Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің наиб имамы Азамат Мурзаканов және облыстық дін істері басқарманың маманы Сапарғали Әбдиев Қостанай облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде жеке құраммен кездесті.
Бұл кездесуде наиб имам Азамат Мурзаканов қазіргі таңдағы діннің қоғамдағы маңыздылығы жайында және Ислам бейбіт діні екендігін түсіндіріп, әртүрлі теріс, радикалды ағымдармен шатастыруға болмайтынын және кез-келген адам дін төңірегінде сауатты болуы керектігі жайында сөз қозғады.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Өткен аптада Қостанайдағы Л.Толстой атындағы ғылыми-әмбебеп кітапханасында жиналған қауымға ой саларлық дөңгелек үстел болып өтті. Бұл жиында «Терроризммен күрес — ортақ міндет» деп аталатын тақырып әңгіме арқауына айналды.
Қазіргі таңда осы өзекті мәселе әлемде жұртшылықтың бәрін де алаңдатып отырғаны белгілі. Сондықтан да кездесуде ол жан-жақты талқыланды. Оның зияны жөнінде айтылған пікірлер басқосқан үлкенді-кішілі қауымға үлкен ой салды.
Бұл дөңгелек үстелге Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің наиб имамы Дархан Сыздықов, облыстық дін істері жөніндегі басқарманың маманы Сапарғали Әбдиев, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министирлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясынан полиция полковнигі Александр Сметановский қатысып пікір айтты.
Кездесуден Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті мен қаламыздағы педагогикалық институттың студенттері және Қостанай академиясының тыңдаушылары көп жайды көңілге түйді.
Жиынның соңында Ұлттық Қауіпсіздік саласының ардагері, белгілі қаламгер Ғалихан Мәулетов өзінің жастарға ең ізгі тілегін білдірді.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Таяуда Жітіқара қалалық №12 орта мектебінде есте қаларлықтай кездесу болып өтті. Оған осы білім ордасындағы 45 жоғары сынып оқушылары қатысып, көп жайды көңілге түйді.
Басқосуға «Духовно нравственное ценности Ислама и Христианства» деген тақырып арқау болды. Жүздесу орыс тілінде өтті. Жиналғандар өздерін толғандырған сауалдарына нақты жауап алды.
Кездесуге христиан проваслав шіркеуінің басшысы игумен Максим және «Ержан Тәтішев» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзин қатысты. Мұндай басқосулардың жастарға берер тағылымы мол екендігін осы жиын да айқын көрсетті.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қостанай облысы «Марал ишан» мешітінің жастар ісі бойынша өкілі Ғұмар Жұмағұлов бірқатар жастармен бірге облыстық балалар үйіне ат басын тіреді.
Әдетте мұндай жасөспірімдерді ізгілікке, адамгершілікке, инабаттылыққа тәрбиелеп жатқан орындарға азық-түлік табыс етіліп, ақшалай, заттай сыйлықтар тарту етілетіндігі белгілі.
Бұл жолы жоғарыда аталған жастар тәрбиеленушілерге рухани азық сыйлап, оларды ерекше қуанышқа бөледі. Онда концерт бағдарламасы барысында күй шертіліп, әсем ән орындалды.
Сондай-ақ балалардың жүрек қылын шертіп, жан-дүниелерін байытатын тағылымды ойындар көрсетті.
Осы көріністерді тамашалаған балалар ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізге ерекше ден қойып, ұлттық аспабымыз киелі домбыраны үйренуге ынталы екендіктерін білдірді.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының айнасы іспеттес Қостанай облыстық «Марал ишан» мешіті де тұрақты негізде қайырымдылық іс-шараларын жасап отырады.
Үстіміздегі аптада мешіт демеушілері арқылы мүгедек жандарға қолдан келгенінше көмек қолын созып азық-түлік үлестірілді.
Сонымен бірге Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты «Қостанай балалар мен жасөспірімдер баспанасы» КММ қиын өмір жағдайына кезіккен, уақытша күтім, дағдылану, білім алу мен дамуды қажет ететін 3 пен 18 жас аралығындағы 40 бала тәрбиеленетін үйге де жанашыр демеушілердің арқасында көмек көрсетілді.
Мұндай шаралар осы кезге дейін де болған және одан әрі де жалғасын табатынына үміттіміз. Себебі Қостанайда қайрымдылық жасағысы келетін бірақ өзін жарнамалағысы кемейтін азаматтарымыз баршылық.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «2020 жылға дейін діни білім беруді дамыту» тұжырымдамасы негізінде, Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің ұйымдастыруымен, Қостанай қалалық мешітінде 2015 жылдың 10-желтоқсаны мен 2016 жылдың 10-ақпаны аралығында екі айлық «Сауат ашу курсына» қатысып, Фиқһ, Ақида, Құран және Араб тілі мен тәджуид пәндерінен білім алған шәкірттерге сертификаттар берілді.
Облыстың өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы өңірдің әр тарапынан келген шәкірттерге алған білімдерін Ислам дінінің дамуы жолында қолдануды тілеп ақ батасын берді. Сонымен бірге осы шәкірттерге білім нәрімен сусындатқан ұстаздар мен демеушілік жасаған барлық азаматтарға ризашылығын білдіріп рахметін айтты.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Икрам және жастар ісі бойынша жауапты Ғұмар Жұмағұлов ақпараттық насихат жұмыстарын Қостанай қалалық әкімдік қызметкерлерімен кездесуден бастап, онан соң Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде және Қостанай экономикалық колледжінде де жалғастырды.
Мұндай кездесулердің мақсаты жастарды ізгілікке, ел тыныштығын сақтауға, адамгершілікке, мейірімділікке, патриоттыққа баулуға бағытталған.
Мұндай жүздесулер өз нәтижесін де беруде. Өйткені, Қостанай жастарының Ислам дініне деген құрметі ерекше арта түсуде.
Осы басқосуларда қазірігі таңда әлемде орын алған жат ағымдардың алдын-алу, әсіресе, одан жастарды барынша сақтандыру жөнінде сөз болды және ҚМДБ бекіткен Тұғырнама жайлы кеңінен айтылды.
Жиналғандар басқосудан соң өздерінің әзірлеген сұрақтарын қойып, дүниетанымдарын одан әрі кеңейте түсті.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Түсінген адамға діннің берері мол. Әсіресе, ислам діні баршаны жақсыдан үйреніп, жаманнан жирендіруге үндейді. Сондықтан да өңірдегі барлық деңгейдегі мешіттерде бұл мәселеге айрықша назар аударылуда.
Әсіресе қазіргі таңда жастарды ешқандай берер пайдасы жоқ теріс ағымдардан сақтандыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай.
Осы арада нақты деректер мен дәйектерге сүйеніп өтелік. Жақында Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзиннің тікелей ұйымдастыруымен осындағы политехникалық колледж студенттерімен кездесу болып өтті.
Әрине, дін қайраткері аталған жүздесуге жан-жақты дайындалды. Теріс ағымның қоғамға, әрбір отбасына және кез – келген азаматқа тигізер зияндықтары жөнінде де айтылды. Жастардың қойған сауалдарына нақты жауаптар берілді.
Сондай-ақ кездесу барысында халқымыздың көне замандардан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі ислам дінінің негіздері, ұстанымдары да түсіндірілді.
Мұндай жүздесулердің өскелең ұрпағымызға берер ықпалы зор екендігін күнделікті өміріміз айқын көрсетіп отыр.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі