Жуырда Рудный қалалық «Нұр» мешітінің ұстазы Аяулым Ермекқызының ұйымдастыруымен әйел жамағаты арасында «Орамалым – басымдағы тәжім» деп аталатын тағылымды іс-шара өтті.
Аталмыш басқосу Алланың қасиетті кәләмымен басталып,онда осы іс-шараны өткізуге мұрындық болған іскер қазақ қызы жалпы әйелдің қоғамдағы, жанұядағы алатын орнына, жүрегі нәзік жандардың өзіндік ерекшеліктеріне тоқталды.
Сондай-ақ Батыс мәдениетіне шектен тыс еліктеудің қажеті жоқтығын айта келіп, әрбір отбасының алтын діңгегі, ұлтымыздың мақтанышы болып табылатын қыз-келіншектердің табиғатына сай әдеп пен инабаттылықты барынша сақтауы және басқа да оларға ғибрат болар ойларын ортаға салды.
Әйел қашанда мейірімділік, нәзіктік, ар-ұяттылық сияқты асыл қасиеттерімен дараланады. Кеште әңгіме өзегіне айналғандай, әйел өзінің орамалымен көрікті. Қазақтың: «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деуі де бекер емес.
Басқосуға арнайы шақырылған «Куртулуш» медресесінің шәкірті Айша мен Нұр-Мүбәрак университетінің түлегі Перизат ұстаздар да тағылымды әңгіме өрбітті.
Сондай-ақ қажы апалар да дін мен дәстүрге байланысты өз пікірлерімен бөлісті. Жиынның соңында дастарқан жайылды. Викториналық ойындар өткізіліп, сыйлықтар табыс етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі