Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешіті жанындағы ақылдастар алқасының кезекті жиыны болып өтті. Онда Бас имам Бектұрсын қажы Торғайбайұлы өткен жылғы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
Ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмалары жайлы айта келіп, биыл жүзеге асырылатын нақты міндеттерді тілге тиек етті. Соның ішінде қасиетті Рамазан айына тиісті деңгейде дайындық жасау, өмірден озған имамдарды еске алу, бата сайысын, Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына байланысты конференцияны, діни басқарманың 35 жылдығына орай спорттық жарыстар мен басқа да маңызды шараларды ұйымдастыру жөніндегі тың ойларымен бөлісті.
Сонымен қатар, облыстық мешітте екі айлық курс жұмысын жандандыру мақсатында білікті қари қызметке алынғандығы, алдағы уақытта ақылдастар алқасының жиынын әр айда өткізуді дәстүрге айналдыру хақында да сөз болды.
Басқосуда жиналғандар өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, болашақта ортақ мүдде жолында жұдырықтай жұмыла еңбек етуге шешім қабылдады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығы және Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай Бейімбет Майлин аудандық «Әйет» мешітінің ұжымы аймақтық жамағаттар арасында ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырды. Сайысқа қатысушылар қол күрес, арқан тартыс, гір көтеру, садақ ату секілді спорт түрлерінен бақтарын сынады.
Аталмыш шараға Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Уәлиев және қадірменді ақсақал Ноян Төртқараев арнайы шақырылды. Онда Бектұрсын Торғайбайұлы сөз алып, ұлттық құндылығымызды құрметтеу, сонымен қатар еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай қызмет еткен Алаш ардақтыларын ұлықтау мен насихаттау - жас ұрпаққа жүктелер үлкен міндет екендігіне тоқталды.
Жарыс соңында жүлделі орындарға ие болғандар медальдар және мақтау қағазымен марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Тағылымды шараның жоғары деңгейде өтуіне өңірімізге танымал азаматтар Бақберген Қасымұлы, Алмат Қобыландыұлы және Сағынтай Шәйзадаұлы демеушілік етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қалалық “Жайлаубай ата” мешіті қасиетті Жұма күні, намазға келуші жамағатқа қыстың қымызы “құрт көже” таратты. Алла Тағала бірлігі жарасқан ынтымағы берік жамағаттар болуды нәсіп етсін!
Әр жасаған жақсылығың Алладан қайтатыны сөзсіз. Әр аптада, 10 отбасыға, көлемі жүз мың тұратын азық-түліктен көмек жасауда. Жомарт және қайырымды жандар қоғамымызда көп болсын!
Қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің жамағаты сенбі күні “Жаны саудың-тәні сау” ниетімен, спорттық шарағада көңіл бөліп, волейбол ойынынан шағын спорттық іс-шара ұйымдастырды.
Ойын тартысты өтті. Мақсатымыз: Аптаның әр сенбісін дене шынықтыруға уақыт бөлу.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
2025 жылдың 8 ақпанында қалалық Жайлаубай ата мешітінің ұстаздары Қазбек ұстаз бен Аяулым ұстаздың ұйымдастыруымен мешіт шәкірттеріне "Бүгінгі ұрпақ - ертеңгі болашақ" интеллектуалдық ойыны өтті.
Интеллектуалдық ойынның мақсаты Ислам ілімімен сусындаған жас бүлдіршіндерді жақсылық, ізгілікте жарысуға баулу. Ойын барысында шәкірттеріміздің Құран оқу деңгейі, Пайғамбарлардың өмірлері, қиссалары әрі әдеп, ахлаққа тән мұсылманның мінез құлқына қатысты тәрбиелік сұрақтар қойылды.
Шәкірттер өте жақсы нәтижелер көрсетті. Бүгінгі ұрпақ - ертеңгі болашақ демекші, жас ұрпаққа ислами тәлім-тәрбие беру орасан зор әрі уайымсыз болашақтың кепілі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жылда аталып өтетін «Халықаралық орамал күніне» орай мешіттерді қыз-келіншектер әртүрлі іс-шаралар ұйымдастыратыны белгілі. Әмит-Ишан мешітінде осы бастаманы қолға алып бірнеше жиындар өткізді. Уағыз-насихат презентация арқылы қорғалып, “Дін мен дәстүр сабақтас ұғым”, “Қыз тәрбиесі”, “ Ахлақтық келбет”, “ Исламдағы әйелдің орны”, “ Қазақтың әдебиет-мәдениеті” және тағы басқа көптеген тақырыптар айтылды. Сұрақтар жан-жақты қойылып, тұшымды жауап берілді. Сонымен қатар орамал күніне байланысты дәстүрлі фест тақырыбында көшпелі қазақтың қолөнерін дәріптеу мақсатында орамал тігу өнеріне мастер класс жүргізілді. Келген қонақтарға дастархан жайылып, ізгі тілектер айтылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің наиб имамдары бірқатар оқу орындарында болып, білім алып жатқан жастармен маңызды тақырыптар бойынша кездесулер өткізді.
Мәслен, Қазбек Кошеров пен Әсет Жарылғасын шаһардағы құрылыс колледжіне ат басын бұрып, қазіргі таңда жұртшылықты толғандырып отырған өзекті мәселелерді қозғады.
Осы жүздесулер барысында жат ағымдардың алдын алу мақсатында студенттерге «Экстремизм мен терроризмнен сақтану» және «Деструктивті діни ағымдар» жөнінде слайдтар мен бейнероликтерді көрсетіп, дәріс оқыды.
Қатысушылар көкейде жүрген сауалдарын қойып, нақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің наиб имамы Бақберсін Ізбасаров намазхан жамағатқа «Отбасы бақыты және оның құндылығы» тақырыбында үгіт-насихат айтты. Көпшілік оның сөзін ұйып тыңдады. Соңында намазхандар «Құптан» намазын оқып тарқасты.
Сондай-ақ, осы имандылық ордасында Шағбан айының құрметіне қасиетті бейсенбі күні намазхандарға ауызашар дастарқаны жайылды. Кейін ақсақалдар бата беріп, жамағатқа уағыз айтылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Дархан Манарбекұлы Сыздықов басқаратын Қостанай ауданындағы «Маңдай батыр» мешіті жыл өткен сайын ішкі және сыртқы келбетін құлпыртып, алыстан көз тартатын болды.
Осы сөзіміздің жарқын мысалы ретінде демеушілердің тікелей қолдауының арқасында шырайлы қала Шымкентте жасалған күмбездер әкелініп, мешіттің төбесіне орнатылды.
Аталған имандылық ордасының барша қызметкерлері «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қағиданы ұстанған жүрегі жомарт азаматтарға шын жүректен шыққан шынайы алғысын білдіріп, олардың қолға алған игі істеріне толағай табыс тілейді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқарамасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен үстіміздегі жыл «Ислам және отбасы құндылығы» жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай біздің Қостанай өңірінде де танымдық-тағылымдық жағы мол шаралар қолға алынып жатыр.
Бұл сөзіміздің жарқын айғағы ретінде жуырда Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұстазы Аяулым Смағұлованың ұйымдастыруымен облыстық деңгейде әйел-қыздар жамағатына арналған «Орамалым - асыл тәжім» атты рухани кеш болып өтті.
Аталмыш іс-шара барысында дінімізді, дәстүрімізді насихаттап жүрген әйел-қыздар жамағаты кейінгілерге үлгі-өнеге боларлықтай қойылым қойды. Жиналғандар одан ұмытылмастай әсер алды.
Мәселен, қазақ шаңырағындағы ене мен келін арасындағы сыйластық, жалпы жүрегі нәзік жандардың қоғамдағы өзін-өзі алып жүруі, сөз сөйлеу мәдениеті, әдептілігі мен инабаттылығы жөнінде жан-жақты айтылды.
Кештің соңында асыл дінімізді насихаттауға лайықты үлес қосып, жастарға ғибрат көрсетіп келе жатқан аяулы аналарымыз бен апаларымызға Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі.
Жыл сайын дүниежүзілік орамал күнін атап өту дәстүрге айналды. Жақында облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің жанындағы ұстаз Жансая Салауатқызы басқаратын Әйел- қыздар секторының ұйымдастыруымен әйел-қыздар жамағаты арасында волейболдан «Жаны саудың - тәні сау» атты жарыс өткізілді.
Оған облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы», қалалық «Марал ишан» және «Жайлаубай ата» мешіттерінің командалары қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлдегер атанған мешіттердің командаларына арнайы дайындалған медалдар мен мақтау қағаздары табыс етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі