Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінің бас имамы Есенгелді қажы Әжімахантегі - қайырымды да мейірімді, адам баласына әрқашанда ерекше ілтипат танытып тұратын дін қайраткері.
Ол жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» шарасы бойынша есте қаларлық жүздесу өткізді. Аудан аумағындағы көп балалы, күнкөрісі төмен отбасылардың ұл мен қыздарын ұмытылмас қуанышқа бөледі.
Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде 15 балаға оқуға қажетті керек-жарақтар мен сөмкелерді тапсырды. Сондай-ақ балаларға мерекелік дастархан жайып, ерекше ілтипат танытты.
- Балалар – біздің болашағымыз. Оларға қандай көмек көрсетсек те жарасады. Сол себептен, биыл да бұл мәселеге айрықша көңіл бөлдік. Болашақта да оқушыларға қамқорлық жасауға айрықша назар аудара береміз, - дейді бас имам, Ұзынкөл ауданының құрметті азаматы Есенгелді Сақтағанұлы.
Жаңа оқу жылы қарсаңында өңірдегі қалалар мен аудандарда жылдағы қалыптасқан қалыптасқан дәстүр бойынша «Мектепке жол» акциясы бойынша қайырымдылық шаралары өткізіліп жатыр.
Нақты мысал келтіретін болсақ, таяуда Денисов ауданына қарасты Фрунзе ауылындағы «Аят» намазханасында балаларды қуанышқа бөлеген басқосу ұйымдастырылды.
Ауылдағы намазхана молдасы Болат Қуандықов өз сөзінде жоғарыда аталған акцияның қамқорлыққа мұқтаж балалардың өмірінде ерекше орын алатындығына жан-жақты тоқталды.
Содан кейін бес оқушыға алдағы оқу жылында мектепке қажетті құрал-жабдықтар тапсырылды. Әрине, осындай сыйлыққа ие болған балдырғандардың жүздері бал-бұл жанып, қолдау көрсеткен азаматтарға шексіз риза еді.
Осынау ізгі мақсаттағы шараның тиісті деңгейде жүзеге асуына жүрегі жомарт жергілікті кәсіпкерлер демеушілік етті. Оларға Алланың нұры жауып, жұмыстарында табыстан-табысқа жете берсін деген тілегімізді білдіргіміз келеді.
Жақында Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінде және Қарабалық аудандық «Ғашура ана» мешітінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасы балаларына қайырымдылық көмек көрсету мақсатында «Мектепке жол» акциясыөткізілді.
Аталмыш акция шеңберінде мектеп жасындағы оқушыларға алдағы оқу жылына керекті сөмке және құрал-жабдықтар тапсырылды.
Әрине, мына тіршілікте балалардың жүзіндегі қуанышты көруден артық бақыт жоқ. Имандылық ордасында оларға сыйлықтар тапсырылғанда қандай қуанды десеңізші.
Осындай қайырымдылық шаралары облысымыздың барлық аудандары мен қалаларындағы мешіттерде жалғасын табады.
Мұсылмандардың ұлы мейрамы, қасиетті Құрбан айт мерекесі құрметіне Рудный қалалық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен футбол ойынынан жарыс өткізілді.
Осынау жарысқа аталмыш мешіт қызметкерлерінен құралған бір топ, мешіт жамағатынан тұратын екі топ және Қостанай облысындағы дін жолында қызмет атқарып жүрген имамдардан құралған бір топ командалар қатысып, бақтарын сынасты.
Қызықты да көңілді өткен бұл ойын жамағаттың қасиетті мерекеде олардың көңіл-күйлерін көтеруге, бір-біріне деген бауырмалдықты арттыруға септігін тигізді.
Онда командалар арасында ерекше көзге түскендерге лайықты сый-құрмет көрсетілді. Жеңімпаздардың аты-жөндері өзгелерге өнеге етілді. Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Азамат Серікбайұлы барша қатысушыларға шынайы алғысын білдіріп, мұндай жарыстар барша мұсылман жамағатын біріктіре түсетіндігін айтып өтті.Содан кейін киелі орында дастарқан жайылып, бір-біріне жылы лебіздерін жеткізді.
Сонымен қатар,әңгіме арқауына айналған мейрамның құрметіне спорттық шара Қостанай облыстық мешітіндеде ұйымдастырылды.Онда, негізінен, қазақ күресінен палуандар күш сынасты.
Бұл жарысқа Рудный қалалық «Нұр» мешіті атынан бақтарын сынаған азаматтар нәтижелі өнер көрсетті. Сондай-ақ, қазақ күресінен жоғары салмақта екінші орынды -Сатжан Ғалымжанұлы, үшінші орынды Қанат Қарбозұлы иеленді.
Жеңіл салмақта бірінші орынды қарсыластарынан мықты екендігін дәлелдеген МедеуАзнабаев жеңіп алды. Ал кеншілер қаласы Рудный шаһарындағы «Нұр» мешітінің атынан қатысқан палуандар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Жуырда облыстық мешіттің шаңырағында «Шаңырақ» дін мәселелері жөніндегі сауықтыру орталығының директоры, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі теолог Мирхат Мұратұлы Мадияров имамдар мен инспекторларға арналған семинар өткізді.
Ол «Деструктивті діни ағымдарын қолдаушыларға әсер етуші психологиялық әдіс-тәсілдерге оқыту» тақырыбын арқау етті.
Сондай-ақ облыста орналасқан түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқандарға орыс тіліне аударылған Құран кәрім және Ислам Ғибадаты кітаптары табыс етілді.
Жалпы Имамдар мен діни қызметкерлер түзету мекемелері қызметкерлерімен алдағы уақытта да нәтижелі жұмыс атқара бермек.
Жуырда Денисов ауданы «Жұма» мешітінің ұжымы «Құрбан айт құтты мереке» атты шара өткізді. Айт намазынан соң құрбандыққа байланысты уағыз-насихаттар айтылып, мешіт ауласында құрбандық шалу рәсімі өтті.
Құрбандыққа шалынған малдың еті әлеуметттік жағынан аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі және көпбалалы отбасыларына таратылды. Аудан басшылығы жиналған жамағатты айт мерекесімен құттықтап, көпшілікке ізгі тілегін білдірді.
Айтулы мерекеге орай мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен,арқан тарту, қол күресі, гір көтеру секілді ойындардан сайыстар өткізілді. Әсіресе, жастар жағы бұл орайда ерекше белсенділік танытты.
Сонымен қатар, көпшіліктің рухын көтеру мақсатында діни әндер мен ғибратты термелер орындалды. Ауданның бас имамы Болатжан қажы Байшевөз сөзінде бұл мереке адам баласын қайырымдылық пен мейірімділікке, ынтымақ-бірлікке шақыратын,тағылымы мол, ұлық мейрам екеніне тоқталды.
Аталмыш шараның жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған демеушілер мен спорт жеңімпаздарына мешіт атынан Алғыс хаттар мен сый-сияпат жасалды.
Быйылғы тамылжыған тамыздың 11-ші жұлдызы Қостанай халқына ерекше болып атты. Бұл күн әрі мереке әрі демалыс күні болған соң облыстық мешітке халық көп жиналды. Олар Құрбан Айт намазына деген ықыластарын биыл да ерекше көрсетті. Өйткені, үлкенді-кішілі кісілердің белсенділігі соншалықты, ине шаншар орын болмады.
Жұртшылықтың алдында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірдегі өкіл және облыстың бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы тебірене сөз сөйледі. Мерекемен құттықтап, әрбір шаңыраққа ырыс-ынтымақ, молшылық тіледі. Кез-келген жанның рухын көтеріп, көкейлеріне қонарлықтай уағыз айтты.
Ол бұл Айттың өзіндік танымдық-тәрбиелік жағына айрықша көңіл бөлді. Бұрын белгілі бір себептермен араздасқан кісілер болса татуласып, бір-бірінен кешірім сұрау, дүниеден өткен кісілердің қабіріне барып тағзым ету, жетім-жесірге қамқорлық жасау керектігіне тоқталды.
Сонымен қатар, аруақтарға бағышталып Құран оқылды. Жиналған жамағат қаншама ұлағатты ой-пікірлер естіп, жан дүниелерін байыта түсті. Құрбан Айт намазынан кейін облыстағы арнайы бөлінген орындарда мұсылман бауырларымыз шын ниетпен құрбандық шалды.
Осы күндері Құрбан Айт мерекесінің құрметіне намазхандар арасында қазақша күрестен жарыстар өткізу жоспарланған.
Ал қайрымдылық мақсатында балық мешіт құрбандық еттерінен аз қамтылған және көмекке мұқтаж отбасыларына үлестіруде.
Қазіргі таңда Арқалық шаһарында Арыс қаласынан келген 70 бала демалуда. Олар «Құрылысшы» деп аталатын демалыс лагерінде орналасқан. Оларға қолдан келген қамқорлықтардың бәрі де жасалып жатыр.
Алыстан келген балдырғандардың жай-жапсарымен танысу мақсатында «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы және киелі орынның қызметкерлері бүлдіршіндермен кездесті.
Бас имам балалармен жүздесу барысында имани тәлім-тәрбие, үлкенді сыйлау, ата-ананы құрметтеу жайлы сөйлесті. Сондай-ақ мұсылман баласы ешқашанда өтірік айтпауы, бұзақылық жасамауы керектігі, көркем мінезді азамат болып қалыптасуы қажеттігі жайлы сөз етті.
Сонымен қатар қонақ балаларға сый-сыяпатта көрсетті. Өздерімен ала барған түрлі тәттілер мен шырындарды табыс етіп, көңілдерін бір көтеріп тастады.
Жалпы Түркістан облысының Арыс қаласынан демалуға келген балалар уақыттарын көңілді де мазмұнды өткізуде. Олар да өздеріне ерекше ықылас көрсеткен мешіт қызметкерлеріне дән риза болысты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2019 жылы Құрбан айт мерекесі тамыз айының 11-і күні басталатынын хабарлайды.
Астрономиялық тұрғыдан Айдың тууы бейсенбі күніне, яғни 1 тамызға сәйкес келеді. Ал, 2 тамыз зулхиджа айының бірінші күні болып саналады.
Арапа күні 10 тамызға сәйкес келеді. Арапа – қажылар Арафа жотасында құлшылық ететін күн.
Қажылыққа бармаған мұсылмандар үшін арапа күні ауыз бекіту – мұстахап (жағымды) амал. Әбу Қатадан жеткен хадисте: «Арапа күнінің оразасы өткен және келер жылдардың күнәларына кәфәрат (кешірім) болады...» делінген.
Жағдайы бар мұсылманның құрбан шалуы – уəжіп (міндет). Құрбандыққа түйе, сиыр жəне қой (ешкі де) шалынады. Құрбандық малы айт намазынан кейін айттың үшінші күні күн батқанға дейін шалынады.
Құрбандық етін үшке бөліп таратуға болады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге таратылады.