Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет кезекті іс сапармен Бейімбет Майлин ауданында болды. Ол алдымен аудан әкімі Қайсар Мұржақыповпен кездесіп, өзекті мәселелер жайлы пікір алысты.
Содан кейін жергілікті «Әйет» мешітіне атбасын бұрып, осындағы алқа мүшелері және қадірменді ақсақалдармен үстіміздегі жылы жүзеге асырылатын жұмыстар жөнінде ақылдасты.
Сондай-ақ аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен болған жүздесу де өте әсерлі өтті. Онда Бас имам қазіргі таңдағы маңызды тақырыптар-ынтымақ пен бірлік, абырой мен ерлік, Отан алдындағы перзенттік парыз хақында уағыз айтты. Тәртіп сақшыларының қойған сұрақтарына нақты жауап берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайтудан артық ештеңе жоқ. Бұл күндері тұтас еліміздің халқы ауыз бірлік пен ынтымақтың жарқын үлгісін көрсетуде.
Осы орайда Науырзым аудандық «Түркебай ата» мешітінің жамағаты ұйымшылдық танытып, блок бекетіндегі полиция қызметкерлеріне түскі және кешкі асты жеткізіп, олардың шынайы алғысына бөленді.
Жергілікті ағайындар қиын қыстау сәтте жұдырықтай жұмылып, баршаны бірге болуға шақырады. Осы жоғарыда аталған мешіттің Бас имамы Есет Ғабдімәліковтың айтуына қарағанда, олар 3 күн бойы тыныштық күзетінде тұрған тәртіп сақшылары үшін ыстық тамақ әзірлеген. Сөйтіп, өздерінің азаматтық парызына адалдық танытты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазіргі елімізде уақытша орын алған төтенше жағдай кезінде бір-бірімізге қолдау көрсетіп, қамқорлық таныту әрбір жүрегі халқым мен мемлекетім деп соғатын азаматтың міндеті.
Соның бірі нақты айғағы ретінде Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің Бас имамы Нұрхан Асанұлының жасап жатқан ісін айтуға болады.
Ол Арқалық - Нұр-Сұлтан бағытындағы блок бекетінде және Арқалық- Жолдама, Амангелді, Торғай тас жолындағы қаланы қырағылықпен күзетіп тұрған полиция қызметкерлерімен кездесті.
Ел қауіпсіздігін сақтауға орасан үлес қосып жатқан құқық қорғау саласындағы жігіттерге буы бұрқыраған ыстық құрт көже мен бауырсақты жеткізіп, ілтипат танытты.
Соныммен бірге осындай қыстың қымызы қаланы тазалап жүрген тазалықшыларға да жасалды.
Бас имамның осы адамгершілік қасиеттерін айқын сезінген полиция қызметкерлері мен қала тазалаушылар өздерінің ризашылықтарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Бүгін елімізде жарияланған Жалпыұлттық аза тұту күніне орай ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен барлық мешіттерде Құран хатым дұғасы жасалды. Сауапты шараға еліміздің барлық өңірлеріндегі құлшылық ордалары біріге үн қосып, бүгін бір мезетте қайғылы оқиғада қаза тапқандардың рухына Құран бағышталды.
Елорда төріндегі республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған дін қызметкерлері Құран хатым дұғасына қатысып, Отан қорғау жолында опат болған сарбаздарымыз бен бейбіт тұрғындардың рухына Құран бағыштады. Мемлекетіміздің Көкбайрағы төмен түсіріліп, күллі Қазақстан халқы қайғыға шомған азалы күнде марқұмдардардың артында қалған туыстары мен жақындарына көркем сабыр сұрап, Жаратушы Алладан жақсылық тіледі.
Сауапты шарадан соң тілшілер қауымына берген сұхбатында Бас мүфти: «Біз өткен желтоқсан айында 2022 жылдың жұмыс жоспарын бекітіп, «1 күнде – 1 Құран хатым» жобасын қолға алған болатынбыз. Мақсатымыз – күн сайын Құранды толық оқып, еліміздің ертеңі үшін құрбан болған бабаларымыздың рухына бағыштау. Бүгін Жалпыұлттық аза тұту күнінде Отан үшін жанын берген азаматтарымыздың рухына арнайы Құран хатым дұғасын бағыштадық. Алла қабыл етсін!
Оқиға кезінде оққа ұшқан бейбіт тұрғындарды Алла мейіріміне алғай. Жаратушы Иеміз жарақат алған жандардың тез арада сауығып кетуін тілейміз. Қиын сәтте әр азамат бірлігін танытып, өз тарапынан қолдау көрсетуде. Біз, дін қызметкерлері де күн сайын дұға жасаудамыз», – деп атап өтті.
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Нұрхан Асанұлы жаңа жыл қарсаңында аймақтағы Амангелді аудандық «Сатыбалды ишан» мешітіне арнайы барды.
Онда жергілікті жамағатпен кездесіп, жұма намазының алдында уағыз айтты. Намаздан кейін жиналған қауымға бата беріп, аса маңызды тұрақтылық, ыждағаттылық және ауызбірлік хақында тілге тиек етті.
Сондай-ақ ол осы сапарында Жангелдин аудандық «Оспан қожа әулие» мешітіне де ат басын бұрып, жамағатпен жүздесті. Мұнда көпшілікке ынтымақ пен бірлік жайында әңгімеледі. Жиналған намазхан мен жамағаттар дін қайраткеріне дән ризашылықтарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі