Жалпы, мұсылмандар қауымы үшін қайырымдылық аса сауапты іс болып табылады. Мұны әрбір жүрегінде адамгершілік пен ізгіліктің нышаны бар адам баласы жете түсінеді деген ойдамыз.
Осындай асыл мұратты ұстанған Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы әлеуметтік жағынан аз қамтылған төрт отбасына күнделікті тұтынатын азық-түлікті үлестірді.
Қазіргідей қиын шақта өздеріне қол ұшын берген дін қызметкерлеріне шапағатқа бөленген көп балалы аналар дән риза болып, шынайы алғыстарын білдірді.
Қайрымдылық шарасына ұйытқы болған аталмыш мешіттің атқарып жатқан игі қадамдары мен шарапатты бастамалары өзге әріптестеріне де үлгі боларлықтай.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Облыс орталығындағы «Жайлаубай ата» мешітінің найб имамы Ерлан Сыздықов Қостанай қаласындағы құрылыс колледжінде болып, студент жастармен жүздесті.
Ол мұнда қазіргі таңдағы аса маңызды «Ислам және жастар» тақырыбында әңгіме өрбітті. Кездесу барысында қатысушылар оған өздерінің толғандырып жүрген сауалдарын қойды.
Жалпы, бұл басқосу қатысушыларға терең ой салды. Ислам діні әлемдегі ең таза, адамгершілікке, ізгілікке, кісілікке баулитын дін екендігі айтылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда ЖАНТ мүшелері Арқалық қаласында кезекті кездесулерін жалғастырды. Мұндағы мақсат - теріс ағымдардың алдын алуға ой салып, Ислам дінінің ерекше құндылықтарын түсіндіруге ықпал ету.
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Нұрхан Асанұлы қалалық ішкі саясат бөлімі қызметкерлерімен келісіп, діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бас маман Азамат Маратұлымен бірқатар мекемелерді аралады.
Мысалы, Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық институты, медициналық, политехникалық колледждері, жастар ресурсы, еңбекпен түзету мекемелерінің қызметкерлерімен жүздесулер өте әсерлі өтті.
Студенттер мен өзге де жиналған қауым имамдардың ғибратты әңгімелерін көкейлеріне түйіп, тың мағлұматтар алды. Алыстан келген мәртебелі қонақтар - облыстық мешіттің найб имамы Мейіржан Бердіғожин, Лисаков және Рудный қалаларының бас имамдары Сабыржан Есмурзин, Бектұрсын Уәлиевтер парасатқа толы сөздерімен үлгі-өнеге көрсетті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысына қарасты Жітіқара ауданындағы «Ержан Тәтішев» атындағы мешіттің Бас имамы Айбек Аманқосұлы жаңа қызметке кіріскелі бері кейінгі өскелең ұрпаққа ұлағаты мол игі шараларды ұйымдастыруға мұрындық болып келеді.
Осы сөзіміздің жарқын айғағы ретінде жақында ол коворкинг орталығында «Ихсан ілімі-рухани тәрбие» деген тақырып бойынша жастармен кездесу өткізді.
Бұл жүздесу қатысушыларды үлкен әсерге бөледі. Бас имамның мағыналы әңгімесін өте ұйып тыңдады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Қостанай аудандық кітапханасында «Ұлтаралық және конфессияаралық келісім - тұрақтылық негізі» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті.
Жиналған жұртшылық алдында Тобыл қалалық «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Дархан Манарбекұлы және найб имам Азамат Серікбайұлы сөз сөйлеп, қатысушылардың көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.
Біздің қоғамның басты байлығы халқымыз екені айдан анық. Олар ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің өмірімізде ерекше орын алатындығына тоқталды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда ЖАНТ мүшелері Әулиекөл ауданында кезекті кездесуін өткізді. Мұндағы негізгі мақсат - теріс ағымдардың алдын алу, халықтың осы бағыттағы ұғым - түсініктерін барынша кеңейту.
Аталмыш іс- шараға жауапты «Әмит ишан» мешітінің бас имамы Нұрлан Сейлханұлы аудандық ішкі саясат бөлімі қызметкерлерімен келісе отырып, діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бас маман Еламан Мұратұлымен бірқатар мекемелерді аралады.
Мәселен, аудандық полиция бөлімшесі, мектеп - интернат, техникалық колледж, әскери комиссариат, өрт сөндіру бөлімі, жергілікті ауруханадағы жүздесулер әсерлі өтті.
Ақпараттық-насихат тобының мүшелері әлгі аталған ұжымдарда «Жат ағымның алдын-алу және дін мен дәстүр сабақтастығы негізіндегі тәлім-тәрбие» тақырыптарда жұртшылыққа дәріс оқыды, сұрақтарға жауап берді.
Студенттер мен түрлі санаттағы қауым имамдардың тағылымды әңгімелерін көкейлеріне түйіп, өздерінің ойларын ортаға салды. Басқосуларға облыстық мешіттің найб имамдары Абзал Бейсекеев пен Мейіржан Бердіғожин, Рудный, Лисаков қалалары мен Алтынсарин, Әулиекөл аудандарының бас имамдары Бектұрсын Уалиев, Сабыржан Есмурзин, Нұрлан Сейдағалиев, Нұрлан Сыздықов және де Тобыл қалалық мешітінің найб имамы Азамат Серікбайұлы мен ұстазы Темірлан Бақай насихат жұмыстарын атқаруға лайықты үлестерін қосты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің найб имамдары Әсет Жарылғасын мен Темірлан Бақай Ахмет Байтұрсынов атындағы өңірлік университеті аграномия факультетінің 2-3 курс студенттерімен жүздесті.
Бұл кездесу қос тілде жүргізілді. Онда негізінен жастар үшін маңызды «Сөйлеу әдебі» және «Ғайбаттан аулақ болу» тақырыбында әңгіме өрбіді. Басқосу өте әсерлі өтті.
Жиын барысында жастар өздерінің көкейінде жүрген сауалдарын қойып, толық мағлұмат алды. Олар дін қызметкерлеріне шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Жітіқара ауданындағы «Ержан Тәтішев» мешітінің бас имамы Айбек Аманқосұлы жергілікті «Заман» радиосының тілшісіне сұхбат берді. Бұл тікелей эфирдегі әңгімеге «Мейірімділік – асыл қасиет» тақырыбы арқау болды.
Онда имам негізінен бүгінгі таңдағы өзекті мәселе мейірімділік, имандылық, кісілік, жалпы адамгершілік жайлы журналистің қойған сауалдарына нақты жауап берді.
Өткен 30 жылда елімізде қаншама өзгерістер болды. Жастар жағы Ислам дініне бетбұрыс жасады. Мешітке келіп, ораза ұстаушылар саны артқаны айдан анық.
Айбек Аманқосұлы қазіргі таңдағы басты мәселенің бірі - өскелең ұрпағымызды теріс ағымнан сақтандыру жайына айрықша назар аудару керектігіне тоқталды. Руханиятқа жете көңіл бөлу қажеттігін тілге тиек етті.
Біздің ұлтымыз ежелден жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған. Бұрын көкек ана, өз ұлдары мен қыздарынан безінген әкесымақтар болмағандығын тыңдармандардың есіне салды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы зор. Еліміздегі озық салт-дәстүр мен ислам дінінің сабақтастығының түп тамыры тереңде жатыр. Қазақ халқы тарих ағысында түрлі кезеңдерден өткен. Қилы замандарды бастан кешіріп, сан алуан діндер мен әдет-ғұрыптарға куә болды. Бабаларымыз ақыл-түсінігі мен талғамын Ислам дінімен сүйемелдей білген. Соның арқасында қазақтың әрбір әдеті мен ғұрпы, тікелей дінмен байланысып, өзара ажырамастай өріле түскен.
Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі – халқымыздың батырлығы мен ерлік дәстүрін паш етеді.
Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар деп айтуға болады. Алла тағала құранда: «Кешірімді бол, ғұрыпқа жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол» - деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла тағала жоғарыдағы аяттарда қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр.
Дініміз Ислам әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан ғұламалар әдет-ғұрып мәселесін талдап, оның өзін жеке бір тақырып етіп зерттеген. Біле-білсек, сан ғасырдан бері бабаларымыздың ұстанған Исламның жолы «Әбу-Ханифа» мектебі – осы салт-дәстүрімізді ардақтауға, тамырлы тарихымызды ұмытпауға, ел тыныштығының сақталуына бағытталған.
Халқымыздың: «Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның»,-деген ұлағатты сөзінде терең мән-мағына жатыр. Дана халқымыздың әдет-ғұрыптарына келер болсақ дінмен ұштасқан, ақылға сәйкескен жерлері өте көп. Атап айтқанда қазақ халқының амандасу көрінісі: көліктегі адамның жаяу адамға, жаяу адам отырған жандарға «Ассаламу ғалейкум» деп амандық сұрасуы, үлкенге құрмет, кішіге ізет танытуы. Бұл Пайғамбарымыздың хадисінде де баяндалады: «Атты адам жаяуға, жаяу кісі отырған адамға, бір топ дүйім көпшілікке сәлем береді», - деген. Қазақ жеріне дін келгелі бері осы үрдіс қалыптасып, тіпті қылышынан қан тамған Кеңес Одағы кезінде де бұл дәстүрлі амандасу халық жадынан ұмыт болған жоқ. Дінімізді тәнімізден жұлса да дәстүрімізді жанымыздан өшіре алмады.
Алты алаштың дәстүрі сансыз, солардың тағы біріне келер болсақ, әр ру мен тайпаның таңбасы мен туы болғандығы.
Бұл әдет те кезінде Пайғамбардың құптауымен болған іс. Қандай да бір жорыққа аттанар алдын Алла Елшісі (с.ғ.с) әр тайпаға өз туын белгілеп, ішіндегі ең сенімді әрі қайраттысына ұстатқан. Ал қазір халқымыздың туы бір, елтаңбасы белгілі. Бұл дінге сәйкес дәстүрімізді қастерлеп құрметтеу әрбір азаматтың борышы.
Бала дүниеге келгеннен кейінгі «Сүйінші сұрау», «Азан шақырып ат қою», «Шілдехана тойы», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару», «Сүндетке отырғызу», «Құда түсу», «Үйлендіру» – бәрі де асыл дінімізде салмағы бар, маңыз берілген дәріптелетін сүннет яки мұстахап амалдар екенін көреміз. Келіннің ата-енесіне сәлем салуы құрмет болса, беташар рәсімі – некені жариялау, бесік тазалық пен денсаулық кепілі болса, дастарханда бас қосып дәрежемен орын алу ахлақ (әдеп) көрінісі.
Салт-дәстүрлеріміздің кейбіреуі тіпті бұлжымас діни ережелер бойынша жүзеге асатынын да байқауға болады. Ибн Ғабидин «Уқуд рәсм әл-муфти» кітабында былай дейді: «Ғұрыптың шариғатта орны бар, Кейде үкім соған орай орнығар»-деген. Бір сөзбен айтқанда әдет-ғұрып діни үкім шығару тұрғысынан, мұсылман құқығының қайнар көздерінің бірі болып табылады.
Қымбатты бауырлар! Асыл дінімізді ардақтап, салт-дәстүрімізді қадірлей білейік. Өз ұлтының ерекшеліктеріне мән берген елдің Алла бұйыртса іргесі берік, келешегі кемел.
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің имамы Бектұрсын Торғайбайұлы
Ислам – көркем мінез бен әдептілікке негізделген кемел дін. Мұсылманның сыртқы және ішкі дүниесі сай болуға тиіс. Жер бетінде нағыз әдептің үлгісін пайғамбарымыз (с.ғ.с) көрсетті. Әдепті тәлім- тәрбие жағынан алсақ та, киім кию, ас ішу тұрғысынан қарасақ та, сөз сөйлеуді алсақ та, бәрібір қашан да ең биіктен табылды.
Әбубәкір (р.ғ.) пайғамбарымыздан (с.ғ.с): «Уа, Алланың елшісі, сені осыншалықты әдепке кім баулыды?»,- деп сұрады. Ол (с.ғ.с): «Мені Раббым әдепті етті және жақсылап тәртиеледі»,- деп жауап қайырды.
Айша анамыздан (р.ғ): «Алла елшісінің мінез- құлқы қандай еді?»,- деп сұрағанда, ол: «Сіздер Құран оқымайсыздар ма?»,- деді.
Олар: «Оқимыз», - дегенде, анамыз: «Алла Расулінің мінез- құлқы Құран еді»,- деп жауап берді.
Демек, пайғамбарымыз (с.ғ.с) әдептің ең шыңынан орын алған. Олай болса, әдеп үйренгісі келгендер Алла елшісіне қарау керек. Сөйтіп бейнебір әдеп айнасына қарап тұрғандай, өзінің кем- кетігін түзетуі қажет. Өйткені Алла тағала оны бүкіл адамзатқа үлгі болатындай әдепті етіп жаратты. Пайғамбарымыздың пайғамбарлығының бір кереметі де осында.
Хикмет иесі Лұқпаннан: «Осыншама әдептілікті қайдан үйрендің?»,- дегенде «әдепсіздерден үйрендім. Олардың өзін- өзі ұстауына қарап, қайсысы көңіліме жақпаса, сол әдеттен бездім»,- депті.
Бұрынғы ізгі адамдар әдеп туралы небір құнды қанатты сөздер қалдырды. Мысалы: «Әдептілік – арлылық, әдепсіздік – сорлылық». «Әдептілік – әдемілік», «Әдеп – адамның киімі тәрізді. Әдепсіз адам жалаңашқа ұқсайды» деген қанатты сөздер әдепті бейнелі түрде түсіндірген. Әрине, әдеп адамның тәнінің емес, рухы мен жанының киімі. Киім болмаса, ұятты жерлеріміз ашық болып тұратын секілді, әдеп болмаса, рухымыздағы кейбір ағат мінездер жұртқа көрініп жүреді.
Тағы бір ғалым: «Әдеп – тәж секілді. Оны киген кісі бар бәледен құтылады». – деген. Ойланып қарасақ, шындығында әдепті кісіге қандай адам жау болады? Ешкімге соқтықпай, құлшылығын жасап, тек жүрген кісімен ешкімнің де ілігі болмасы анық. Керісінше, әдепті кісілерді жұрттың бәрі сыйлайды, тіпті патшадай құрметтейді.
Жалпы алғанда дінімізде әдептілік кең ұғымды қамтиды. Мұсылман адамды әдеп иесі деуге болады. Ал әдепті құлын Алланың сүйері анық.
Қарабалық ауданы "Ғашура ана" мешітінің бас имамы Рахым Серік