Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Super User

Super User

Күллі мақтау мен мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың ардақтысы, шапағат шамшырағы болған Пайғамбарымызға сансыз салауаттар болсын.

Әуел бастан адамның жер бетіне жіберілудегі негізгі мақсұты – Аллаға құлшылық ету. Адамзаттың өмірі күллі әлемнің Жаратушысының разылығы мен махаббатына бөлену бағытында ақиқат іздеу көріністеріне толы. Жаратушы Иеміз өзінің иләһи кітабы мен уахи арқылы, әр нәрсенің ақ пен қарасын ажыратып, адамзат үшін кемел әрі ізгі амалдарды айқындап берді. Хақты тани түсіп, оны шынайы сүюге жетелейтін бірден-бір жол – ол асыл дініміздің іргетасы болған бес тірегі.

Абдулла ибн Омар (р.а.): былай деп баяндайды: «Мен Алланың Елшісінің (ﷺ): «Ислам бес тіректен тұрады: Алладан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ, және Мұхаммед Оның елшісі екендігі туралы куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және рамазан айында ораза ұстау», - деп айтқанын естідім»1.

Бұл бес парыз діннің негізгі тірегі. Зер салып ойланар болсақ, мәселен, көп қабатты үй тұрғызар алдында, оның іргетасын құяды, онсыз үй салу мүмкін емес. Мәңгілік өмірге барғанда амал дәптерімізде Алланың әмір еткен нәрселерінің ешбірі жазылмаса, міне нағыз масқара деген осы.

Бес тіректің алғашқысы:
 1. Алладан басқа ешбір (құлшылыққа лайықты) құдай жоқтығына және Мұхаммед Алланың елшісі екендігіне куәлік беру.

Байқап қарайтын болсақ, Құран сөзінде де, хадистерде де алдымен иман, содан кейін ғана өзге жақсы істер аталады. Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) өз үмбетін алдымен жүректеріне иман ұялатуға шақырды. Ол (ﷺ) Муаз ибн Жәбалды Йеменге аттандырарда: «Муаз, Йемен жұртшылығын алдымен Алладан өзге тәңір жоқ екеніне және менің Алланың елшісі екендігіме иман келтіруге шақыр. Егер осыған сенсе, күніне бес уақыт намаз парыз екенін айт. Одан кейін байлардан алынып, кедей-кепшіктерге берілетін зекет жайлы хабар бер» деген 2. Құран Кәрімнің мына бір аяты аталмыш хадисті хадисті дәлелдей түседі:

وَلَقَدْ أُوحِيَ إِلَيْكَ وَإِلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكَ لَئِنْ أَشْرَكْتَ لَيَحْبَطَنَّ عَمَلُكَ وَلَتَكُونَنَّ مِنَ الْخَاسِرِينَ

«Расында саған да сенен бұрынғыларға да: «Егер Аллаға ортақ қоссаң әлбетте амалың жойылып кетеді де, анық зиянға ұшыраушылардан боласың» деп уахи етілді»3. Яғни, иман келтірмей оқыған намаз, берген зекет ауаға ұшып кеткенмен бірдей.

«Бес парызы мұсылманның ең әуелі, бұл – иман
Иман болмай, төрт парызды түсіне алмас еш адам
Одан кейін намазды біл, жақын қылар Аллаға
Пайғамбардың көз нұрына айналған…» – деген өлең жолдары да имансыз амалың құр әуре екенін келтіреді.

Исламның алғашқы баспалдағы иманнан басталады. Жүрегіңнің түкпірінде шынайы сенім болмаса, басқасына бас ұру бос нәрсе.

 2. Намаз оқу

Құран Кәрімде:

قُلْ مَا يَعْبَأُ بِكُمْ رَبِّي لَوْلَا دُعَاؤُكُمْ ۖ فَقَدْ كَذَّبْتُمْ فَسَوْفَ يَكُونُ لِزَامًا

«(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Егер құлшылықтарың болмаса, Раббым, сендерді қалай бағаласын? Рас сендер жасынға айналдырдыңдар. Сондықтан азапқа душар боласыңдар» де»4, - делінген. Міне, Жаратушы Иеміз осы аяттарда айтылғандай, басқа да көптеген аяттарында адам баласының мәңгілік азаптан құтылу үшін иманнан кейін салих амал иесі болуының қажеттілігін айтқан.

Намаз болса сол ғибаттардың алғашықысы, діннің діңгегі, мүміндердің миғражы болған ерекше құлшылық.

فَإِذَا قَضَيْتُمُ الصَّلَاةَ فَاذْكُرُوا اللَّهَ قِيَامًا وَقُعُودًا وَعَلَىٰ جُنُوبِكُمْ ۚ فَإِذَا اطْمَأْنَنتُمْ فَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ ۚ إِنَّ الصَّلَاةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَابًا مَّوْقُوتًا

«Қашан намаз өтеп болсаңдар, Алланы; тұрып, отырып және жатқан бойда еске алыңдар. Қашан тынышталсаңдар, онда намазды толық орындаңдар. Өйткені, намаз мүміндерге белгілі уақытта парыз қылынды»5, – деп Раббымыз балиғат жасына толған құлдарына намазды парыз ете отыра, күнде бес мәрте нәпсімен күресу арқылы кемелдікке жетеді.

Намаз Алла мен құл арасындағы берік байланыс. Сондықтан намаз Алла Тағаламен тілдесер сәт, Оған жақындата түсетін амал.

«Бес уақытта бес намаз, біреуі қаза бомасқа», - деп Бұқар жырау жырлағандай, сауабы мол осы құлшылықтың қадірін кетіріп алмайық. «Намаз – көзімнің қарашығы» деген Пайғамбарымыз (ﷺ) аяғы іскенше намаз оқығанын білеміз. Барлық нығметтермен еншіленіп қойса да, жамандық атаулыдан ада болса да, күні-түні құлшылықтан бас алмаған Алла елшісінің (ﷺ) Раббысына деген махаббаты шексіз еді.

«Иманнан соң дін тірегі-намаз», – дейді,
Намазбен пенде Алладан пана іздейді.
Құлшынып құлшылығын арттырғандар,
Құраннан ешқашан да ара үзбейді» ,-деп намаздың қадір-қасиетін жырға қосты.

Олай болса ислам тірегінің бірі – намазды орындап, Алланың мол ризық-несібесіне бөленуге асыққанымыз абзал!

 3. Зекет беру

«Зекет» – «берекет, тазалық, өсу, көбею, арту және мақтау» деген мағыналарды білдіреді. Шариғат термині бойынша белгілі деңгейдегі мал-мүліктің тиісінше бір бөлігін Алла Тағала белгілеген кейбір мұсылмандарға мүлік етіп беру дегенге саяды. Құран Кәрімде келтірілгендей: «(Мұхаммед Ғ.С.) олардың малдарынан садақа ал да, ол арқылы оларды тазартып, берекелендіресің. Оларға дұға қыл. Өйткені сенің дұғаң олар үшін бір тоқтау. Алла толық естуші, аса білуші» 6.

Бір хадисте «Малыңның зекетін бергенде кедейдің өзіңнің малыңдағы ақысын төлеген боласың» – делінген. Яғни, нисаб мөлшерінен артық мал-мүлікке ие болғандардың кедейлерге малдарының бір бөілігін беріп, қалған малдарын адал етуі «зекет» болып табылады.

Бірде сахабалар Пайғамбарымыздан:
 • Адамның ішіндегі асылы кім? – деп сұрағанда:
 • Құдайдың жолында малы мен жанын аямай туралыққа ұмтылған жан, – деген жауап қайтарады.

Қазақ не істесе де «Құдайдан қайтады» деп айтуы, осы жәйттерді терең түсінгенінен болса керек.

 4. Қажылыққа бару

Құран аяттарында:

بِالْحَجِّ يَأْتُوكَ رِجَالًا وَعَلَىٰ كُلِّ ضَامِرٍ يَأْتِينَ مِن كُلِّ فَجٍّ عَمِيقٍ

«Адамдарды хажға шақыр. Олар жаяу және көлік үстінде әрбір алыс жолдардан саған келеді»7 – дейді.

Исламның негізгі шарттарының бірі – қажылық. Қажылықты тәуап етуде адамзат үшін дүниеде де, ахиретте де хикметтері жетерлік. Мекке – тілі, ұлты деп бөліп-жармай әлемнің түкпір-түкпіріндегі мұсылмандардың басын қосатын құтты орын. Алла елшісі: «Қажылыққа бара алатын кісі асықсын!»8. деген болатын. Қазақ жүз рет естігенше, бір рет көр деген емес пе?! Исламның тарихына тұнып тұрған, Жаратылыс Нұрының туып өскен жерін бір көру, Алланың қасиетті еткен Қағбаны айналу, Расулулла (ﷺ) жұтқан ауаны жұтып, оның басқан ізін өз көзіңмен көруден асқан нығмет жоқ болар.

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Қабыл болған қажылық үшін жәннаттан басқа сый болмайды», - дейді. Қажылық ол – Алланың шексіз мейірімі көрініс тапқан ғибадаты.

 5. Рамазан айында ораза тұту

شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِي أُنزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِّلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِّنَ الْهُدَىٰ وَالْفُرْقَانِ ۚ فَمَن شَهِدَ مِنكُمُ الشَّهْرَ فَلْيَصُمْهُ ۖ وَمَن كَانَ مَرِيضًا أَوْ عَلَىٰ سَفَرٍ فَعِدَّةٌ مِّنْ أَيَّامٍ أُخَرَ ۗ يُرِيدُ اللَّهُ بِكُمُ الْيُسْرَ وَلَا يُرِيدُ بِكُمُ الْعُسْرَ وَلِتُكْمِلُوا الْعِدَّةَ وَلِتُكَبِّرُوا اللَّهَ عَلَىٰ مَا هَدَاكُمْ وَلَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ

«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла (Т.) сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар»10, - деген Құран сөзі Рамазан айындағы оразаның қадыр-қасиетін айқын көрсетіп беріп отыр.

Рамазан айында ішіп-жеуден тыйылып, ораза ұстау барша мұсылманға парыз. Бұған дәлел: «Ей, мүміндер! Ораза сендерге парыз етілді», - деген аят.

Хазреті Мәуләнә: «Адамзаттың негізгі азығы – Алланың нұры. Оған денелік тамақты көп мөлшерде беру дұрыс емес. Адамның негізгі азығы – иләһи махаббат пен ақыл. Адамзат қашан да негізгі рухани азығын ұмытып, денелік азықтың артына түсіп кеткендіктен тынышсыз болады», - деп аш жүрудің керісінше пайдалы екенін айтады. Сонымен қоса, Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ораза – сабырдың жартысы»10 деп айтқан. Яғни, бұл айда тек ауызды тамақтан қалай тыйсаң, аузыңнан шығатын сөзге де абайлау керек. Өтірік, ғайбат сөйлеп жүрсе, рақымы мол Алланың сауабынан құр қалғаны.

Осы айтып өткенімізді топшылай келетін болсақ, амал жасамас бұрын иман келтіру керектігін айтып өттік. Сонымен қатар ғибадат-құлшылықтардың қабыл болуының себепшісі – мінез-құлық. Ислам діні – мейірімділіктің, кешірімділік пен татулықтың, көркем-мінездің діні. Сондықтан да жоғарыда атап өткен ислам тіректерінің толық орындалуы үшін адамның ахлақы дұрыс болуы керек. Хакім Абай айтқандай: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргенінен емес». Қандай амал жасамасын ниеті түзу, шынайы ниетпен істеу бұл дініміздегі маңызды мәселе. Көркем мінездің тамаша үлгісін көрсетіп кеткен Мұхаммедтің (ﷺ) үмбеті болғаннан кейін Расулулланың ғұмыры бізге өнеге. Алла елшісінің (ﷺ): «Мен жақсы мінез-құлықтарды кемеліне жеткізу үшін жіберілгенмін»11, – деген хадисі осыған мысал. Сол сияқты, «Сендердің ең жақсысы, мінезі жақсы болғандарың».

«жақсы мінезді мұсылман – иманы ең кемел мүмін болмақ». «Қияметте таразыны ең ауыр басатын амал – Алладан қорқу және көркем мінез» деген хадистер де көркем мінез-құлықтың исламда қаншалықты маңызды екенін айтады.

Бір кісі пайғамбарымызға (ﷺ) келіп: «Дін деген не?» – деп сұрағанда: «Ол – көркем мінез», – деп жауап қатқан. Әлгі адам айналшақтап кетпей, бір қойған сауалын неше рет қайталаса да, пайғамбарымыздан (ﷺ): «Көркем мінез»,– деген жауапты алған.

«Амалдардың ең жақсысы қайсы?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (ﷺ): «Көркем мінез», – деген. Адамзаттың асылы Алла Елшісі (ﷺ) басқа бір хадистерінде: «Алла бұл дінді Өзіне тән қылды. Сендердің діндеріңе жомарттық пен көркем мінезден басқасы жараспайды. Ояныңдар. Осы екі қасиет арқылы діндеріңізді көркемдеңіздер». «Сірке балды қалай бұзса, жаман мінез-құлық та дәл сол секілді ізгі амалдарды бұзады (жарамсыз етеді)» деген екен.

Алла ізгі амалдарымызға сай, көркем-мінез құлық берсін, толық құлшылық етуді нәсіп етсін!

[1] Бухари 8, Муслим 16.
[2] Бухари, зекет, 1.
[3]Зүбәр сүресі, 65 аят.
[4] Фұрқан сүресі, 77 аят.
[5] Ниса сүресі, 4/103.
[6]Тәубе сүресі, 103 аят.
[7] Хаж сүресі, 27 аят.
[8] Жемұл-Фәуәид, ІІ, 77.
[9] Әл-Бұхари, Муслим.
[10] Термези, Дәуауәт, 86.
[11] Байхақи.

Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің
найб имамы Икрам Бақытжан

Четверг, 17 Март 2016 12:45

Наурыз мерекесінің шуағы

Белгілі дін қайраткері, Асылхан қажы Түсіпбек басқаратын Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің қызметкерлері ұлағаты мол Наурыз мерекесі қарсаңында ардақты аға буын өкілдерінің басын қосты.

Жиналғандар негізінен осы киелі орынның құрылуына өздерінің қомақты үлестерін қосқан ақсақалды қарттарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз. Олар келісті ұлттық киімдері және ғибратты сөздерімен арнайы жайылған дастарханның берекесін келтіріп, ажарын аша түсті.

Көпті көрген кісілер өздеріне ән-күйден шашу шашқан Мәдениет үйінің өнерпаздарына дән риза болысты. Олардың асыл ана туралы шырқаған әндері тыңдаған жанның жүрегін тебірентті.

Басқосуда Әбдікәрім, Сапа, Сайым қажылар, сонымен қатар ардақты аналар Қайныкеш, Нұржамал апалар кешті ұйымдастырушыларға шын жүректен шыққан шынайы лебіздерін білдіріп, барша жиналғандарды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады.

ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі

Арқалық қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы орта мектебінде тәрбие мәселесіне арналған «Иманды ұл, инабатты қыз – ел тірегі» атты пікір алмасу мақсатындағы «Дөңгелек үстел» өткізілді.

Оған қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіттің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы, мектептің тәрбие жөніндегі меңгерушісі, қалалық ішкі істер басқармасының маманы, зейнеткер ұстаздар, білім ордасының медбикесі және психолог мамандар қатысты.

Кездесуде мәнді де мағыналы әңгіме өрбіді, салиқалы пікірлер айтылып, 10 және11 сынып оқушылары ұйып тыңдады. Оларға имандылық, кішіпейілділік, көркем мінез, әдептілік, адамгершілік қасиеттер жайлы насихаттар айтылды.

Сондай-ақ осында оқушыларға ғибрат боларлық өмірлік тәжірибелерімен де бөлісті. Әсіресе, қыз бала тәрбиесіне байланысты «Қызға қырық үйден тыйым»-деген аталы сөзге көбірек назар аударылды.

Оқушылар да түрлі сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды. Жалпы, бұл кездесудің өскелең ұрпағымызға берері мол болды. Осылайша, жоғарыда аталған мешіт қызметкерлері жұртшылықтың алғысына бөленді.

ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі

Бүгін Қостанай облыстық Марал ишан мешітінің наиб имамы Бақытжан Икрам Қостанай құрылыс колледжінде болып, осында білім алып жатқан жастармен жүздесті.

Білім ордасындағы жиналған студенттерге «Уаһһабизмнің кесірі» деген қазіргі таңдағы жұртты аса толғандырып жүрген тақырып бойынша жан-жақты айтылды.

Наиб имам осы басқосуында қатысушылардың пікірлерін тыңдап, өскелең жас ұрпақтың жат ағымдардан аулақ болулары жөніндегі ойларын айтты.

Кездесуде студенттер талқыланған мәселе бойынша көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, оған тиянақты жауап алды.

ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі

Понедельник, 14 Март 2016 10:53

Әскери қызметкерлермен бір сәт

Жуырда Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Сейіт Темірбекұлы Рудный қалалық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің қызметкерлерімен кездесті.

Онда әңгімеге «Әскер қатарына диструктивті теріс ағымдардың кіруінен сақтану» атты діни тақырып арқау болды. Мұндағы мақсат - болашақ Отанды қорғайтын жастардың санасын улайтын теріс ағымдардан сақтандыру.

-​ Отанды қорғау – әрбір азаматтың басты парызы. Сондықтан біз шаһардағы Қорғаныс істері жөніндегі бөліммен тығыз байланысымызды алдағы уақытта да жалғастыра бермекпіз. Мұндай жүздесулердің екі жаққа да берер тағылымы мол, - дейді бас имам Сейіт Темірбекұлы.

Жиын соңында аталмыш мекеменің қызметкерлері тарапынан қойылған сұрақтарға дін қайраткері жан-жақты жауап берді.

ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі

Пятница, 11 Март 2016 16:20

Құрметке ылайық аналар

Жер бетінде анадан артық асыл жан бар ма? Мұны жете ұққан Денисов ауданы «Жұма» мешіті аудан әкімдігімен бірлесе отырып, осындағы «Әлем» мәдениет үйінде жергілікті жердегі ақ жаулықты аналарымызға ілтипат көрсетті.

Салтанатты жағдайда көп балалы 12 анаға «Алғыс хат» тапсырылды. Көрсетілген ерекше құрметке барша аналар қауымы шынайы алғыстарын білдірді.

Сонымен бірге Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде де әжелеріміз бен ақ жаулықты аналарымызға арналып дастархан жайылды.

Жиылған қауымға мешіт имамы Сабыржан Зейнелғабиденұлы алғысын білдіріп тілегін айтты.

Мешіт қызметіне разылығын білдірген 84 жастағы Шұға әжей жиылған аналар қауымының атынан тілегін білдіріп, батасын берді.

ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі

Пятница, 11 Март 2016 10:13

Ардақты аналарға құрмет!

Есенгелді Әжімахан тегі басқаратын Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінің қызметкерлері жылда Наурыз айы туғанда осы өңірдегі ардақты аналарға құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған.

Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде жақында бас имам және аудандағы мешіт жанындағы ақсақалдар алқасының мұрындық болуымен ақ жаулықты апаларымызға сый-құрмет көрсетілді.

Мешіттің асханасында дастархан жайылып, әрбір шаңырақтың ажары болып табылатын ақ жаулықты апаларымызға жылы лебіздер айтылып, өнерпаздар концерт қойды.

Жиналған аналарымызға салтанатты түрде сыйлықтар табыс етілді. Оған Ағайша Бижан сынды жеке кәсіпкерлер демеушілік етті. Оларға деген көпшіліктің алғысы шексіз.

ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бақытбек қажы Тәжімбет Нұр-Мүбарак университетіндегі қостанайлық студенттермен кездесті. Негізгі мақсат: биылғы түлектерді жұмысқа шақыру және өзге студенттерді жазғы маусымда аймақ мешіттеріне тәжірибелік жұмыстарға баулу.

Қостанай өңірін қазағы қайнаған Оңтүстік аймақтармен салыстыра алмаймыз. Қызметке кіріскен әуелгі уақытта ислам білімінің артықшылығы жайлы елге жеке-жекелеп тұрып түсіндіргендейміз. Соның нәтижесінде білімге қызығушылығы артқан 10 бала екі айда біраз нәтижеге қол жеткізгені бізді қуанышқа бөледі. Енді оларды көріп тағы оннан аса жастар білім алуға келіп жатыр. Осы арнайы білім беріп жатқан жастар арасында бірнеше бала Нұр-Мүбарак университетіне келуге. Исламтанушы болуға ниеттері бар...

Осылайша қуанышымен бөліскен Бақытбек қажы Тәжімбет болашақта Нұр-Мүбарак университетінің дайындық курсын ашуға ниеттері барын жеткізді. Өйткені, дінді түсінген тұрғындар арасында ислам біліміне деген қызығушылық та арта түскен.

Ал бүгінде Нұр-Мүбарак университетінде Қостанай облысынан барлығы 19 студент білім алуда. Оның бесеуі қыз бала. Алдағы жазда арқалық студенттердің үшеуі бакалавр дәрежесіне ие болу алдында тұр.

«Хаққа қызмет, халыққа қызмет» деген қостанайлық делегация Алла жолында елге қызмет етудің артықшылығы жайлы жан-жақты саралап өтті.

Айша КЕҢЕСБАЙ,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

old.muftyat.kz

Среда, 09 Март 2016 14:41

Сауат ашу курсы жалғасты

Қостанай облысының өкіл имамы Бахытбек Тәжімбеттің басшылығымен Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы негізінде бастау алған сауат ашу курсы бірінші түлектерін шығарып салып, енді міне жалғасын бастап та кетті.

Қазір облыс көлемінен келген 14 шәкірт Қостанай қалалық мешітінде оқуда. Оларға облыстағы білікті діни мамандар сабақ береді. Аталған мерзім ішінде Құранды жете үйреніп, Ақида, Тәжуид және араб тілінен дәріс алады.

Салтанатты рәсімде Қостанай облысы «Марал ишан» мешітінің наиб имамы Икрам Бахытжан білім алушы шәкірттерге сәт сапар тіледі.

ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі

Жуырда Қостанай облыстық Марал ишан мешітінің наиб имамы Бақытжан қажы Икрам кезекті жүздесуін өткізді.

Бұл жолы ол білім саласында жылда үлкен жетістіктерге ие болып жүрген Сырбай Мәуленов атындағы қазақ гимназиясына ат басын тіреді. Мұндағылар дін қайраткерін жылы жүзбен қарсы алды.

Өз саласының білікті мамандар білім ордасындағы 9-шы сынып оқушыларына жалпы дін туралы мол мағлұмат берді. Өскелең жас ұрпақтың жат ағымдардан аулақ болулары жөнінде өздерінің нақты пікірлерін айтты. Олардың қойған сауалдарына тиянақты жауап берді.

ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі

akmechet.kz

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником