Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Блог верховного муфтия Казахстана

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Фаджр
Восход
Зухр
Аср
Магриб
Иша
Религиозная интерактивная карта Казахстана
Григорианский
Хиджра

Блоги имамов

25 11.24

Қаражат халық игілігіне жұмсалады

«Жайлаубай ата» мешітінің Бас имамы Шоқан қажы Әмірхановпен сырласу

Бүгінгі кейіпкерім Шоқан қажы Ғазизұлы Әмірхановтың есімі күллі республика жұртшылығына жақсы таныс. Өткен жыл ол үшін есте қаларлықтай болды. Оның көп жылғы жемісті еңбегі бағаланып, «Үздік қала имамы» атанды. Басқа да алған беделді марапаттары аз емес.

Жуырда оған арнайы жолығып, өзі басқаратын Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің осы күнге дейін атқарған игі жұмыстары, имандылық, қайырымдылық және шәкірттер дайындау жөніндегі тың ізденістері жайында тілдестім.Төменде осы сұхбатты қалың жұртшылық назарына ұсынғанды жөн көрдім.

Тобыл-Торғай - киелі өңір

-Шоқан Ғазизұлы, өзіңізмен күнде кездесе бермейміз. Сондықтан көкейде жүрген бірқатар сауалдарымды қойсам деп едім. Естуімше өткен тарихқа үңілсек, бұл жақтан да қаншама мұхтасибтер шығыпты. Бұл жөнінде не дейсіз?

-Иә, кейінгі жастарға үлгі -өнеге боларлық көрнекті тұлғалар көп. Тек оларды зерттеу мен зерделеу әлі де жетіспейді. Бұл енді болашақтың ісі. Мәселен, аға ұрпақ пен дін өкілдері болып табылатын замандастарым Хазірет Нәуен Нұртазаұлы мен Әлмағанбет Оспанұлын жақсы біледі.

Өйткені, бұл аталарымыз кезінде қазіргі облыстардың бас имамы дәрежесіндегі қызметтерді атқарып, артында өшпес іздерін қалдырды. Мұны біз әрдайым еске алып отыруымыз керек.

Алайда, олардың жолын жалғастырып, дін жолында аянбай қызмет атқарып жүрген азаматтар да баршылық. Солардың бірегейі жақында ғана Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төрағасының орынбасары, наиб мүфти болып тағайындалған Кенжетай Байкемелұлы Дүйсенбай.

Ол қасиетті Торғайдың төл перзенті. Кезінде менен дәріс алғандығын ерекше мақтан тұтамын. Сол кездің өзінде өте зерек те зейінді, білімге құштар, елгезек те үлкен мен кішіні қадір тұтатын талапты жас еді. Өсе келе біржола дін жолын таңдады.

Алдымен дін қайраткерлерінің еліміздегі білім ордасы Алматы шаһарындағы ислам институтын тәмамдады. Үш жылдан астам уақыт Арқалық қаласында наиб имам болды. Содан кейін ол оқуын Мысырдағы Әл-Азһар университетінде жалғастырды. Әлемдегі дарындылардың мекені аталған оқу орнын аяқтаған соң, туған жеріне оралды. Бірқатар жауапты қызметтерді атқарды.

Білікті маманға үлкен сенім артылып, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имам болды. Қазіргі қызметіне дейін Бас мүфтидің кеңесшісі ретінде елімізде ислам дінін өркендетуге қомақты үлесін қосты. Таяуда ғана өңірімізге арнайы іс-сапармен келіп, имамдар арасында семинар өткізді.

Өзімді шын мәнінде бақытты сезінемін. Қазіргі Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев те жастайынан үлгілі шәкіртім болды. Ол да сенімімді ақтады. Бұл күндері республикамызға танымал дін қайраткері. Ата-бабаларының ғұмырын өнеге тұтып, кейінгілерге ғибрат көрсетіп келеді.

Жайлаубаевтар әулеті мешітті өз қаражаттарына тұрғызды

- Енді әңгімемізді мұсылман бауырлар игілігін көріп отырған қалалық мешітті салған әулетпен жалғастырғанымыз жөн болар. Мұны да көпшіліктің білгені артық емес секілді?

-Менің пайымдауынша, жалпы мүмкіндігің келсе мешіт тұрғызу, құдық қазу, көпір және жол салу - қайырлы әрі сауапты істердің қатарына жатады. Мысалы, Мұхаммед Пайғамбарымыз өз хадисінде: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды» деген. Осы қағиданы басшылыққа алған Жайлаубаевтар әулеті қазіргі мешітті өз қаражатына салғызды.

Алайда, кезінде белгілі кәсіпкер, марқұм Төлеген Жайлаубаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қос тілегін білдіріпті. Оның алғашқысы өздері тұрғызған мешітке атасы Жайлаубайдың есімін беру, екіншісі халық құрметіне бөленген, дін саласында жоғары біліктілігін көрсеткен азаматты таңдауды өз еркіне беру еді.

Діни басқармадағылар оның бұл ұсынысын қабылдады. Сөйтіп, 2014 жылы 31 мамырда бұл мешіт салтанатты түрде ашылды. Оған сол кездегі Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы арнайы қатысты. Өз бұйрығымен мені Бас имам қызметіне тағайындап, батасын берді.

Сол уақыттан бері бұл имандылық ордасы діни басқарманың Қостанайдағы филиалы болып тіркелді. Содан бері ол әулет біздің күнделікті қызметімізге араласпайды. Қолдан келген көмегін беруден аянбайды. Тек өкініштісі, Төлеген ағамыз өмірден өтіп кетті.

Ел арасында Жайлаубаевтар әулеті мешітке түскен қаражатқа иелік етеді екен деген қауесет сөз бар. Бұл пікірлер түбірімен дұрыс емес.

Басты мақсат – адал қызмет ету

-Міне, осы жылдың аяқталуына да көп қалған жоқ. Өзіңіз басқаратын ұжымның халық үшін атқарған жұмыстарына қысқаша шолу жасап өтсеңіз? Қыс айларына қандай дайындықпен келдіңіздер?

- Қазақ «Қыс шанаңды жаз сайла» деп босқа айтпайды. Сондықтан ерте қимылдағанның қыр асатындығы бесенеден белгілі. Бұл жылда қайталанатын шаруа болғандықтан оған әзірлікті күні бұрын жасаймыз. Қос қабатты ғимараттың барлық бөлмелерін тәртіпке келтіреміз. Күн салқындап та қалды. Мешіттің іші жылы. Келіп-кетушілерге барлық жағдайлар жасалған. Ол үшін күллі коммуникациялар алдын ала тексеріліп, мамандарымыз сақадай сай етті.

- Ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсың. Қанша адам болса сонша пікір болатының ақиқат. Кейбіреулер мешітке түскен қаражат қайда кетеді деген сауалды көп қояды. Оған нақты жауап берсеңіз?

-Алдымен айтарым, мешіт өндіріс орны емес. Ол руханият ордасы. Мұнда қаражат негізінен халықтан садақасынан түседі. Сонымен қатар қолдау көрсететін демеушілер де баршылық. Бұл азын-аулақ ақшалар қатаң есепке алынып, банк шотына тапсырылады. Оның бір теңгесі де кейбіреулер ойлайтындай бөтен мақсатқа кетпейді.

Осы түскен қаражат қыс айларында ғимараттың жылуына, электр жарығына, қолданылатын суға, мешіт қызметкерлері мен мамандардың жалақысына, ірілі-ұсақты жөндеу жұмыстарына жұмсалатындығын атап өткім келеді.

Несін жасырамыз, әлі де болса дін жолында жүрген азаматтардың жалақысы төмен. Біз үкіметтен бір тиын да ақша алмаймыз. Осыны мұсылман бауырларымыз біліп жүргені жөн.

- Біз өзіңіз басқаратын имандылық ордасында облыс көлемінде шәкірттер әзірлейтін екі айлық білім жетілдіретін курс ашылғандығынан хабардармыз. Осындағы ұстаздардан дәріс алатын талапкерлер тегін оқытылып, оны аяқтағанда арнайы сертификаттар тапсырылатындығын білеміз. Сол жөнінде де қысқаша тоқталып өтсеңіз?

-Әңгіменің орайы келгенде, сіздің сауалыңызға нақты жауап бере кетейін. Себебі, бұл да мұндағы қызметкерлердің тындырып жатқан жұмыстарының бір парасы деуге әбден болады. Бәлкім, көзі қарақты оқырманның есінде болар, 2015 жылы мешіттің жанындағы қайырымдылық мекемесі есебінен екі айлық білім жетілдіру курсы қолға алынды.

Қазір қарап отырсақ, содан бері бес жүзден астам түлекке арнайы сертификаттар тапсырылыпты. Курс тыңдаушылары тек біздің Тобыл-Торғай өңірінен ғана емес, өзге де облыстардан келіп, діни сауаттарын көтеріп жатады. Олардың бәрінің атын атап, түсін түстеп жату мүмкін емес. Ең бастысы, бітірушілердің тәлімгерлерге деген шынайы алғыстары шексіз.

Шәкірттерге наиб имам Бақберсін Ізбасаров, Әлібек қари Қылышбек дәріс береді. Аты-жөні аталған азаматтардың бірі - Әл -Азһар университетінің түлегі болса, екіншісі құранды жатқа біледі. Олар жамағат пен жерлестеріміздің арасында зор беделге ие болды. Ізденімпаз жандарды бәрі де құрмет тұтады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мешітке түскен қаржыдан аталмыш курс тыңдаушылары күніне үш мезгіл тегін тамақтанады. Аптасына бір рет моншаға барады. Оның сыртында салауатты өмір салтын қалыптастыруда түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылады. Таным көкжиектерін кеңейту мақсатында шаһардың көрікті жерлеріне, музейлерге саяхат жасалады.

Сонымен қатар діни рәсімдерді жетік меңгеру мақсатында арнайы тәжірибеден өтеді. Білімдерін барынша шыңдау үшін семинарларға қатысады. Бұлардың да оларға берері мол.

- Бұл күндері мешітте қанша адам қызмет атқарады. Олардың мақсат, міндеттері жөнінде де білгіміз келеді?

-Жалпы мешіттің штаты үлкен емес. Қазіргі таңда мұнда 15 адам жұмыс істейді. Мені айтапағанда, наиб имамдар, есепші және басқа да жауапты мамандар өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарайды. Дін қызметкерлеріне қойылатын талап та өте жоғары. Олар соның үдесінен шығуға талпынады.

Имандылық ордасы ұжымының басты мақсаты - халыққа адал қызмет көрсету. Әріптестерім жұртшылықпен күнделікті қарым-қатынаста кішіпейілдік, жоғары мәдениет танытады. Сонымен қатар ғимараттың айналасын жыл он екі ай бойы таза ұстайды. Жаз айларында абаттандыруға ерекше көңіл бөледі. Мұның бәрі сайып келгенде, экологиялық және эстетикалық талғамға баулиды.

Атамыз қазақ «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп босқа айтпайды. Мешіт жанындағы ақсақалдар алқасының құрамы өмірлік тәжірибесі мол, қай мәселеде болсын өзіндік ой-пікірлері бар аға буын өкілдерінен тұрады. Бұл кісілер имандылық ордасы жұмысының жандануына өздерінің қомақты үлесін қосып келеді. Кейінгі жастардың заман талабына сай еліміздің нағыз патриоттары болып қалыптасуына да ықпалын тигізіп жатқаны белгілі. Менің күнделікті қызметімде бағыт берер кеңесшім де, ақылшым да солар дер едім.

Ой саларлық жайлар көп

-Уақыт өткен сайын «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, кейбір діни рәсімдерде өзгерістер орын алып жататындығы белгілі. Өйткені, мұның бәрі де халық үшін өте маңызды. Дүниеден озған адамның жаназасы, қырқы, жылдық асы кезінде ысырапшылдыққа жол бермеу, зираттарды бір ізге келтіру секілді мәселелер Бас имам ретінде өзіңізді де толғандыратын шығар?

-Сауалыңыз өте орынды. Бұл жайлар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тарапынан да жиі қозғалып келеді. Оны біздің өңірдегі имамдар да қолдап, өздерінің халықпен болған жиындарында әңгіме өзегіне айналдыруда.

Мұндағы басты мәселе - жұрттың қамын ойлаудан туындайды. Себебі, «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» демей ме. Әсіресе, тұрмысы төмен, жалғыз басты адамдарға қиынға соғады. Өзгелерден қалмауға тырысып, амалсыздан қарызға белшесінен батады. Тіпті, ол бәсекеге айналды деуге болады. Несие алып, жылдар бойы төлейтіндер де кездеседі.

Жалпы, менің ұғымымда қаза болған кісінің үйінде үш күнге дейін қазан көтерілмеуге тиіс. Алыстан келген қонақтарды көршілері мен туған-туысқандары шақырып, тамақтандырады. Тіпті, марқұмға топырақ салмай жатып, қонақасы беру дегенге де тыйым салған дұрыс. Себебі, қайтыс болған адамның жамбасы жероге тимей құран оқылмайды. Сондықтан оған ешқандай келтірер сауабы жоқ. Тек ғана ысырапқа жол беріледі.

Марқұмды жерлеуде де ойланар жайлар аз емес. Өздеріңіз көріп жүрген боларсыздар, бірқатар елді-мекендерде зираттарда зәулім үй тұрғызу әдетке айналды. Бұл да қайғы жамылған кейбір шаңыраққа оңай соқпайды. Осы ретте бауырлас өзге елдерден үлгі аларымыз жетерлік.

-Жұмыстарыңыздың бір бағыты – қайырымдылық екені белгілі. Мешітте бұл орайда атқарылып жатқан игі істер де ауыз толтырып айтарлықтай екені көпшілікке аян. Осы хақында да бірер сөз?

-Қайырымдылық жасау әрбір жүрегінде иманы бар азаматтың парызы деп ойлаймын. «Жайлаубай ата» мешітіндегілер бұған айрықша көңіл бөледі. Түрлі діни мерекелерде, басқа да рухани кештерде жетім-жесірлерге, асыраушысынан айырылған шаңыраққа, көп балалы отбасыларына қол ұшын беру біздің тұрақты назарымызда.

Солтүстіктің қысы қатал келеді. Сондықтан біз көмекке мұқтаж жандардың қиындықтарын бөлісеміз. Оларға отын-су түсіріп, азық-түлікті жеткізіп береміз. н Басқа да өтініш білдірген кісілердің меселін қайтарған емеспіз. Мына қамшының сабындай қысқа өмірде айналамыздағы бауырларымызға қысылған шақтарында жандарынан табылып, қайырымдылық жасаудан артық қандай бақыт болады.

Оразалы Жақсанов

Защитный код


предыдущая запись блога
Құмар ойыны құрдымға алып барады

Назидание

все статьи

Медиа

все записи
Разработка сайта — Иником