Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысты, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Елбасы жиналғандар мен барша Қазақстан халқын ұлттық мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Қымбатты қазақстандықтар, құрметті салтанатты жиынға қатысушылар! Баршаңызды Ұлы Дала елінің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз бүгін азаттықтың екінші мүшеліне, 25 жылдығына аяқ бастық, деді сөзінің басында Елбасымыз. Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арай таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде Қазақстан Республикасы атты жаңа жұлдыз жарқырап тұрды. Тұтас дәуірлердің куәсі болған халқымыз сан ғасырлар бұралаң әрі қиын жолмен жүріп өтті.
«Адам баласы сияқты мемлекет те өмірінде екі ғұмырлық босағадан аттайды. Біріншісі – жарық дүниенің есігін ашу. Екіншісі – ересек өмірдің табалдырығын басу. Екеуі де қайталанбас қастерлі мезеттер». Бұл – Әбу Насыр әл-Фарабидің орамды айтып кеткен сөзі, өнегелі өсиеті. Биыл, міне, осынау рухы асқақ, тұғыры биік төл мемлекетімізге 24 жыл толды. Қарапайым тілмен айтқанда, нағыз ердің жасында, ұлы мақсаттардың басында тұрмыз, деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев 24 жасқа толған Қазақстан ұлы мақсаттарға қол жеткізуге ұмтылатынын атап өтті. Тарих – біздің халқымыздың сақ пен түркінің, Қазақ хандығының дәуірінде, Ұлы Отан соғысы кезінде көрініс тапқан ұлы күресінің куәсі. Бұл – біздің өткеніміз, бұл – біздің тағдырымыз.
Бабаларымыз ұмтылған аңсарлы мақсат – Тәуелсіздікке біздің ұрпақ қол жеткізді. Сондықтан да бұл күн тұтас ұрпақтардың орындалған арманын білдіретін қуанышты әрі маңызды мереке болып саналады. Өйткені, тәуелсіздік пен теңдік, егемендік пен мемлекеттілік – кез келген халық үшін аса құнды ұғымдар. Аман-саулық адамның нағыз бақыты болса, Тәуелсіздік – халықтың жалғыз бақыты. Бұл – туған елін егемендік пен еркіндікке қарулы қолмен емес, бейбіт жолмен алып келген әйгілі Махатма Гандиден қалған сөз. Расында да, Тәуелсіздік пен теңдік, азаттық пен елдік қай халық үшін де дәмі балдай, мәртебесі таудай асыл ұғымдар болып саналады, деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы еліміз небәрі 24 жылда жаңару үдерісін өткеріп, бүкіл әлемде сый-құрметке ие болғанына назар аударды. «Елу жылда – ел жаңа» деген халық даналығын баршаңыз білесіздер. Десек те, біз елу емес, небәрі 24 жылда қарыштап жаңаланған, төрткіл дүние бағалаған ел болдық. Ширек ғасырға жуық кезеңде біз кейбір мемлекеттер ештеңесіз шығатын, ал енді бірі ғасырларды сарп ететін тарихи жолдан өттік. Бұл бабалардың ерлігімен рухтанып, болашақ ұрпаққа жол ашқан барша қазақстандықтардың еңбегі арқасында мүмкін болды. Егер егемендік тұсында елдігі бекем, тұғыры биік жұрт болсақ, оған осы отырған сіздердің де қосқан үлесіңіз қомақты деп білемін, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Отанды сүю айрықша бақыт екенін айтты. Келген қонақ үйге кіріп, иесін сынаса, өзге жұрт ордасын көріп, елін таниды. Сол үшін де әр қазақтың жан-жүрегім деп марқаятын да, өз сарайым деп айта алатын да дарабоз, ақордалы Астанасы бар, тәуелсіз Қазақстаны бар.
Міне, тәуелсіздіктің, бостандықтың қасиеті осы. Отан деген ұлы ұғым – осы. Отанды сүю – ерекше бақыт. Ал оның аптабына күйіп, аязына тоңу – әркімге бұйыра бермейтін бөлек дүние. Оның жолында оза шапсаң да, шоқтай жансаң да, жанып жатып арманда қалсаң да жарасады. Бұл – ата-бабаларымыздың асыл арманы.Шексіз арман жолында Отан үшін орасан қиындықтардан өтуге болады. Біз өз егемендігімізді бабалардың өнегесі мен халқымыздың парасаттылығының арқасында алдық. Тәуелсіздік – күшті рухпен және мықты мінезбен ғана ұстап тұруға болатын тарих толқыны, деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік бүкіл халық үшін зор жауапкершілік екеніне назар аударды. Біз осы тағдырды қабыл алып, бірлік пен еңбек арқылы тарихи жолымызбен шығынсыз жүріп келеміз. Біздің ел егемендігін нығайтып, Мәңгілік Ел болуға бағдар ұстады. Сондықтан Тәуелсіздік күні – барша Қазақстан халқы мен әлемнің барлық түкпіріндегі достарымыз үшін ұлы мереке, деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бүгінде қазақстандықтар үшін біздің дәуірді Тәуелсіздікті жариялағанға дейін және одан кейін деп бөлу қалыпты жайтқа айналып келе жатқанын айтты. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан мүлде жаңа тарихын бастады. Біздер, қазақстандықтар, ұлт өрлеуінің қазақстандық дәуірінің негізін қалаушыға әрі тұңғыш ізашарына айналдық. Бұл – біздің ізгі уақытымыздың және барлық ұлы жетістіктеріміздің сипатын дәл беретін атау. Біз Тәуелсіз Қазақстанмен бірге өсіп келеміз, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті еліміздің жолы бірлікпен және келісіммен астасып жатқанын айтты. Жыл басында өткен президенттік сайлау біздің табысты түрде болашағы біртұтас ұлтқа айналып келе жатқанымызды көрсетті. Бірлік пен келісімді сақтап, нығайту оңай жұмыс емес. Ол даналық пен көргенділікті, көрегендік пен еліміздің барша азаматтарының өзара сыйластығын қажет етеді. Ғылым Жер бетіндегі әрбір этнос кемінде бір ерекше қасиетке ие екенін айтады. Біздің өміріміз Қазақстандағы 100 этностың 100 айрықша және қайталанбас қасиеті бар екенін көрсетіп отыр. Соның бәрі жиналып келіп біздің Біртұтас ұлтымыздың бірегей басымдығын құрайды. Қазақстанның әрбір этносы – біздің байлығымыз. Көпэтностылық – біздің ортақ ұлы қазынамыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы, міне, 20 жыл бойы осы байлықтың басты қорғаушысы міндетін табысты атқарып келеді. Тәуелсіз Қазақстан – біздің үлкен отбасымыз және ортақ шаңырағымыз, деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев XXI ғасыр адамзат үшін әлемдік экономика мен саясаттың, ақпараттық және әлеуметтік кеңістіктің жаңа өлшемдеріне жол ашқанына назар аударды. Бүкіл әлем архитектурасында орасан өзгерістер жүріп жатыр. Әлемдік дамудың көптеген түйткілдері табылды. Бүгінде 1,2 миллиард адам планетаның қақтығыстар мен тұрақсыздық жайлаған ареалында тіршілік етіп жатыр. Күн сайын 42 мың адам үйін тастап, қауіпсіз жер іздестіруде. 13 мыңнан астам террорлық акт 33 мың адамның өмірін қиды. Біз өзіміздің тұрақты әрі қарышты дамыған елімізді мүлде басқа жағдайда – бейбітшілік пен қауіпсіздік жағдайында өркендетіп жатқанымызды есте ұстауға және бағалауға тиіспіз, деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы екінші жыл қатарынан жаһандық экономикалық дағдарыстың дендеп келе жатқанын айтты. Осы қиындықтарға қарамастан, тәуелсіздіктің 24-ші жылы жадымызда көптеген жан толқытарлық, Қазақстан үшін айрықша мәні бар оқиғаларымен есте қалады. Біз экономикамыздың оң өсімін сақтадық. Индустриялық дамудың екінші бесжылдығы және «Нұрлы Жол» бағдарламасы басталды. 2015 жылы 800 миллиард теңгенің 120 жобасы іске қосылды, 10 тұрақты жұмыс орны ашылды, мыңдаған шаршы метр баспана пайдалануға беріліп, оларға жастар мен аз қамтылған отбасылар қоныстанды, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті ел өмірінде болған өзге де айшықты оқиғаларға тоқталды. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді. Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастады. Биыл Қазақстан әлемдік жетекші экспорттаушылардың елулігі қатарына қосылып, 43-орынды иеленді. Бізде ширақ, сауатты, жаңашыл жастар буыны өсіп келеді. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының қатарына қосылған «Назарбаев Университетте» даярланған алғашқы 500 маман биыл бітіріп шықты. Қазақстан МАГАТЭ-мен бірлесіп, Ядролық отын банкін құрды, ол біздің елге орналастырылады. Үшінші ғарышкеріміз Айдын Айымбетов Жер төңірегіндегі орбитаға сапар шекті. Біз Ұлт жоспарын орындауға кірістік. Оны Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында жүзеге асыра бастағанымыздың да символдық мәні бар, деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев қазір қоғамда Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдаудың қызу талқыланып жатқанына назар аударды. Мен мемлекет пен қоғам алдына қойылған міндеттер кең қолдау тапқанын байқап отырмын. Жаңа Жолдауда кемелденген елдің міндеттері белгіленді. XXI ғасырдағы болашақ – кез келген тұсынан жол салуға болатын ашық алаңқай емес. Бізді алда бұрынғымыз бен қазіргімізден де күрделі бағыттар күтіп тұр. Тарих ешқашан тек жеңістер жылнамасынан тұрмайды. Егер әрдайым бәрі жақсы болған болса, тарихтың өзі де болмаған болар еді. Дағдарыстар жеңу ілімін үйретеді. Сондықтан қазір тұрақтылықтың құны арта түсуде. Тұрақты экономика, тұрақты саясат, тұрақты қоғам – біз әрқашан ұстанып келе жатқан бағдар осы, деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылдары республикамыз тарихи даму тұрғысынан ғажайып секіріс жасағанын айтты. Біздің Қазақстан – Ұлы Дала елі, Жаңғырған Ұлы Дала елі. Бұл – біздің асқақ аңсарымыз әрі ерекше мақтанышымыз. Қазақстандықтардың болашақ ұрпағы біздің жетістіктерімізді лайықты бағалап, мақтан тұтарына еш күмән жоқ. Олар біздің тәжірибемізден даналықтың, сындарлы іс-әрекеттің және кез келген қиындықтың алдында иілмес беріктіктің үлгісін көретін болады, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Қазақстан Президенті баршаны тағы да елдің Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Осы күнгі салтанатты шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысуымен өткен өнер шеберлерінің мерекелік концертіне ұласты. Концертте «Астана» опера және балет театрының ұжымы, сондай-ақ, елімізге танымал өнерпаздар сахнаның сәнін келтіріп, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Егемен Қазақстан
Бүгін Лондон қаласында өтіп жатқан ХІ Халықаралық мұсылмандар форумында қазақстандық делегация жетекшісі, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Ораз осылай мәлімдеді.
«Кейбір мұсылман елдеріндегі тұрақсыздық, дау-жанжалдар бізді де алаңдатады. Дінді саяси құрал ретінде пайдаланғысы келетіндер бар. Біз экстремизм мен терроризмнің дінге, ұлтқа, нәсілге бөлінбейтінін ұмытпауымыз керек. Алайда, адами құндылықтарды мойындамайтын экстремистер «бейбітшілік» дейтін ұғымды қамтитын Исламды үрей мен қорқыныштың діні ретінде танытуда», – деді ҚМДБ төраға орынбасары.
Серікбай Сатыбалдыұлының айтуынша, аят пен хадисті теріс түсіндіретін саясиланған топтар өздерін мұсылманмын деп санайды.
«Алайда жазықсыз жанның қанын төккен олардың бұл әрекеті мұсылмандыққа жатпайды. Кейбір ақпарат құралдары оларды «исламшылдар» деп атайды. Оларды «озбырлар» деп атаған әділірек болады деп есептеймін», – дейді наиб мүфти.
Араб, парсы, ағылшын, түрік, орыс тілінде өтіп жатқан басқосуға Түркия, Ресей, Еуропа, Таяу Шығыс, Африка елдерінің мүфтилері, ғұлама-ғалымдары қатысуда. Халықаралық форум ертең де жалғасады.
muftyat.kz
Бүгін Мысыр мүфтияты Каир қаласында мұсылман елдеріндегі пәтуа шығару құрылымдарының басын қосып, заманауи-шариғи шешімдерді шығару мәселелеріне арналған халықаралық конференция өткізді. Әлемдік басқосуға мұсылман мемлекеттерінің Бас мүфтилері қатысты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Мысыр мүфтиі Шауқи Алламның шақыруымен конференцияға қатысып, баяндама жасады.
«Бүгінгі конференциямыздың мақсаты – қазіргі заманғы пәтуа шығару жұмысын жетілдіру. Алайда, бүгінгі таңда діни мәселелер туралы шешім шығаруда «кездейсоқ ғалымдар» көбейіп кетті. Біз, мұсылман үмбетінің мүфтилері ондай «ғалымдардың» пәтуаларына жол бермеуіміз тиіс. Соңғы уақытта бір мәселеге қатысты әрқилы пәтуа беру жағдайлары көрініс беруде. Сондай-ақ лаңкестердің іс-әрекеттерін ақтайтын пәтуалар да шығуда. Бұл – Ислам дініне жасалған қиянат, ашық шектен шығу», – деп мәлімдеді халықаралық форумда Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Конференция барысында пәтуа шығару бойынша оқып-үйрену, тәжірибе алмасу академиясын құру, білікті мамандардан құралған пәтуа білгірлерін басқа елдерге шығарып, түйткілді мәселелердің шешімін көрсету, Ислам туралы теріс пікірлерді түзету, ағарту шараларын ұйымдастыру, ондаған тілде шығатын ортақ пәтуа сайтын құру сияқты мәселелер талқыланды.
Конференцияға араб елдерімен қоса, Африка, Азия және Еуропадан, барлығы 22 мемлекеттен келген мүфтилер мен шариғат білгірлері қатысты.
ҚМДБ Баспасөз қызметі
АСА ҚАМҚОР, ЕРЕКШЕ МЕЙІРІМДІ АЛЛАНЫҢ АТЫМЕН БАСТАЙМЫН!
Құрметті бауырлар, қадірлі отандастар!
Сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен өтіп, қиындыққа төзіп, сынаққа сабыр етіп, азаттықтың ақ таңын атырған халқымыздың қасиетті мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!
Тәуелсіздік – қастерлі сөз. Халық нақылында: «Отан қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді», – деген қанатты сөз бар.
Аллаға сансыз шүкір, тәуелсіздігімізбен бірге дініміз өркендеп, бірлігіміз нығайды. Еліміздің әр өңірінде бой көтерген еңселі мешіттер мен медреселер жұртымыздың игілігіне қызмет етіп, иманды қоғам қалыптастыруға сүбелі үлес қосып келеді.
Ата-бабаларымыздың асқақ арманы мен асқақ рухының, иманға берік мұсылмандығының арқасында келген тәуелсіздік – дархан мінезді халқымыздың бағына берілген Алланың сыйы. Бір күнді тыныштықпен өткізу, үлкен үмітпен, ізгі оймен болашаққа қадам басу – мұсылманның нығметі. Осынау нығметтің қадіріне жетіп, тәуелсіздігімізді баянды ету – баршаға ортақ іс, абыройлы міндет. «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес», – дейді халық даналығында. Бірде сахаба пайғамбарымыз Мұхаммедтен (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Расулалла, ең абзал амал не?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі: «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру...» деп жауап берген. Ал асыл дініміздің ізгі ғұламалары: «Отанды сүю – иманнан», – деп парасатты пікір айтқан.
Алла Тағала тәуелсіздіктің қадірін білген, ізгілік пен имандылықты ту еткен жастарымыздың қатарын көбейтіп, баршамызға ел игілігі үшін еңбек етуді нәсіп еткей! Отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға береке, мықты денсаулық тілеймін!
Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын, ағайын! Жаратушы Иеміз қарияларымызға күш-қайрат, ұл-қыздарымызға ар-иман нәсіп етіп, халқымыздың бірлігі мен берекесін арттырғай! Дұғамыз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Қостанай облысының Рудный қалалық «Нұр» мешіті Тәуелсіздік күніне орай қаладағы «Олимп» спорт кешенінде мұсылман жамағаты арасында футбол мен волейбол ойындары түрінен жарыс өткізді.
Іс-шараны өткізудегі мақсат жамағат арасындағы бірлікті арттыру және дінімізде сондай-ақ салауатты өмір салтына орын бар екенін көрсету. Егеменді еліміздің тәуелсіздігінің баға жетпес қазына екенін Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Сейіт Темірбекұлы тілге тиек етті. Жарыс өте тартысты өтіп, орын алған командаларға бағалы сыйлықтар және алғыс хаттар табысталды. Ойын барысында техникалық белсенділік көрсетіп, жақсы ойнаған Дауылбаев Ерболат пен Тұңғышбеков Шоқанға қасиетті Құран кітабы һадиеге тартылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің
баспасөз қызметі
Еліміз үшін ең қастерлі мереке ол Тәуелсіздік күні. Бұл күні Алланың разылығы үшін, шүкір ретінде бір күн ораза ұстаса да артықтығы болмас. Осы мерек қарсаңында Қостанай облысындағы «Марал ишан» мешітінің бастамасымен қайрымдылық шаралары ұйымдастырылды.
Атап айтар болсақ, ҚМДБ Қостанай облысындағы филиалдарының мешіт қызметкерлері және облыс көлеміндегі дін жанашырлары 57 мұсылман донор болып қан тапсырды.
Сонымен бірге Қостанай облыстық психо-неврологиялық интернатында бас имам Бахытбек Тәжімбет, «Зекет» қорының өңірдегі өкілі Жақсылық қажы Ғайсин Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтап, ноутбук пен кілем тапсырды. Жасы ғасырға толған ардақты ана Күлімжан апай барша тәрбиеленушілер мен интернат қызметкерлеріне ең ізгі тілегін білдіріп, ақ батасын берді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің
баспасөз қызметі
Бүгін Қостанай қалалық орталық мешітінде діни білімді дамыту мақсатында «Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы» екі айлық сауат ашу курсы салтанатты ашылды.
Жиында өкіл имам Бахытбек Тәжімбет тұжырымдаманың басты мақсаттары туралы баяндай келіп, Құран Кәрімнің алғашқы аяты да: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!..» («Алақ» сүресі) деп басталады және Ислам дінінде білім алу парыз. Білім алу тек ақыреттік іліммен ғана шектелу, бұл дұрыс емес. Біз ілім іздегенде екі дүниелік білімді қатар алуға ұмтылуымыз керек. Екі ілімді қатар алғанда ғана адамзаттың сауаты артатын болады. Сондықтан осы жерде біздің білікті ұстаздарымыздан алған ілімді ел игілігі үшін пайдалы болуды Алла Тағала нәсіп етсін»- деп білім алушыларға сәт сапар тіледі.
Спорт
Жаңабай АХМЕТОВ
Жақында Қарасу аудандық мешітінің 20 жылдық мерейтойына орай Железнодорожный және Қарасу ауылының командалары арасында шағын футболдан жолдастық кездесу өтті.
Ойын жолдастық кездесу болса да, команда ойыншылары намысты қолдан бермеуді мақсат етті. Нәтижесінде, 6:9 есебімен Железнодорожный ауылының командасы жеңіске жетті.
Кездесу соңында екі команданың барлық ойыншылары Қарасу аудандық мешітінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кетейік, бұл жолдастық кездесу аудандық мешіттің бас имамы Халық қажы Қабиұлының мұрындық болуымен өткізілді. Негізгі мақсат – салауатты өмір салтын насихаттау, әдетке айналдыру.
Спорт
Жаңабай АХМЕТОВ
Таяуда Қарасу мемлекеттік тілде оқытатын негізгі мектебінде тоғызқұмалақтан Қарасу аудандық мешітінің 20 жылдығына арналған турнир болып өтті.
Жарыстың мақсаты – тоғызқұмалақты жастар арасында кеңінен насихаттау, шеберліктерін шыңдау.
Турнирдің барысында аудандық мешіттің бас имамы Халық қажы Қабиұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 3 топқа бөлініп сайысқа түсті. Жарыс қорытындысына келер болсақ, жасөспірім ұлдар арасында А.Бабенко жеңімпаз атанса, екінші орынға А.Ибраев қол жеткізді. Жасөспірім қыздардан А.Усупова бірінші орынды иеленсе, екінші орынды А.Жартуева, үшінші орынды Д.Кунакова еншіледі. Екінші топтағы қыздар арасында Е.Егорова жеңіске жетсе, А.Серікбаева мен И.Бейсенова екінші-үшінші орынды иеленді. Ал ересектер арасында Е.Молдаштың мерейі үстем болып, бірінші орынға ие болды. Екінші орын А.Қуанышбаеваға бұйырса, үшінші орынға А.Унайбеков тұрақтады.
Турнирге Қарасу аудандық мешіті демеушілік жасап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грамоталар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Мерейтой
Жаңабай АХМЕТОВ
Аудан орталығындағы Қарасу аудандық мешіті 1995 жылы мұсылман үмметіне есігін алғаш айқара ашқан болатын. Міне, содан бері 20 жылдай уақыт өте шығыпты. Өткен аптада осы айтулы күнді қарасулықтар салтанатты жағдайда атап өтті. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек Тәжімбет және т.б. алыс-жақыннан келген қонақтар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты шараның ашылуы қасиетті Құран оқумен басталды. Оны Октябрь ауылынан келген мектеп оқушысы Әли Қыпшақбай оқыды. Кейін мерекелік шараға арнайы келген Бахытбек Тәжімбет жиналғандарды имандылық үйінің меркесімен құттықтап, Ислам дінінің адам өміріндегі орны мен имандылық туралы уағыз-насихат айтты. Сондай-ақ асыл дініміздің дамуына еңбек сіңіріп жүрген ауыл азаматтарына өз алғысын білдіріп, ақ батасын берді. Мұнан кейін аудандық мешіттің бас имамы Халық қажы Қабиұлы жергілікті жұртшылықты, келген қонақтарды мерекемен құттықтады. Сонау 95-ші жылы осы ауданда мешіттің салынуына өз үлестерін қосқан азаматтардың атын атап, бұл жұмыстың оңайға соқпағанын да тілге тиек етті. Сол кезде көмек қолын созғандарға алғысын айтып, олардың біршамасын алғыс хаттармен марапаттап, құрмет көрсетті.
Мерекелік шара барысында асыл дініміз жайлы өлеңдерге де кезек беріліп отырды. Қарасу мемлекеттік тілде оқытатын негізгі мектебінің оқушылары асыл дінімізді жырға қосып, күмбірлеген күй төгіліп, жиналған қауым бір серігіп қалды. Мерейтоймен бір-бірін құттықтап, жылы лебіздерін тарту етіп жатқандар да көп болды. Солардың бірі – қарасулық Күләйма Абикенова:
- Бүгінгі өтіп жатқан мерекелік шара асқан ұйымшылдықпен өтіп жатыр. Мешітке келушілер қатары да көп. Баршаңызды аудан мешітінің 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Отбастарыңызға қуаныш, құт-береке, мол табыс тілеймін! Алла тағала барша ниеттеріміз бен тілектерімізді қабыл етсін!, - дейді.
Шараның екінші бөлімі мерекелік дастархан басында жалғасын тапты. Онда мерекелік құттықтаулар айтылып, Құран оқылып, бата қайырылды. Бұқара халық игі шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, аман-саулықта көрісуді тілеп тарқасты.