Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің тапсырмасы негізінде елімізде жүргізіліп жатқан сынақ Қостанайда да жалғасын тапты.
Аталған діни басқарманың жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы Қостанай облысына арнайы келді. Алғашқы күні ол облыстың тыныс-тіршілігімен танысып, қалалық мешіттің жанындағы екі айлық сауат ашу курсының шәкірттерімен кездесіп уағыз айтты.
А.Ұтысханұлы іс-сапарының екінші күні өңірдегі қалалар мен аудандардың имамдары мен молдалары және ұстаздармен семинар өткізген соң «Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы», «Шынайы мұсылманның тұлғалық бейнесі», «Имамның тұлғалық келбеті», «Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы қызметкерінің этикасы» төңірегінде сұрақтар қамтылған сынақ алды.
Бас қосуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы мұндай сынақтардың дін қызметкерлеріне берері мол екендігіне, емтихандар дін қызметкерлерінің жан жақты сауатты болуына септігі тиетінін айтты.
Онан соң дін қызметеркерлері қалалық Нұр Отан жастар қанаты ұйымының мүшелерімен кездесті. А.Ұтысханұлы өз сөзінде бүгінгі жаһандану ғасырында, ғаламдық құндылықтарға қауіп төніп отырған сындарлы уақытта жастар тәрбиесі өзектілігін жоғалтпайтын тақырып екендігін. Сондықтан жастарға дінмен қатар ата-бабадан мұра болып келе жатқан ұлттық дәстүрлерімізді қатаң сақтауға шақырды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі