Қостанай облысына қарасты Рудный қаласында дінді жан-жақты әрі дұрыс түсіну мақсатында жастармен семинарлар өткізу дәстүрге айналды.
Осындай есте қалаларлық басқосу аталған шаһардағы №19 орта мектебінің оқушыларымен өткізілді. Бұл семинарға Рудный қалалық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Алмат Аманболұлы, Рудный индустриялдық институтының тәрбие ісі жөніндегі проректоры, саяси ғалымдарының кандитаты Жасұлан Тұрғанбекұлы және осындағы «Нұр» мешітінің бас имамы Сейіт Темірбекұлы қатысты.
Осынау семинарда «Дін және жастар» деген тақырыпты жан-жақты ашуға айрықша назар аударылды.
Бас имам Сейіт Темірбекұлы жат ағымдардың алдын алудағы басты құрал – ұлттық идеология екендігін атап өтті. Себебі діни сауаты жоғары, білімді азаматтың қашанда рухы жоғары болатындығын жасырмады. Содан кейін жастарға беретін тәрбие жөнінде де өз ойын ортаға салды.
Шара барысында жастар қатысқан зиялы қауым өкілдері мен дін қайраткерлеріне көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі