Жуырда Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің Бас имамы Нұрхан Асанұлы маңызды тақырыпта өткен кездесуде қатысушылардың алғысына бөленді.
Ол аталмыш шаһардағы полиция басқармасы кадр саясаты тобының аға инспектор-психологы, полиция майоры Гүлбаршын Мухышева ұйымдастырған жүздесуде жұртшылықты аса толғандырып отырған суицид жөнінде әңгіме қозғады.
Онда тәртіп сақшылары Бас имамға көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, нақты жауап алды. Кездесу жиналғандарға үлкен ой салды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай ауданындағы «Маңдай батыр» мешітінің Бас имамы Дархан Сыздықов бірқатар маңызды кездесулер өткізіп, алда тұрған келелі міндеттерді айқындады.
Мәселен, Александров және Надеждин ауылдарындағы тұрғындарымен басқосуда «Ынтымақ», «Бірлік» тақырыптарын әңгімеге арқау етіп, олардың өзектілігіне тоқталды.
Сондай-ақ, «Маңдай батыр» мешітінде ауданға қарасты ауыл молдаларымен жиын өткізіп, үстіміздегі жылы жүзеге асырылатын негізгі «Жеті бағыт» жайлы таныстырды.
Сонымен қатар, мешіт ұжымы қайырымдылық мақсатында көмекке мұқтаж жандарға күнделікті тұтынатын аса қажетті азық-түлік таратты. Әр отбасына 13-15 мың теңге көлемінде қаражат жұмсады. Оған жергілікті демеушілер қолдау көрсетті.
Осы Қостанай ауданына қарасты Жамбыл ауылдық намазханасында мектеп оқушыларымен «Ырыс алды - ынтымақ» деген тақырыпта әсерлі кездесу ұйымдастырылды.
Онда намазхана молдасы Жасұлан Бекмағамбетов уағыз-насихат айтып, қатысушылардың сұрақтарына тиянақты жауап берді. Білім ордасының ұстаздары мен шәкірттері тағылымдық кеш үшін дін қызметкерлеріне алғысын жаудырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Көркем мінез – асыл дініміз исламның ең маңызды тіректерінен. Қасиетті Құран мен пайғамбар хадистерінің қай жеріне қарасаң да көркем мінезге көңіл бөлгенін көресің. Мінездің көркем болуы мұсылман адамды Ұлы Аллаға жақындатын, әрі дәрежесін жоғарылататын ең ұлық құлшылықтардан болып есептеледі.
Көркем мінез дегеніміз не?
Имам Тобари (р.а.) көркем мінезге әдептіліктің ең жоғарғы сатысы деп түсініктеме берсе, ал имам Мужаһид (р.а.) көркем мінез ол, діннің нағыз өзі деген екен. Ал, Хасан ал-Басри (р.а.) болса көркем мінез дегеніміз өзіңдегіні өзгемен бөлісу, қолы ашық болу және сабырлы болу деген екен. Имам Ахмад айтқан: көркем мінез - кісі өзін көреалмаушылықтан сақтай білсе немесе ашушаңдықтан өзін тия білсе немесе өзгеге жала жаппаса деген екен.
Көркем мінездің белгілері
Имам Ғазали (р.а.) көркем мінездіктің кейбір белгілері тізбектей келе, ол - көп ұятты, аз зиянды, көп игі істі, әрі турашыл, аз сөзді көп істі, әрі аз қателесетін, жақсылыққа жаны жақын, сабырлы, шүкіршіл, дана, жұмсақ кісі болу. Лағынет-балағат сөздерге, өсек-ғайбатқа, өтірік-жалаға, сараңдық пен көреалмаушылыққа жаны қас болу. Алла жолында жақсы көріп, Алла жолында жаман көру және Алла риза болатын дүниеге риза болып, Алла ашуланатын дүниеге ашулану деген екен.
Көркем мінездің негізгі тіректері
Ибн Қойм өзінің «Мадариж ас-саликин» еңбегінде Көркем мінез мына төрт негізбен толық болады. Сабырлық, пәктік, батырлық және әділдік деген.
Сонымен бірге, пенденің ең жаман мінезді бойына сіңіруге себеп мына төрт нәрсе: Надандық, зұлымдық, шаһауатқа берілу және ашушаңдық.
Көркем мінездің түрлері
Құран және көркем мінез
Алла кітабының қай аятына қарасаңыз да көркем мінезге жіті көңіл бөлген. Аллаға болсын және оның елшісіне немесе кісінің өз отбасы мен бала-шағасына тіпті барша адамзатпен қарым-қатынаста көркем мінезде болуды бұйырған. Егер Ислам толықтай көркем ахлақтың діні десек артық айтпаған болар едік. Алла Құранда пайғамбарға және бүкіл оның үмметіне «(Ей, Мухаммед!) Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандардан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) -десе, тағы бір аятта: «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят)- деп, Алла шариғатының негізгі ұстанымы, әрі адамзатты екі дүние бақытына жетелейтін игі жақсылықтардың бірі көркем мінез екендігін білдіреді.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) сүннеті және көркем мінез
Алла тағала Құранда «Сен ең биік көркем мінез иесісің» деп пайғамбарымызға соншалықты жоғары баға берген. Осы аяттың түсіндірмесінде ибн Аббас (р.а.) «Алла тағаланың таңдаулы елшісіне жан-жақты, әрі бүкіл жақсылықты өз ішіне қамтыған мақтауы» дей келе, «Ұлы Алла мұндай мақтаумен бұдан алдын ешкімді де мақтағанын естімеппін» деген. Ал, ғаламға рахым нұрын шашып келген ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» -деп, нұрлы жолының негізгі ұстанымын көрсетеді.
Анас (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.у.) адамдардың ең көркем мінездісі еді. Шынында Пайғамбарымызға он жыл бойы қызмет жасадым еш уақытта маған уф- деп те айтпады және істеген-істемеген нәрселеріме де неге бұлай істедің, неге бұлай істемедің деп те сөккен емес».
Пайғамбарымыз (с.а.у) үмметін көркем мінезді болуға шақырады
Алла елшісі (с.а.у.) айтады: «Қай жерде болсаң да Алладан қорық, жамандықтың соңынан оны өшіріп жіберетін жақсылық істе, адамдармен қарым-қатынаста көркем мінезде бол». Тағы бір хадисте айтады: «Адамдардың Аллаға ең жақыны көркем мінездісі», «Мұсылманның таразысын басатын ең ауыр нәрсе көркем мінез». Бұдан да ғажабы, кісі мінез-құлықының көркемдігімен пенделердің ең биік дережесіне ие болатыны. Алла елшісі (с.а.у.) айтады: «Кісі мінез-құлықының көркемдігімен түнде намаз оқыған, күндіз ораза ұстаған кісінің дәрежесіне жетеді»- дейді. Сондай-ақ, мінездің көркем болуы рызық-несібе мен ғұмырдың және әрбір ісіңнің берекелі болуына негіз. Алла елшісі (с.а.у.) айтады: «Туған-туыстың арасындағы байланыс пен көркем мінез және көршілермен жақсы қарым-қатынаста болу тұрып жатқан өлкеге және ғұмырға береке алып келеді».
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көркем мінезі жайлы кейбір үзінділер
Муслим риуаят еткен хадисте Муауия ибн ал-Хакам айтады: Біз бір күні Алла елшсімен бірге намаз оқып тұрғанымызда кенеттен арамыздан бір кісі түшкіріп қалды. Мен оған жауап ретінде Саған Алланың рахымы жаусын! (Түшкірген кісіге айтылатын дұға) деп айтқаным сол екен, қасымдағы барлық кісілер маған тесіле қарады. Сонда маған неге бұлай қарайсыңдар деп сөйлеп жібердім. Ал, олар болса қолдарымен ауыздарын көрсетіп, маған тыныш дегеннен соң мен тынышталып қалдым. Ал, пайғамбарымыз (с.а.у.) намаз оқып болған соң маған қарады. Ол кісідей әр істі байыппен түсіндіретін ұстаз көрмедім. Алламен қасам, пайғамбарымыз (с.а.у.) маған айқайламады да, ұрмады да, сөкпеді де тек қана жәймен «Бұл намаз, онда адамдардың жәй сөздерін сөйлеу жарамайды, онда тек қана тасбих (Алланы пәктеу), такбир (Алланы ұлықтау) және Құран оқылуы керек» -деді.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Тайф тұрғындарымен болған оқиғада олардың жамандықтарына жақсылықпен жауап қайтарады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оларды Исламға шақырып барғанда ең жаман сөздерді айтып, әрі көшенің жас та, тентек балаларының қолдарына тас беріп, пайғамбарымызды (с.а.у.) қаладан қан жоса етіп қуып шығады. Сол кезде Алла тағала пайғамбарымызға (с.а.у.) тау періштесін жібереді. Ол пайғамбарымызға (с.а.у.): « Уа, Алла елшісі! Мені саған Алла жіберді және сенің не іске бұйырса соны орындауымды бұйырды. Егер де мынау тұрған екі таумен сені азапқа салған қауымды жермен жексен ет десең оны істейін» деді. Сонда пайғамбарымыз (с.а.у.) «Жоқ, олай істеме! Мүмкін Алла тағала бұл қауымның ұрпақтарынан «Ла иләһә иллаллаһ» -ты шынай айтатын кісілерді шығарар деп үміттенемін» дейді.
Көркем мінездің пайдасы не?
Қорыта айтқанда, мұсылмандық дегеніміз - көркем мінез. Яғни, көркем мінез бар жерде имандылық бар. Мұсылман кісі өзіне қалаған нәрсені өзгеге қалайтын, әрі қолымен де, тілімен де өзгеге зиян жеткізбейтін және ашудың үстінде болып қалса да өзін ұстай білетін сабырлы адам.
Алла елшісі бүкіл саналы ғұмырын көркем мінезді дәріптеуге арнады. Құранда «Расында, Аллаға және ақырет күніне иман келтіріп, Алланы көп еске алатындар үшін Алла елшісінде керемет үлгі-өнеге бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят) –делінген. Ал, керемет көркем әдепті тал бойына топтап, үмметіне үлгі болған адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алейһи уә сәлләм «Иә, Тәңірім! Менің жаратылысымды көркем еткеніңдей, мінез-құлқымды да көркем ет!»-деп көп дұға-тілекте болады екен.
Олай болса, Ұлы Алла тағала жоғарыда аталып өткен көркем ахлақтардан үлгі алуымызды және адамдарға жағдайымыз келгенше Алла разылығы үшін жақсылық жасап, зиян келтірмей көркем мінезде болумызды нәсіп етсін дейік, ағайын!
Қарабалық ауданы «Ғашура ана» мешітінің Бас имамы Рахым Серік Темірбекұлы
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің Бас имамы Нұрхан Бақтыбай жергілікті халықтың құрметіне бөленіп келеді. Осы арада нақты мысалдарға жүгінелік.
Ол жуырда шаһардағы 4 бала өсіріп отырған Жазира Омароваға төрт тонна көмірдің қаражаты сертификатын тапсырды. Бұл қыс айында көрсетілген қайырымдылық көмектің жарқын бір көрінісі болып табылады.
Көп балалы ана өз кезегінде қиналған шақта қол ұшын берген Бас имам мен барша мешіт қызметкерлеріне шынайы алғысын білдіріп, оларға жауапты қызметтерінде табыс тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Көпшілікке мәлім, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2022 жылды «Ислам, ынтымақ, бірлік жылы» деп жариялады.
Міне осы, күллі еліміз бен халқымыз үшін аса құнды әрі өзекті тақырып облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы өткізген алғашқы алқалы жиынға арқау болды. Онда аудандар мен қалалардың имамдарына нақты тапсырмалар берілді.
Енді барша өңірдегі имамдар күнделікті қызметтерінде айтылған жайды басшылыққа алып, жергілікті ағайындар және жамағаттармен кездесулерде тәуелсіз мемлекетіміздің іргесінің мықты болуы ынтымақ пен бірлікке тікелей байланысты екендігін, әрбір азамат оған өздерінің үлестерін қосулары тиіс екендігін әңгімелейді.
Алдағы жылы Қостанай облысы бойынша 8 мешіт-намазхана салынуы жоспарда. Сонымен қатар 5 мешітте асхана құрылысы басталады. Өмір бар жерде өлім бар демекші. Халыққа ыңғайлы жағдай тудыру мақсатында 10 мәйітті сақтайтын, арулап жуындыратын орын салынатындығы жөнінде Бас имам Тәжімбет Бахытбек айтып өтті.
Жиын соңында 2021 жылдың қорытындысы бойынша жасалған жұмыстарға оң бағасын берген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атына «Алғыс хат» табысталды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан «Отандық туризм» орталығы ашылды. Оның қазіргі таңдағы маңызы мен мәні айрықша.
Осы жай да облыстық мешітте ұйымдастырылған қалалар мен аудандардың басқосуында тілге тиек етілді. Бұл мәселе де имамдардың тұрақты назарында болады.
Біздің облыста да алыс-жақыннан келетін мәртебелі қонақтар мен өскелең ұрпаққа көрсететін танымдық-тағылымдық жағы мол киелі орындар баршылық.
Таяуда Қостанай облысының Бас имамы, белгілі дін қайраткері Бахытбек қажы Тәжімбет бастаған имамдар Қостанай ауданындағы Тобыл өзеніне жақын орналасқан ұлы ағартушы, даңқты жерлесіміз Ыбырай Алтынсариннің кесенесінде болып, оған Құран бағыштады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық мешітінде аудандар мен қалалардың имамдары бас қосты. Бұл жиынды өңірдің Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет жүргізіп, үстіміздегі жылы жүзеге асырылатын маңызды жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Мәселен, күллі мешіттерде өткен кезеңдегідей, жеті бағыт бойынша нақты әрі кезек күттірмес істер атқарылады. Осы бағыттардың ішінде «Діни білім және ғылым», «Уақып және қайырымдылық», «Діни оңалту» секілді қалың жұртшылыққа берері мол өзекті мәселелер бар.
Жалпы, Бахытбек Нұрғабылұлы әріптестеріне үлкен жауапкершілік жүктелетіндігін, халыққа қызмет көрсетуде сергектік пен біліктілік танытулары қажеттігін, мешіттердің басқа да игі мақсаттағы жұмыстарын барынша жандандыру керектігін баса айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі