«Денсаулық - зор байлық» демекші, біздің елімізде денсаулыққа ерекше көңіл бөліп, спортта белсенділік көрсетіп жүрген жастарымыз аз емес. Өйткені спорт – тек денсаулыққа ғана емес, аймақтағы түрлі ұлттар мен ұлыстардың арасындағы ауызбірлікке өзінің ерекше әсерін тигізеді.
Егеменді еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша жастар ісі бөлімі мен Рудный қалалық «Нұр» мешіті бірлесе отырып, суға жүзуден жарыс ұйымдастырды.
Бұл жарыста облыс төңірегіндегі қалалар мен аудандардан жастар қатысып, өздерінің қызығушылықтарын танытты. Жалпы олардың бұл сайысқа дайындықпен келгендіктері байқалды.
Осынау жарыста жастар жүзудің үш түрлінен бақтарын сынасып, жүлделі орынға деген талпыныстарын көрсетті. Баршаға мәлім, қашан да мықтылар алғы шептен көрінеді.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, сайыстың нәтижесі бойынша жеңімпаздарға ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы бағалы сыйлықтарды табыс етті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі