Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің қызметкерлері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы «Зекет және қайырымдылық» қорының үстіміздегі жылғы жұмыс жоспарына сәйкес игі мақсаттағы бірқатар шараларды жүзеге асырды.
Осы сөзіміздің айғағы ретінде «Күшіміз бірлікте» акциясы аясында көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетілді. Мысалы, 8 адамға 230 келі азық - түлік үлестірілді.
Сонымен қатар бір қарт адамға мүгедек арбасы табыс етілді. Әрине, сол кездегі ол кісінің қуанышын тілмен айтып жеткізу қиын.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Сарыкөл аудандық тілдерді оқыту орталығының басшысы Болат Ғаниұлының ұйымдастыруымен тағылымы мол кездесу өткізілді. Жиын қатысушыларға үлкен әсер қалдырды.
Басқосуда мұсылманның мінез-құлқы және жат ағымдардан сақтандыру тақырыбы жан-жақты айтылды.
Сондай-ақ осы аудандық кітапхана бөлімінің жетекшісі Солдат Дүтпаевтың ұйытқы болуымен өткен жүздесудің де қатысушыларға танымдық жағынан берері мол болды.
Мұнда «Ислам – бейбітшілік діні» тақырыбы қозғалды. Руханият ордасына жиналған қауымның білім көкжиегі кеңейіп, көп жайды көңілдеріне түйді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қасиетті Ережеп айы Қостанай өңірінде ерекше шаралармен басталды. Қостсанай қалалық әкімдігінің өмірдің қиындығында қалған балаларды қолдау орталығында түрлі себептермен ата-аналарынан қараусыз қалған 28 бала тіршілік кешіп жатыр.
Осы балдырғандарды қуанышқа бөлеу мақсатында Қостанай облыстық мешітінің қайырымдылық қоры мен жамағаты «Қайырымды Жұма» жобасы аясында дастархан жайып, балаларға сыйлық тапсырды.
Айта кетер жай, бұл игі іс-шара ақпан айының бірінші жұмасынан бастап қолға алынған болатын. Содан бері әр аптаның жұма күні жалғасын тауып келеді.
Алғашқы шара КСК ауданындағы «Пияла» кафесінде онан соң «Муслима» кафесінде жалғасын тауып балалардың жүзінде қуаныщ ұялауына себепші бола білді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Өткен ақпан айында Қостанай облыстық мешітінің найб имамы Бақытжан қажы Икрам басқаратын Зекет және қайырымдылық қоры өздерінің жұмыстарын барынша жандандыра түсті.
Соның жарқын айғағы ретінде, өңір бойынша көмекке зәру 341 отбасына қолдау көрсетілді. Бұл орайда 46 шара өткізіліп, жанұяларға азық-түлік үлестірілді. Осы мақсатқа 4 млн. 210 мың 623 теңге жұмсалды.
Осындай игі істер жылдың қалған мерзімінде де жалғасын таба бермек.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің «әйел-қыздар» секторы ұстазы Сәуле Дүйсекееваның ұйымдастыруымен «Дені саудың жаны сау» атты волейболдан жарыс өткізілді.
Бұл спорт жарыстарын өткізудегі негізгі мақсат - жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жамағат пен шәкірттердің өзара ынтымақ-бірлігін арттыру.
Сайыстың қорытындысы бойынша мешіттер арасында бірінші орынды Рудный, екінші орынды Қостанай қалалық, үшінші орынды облыстық мешіттің командалары иеленді.
Жеңімпаз командаларға мақтау қағаздары тапсырылды. Дастарқан жайылып, естелік сыйлық берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Алланың үйі ол мешіт. Ал мешітте тек ғана белгілі діни рәсімдермен бірге қайрымдылық бағытында және сауат ашу бойынша көптеген шаралар атқарылуда.
Белгілі дін қайраткері Шоқан қажы басқаратын «Жайлаубай ата» мешіті діни білімді ұстаздармен толық қамтыылған. Мұнда діни білім алғысы келетін ерлерге де әйелдерге де жағдай жасалған.
Ондағы Құран, Фиқһ, Ақида және Хадистерден дәріс алуға болады. Сабақ таңертең 9.30-11.30 және түстен кейін 15.00-17.00 арасында екі сағаттан өткізіледі. Осы мерзім ішінде олар көп жайды көңілдеріне түйіп, дін жайынан мол мағлұмат ала алады.
Имандылық ордасында білім алғысы келетіндер мына телефон арқылы хабарласып мағлұмат ала алады +7-700-213-38-94.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қаласы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Нұрхан Бақтыбай осы шаһардағы политехникалық колледжде болды. Ол білім ордасының әлеуметтік педагогы Майра Ысқақова ұйымдастырған «Өзгеге өмір сыйла» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты.
Бұл қайырымдылық акциясы апталығының аясында өткен жиын барысында уағыз айтылып, студенттердің көкейінде жүрген сауалдарға тиянақты жауап берілді.
Басқосуда қайырымдылықтың адам бойындағы асыл қасиеттің біріне жататындығы, шапағат шуағына бөленген жанның қаншалықты қуанышқа кенелетіндігі жан-жақты түсіндірілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінде осы ауданға қарасты ауыл молдалары мен имамдардың жиыны өтті. Оның негізгі мақсаты - дін қызметкерлерін үстіміздегі жылы жүзеге асырылатын жұмыс жоспарымен таныстыру еді.
Алдағы уақытта ауылдық намазханалар мен мешіттерде атқарылатын істер де аз емес. Әсіресе, уағыз- насихатты жандандырып, елдің бірлігі, ынтымақ, қайырымдылық, жалпы «Ихсан» аясындағы маңызды тақырыптарға аса назар аудару қажеттігі туралы Бас имам Нұрлан Сейілханұлы баса айтты.
Сондай-ақ, әрбір мұсылманның міндеті – туған жерімізді көркейту, рухани құндылықты қастерлеу, сабырлылық пен төзімділікті берік сақтау, патриоттық сезімді жоғары ұстау екендігі сөз болды.
Жиын соңында ҚМДБ бекіткен жеті бағыттың салалары жете түсіндіріліп, қадірменді ақсақалдар ақ батасын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешіті «Күшіміз бірлікте» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Онда қолдауға мұқтаж 20 отбасына көмек көрсетілді.
Сонымен қатар имандылық ордасына Қостанай ауданына қарасты Жамбыл мен Алтын Дала мешіттерінің жамағаттары арнайы ауызашарға шақырылып, дастархан жайылды.
Тағылымы мол шараның соңында садақ ату мен кеудені жерден көтеруден жарыс өткізілді. Жеңімпаздар өздерінің бабында екендігін танытты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі