Мектеп – білім айдынындағы үлкен кеме. Осы кемеде он бір жыл уақытты әр бала өткізеді. Сол себепті мектеп қабырғасында білім алып жүрген әрбір баланың тәрбиесі, алып жатқан тәлімі мен дамуына үлкен жауапкершілік танытып, оларға дұрыс бағыт көрсету тек мұғалімнің ғана емес, біріншіден отбасының міндеті, одан кейін жеке тұлға болып қалыптасқан азаматтардың міндеті. Міне осы пікірді ұстанған Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Сейіт қажы Темірбекұлы қаладағы №19 орта мектебінде өткен «Мектеп пен отбасы бірлігі оқушы дамуының тиімді құралы» атты тақырыбында мектеп оқушыларының ата-аналарымен семинар өткізді.
Кездесуде Сейт қажы «Отбасы» – бала тәрбиесін қалыптастырудағы ең алғашқы бесік екені ақиқат. Перзент үшін дүниеде ең жетілген, білімді де мәртебелі адам - оның ата - анасы. Ал, ең әдемі де жарық үй - оның туылған үйі. Сондықтан да жас баланың дамуына ата - ананың орны ерекше екені, Қасиетті Құран аяттарымен, Мұхаммед (с.ғ.у) пайғамбардың хадистерімен және саңлақ сахабалардың өмірлерінен алынған қиссаларын мысалға келтіріп, тыңдарман қауымды еліктіре баяндап берді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі