Жуырда ҚМДБ-ның тапсырмасы бойынша «2019 жыл – жастар жылы» аясында Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің наиб имамы Дархан Қосылбаевтың қатысуымен 4-ші және 1-ші курс студенттерімен «Иманды жас буын – ел болашағы», «Дәстүрлі емес діни жат ағымның залалы» атты тақырыпта кездесу болып өтті.
Бұл жүздесуге келген 60-қа жуық жастарға «Иманды ұл, инабатты қыз және ата-ана» туралы кең ауқымда баяндама оқыды. Сондай-ақ асыл дінімізге күйе жағып, кір келтіріп жүрген діни жат ағымдардан сақтану үшін «Сәләфизм» формасы, болмысы, ұстанымы, мақсаты мен залалының ара жігін ажыратып берді.
Сонымен қатар студенттер назарына «Теріс ағымның залалы» тақырыбында бейнеролик ұсынылды. Студенттер тарапынан «Дүние жүзіндегі діни қақтығыстарға Ислам дінінің ықпалы бар ма?», «Әйел және қыз баланың исламдағы орны қандай?» деген сұрақтарға нақты жауап қайтарылды.
Сөз соңында наиб имам жастарға білікті маман иесі болып, еліне адал қызмет етуге және әрдайым діни жағынан сергек болуға шақырды.