Қалың жұртшылық алдын ала хабарландырылғандықтан және мұсылман бауырларымыздың Ислам дініне деген ерекше бетбұрысынан да болар, облыстық мешітке таңертеңнен бастап келушілер көп болды.
Айт намазында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Ораза айттың ерекшелігі жөнінде жан-жақты тілге тиек етті.
Сондай-ақ аруақтарға бағышталып Құран оқылды. Содан кейін жиналған қауымға мешіттің алдындағы арнайы дайындалған орында айттың құрметіне дастархан жайылды.
Сондай-ақ алдағы бұқаралық ақпарат қызметкерлері күніне байланысты бірқатар әріптестерімізге ізгілік тілеп, оларға сый — сияпат көрсетті.
Көпшілік қауымға есімдері өңірге танымал өнерпаздар домбырамен терме орындап, күмбірлете күй шертті. Бұл басқосуды елімізге кеңінен танымал журналист әрі талантты әнші Қыдырбек Қиысхан жүргізді.
Көпшілік атынан өңірімізге аса танымал абыз ақсақал Мырзағали қажы Ғабдуллин өкіл имамға және биылғы Оразаның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан және бір ай бойы ауызашарды ұйымдастырған ағайындарға шын жүректен шыққан шынайы алғысын білдірді.
Сондай-ақ 93 жасар Сейтжан ақсақал мен өмірдің талай асуларынан өткен ақ жаулықты Күлімжан ана ақ батасын берді.
Шара соңында «Зекет» қоры атынан 30 отбасына күнделікті тұтынатын азық-түлік салынған пакет мұқтаж жандарға таратылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
ОРАЗА АЙТ ҚҰТТЫ-БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН!
Қадірменді қауым!
Баршаңызды мұсылман үмбетінің ұлық мейрамы – Ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын. Қасиетті жұма күнімен қатар келген айт мейрамы құтты-берекелі болғай!
Біздің халқымыз рамазан айын ежелден ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп қадірлеген. Ал мереке күндері ағайын-жұрт бір-біріне «айт қабыл болсын» айтып, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін арнаған. Ағайын-туысқа айттап бару, балалар мен қадірлі қонақтарға айттық беру – сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан игі дәстүр.
Ораза айт – қонақжайлық пен мейірбандықтың, достық пен татулықтың мерекесі. Ізеттілік пен ізгілікке, бірлік пен игілікке үндейтін бұл мейрам елімізде тұратын түрлі ұлттар мен ұлыстарды да ынтымаққа ұйыстыра түседі.
«Айт» – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген сөз. Демек, бұл күндері отбасын, ағайын-туыс, көршілер мен көмекке мұқтаж жандарды қуанышқа бөлеп, алғысын алудың – сауабы үлкен. Жабыққан жанның көңілін жадыратып, шаңырақты шат-шадыман күйге бөлеп, сыйлық үлестіру де – мерекенің сәнін келтіре түсетін ізгі амалдың бірі.
Ұлық мейрамда толық жуынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы ерекше. Айт намазына барудан бұрын құрмадан дәм тату – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалы.
Ораза айт – бір ай бойы төзімділік танытып ауыз бекіткен, ықыласпен қайырымдылық жасаған пенденің құрмет пен марапатқа, қуаныш пен сауапқа кенелетін сәт.
Алла Тағала: «Мен парыз еткен оразаны пенделерiм өтеп, ақысын алуға (айт намазын өтеуге)мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн...», – деген.
Құрметті бауырлар!
Мұсылман қауымының осынау шуақты мейрамында әрбір шаңыраққа баянды бақыт, Алланың амандығы мен берекетін тілеймін.
Қасиетті рамазан айында ұстаған оразамыз, жасаған әрбір қайырлы амалдарымыз, дұға-тілектеріміз қабыл болсын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Алланың сыйы – Тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин!
Қасиетті Рамазан айында Жітіқара ауданы «Ержан Тәтішев» мешітінің бас имамы М.Бердіғожин бастаған мешіт ұжымы «Мүгедектерге арналған Жітіқара өңірлік оңалту орталығында» болды. Оларды аталған орталықтың әлеуметтік жұмыс бойынша маманы Жанна Мырзабекова қарсы алды.
Алғашқы сөз кезегін бас имам Мейіржан Қапарұлы алып, жиналған қауымға Қасиетті Рамазан айы жөнінде өзінің пікірін білдірді. Сондай-ақ, осы мешіттің наиб имамы Нұрлыбек Хужасбайұлы уағыз айтты.
Сонымен қатар мешіттің азаншысы Марат Бисимбаев көпшілік қауымға уағызды орыс тілінде жеткізді.
Кездесудің соңында Қасиетті Рамазан айының құрметіне емделушілер мен қызметкерлерге сыйлықтар таратылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Біздің қазақ „Бала – бауыр етің„ деп болса айтпайды. Өйткені, олар өміріміздің жалғасы, еліміздің жарқын келешегі.
Сондықтан да болар, жуырда Рудный қалалық «Нұр» мешіті және әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Балаларға – базарлық» шарасы болып өтті.
Осынау игі шара барысында аталған мешіт қызметкерлері мен шәкірттері қаладағы балалар үйіне барып, ондағы тәрбиеленіп жатқан балдырғандармен тағылымдық жағы мол ойындар ұйымдастырды әрі оларға сыйлықтар таратты. Қасиетті Рамазан айындағы бұл кездесу бүлдіршіндерге ерекше қуаныш сыйлады.
Жалпы, жетімдердің басын сипау, оларға қамқорлық жасау адамгершіліктің жарқын көрінісі болып табылады. Мешіт қызметкерлері алдағы уақытта да осындай жүздесулерді ұйымдастырады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Міне үстіміздегі жылдың да Рамазан айы тамамдалып қалды. Қостанай облысы бойынша және облыс орталығындағы мешіттерде жоғары деңгейде өтуде. Мешіттерде жомарт демеушілердің қолдауымен күнделікті ауызашар өткізілуде. Осы түнде мешітке келген 6 мыңнан астам адамға ауызашар мен сәресі дастарханы жайылды.
Мысалы облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешіті ауласында күніне 640 адамға ауызашар дастарханы жайылып, халықтың ықыласына бөленуде. Сонымен бірге жылдағы үрдіс бойынша тек Рамазан айында оқылатын «Тарауих» намазында қасиетті Құран толық оқылып, «Қадыр түнінде» хатымы жасалды.
Мінекей маусым айының 11 нен 12-сіне қараған түні облыстық мешітке жиналған халықта есеп болмады. Бұл түні облыс әкімі Архимед Бегежанұлы арнайы қатысып, мұсылман бауырларымызға өзінің шын жүректен шыққан шынайы лебізін білдірді. Қадыр түні жерлестеріміз тек ғана қуаныш пен молшылыққа кенелсін деген ең ізгі тілегін жеткізді.
Осы басқосуда елімізге белгілі ақын Жолбарыс қажы барша мұсылман қауымның атынан облыс басшысына ақ батасын беріп, шапан жапты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Таяуда Таран ауданыңда қасиетті Рамазан айының құрметіне орай үлкен қайырымдылық шаралар ұйымдастырылды.
Осында стол теннисінен, тир, дойбыдан спорттық ойындар өткізілді. Оған өңірден бірқатар азаматтар қатысып, өздерінің бақтарын сынады.
Аталмыш шараға ауданның әкімі Қуандық Хайдарұлы және Лисаков қаласының бас имамы Сабыржан Зейнелғабидинұлы қатысып, барша жұртшылыққа жарыста сәттілік тіледі.
Сөздің реті келгенде осы спорт түрлерінен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында да жарыстар ұйымдастырылды.
Сонымен шара өз деңгейінде өткендіктен барлық қатысушылар өздеріне қолдау көрсеткен кісілерге шын жүректен шыққан шынайы лебіздерін білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Адамзатқа нұрың төгіп жетеледің жарыққа,
Қараңғы, қапас, түнектегі жарығың түсті халыққа,
Адамшылық, жақсы ойлар қасиетті құран кәрім сөзінен,
Өнер-білім, мәдениет басталады өзіңнен.
Жүрегіміз қасиетті сөздеріңмен нұрланды,
Қиялымыз дүние шарлап, аралайды қырларды,
Әр сөзіңнің киесі бар, жылы тиер жүрекке,
Әр пендеге нұр құйылып, ашты тылсым сырларды.
Адамзатты үгіттейді, үйретеді татулыққа бірлікке,
Сабырлылық, төзімділік баршамызды жақсылыққа тірлікке,
Кешірімшіл бол дейді ол ағайынға, басқаға
Досың түгіл дұшпаныңды жамандыққа тастама.
Қасиетті әрбір сөзің жүректерде жатталған,
Еліміздің тиыштығы, амандығы біздер үшін басты арман,
Әрқашанда дос-дұшпаннан биік болсын мәртебең,
Тәуелсіздік мәңгі болсын деп тілеймін о Ұлы Отан.
Мұсылманға келіп қалды қасиетті ораза
Қуанышпен аман-есен қарсы алайық жамағат
Шын жүректен мінажат қыл жаратушы Аллаға
Шүкір етіп азға көпке, барға-жоққа қанағат.
Алла өзіңді бар ынтамен сүйеміз,
Айтқаныңды орындаймыз хадисіңмен жүреміз,
Бар әлемнің қожасы өзің екеніңді білеміз,
Құдіретіңе сәжде жасап басымызды иеміз.
Оразамыз қабыл болсын барлығыңа тілегім
Мұсылманмын, содан болар жұмсақ менің жүрегім,
Аброймен атқарайық оразаны бәріміз,
Шын ниетпен орындайық бес парыздың біреуін.
Ораза ұстау міндеттіміз, мұсылманбыз бәріміз,
Балиғатқа толғаннан соң үлкен-кіші кәріңіз,
Алла үшін орындайық, сауап үшін ағайын,
Үміт етіп жаратқаннан келгенінше әліміз.
Рамазан қасиетті бұл бір ай,
Сауабын бер мұсылманға, құлшылықтың я Құдай,
Кір-қоқыстан тазарт біздің жүректі,
Құран сөзін орындайық барлығымыз бұлжытпай.
Ораза ұстау, намаз оқу мұсылманның парызы,
О дүниеге қалмау керек ешкімнің де қарызы,
Тілің тиіп, қолың тисе кешірім ал олардан,
Алла алдында ешкімнің де болмау керек арызы.
Оразамен құттықтаймын барлығыңды жамағат,
Дендеріңе саулық берсін болыңыздар сәламат,
О жаратқан қиындықтан аман-есен алып өт,
Аброймен оразаны орындауды баршамызға нәсіп ет.
Науырзым ауданы Қарамеңді ауылының
«Түркебай» мешітінің алқа мүшесі
Ж. Халықов
Қасиетті Рамазан айында Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің бас имамы М. Бердіғожин осы ауданға қарасты Тохтарово және Приречное елді-мекендерінде болды.
Онда жергілікті халықпен жүздесіп, «Ел бірлігі мен дін ынтымағы» тақырыбы бойынша әңгіме өрбітті. Асыл дінімізде ел үшін ынтымақтық пен бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің әрқашанда маңызды орын алатындығы жан-жақты айтылды.
Кездесу барысында кейбір теріс ағымдар жайлы да сөз қозғалды. Онда жастарды жат әдеттерден барынша аулақ ұстау жайы баяндалды. Осындай келеңсіздікке жол бермеу үшін діни сауаттың аса қажеттігі де айтылды.
Жалпы, жоғарыда аталған екі ауылдағы жүздесу тиісті деңгейде өтті. Жиналған қауым бас имамға өздерінің көкейде жүрген сауалдарын қойып, оған нақты жауап алды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі