таратылды.
Мешіттің Бас имамы Шоқан Ғазизұлы келгендерге жылы лебізін білдіріп, демеушілерге шынайы алғысын жеткізді.
Бір айта кетерлігі, мешіт қызметкерлері азаматтық танытып таратылған етті әрбір отбасына жеткізіп те берді.
Мұңдай ұмытылмас қайырымдылық шаралар барлық мешіттерде жалғасын тауып жатса нұр үстіне нұр болары хақ.
Жақында өңіріміздің Жангелдин ауданының орталығында тұратын Саят Нысағалидың қайғылы жағдай баршамыздың қабырғамызды қайыстырды.
Оның отбасында тілсіз жау – өрттің кесірінен сол кезде анасы, жұбайы және екі баласы қайтыс болған болатын.
Ол бала шағасын өрттен құтқарамын деп жүргенде денесін өрт шалып күйіп қалған болатын. Алайда ол да жұма күні жаны бақилық болды.
Бұл жағдайды естіген қалың жұртшылық бейжай қарай алмады. Облысымыздағы барлық аудан және қала мешіттерінің ұжымдары «Көп түкірсе, көл болар» демекші, қайырымдылық мақсатында 1 миллионнан астам қаржат жинап, әр намазда тілекші болды.
Осы жиналған қаражатты Жангелдин ауданының бас имамы Рүстем Әмірханов өрттен зардап шеккен шаңырақтың туған-туыстарына арнайы барып тапсырды. Сөйтіп, дін қызметкерлері де күтпеген жерден болған апатқа немкетті қарай алмайтындығы мен жоғары адамгершілік қасиеттерін көрсетті.
Өтіп бара жатқан жыл өңіріндегі дін қызметкерлері үшінде есте қаларлықтай болды. Оның ішінде баспаналы болып қуанышқа кенелгендер де баршылық.
Солардың бірі – жаста болса терең білім және іскерлігі арқасында әріптестері арасында құрметке бөленген Дархан Исламбекұлы. Ол Жайлаубай ата атындағы Қостанай қалалық мешітінде найб имам болып қызымет атқарады.
Елдін ыстық ықыласына ие болған дін қайраткері жуырда үлкен қуанышқа кенелді. Шаhарымыздағы Юбилейный шағын ауданынан үш бөлмелі жаңа пәтердің кілтін алып, қоныс тойын тойлады.
-Отбасым бұл қуанышты көптен күткен еді. Осылайша 2019 жыл біздің есімізде мәңгілік қалды,-дейді Дархан Исламбекұлы бізбен болған әңгімесінде.
Жуырда Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде көпшілікке ой салар шара болып өтті. Бұл басқосу ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бастамасымен 2019 жылы 23-ші қазандағы ІІІ Республикалық имамдар форумында қабылданған айрықша тұжырымдамаға байланысты «Жеті рухани қазық» атты рухани кеш еді.
Жиынға зиялы қауым өкілдері мен зейнеткерлер, Қостанай мемлекеттік университеті, сондай – ақ, Қостанай гуманитарлық колледжінің студенттері қатысты. Кеш басында қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің бас имамы Шоқан Әмірханов барша жұртшылыққа шынайы алғысын білдірді.
Онда сөз зергері, ақын, жазушы, драматург, филология ғылымдардың кандидаты Ақылбек Шаяхмет көпшілікке өз тілегін арнап, өлең оқыды. Жерлестеріміз оны ұйып тыңдады.
Айтулы шарада бірқатар тақырыпта Қостанай қалалық «Жайлаубай атай мешітінің наиб имамдары: Мейрамбек Жетесов, Бақберсін Ізбасаров уағыз-насихат айтып, жиналғандарды дән риза етті.
Жоғарыда аталған мешіттің наиб имамы Нұрлан Сейдагалиев терең білім көрсеткен жамағатқа «Тәпсір тұнығы» деп аталатын құнды еңбегін сыйға тартты.
Арқалық қаласы бойынша биылғы Мәуліт мерекесі қараша айында бастау алған болатын. Шаһардағы және ауылдық мешіттерде шәкірттер мәуліт қасидаларын оқып, салауаттарын айтты.
Жуырда қазақ жасөспірімдер театрында «Әз пайғамбар хақ жолы» рухани кеші болып өтті. Жиын мешіттің шәкірттерінің салауат әнімен басталды.
Қала әкімі Қайрат Тынымбайұлы жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, келген қонақтарға ризашылығын білдірді.
Одан кейін сөз алған мешіттің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы Ардақты пайғамбарымыз, сондай-ақ салауат айтудың маңызы туралы және жастар арасындағы тәлім-тәрбие, ұлттық рухани құндылықтар жайында баяндады.
Басқосуда «Ананың қадірі» атты сахналық қойылым көрсетілді. Театр әртістері өз рөлдерін шеберлікпен орындағандықтары соншалықты, көрермендер көздеріне жас алды. Өйткені отбасындағы ынтымақ-бірлік, ерлі-зайыптылар, ене мен келін сыйластығы, анаға деген құрмет хақында сөз болды.
Сонымен қатар күйлер мен жыр-термелер орындалды. Бас имам бірқатар дін қызметкерлеріне алғыс хаттарды табыс етті. Олардың қатарында Жаңақала ауылында ұзақ жыл қызмет еткен Жақсылық Рақманқұлұлы ақсақал, Фурманов елді мекенінде 17 жылдан бері имамдық етіп келе жатқан Нұрхан Асанұлы және қалалық мешіттің ұстаздары Арлан Бауыржанұлы мен Бахытбек Сәндібекұлы бар.
Кеште «Жастар ресурстық орталығының» директоры Аманкелді Ахметжанов «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған «Жеті рухани қазық» жайлы әңгімеледі.
Жиынға үлкенді-кішілі қауым көп келді. Басқосудың соңында Арқалық қалалық «МухтасибӘлмұхаммед» мешітінің имамы Бектұрсын Торғайбайұлы Мәуліт мерекесін өткізуге белсене атсалысқан демеуші азаматтар мен кеш жүргізушісі, көпке танымал ақын Айбек Қалиевке шынайы алғысын жеткізді.
Мәуліт мерекесінің құрметіне «Сайора» мейрамханасында «Алюминстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен дастархан жайылды.