Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Жаңалықтар

Арамызда жүрегі мейірімге толы, өзгелерге жақсылық жасауға ұмтылып тұратын асыл жандардың жүргендері қандай ғанибет. Сондай жанашыр кісілердің бірі-өңірдегі Забелов ауылының тұрғыны Екатерина Николаевна дер едік.

Ол аталмыш елді мекенде ғұмыр кешіп жатқан әрі қолдауға мұқтаж онға жуық қарттарды ұлты мен ұлысына қарамастан қамқорлыққа алған. Бұл жасы келген аға-буын өкілдері жылы сөзімен өздерінің рухтарын көтеріп, ізгі қарым-қатынас жасап жатқан Екатеринаға әрқашанда дән риза.

Ол кісінің бұл ісі туралы білген Жітіқар ауданы «Ержан Тәтішев» мешітінің Бас имамы Айбек Аманқосұлы мен мешіт қызметкерлері Забелов ауылына арнайы барды.

Онда Екатерина Николаевнаға және сол үйдегі қарттарға күнделікті тұтынатын азық-түлік, рухани байлық көзі болып табылатын кітаптар мен журналдарды табыс етті.

Әрине, олар өздеріне ілтипат танытқан әріптестерімізге алғысын қуанып қалды.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар
Понедельник, 07 Февраль 2022 16:26

Торғайда намазхана ашылды

Жуырда Жангелдин ауданына қарасты Шеген ауылындағы «Кәтен Дамолла» намазхана құрылыс жұмыстарының аяқталуына орай жергілікті бауырларымыз бас қосты.

Онда осы киелі орынның пайдалануға берілуіне байланысты алғашқы жұма намазы оқылды. Жангелдин аудандық «Оспанқожа әулие» мешітінің бас имамы Рүстем Исламұлы «Намаз қағидаттары» тақырыбында жиналған жамағатқа уағыз айтты.

Шегендік бауырларымыз осы мешітте алдағы уақытта да ислам дінінің адам баласына берер ғибраты және басқа да маңызды шаралар өткізе беретіндігі даусыз.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар
Понедельник, 07 Февраль 2022 13:14

Облыс имамы Арқалықта

Жуырда Қостанай облыстық мешітінің Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбетің сапармен Арқалық шаһарында болды. Ол алдымен аталмыш қаладағы "Мұхтасиб Әлмұхаммед"мешітіндегі жұма намазына қатысып, "Ислам-ынтымық,бірлік діні" тақырыбында көпшілікке ой салар уағыз айтты.

Одан кейін ол шаһардағы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында 1-4 курс студенттерімен кездесті. Басқосуда жастарға танымдық-тәрбиелік маңызы зор әңгіме қозғалды. Қатысушылар белгілі дін қайраткеріне шынайы алғыстарын білдірді.

Жүздесу одан әрі жергілікті Нәзипа Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінде «Діни экстремизм қауіптілігі» тақырыбында жалғасты. Мұнда өңірдің Бас имамымен бірге Арқалық қалалық мешітінің бас имамы да болды.

Жалпы, Бахытбек қажы Нұрғабылұлының Арқа өңіріне сапары жұртшылыққа үлкен әсер қалдырды.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар
Пятница, 04 Февраль 2022 17:01

Қордың жұмысы жандана түсті

Қостанай облыстық мешітінің жанындағы найб имам Бақытжан қажы Икрам жетекшілік ететін Зекет және қайырымдылық қорының жұмысы Барыс жылы да жалғасын тапты.

Өткен қаңтар айында өңірде қолдауға мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында 35 іс-шара ұйымдастырылып, 135 отбасының ризашылығына бөленді.

Оларға азық-түлік, киім-кешек, көмір алып берілді. Осы үшін сауабы мол игі іске 1 млн. 355 200 теңге жұмсалды. Бұл орайда жаны жомарт, жүректері мейірімге толы кәсіпкерлердің демеушілік жасағандарын ерекше атап өткен жөн.

Қор басшысының сөзіне сенетін болсақ, мұндай жәрдемге зәру кісілердің өтініш - тілектері алдағы уақыттта да басты назарда ұсталатын болады.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар
Пятница, 04 Февраль 2022 16:55

Талап барынша арта түседі

Баршаға мәлім, Елордамызда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісі болып өтті. Оған аталмыш басқарманың бөлім басшылары, облыстардың бас имамдары қатысып, өткен жылы атқарған игі жұмыстары жайлы есеп берген еді.

Өңірдегі Бас имам Бахытбек қажы Нұрғабылұлы осы айтулы жиыннан нәтижелі оралды. Былтырғы жылы жүзеге асырылған істер тиісті бағасын алып, дін қызметкерлерінің ізденістері мен талпыныстары жақсы жағынан аталды.

Біз таяуда дін қайраткеріне арнайы жолығып, көкейде жүрген бірнеше сауалдарымызды қойып, нақты жауаптарын алған едік. Төменде осы сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Бірлік бар жерде-тірлік бар

-Жылдық жұмыстарыңызға Төралқа мәжілісінде оң баға беріліпті. Осы табыстарыңызға Қостанай облысындағы барша мұсылман қауымы қуанышты. Алдағы уақытта да еңбектеріңіз жанып, табыстан-табысқа жете беріңіздер?

-Ізгі лебізіңізге рахмет. Өткен жыл пандемияға байланысты күллі еліміздегідей бізге де оңай соққан жоқ. Алайда әріптестерімнің еңсесі түспеді. Қайта бойларынан рухани тың күш-жігер тауып, жұмысты барынша жандандыра түсті.

Әрине, мешіттер үнемі қалыптасқан дертке байланысты үнемі намаз оқуға ашық болмаса да халықпен байланысын үзбеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алдыңызға қойған барлық талаптарын дер кезінде орындап отырдық.

Тіпті тоғыз жолдың торабында орналасқан мешіттерімізде жолаушыларға қолайлы жағдай туғызу мақсатында намаз оқитын бөлмелерді де дайындадық. Жауынды-шашынды, боранды күндері бір сәт бой жазып, сергіп, тынығуларына қолдан келген мүмкіндікті жасадық.

Өздеріңіз білесіздер, Солтүстікте қыста үскірік аяз, бет қаратпас суық күндер аз болмайды. Сондай кездері жолды тазартқан азаматтарға да ас-су жеткізіп тұрдық.

Ал пандемияға байланысты атқарылған жүмыстар ұшан-теңіз. Оның бәрін осындай бір сұхбатта баяндап беру әсте мүмкін емес. «Біз біргеміз» деген қағиданы берік ұстанып, ауруханадағы емделіп жатқан ағайындарға қол ұшын создық. Өз басым өңірдегі барлық аудандар мен қалалардың, кенттердің имамдарына, ауылдардың молдаларына әңгіменің орайы келгенде шынайы алғысымды білдіргім келеді. Олар кездескен барлық ауыртпалықтарға төзді әрі шыдады. Қайта шыңдала түсті.

Жеті бағыт бойынша жұмыс істедік

-Бахытбек қажы Нұрғабылұлы, республикамыздағы жыл қорытындысында жеті бағыт бойынша тындырылған қыруар шаралар айтылды. Соларға қысқаша тоқталып және сөзіңізді өзіңіз басшылық ететін өңірдегі мешіттердің тыныс-тіршілігімен байланыстыра кетсеңіз?

-Бас мүфти төрағалық ететін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2021 жылдың басында жеті бағыт бойынша жұмыс жоспарын бекіткен-ді. Біз соны басшылыққа алдық.

Ал олар қандай бағыттар еді. Енді соған аз-кем тоқталғаным жөн болар. Мәселен, ақпарат және қоғаммен байланыс, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, дін мен дәстүр, уағыз-насихат, қайырымдылық, рухани тәрбие-Ихсан ілімі, жат діни ағымдармен жұмыс секілді бағыттардың қай-қайсысыда ауқымды әрі маңызды. Олардың бәрі де мұсылман бауырларымыздың өмірінде ерекше орын алады.

Өз басым өңірге жауап беретін Бас имам ретінде мешіттерде өткізілетін түрлі басқосуларда, семинарларда, әріптестермен болған кездесулерде жоғарыда аталған бағыттардың мәні мен өзектілігін үнемі айтып отырдым.

Сондай өзара түсіністіктің нәтижесінде жыл бойы шама-шарқымыз келгенше тыңғылықты әрі нәтижелі жұмыс істеуге тырыстық. Әрине, оның бәрін тәптіштеп баяндайтын болсам, әңгімеміз ұзаққа созылып кетері сөзсіз.

Солардың кейбіреулерін ғана тілге тиек еткенім орынды болар. Бірінші бағыт бойынша сайтта және әлеуметтік желілерде облыстағы діни ахуал мен күллі мешіттердің тыныс-тіршілігі ұдайы жарияланып отырды. Діни мерекелердің алдында телеарналарға шығып сөйлеп, халыққа құнды мағлұматтар бердік.

Өзге бағыттар бойынша да алдын ала белгіленген жоспарлар ұдайы пысықталып, тиісті мамандар бақылауға алды. Соның арқасында көзделген меже биігінен көріндік.

-Сіздің салмақты ойыңыз бен пікіріңізге қарағанда, алынған асулар аз емес. Ең алдымен өңірде қанша мешіт пен намазхана бар екендігін айтсаңыз, олар қыстан қысылмай өтуге барлық жағдайлар жасалған болар. Жоғарыда аталған бағыттардың ішінен кейбіреулерін жұртшылық назарына сала кетсеңіз?

-Сауалыңыз өте орынды. Мұндайда өткен кезеңдер еріксіз еске түседі. Еліміз егемендік алғанға дейін аймақта бірде бір имандылық ордасы болған жоқ. Ол енді кешегі қайта оралмас кеңестік заманның кесірінен туындаған.

Тек қана тәуелсіздікке қол жеткізген отыз жылдың ішінде қаншама зәулім мешіттер салынып пайдалануға берілді. Қандастарымыз үлкен қуанышқа кенеліп, үлкенді-кішілі қауым ислам дініне бет бұрды. Кадрлар жағы мықтап қолға алынды.

Қазіргі таңда мешіттерде жұмыс істеп жатқан имамдардың басым көпшілігі жоғары кәсіби білім алған жастар. Жыл сайын діни басқарма және өкілдіктің қолдауымен талапты бозбалалар беделді оқу орындарына түсіп жатады.

Артта қалған жылы білікті оқу орындары-Нұр-Мүбарак Египет ислам университетіне, Хасеки академиясына, Қарилар орталығына, медресе-колледждерге 11 талапкер қабылданып, таңдаған мамандықтарын игеріп жатыр.

Олардың сапалық біліктілігіне келсек, бұл күндері облыс бойынша 71 қызметкер бұйрық бойынша қызмет атқарады. Оның 44-і бас имам және найб имамдар. Діни курстарда біліктілігін жетілдіретіндер де жеткілікті. Өткен жылы діни басқарманың қолдауымен ротация жасалып, бірқатар аудандар мен қалалардың имамдары ауыстырылды.

Жалпы, өңірде 25 мешіт Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы ретінде тіркелген. Таратыңқырап айтатын болсақ, оның 5-і қалалық, 16-сы аудандық және 4-і ауылдық мешіттер. Былтыр аймақта 1 мешіт пен 2 намазхана қайта салынып, пайдалануға берілді. Сөйтіп, Құсмұрын, Бөрлі, Шеген елді мекендердегі ағайындар үлкен қуанышқа бөленді. Сонымен қатар 36 намазхана да халыққа қызмет етеді.

Қазіргі таңда Әулиекөл және Алтынсарин аудандарында жаңа мешіттер салынуда. Алдағы уақытта олар бойкөтеріп, қалың жұртшылыққа есігін айқара ашатын болады.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қостанай облысында да ауыз толтырып айтарлықтай істер атқарылды. «30 жылдық мерейтойға 30 мың тал отырғызу» акциясына белсене қатысып, 330 талды ектік.

Сонымен қатар 4 мешіт күрделі жөндеуден өткізіліп, жұртшылықтың имандылық ордасына, 11 мешіттегі асханалар ағайындардың басқосатын орнына айналды. Мен осы арада бірқатар мешіттің іші-сыртында және қабірлер басында тазалық жұмыстары атқарылғандығын тілге тиек еткім келеді.

Қазақ «Үйі жоқтың күйі жоқ» деп босқа айтпайды. Имамдар мен діни қызметкерлер ештеңеге алаңсыз әрі жалақысы лайықты болса, жұмыс та оң нәтиже беретіндігі ақиқат.

Өткен жылы 5 діни қызметкерге баспана берілді. Олардың сол сәттегі қуанышын көрудің өзі түсінген адам үшін үлкен бақыт. Мешіттерге деген демеушілердің жанашырлығының арқасында 3 жеңіл көлік тапсырылды. Бұл да олардың жұмысын жеңілдете түсері даусыз.

Қолы ашықтың-жолы ашық

-Біздің халқымыз ежелден қиналған жанның жанынан табылуды, жетім-жесірге қолдау көрсетуді сауапты іс саналған. Сіздерде осы қайырымдылық бағытында да қыруар жұмыстар атқарылып жатқанын көзбен көріп, көңілге түйіп жүрміз. Сол маңызды да ізгілікті шаралар жөнінде әңгімелейтін кезіңіз келген секілді.

-Бұл қайырымдылық бағытындағы игі шаралар негізгі жұмыстарымыздың бірегейіне жатады. Осы орайда Зекет және қайырымдылық қорының тындырған істері айтарлықтай. Біз жыл бойы «Тайқазан», «Берекелі Рамазан сыйы», «Қолдан-қолға», «Ел үлесі пәтерге», «Үміт сыйла сәбиге», «Жетім көрсең, жебей жүр», «ҚМДБ гранты», «Киім-кешекпен көмек», «Қайырымды жұма», «Жылулық сыйла», «Өмірге үміт сыйла» секілді жобалардың кеңінен қанаттарын жаюына белсене атсалыстық.

Осы аталғандармен бірге «Раббың үшін құрбан шал», «Ауызашар себеті», «Көшпелі қайырымдылық керуені», «Рамазан керуені», «Мектепке жол», «Алтын құрсақты батыр аналарға тосын сый», «Қиындықта ел бірге» секілді айналамыздағы қолдауға зәру жандарға көрсетілетін мән-маңызы зор акцияларды ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөлеміз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұсынған үлгісіне сай жұмыс жүргізу біздің басты міндетіміз. Жерлеу рәсімдерінде ысырапшылдық пен бәсекелестікке жол бермеу және жалпыға ортақ мәдениет қалыптастыру мақсатында облыста бірнеше жиындар өткіздік. Өйткені, бұл жайлар қазіргі таңда өте өзекті. Жасыратын несі бар, қимас адамдары дүниеден өтіп, қара жамылған шаңырақтардың бәрінің тұрмыс жағдайлары бірдей емес.

Сондай-ақ қабір басындағы келеңсіздіктерді бір ізділікке келтіру жөнінде де түсінік жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Бұл орайда өңірдің Жітіқара және басқа да аудандарда қолға алынған игі жұмыстар баршылық.

«Рухани тәрбие-Ихсан» бағытында да былтыр «Ихсан-рухани кемелдену жолы» деп аталатын кітапты баспадан шығардық. Оны бауырларымыздың жүректеріне жеткізу хақында да жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, сайттарда қаншама танымдық-тағылымдық мақалалар жарық көрді.

Уақыт талабы имамдардан қызметте жоғары жауапкершілікті ғана емес, ішкі жансарай сұлулығын, терең білім мен біліктілікті, тұрақты шығармашылық ізденісті қажет етеді. Халықпен күнделікті тонның ішкі бауындай араласып, дін қызметкерлері ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, көркем мінезді бойларына сіңіріп, шешендік пен мәдениетті түрде сөйлеу білуге әбден дағдыланулары қажет.

Олар республикалық «Мұнара» газеті мен «Иман» журналын жаздырып алып қана қоймайды. Рухани байлық көзі болып табылатын бұл басылымдарды мұсылман бауырларымыздың арасында насихаттап отырады. Басқа да ғибраттық жағы мол газет-журналдарға да айрықша назар аударады.

Дін мен дәстүр егіз. Оны әсіресе, еліміздің жарқын келешегі болып табылатын өскелең ұрпақтың санасына жеткізу аса маңызды. Осы ежелден мирас болып келе жатқан асыл қазынамызды кішкентайынан біліп, сезінген бозбала мен бойжеткен үлкен мен кішіні сыйлап, өз елінің нағыз ұлтжанды патриоттары болып қалыптасатындығына өз басым кәміл сенімдімін.

Діни ағымдармен жұмыс

-Тәжірибелі имам ретінде сіздің айтарыңыз мол екендігін білеміз. Кешегі қаңтар айындағы еліміздегі күтпеген дүрбелең оқиға жүрегі елім және халқым деп соғатын әрбір намысты, көзі ашық, көкірегі ояу жанға үлкен ой салғандығы айдан анық. Өзіңіздің де ой-пікірлеріңізді келтіре кетсеңіз?

-Бұл қаңтардағы қанды оқиға бәрімізді де терең ой үстінде қалдырды. Ол елімізге қаншама зардап пен шығын әкелді. Бейбіт өмір сүріп жатқан жұртшылық жазықсыз жапа шекті. Бәрімізге де үлкен сабақ болды.

Республикамызда ғұмыр кешіп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің отаны біреу-ол тәуелсіз Қазақстан. Оны тек біз ғана қорғаймыз. Сондықтан енді бұрынғыдай алаңсыз, қам-қарекетсіз отыруға болмайды.

Елімізде әскери қуатымызды күшейтіп, жастарымызға тиісті деңгейде патриоттық тәрбие беруге барлық ата-аналар да жауапты. Осы орайда дін қызметкерлері де жауапкершілікті жоғары сезінулері тиіс. Күнделікті жұмысымызда біз діни ағымдарға жол бермеу жағын басты назарда ұстауымыз қажет.

Әрбір жоғары және арнаулы оқу орындары мен мектептерде болған кездерімізде терроризм мен діни экстремизммен күрес және оның қауіп-қатері, алдын алу жайында әңгіме өткізіп, жігіттер мен қыздардың мемлекетшілдік, отаншылдық бағыттағы рухын арттыруға барымызды саламыз.

-Сөз соңында алдағы басты жұмыс жоспарларыңыз жөнінде қысқаша айтып берсеңіз?

-Әр жылдың өзіндік несібесі бар. Алдымызда барыс жылы жүзеге асырылар асқаралы міндеттер тұр. Қазірдегідей қалыптасқан пандемия кезінде де мешіттердің жұмысын бір сәтке де босаңсытуға болмайды.

Өткен кезеңдегідей жеті бағыттағы міндеттерді жалғастыра береміз. Өңірдегі діни ахуалды барынша жандандыруға атсалысып, халықтың діни сауатын көтеруге, кейінгі жастарымызды ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу жолында уақытпен санаспай жұмыс істейміз.

Сонымен бірге мінекей дініміздегі қасиетті болған үш ай басталды. Олар Ережеп, Шағбан және Рамазан. Оның алғашқысы Алланың айы Ережеп айының келуімен ең әуелі Алладан тыныштық береке тілеймін! Бұл ай сауапты амалдар мен жақсылықтарға, мейірімге толы болсын!

Ережеп айы – дәнді егу айы. Шағбан айы – егінді суғару айы, ал Рамазан айы – егінді ору, қырман айы. Егілген егіннің жеміс бергені секілді, әрбір жақсы істің нәтижесі де болады. Сол себепті, бұл айда ораза тұтып, көбірек намаз оқып, рухани амал жасау керек.

Алла тағала отбасыларыңызға береке, елімізге татулық, амандық берсін! Мемлекетімізге тыныштық, әрбір жанның жүрегіне иман нұрын сепсін!

Әңгімелескен Оразалы Жақсанов

Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбетпен сұхбат

Четверг, 03 Февраль 2022 14:06

Рудный мешітіндегі тағылымды кеш

Жуырда Рудный қалалық «Нұр» мешітінің ұстазы Аяулым Ермекқызының ұйымдастыруымен әйел жамағаты арасында «Орамалым – басымдағы тәжім» деп аталатын тағылымды іс-шара өтті.

Аталмыш басқосу Алланың қасиетті кәләмымен басталып,онда осы іс-шараны өткізуге мұрындық болған іскер қазақ қызы жалпы әйелдің қоғамдағы, жанұядағы алатын орнына, жүрегі нәзік жандардың өзіндік ерекшеліктеріне тоқталды.

Сондай-ақ Батыс мәдениетіне шектен тыс еліктеудің қажеті жоқтығын айта келіп, әрбір отбасының алтын діңгегі, ұлтымыздың мақтанышы болып табылатын қыз-келіншектердің табиғатына сай әдеп пен инабаттылықты барынша сақтауы және басқа да оларға ғибрат болар ойларын ортаға салды.

Әйел қашанда мейірімділік, нәзіктік, ар-ұяттылық сияқты асыл қасиеттерімен дараланады. Кеште әңгіме өзегіне айналғандай, әйел өзінің орамалымен көрікті. Қазақтың: «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деуі де бекер емес.

Басқосуға арнайы шақырылған «Куртулуш» медресесінің шәкірті Айша мен Нұр-Мүбәрак университетінің түлегі Перизат ұстаздар да тағылымды әңгіме өрбітті.

Сондай-ақ қажы апалар да дін мен дәстүрге байланысты өз пікірлерімен бөлісті. Жиынның соңында дастарқан жайылды. Викториналық ойындар өткізіліп, сыйлықтар табыс етілді.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар
Вторник, 01 Февраль 2022 13:11

Қарияның батасы

Білікті де іскер Шоқан қажы Әмірханов басқаратын Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы қайырымды істерімен көпшіліктің алғысына бөленіп келеді.

Осы сөзімізді нақты дәлелі ретінде жуырда өңірдегі «Талапкер» ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысы ардагерінің жесірі, 92 жастағы қарт әженің өтініш - тілегін қанағаттандырды.

Осылайша құны жүз мың теңге тұратын қыстың қызулы отыны - көмір түсіріліп берілді. Имандылық ордасының қызметкерлері қайырымдылық әрі ізгілік мақсаттағы әрекеттері үшін ардақты ананың ақ батасын алды.

Әңгіме арқауына айналған қалалық мешіт ұжымы алдағы уақытта да мұндай өзгелерге ғибрат боларлық істерді жалғастыра береді. 

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар
Среда, 26 Январь 2022 09:30

Өмірді босқа өткізбеу

Бұл өмір-тіршілік – Алла тағаланың адам баласына берген зор нығметі әрі сынағы. Нығметі дегеніміз – Мейірімді Алланың өз құлдарына берген рыздық-несібесі, ғұмыры, күш-қуаты. Сондай-ақ біз осы өмір арқылы әлемдердің Раббысы Алланы танимыз, айналамызға қарап, ой жүгіртеміз. Яғни, Алланың сүйікті құлы болуға әрекет жасаймыз. Ал енді сынағын айтатын болсақ, әр өткен күнімізге есеп беру, басқа түскен қандайда бір қиындыққа сабыр ете білу. Құранда: «Ол Алла қайсыбірің игі, сауапты істер істейді екен деп, бәріңді сынап көру үшін өлім мен өмірді жаратты» - делінген.

Әрбір жан иесінің еншісінде өлшулі уақыты бар. Адам баласы сол өлшеулі мезгілді тиімді пайдаланса, әрине алға қойған мақсатына жетеді. Алайда өз өмірінің қадір-қасиетін тиімді пайдалана алмай жүргендер қаншама? Алтын уақытын болмашы, бос нәрселермен өткізіп, не өзіне не өзгеге пайдасын тигізе алмайды.

Түсіне білсек, дүние тіршілігі жүйелі түрде өмір сүру үшін берілген, қайта айналып келмейтін үлкен бір мүмкіндік. Өміріңді түзете алсаң, сонда ғана барлық берекеге қол жеткізесің. Атақты ғалым Суфян әс-Саури: «Бұл дүниеден-тәніңе қажеттіні, ақыретіңе-жүрегіңе қажетті нәрсені ал» деген екен.

Әрбір мұсылманның өмірдегі мақсаты – Алланың сүйікті құлы болу, бастаған ісі берекеге ұласып, табысқа кенелу, қоғамға пайдалы адам болу. Мұны қаламайтын, армандамайтын адам кемде-кем болар. Алайда сол мақсатқа жету үшін біз қаншалықты күш жұмсаудамыз? Өмірде мақсатсыз адам болмайды. Бірақ өкінішке орай көп адамның мақсаты орындалмас арман болып қала береді. Адам нені мақсат етсе соған жетеді. Кез келген бір істі бастарда: «Я, Раббым! Осы ісімді берекелі ете гөр» деп бастауы керек. Егер мақсатына жетіп жатса, шүкірлік етіп, ал егер алға қойған мақсаты орындалмаса, оның да қайыры бар деп тілегені жөн. Әрине, ізгі ойлар адамға қанат бітіріп, арман қиялында самғатып қана қоймай сол арманының орындалуына қосымша күш береді. Лұқман хәкім баласына былай деп өсиет етіпті: «Ақиқатында мына өмір терең теңіз секілді, көп адамдар оған батып кетіп, қасіретке ұшырайды. Егер кемең тақуалыққа негізделсе, онда мына өмірдің арбауынан құтыла аласың».

Нәпсісімен күресу үстінде пенденің алға қойған мақсатына жетуіне шайтан барынша кедергі болуға тырысады. Оған мойымай, тақуалықпен қарсы тұра білген жөн. Хазіреті Әли (р.ғ) кім мына қасиеттерге ие болса, тозақтан құтылар еді деген: «Алланы танып, Оған итағат етсе;

шайтанды танып, оған бойұсынбаса;

ақиқатты көріп, сол жолға бастаса;

күнәдан аулақ болып, тақуалыққа бейім болса;

дүние қызықтарына алданбай,ахиретті игі тұтса».

Рудный қалалық мешітінің имамы Бектұсын Уәлиев

Қостанай облысының Бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбет кезекті іс сапарымен Амангелді ауданында болды. Ол алдымен аудандық полиция бөліміне атбасын бұрып, осындағы тәртіп сақшыларымен кездесті.

Жүздесу барысында белгілі дін қайраткері қазіргі таңдағы аса маңызды-ынтымақ хақында, Отан алдындағы адал да абыройлы қызмет ету әрбір азаматтың перзенттік парызы екені жөнінде әсерлі уағыздар айтты.

Жергілікті полиция қызметкерлері Бахытбек Нұрғабылұлына арнайы уақыт бөліп, өздерімен патриоттық рухты көтеретін әңгімелер өткізгені үшін шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ Бас имам орталық ауруханада денсаулық сақтау саласында уақытпен санаспай біліктілік танытып жүрген ақ халатты абзал жандармен де жүздесіп, қазіргі таңдағы өз кәсіптеріне деген адалдықтары, жауапкершілік жүгін жоғары сезінетіндіктері туралы келелі әңгіме қозғады.

Бұл басқосу соңында медицина қызметкерлері оған қанат бітіретін жылы лебіздері үшін дән ризашылығын жеткізіп, халық үшін жасап жатқан игілікті жұмысында табыс тіледі.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар
Понедельник, 24 Январь 2022 16:26

Амангелді: Есір ауылының намазханасы

Қостанай облысы Амангелді ауданына қарасты Есір ауылында “Тәубе” намазханасы пайдалануға берілді. Онда карантиндік талаптар толық сақталды. Ашылу салтанатына Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет, Арқалық қаласының бас имамы Нұрхан Асанұлы және аудан әкімі Талғат Карбозов қатысты.

Бұл жиында аудан әкімі Талғат Тойшыбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, имандылық ордасы ел бірлігін сақтаудың нағыз ұйытқысы болатындығына тоқталды.

Мұндай сауапты істің жүзеге асуына ауыл кәсіпкері Әбілхан Боранбаев үлкен азаматтық танытып, қаржылай демеушілік етті. Ал ауыл тұрғындары мен жастар ұйымшылдықтың үлгісін танытып, өз үлестерін қосты. Сондықтан аудан басшысы оларға деген шынайы алғысын жеткізді.

Сондай-ақ ардақты ақсақалдар жылы лебіздерін білдірді. Жергілікті азаматтардың атынан кәсіпкер Әбілхан Таңатханұлына үлкен құрмет көрсетіп, ат мінгізді.

Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы бауырларымыздың қуанышына ортақтасып, демеушілік еткен жомарт жанға өз атынан “Алғыс хат” табыс етті. Уағыз насихат айтып, Құран аяттарын оқыды.

Басқосу соңында Алла үйінің ашылуына арнайы келген жамағатқа дастарқан жайылды. Сауапты імке ат салысқан кісілерге сый-сияпат жасалды. Құран оқылып, ауылдың сыйлы ақсақалдары бата берді.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником