Ана деген қасиетті сөз! Ұлтыңды сақтағың келсе, аналарды сақта деген атам қазақ!
Үстіміздегі жылғы 1 наурыз - Алғыс айту, 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күндеріне байланысты Ұзынкөл ауданының «Балықты» мешітінің бас имамы Есенгелді қажы Ажмаханның ұйымдастыруымен ауданымыздың мешітінде салтанатты мерекелік шара өтті.
Онда аудан әкімі Қайрат Тынымбайұлы мен аудандық мәслихат хатшысы Алтынай Сабырқызы құттықтау сөз сөйлеп, нәзік жандыларға жылы лебіздері мен тілектерін білдірді.
Мешітке жиналған әжелер өз өнерлерін көрсетті. Елбасының республикамыздағы барша ұлт өкілдерінің тату-тәтті ғұмыр кешіп, аянбай еңбек етулеріне барлық жағдайды жасап жатқандықтарын ерекше атап өтті.
Мерекенің соңында Бас имам Есенгелді қажы Сақтағанұлы аналардың қоғамдағы алатын орны жайлы айтып, оларға алдағы уақытта мықты денсаулық, отбасында бақыт тіледі.
Сондай-ақ жиналған асыл әжелерімізге бағалы сыйлықтар табыс етті. Аналар мұндай басқосуды ұйымдастырған дін қайраткеріне шынайы алғыстарын жеткізді.