Пайғамбарым Мұхаммед қасиетті
Хадис болып таралған өсиеті,
Өмір салты -өнеге мұсылманға.
Көркем мінез, мубарак пәк ниеті,
Ант ішіп, уәдесінен тайғандарға.
Ел аздырып, бөгде дін жайғандарға,
Жүрсін деп, құлдарым тура жолда,
Дін түсірді Мұхаммед пайғамбарға,
Жер нұрланды, пайғамбарлық жүктелді
Қиын заман, жауыздыққа, тік келді.
Мұхжиза боп, жерге құран түскенде,
Кәпірлердің, күпір сөзі бүктелді.
Алла қолдап, имандылар, құран ашқан,
Тірек болды, сахабалар, мыннан астам.
Жаратқанның тура дінің орнықтырды,
Дүйім елдің, қаһарына қарамастан.
Аманатқа қиянат, жасамаған,
Әл әмин деп аталды ол жасынан.
Хақтын жолы тура деп мойынсымай,
Талай сынақ өткізді өз басынан.
Құртамын деп жаулары жаландады,
Үмбетім деп, пайғамбар аландады.
Алла берген төзімнін төтесінде.
23 жылда құранды тәмәмдады.
Алланың нұры жаусын әрқайсына,
Медет тілеп алақан жайғандарға.
Мын салауат екі дүние, сардарына,
Елші нәби Мұхаммед пайғамбарға.
Түркебай мешітінін шәкірті:Жәукен Боранбай
Арқалық қаласында Мәуліт мерекесіне орай «Мухтасиб Әлмұхаммед»
мешіті мен «Қайрат» спорт мектебінің басшысы Рүстем Асанханұлының ұйымдастыруымен спорттық сайыстар өткізілді.
Мұнда мемлекеттік мекемелері және қалалық мешіттен құралған алты команда арасында шағын футболдан ұйымдастырылып, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар тарапынан «Рухы биік жандар» атты команда нысанаға тигізу (дартс), шахмат және асық ату ойындары бойынша өздерінің спортқа деген ынтызарлықтарын көрсетті.
Жарыстың ашылу салтанатында қала әкімі Ғазиз Ерболатұлы мерекеге жиналған қауымды құттықтады. Бұл сайысқа дінге деген құрметінің белгісі ретінде өзі де қатысатындығын білдірді.
Мешіттің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы өз сөзінде осынау жарыстың ерекшелігіне тоқталып, Мәуліт мейрамының мән-маңызы жайлы әңгімеледі.
Мәдениет бөлімінің қызметкерлері мен мектеп оқушылары патриоттық әндерді шырқап, жиналғандарға рухани ләззат сыйлады. Ал, қалалық мешіт ұжымы демеуші азаматтардың қолдауымен көмекке мұқтаж он отбасына күнделікті тұтынатын азық-түлікті табыс етті.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Науырзым ауданындағы «Түркебай» атындағы мешітінде адамзаттың ардақтысы болған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың туылған айына орай Мәуліт рухани кеші болып өтті. Аталмыш кеште облыстың өкіл имамы Б.Тәжімбет аудан басшылары мен ел ақсақалдары қатысты.
Екі дүние сұлтаны Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға салауаттар айтылып, адамзаттың ұстазы болған ұлы тұлғаның өмірі мен өнегесі жайлы насихаттайтын мәуліт жыры оқылды.
Кеш соңында мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек көрсетілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жаһлият (қараңғылық) қоршап тұрған ел еді
Нақ хақ діннің керек болды көмегі
Бастан кешіп меңіреулік өмірді
Надандықтың лаулап тұрған кез еді
Ескерілмей адамдардың құқығы
Нұрлы ұғымның сынық еді тұғыры
Құл мен тұтқын аянышты күн кешіп
Қыз баланың қысқа болған ғұмыры
Терең еді текетірес тепкіні
Амылсыздан еске аламын тек мұны
Қыз баланы есептемей адамға
Тірі жатып жер астында өшті үні
Қараңғылық барлық елді жайлады
Көпдінділік бар ғаламды шарлады
Бүкіл әлем күтті асыға келуін
Бір ұлы жан келеді-ау деп сындарлы
Құтқаруға мүшкіл хәлін адамның
Құлдыратпай құндылығын ұлт жанның
Жаббар Ием дүниеге әкелді
Хақ Пайғамбар Мұхаммедтін ғаламның
Ұлы мінез иесі еді Пайғамбар
Шебер көркем басшыда еді ол сардар
Насихатын әсерлі ғып баяндап
Сара жолын даналықпен ол салған
Имандылық Пайғамбардың сүннеті
Құнсыздықтың дендеп тұр еді нақ шегі
Жаббар Хаққа дұға жасап сыйын – деп
«Дін» Ислам» болды оның өлшемі
Исламда асыл міндет адалдық
Дәл бір сол кез рух аз еді адамдық
Құран сөзін құнарлы оймен жеткізіп
Шекарасын жіктеп берді абзалдың
Оңай болмады түсіндіру баршаға
Зор қабілет керек болды – мол шама
Бар ғаламды жаратушы бір Алла
Елшісіне молдап берді ой-сана
Қырғын соғыс бастан кешті Пайғамбар
Құранды оқып, қорған болды Алла жар
Міне, бүгін мұсылманбыз сыйынған
Пайғамбар Хақ, тек бір ғана Алла бар
Мұхаммедтің бар өмірі өнеге
Бар қасиет тек жай саған келеме
Пейіл, мейір нұр ғып шашып әлемге
Құтқарды ол қор болудан келеке
_________________________________________________
Қостанай облысы
Науырзым ауданы
«Түркебай» атындағы мешіттің алқа мүшесі
Тілеуғабылов Жаңбыршы Тұқатұлы
2015 жылдың 25 қарашасында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «2020 жылға дейін діни білім беруді дамыту» тұжырымдамасы қабылданған. Онда діни білім беру жүйесін қалыптастыру мен дамыту мақсаттары мен міндеттерін және стратегиялық бағыттары айқындалған.
Осы Тұжырымдама негізінде Қостанай облыстық орталық мешітінің ұйымдастыруымен қалалар және аудандар имамдарына арналған үш күндік оқу-ағарту семинары өз жұмысын бастады.
Қостанай облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық орталық мешітінде 2015 жылдың қорытындысы бойынша жиын болып өтті. Өкіл имам Б.Тәжімбет облыс көлеміндегі қалалар мен аудандар мешіттерінің бас имамдарын жинап, Астанада өткен төралқа жиынында тапсырылған міндеттер мен жұмыстар жайында айтып өтті.
Дін саласының 4 бағыты: уағыз насихат, қайырымдылық, жат ағыммен күрес, сауат ашу курстарын жандандыруды және имамдар форумында қабылданған 4 құжат бойынша жұмыстарды одан әрі жалғасатыруды имамдарға тапсырды.
Жиын барысында Сарыкөл, Жітіқара аудандары мен Лисаков қаласының имамдары мекемелер мен оқу орындарында 4 бағыттың бірі болып табылатын - уағыз насихат жұмыстарына билік тарапынан тосқауыл қойылып тұрғанын айтып өтті.
Сонымен бірге, 2016 жылы Жастар ісі бойынша жасалатын іс-шаралар туралы жоспар талқыланып, әр қалалар мен аудандарға аталған бағытта жұмыс жасауға тапсырмалар берілді.
Қостанай облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
Үстіміздегі жылдың 11 желтоқсанынан бастап Хижри жыл санауы бойынша Рабиул әууал айы басталды. Бұл ай ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туылған айы. Сондықтан әлемде және еліміздің жер-жерлерінде мәуліт оқылып құрметтеліп атап өтілуде. Соның бірі Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінде өкіл имам Б. Тәжімбет және наиб имамдар Д.Сыздық пен А.Ермат жамағатқа мәуліт қасидасын оқыды.
Мұндай шара Арқалық қаласының «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде де болып өтті. Мешіт жанындағы діни сауат ашу курсының шәкірттері мәуліт қасидаларын мәнерлеп оқып, нақышына келтіре орындады. Шәкірттердің айтқан мадақ-салауаттарына жиналған қауым өз ризашылықтарын білдіріп, үлкендер жағы игі тілекпен ақ батасын берді. Бектұрсын Торғайбайұлы екі дүние саруары, Алла елшісінің дүниеге келіп, күллі адамзат баласына жақсы мен жаманды, халал мен харамды ұғындырып, білім сәулесімен адам жанына шұғылалы шуақ шашқан мәуліт жайлы мағұлмат берді.
Осындай тәрбиелік мәнге ие болған игілікті іс-шара Арқалық қаласына қарасты Фурманов және Молодежный ауылдық мешіттерінде де өткізілді.
Астана қаласында Қазақ ұлттық өнер университетінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жастар ісі және Жас Отан жастар қанатымен бірлескен конференциясы болып, оған Қостанай облысы бойынша Жастар ісі жұмыстарының қызметкері Жұмағұлов Ғұмар қатысты. Аталмыш жиында ҚМДБ-ның Бас муфтиі Ержан қажы Малғажыұлы, Жалпы жастар ісінің менгерушісі Алтынбек Ұтысхан, Жас Отан Жастар қанатының жетекшісі Аслан Санжарұлы, Дін істер агенттігінің басшысы Балғабек Мырзаев, спорт чемпионы Ардақ Назаровтар болып, «Жастар ел-болашағы» тақырыбында ой өрбітті.
Сонымен бірге алдағы келе жатқан 2016 жылы жұмыстары туралы жоспарлар талқыланды.
Осы конференция нәтижесі бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Жас Отан Жастар қанатымен болашақта бірігіп жұмыс туралы меморандумға қол қойды. Жиын соңында «Жастар шамшырағы» атты кітаптың тұсаукесері жасалды.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жақында ауданымызға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы, Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің бас имамы Тәжімбет Бақытбек Нұрғабылұлы келіп, аудандық «Сатыбалды ишан» мешітінің жамағатымен кездесу өткізді.
Жиналғандарды «Тәуелсіздік күні» мерекесімен құттықтап, аудан тұрғындарына жақсылықтар мен еңбектеріне табыс тіледі. Содан соң Тәуелсіздік құрбандарын еске алып, олардың рухына арнайы құран бағыштады. Бас имам Б.Нұрғабылұлы бүгінгі қоғамдағы өзекті деген мәселелер жайында сөз қозғап, әртүрлі дін атын жамылған ағымдардан сақ болуға шақырды.
Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің найб имамы Икрам Бақытжан Қостанай автомобиль колледжінің 4 курс студенттеріне ҚМДБ-ның Тұғырнамасын таныстырып, оның маңыздылығын, аса құнды екендігі туралы сөз етті.
Сонымен бірге қазіргі таңда жастар арасындағы өзекті болып тұрған мәселелерді көтеріп олармен күресудің жолы имандылық және дін мен дәстүрді ұстану керектігін жеткізді.
Кездесуде Тұғырнаманың жастарға беретін тәрбиелік мәні, құжаттардың басты мақсаты ел мұсылмандарын қазіргі заман талабына сәйкес білімді болуына, ізгілікке, зайырлы мемлекет құрылымына құрметпен қарауға шақыру, түрлі ағымдарға түсіп кетуге жол бермеуге, өзге діндер өкілдерімен ынтымақта тіршілік етуге, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтауда отандық тәжірибені нығайтуға үлесін қосатындығын атап өтті.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі