
Рамазан – мұсылман жүрегін жаңартатын, ар-ұжданды оятатын қасиетті ай. Бұл айда адам тек аштық пен шөлге сабыр етіп қана қоймай, ішкі дүниесіне үңіледі, өз-өзіне есеп береді. Рамазан – адамның арын тазалап, адалдығын күшейтетін рухани мектеп.
Ар – адамның ішкі таразысы. Ол жақсылық пен жамандықтың аражігін ажырататын өлшем. Ал, адалдық – сол ардың іс жүзіндегі көрінісі. Егер ар таза болса, сөз де, іс те адал болады. Рамазан айы осы екі құндылықты жаңғыртып, жүрекке қайта оралтады.
Ораза – жария емес, жасырын ғибадат. Адамды ешкім бақылап тұрмаса да, ол тамақтан тыйылады. Бұл – Аллаға деген нағыз шынайы сенім мен адалдықтың белгісі. Жалғыз қалған сәтте де тәртіпті бұзбау – ардың тірі екенінің дәлелі. Сондықтан Рамазан – шынайылықтың айы. Қасиетті Құранда: لَعَلَّكُمْ تَتَّقُون «…бәлкім, тақуалыққа жетерсіңдер» (Бақара, 183-аят) деп айтылған. Тақуалық – арды сақтау, адалдықты ұстану. Рамазан адамды өтіріктен, өсектен, екіжүзділіктен, зұлымдықтан алыстатып, әділдік пен мейірімге жақындатады. Тіліне ие болған жан – арын қорғайды, нәпсісін жеңген – адалдығын нығайтады. «Әдептің басы – тілді бағу» демекші, сөз әдебіне мән беру мұсылманның басты сипатының бірі. Шәкәрімқажы: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады. Мінезің – сенің тағдырың», – деген сөзінде де үлкен мән-мағына бар.
Рамазанда жасалған әрбір игі іс – ардың тазалығын көрсетеді. Кешірімді болу, садақа беру, ата-анаға құрмет, мұқтаж жандарға қамқорлық – бәрі де адал жүректің жемісі. Рамазан – бір айлық құлшылық қана емес, жыл бойы жалғасатын көркем мінез тәрбиесінің бастауы. Егер Рамазаннан кейін де адам өтіріктен тыйылып, әділдікті ту етсе, адал еңбекті қадірлесе – онда бұл ай өз жемісін бергені.
Рамазан – адалдық айнасы болса, ораза – адамның шынайылығын, ішкі тазалығын сынайтын құлшылық. Адалдық – кәміл иманның жемісі. Рамазан айы адамды адал еңбекке, таза табысқа, әділ қарым-қатынасқа үндейді.
عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «طَلَبُ كَسْبِ الْحَلاَلِ فَرِيضَةٌ بَعْدَ الْفَرِيضَةِ». رَوَاهُ الْبَيْهَقِيُّ.
Абдулла ибн Масғұдтан (р.ғ) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Адал жолмен кәсіп іздену парыздан кейінгі парыз», – деген.
Еңбек – адам өмірінің тірегі, еңбекті – тек нәпақа табу емес, адамның арын сақтап, қоғамға пайдасын тигізетін іс деп түсінуімз керек.
Хәкім Абай атамыз: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, адал еңбектің адамды ешкімге тәуелсіз ететінін айтады. Тіленбей өмір сүру – адамның намысы мен абыройын қорғайды.
Маңдай термен келген рыздықтың берекесі бар. Сонымен қатар, ойшыл: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық – аздырар адам баласын» деп ескертеді. Бос жүрген адам нәпсінің жетегінде кетеді, жалқаулыққа, пайдасыз іске бейім болады. Еңбек – нәпсіні тәрбиелейтін құрал. «....Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан» - деген өсиеті де әрқайсымызға бағытталған. Әркім қоғамда өз орнын тауып, адал еңбегімен елге қызмет етуі керек.
Рамазан оразасы – адал ғұмыр кешудің, рухани жаңғырудың және кемелдікке ұмтылудың сара жолы. Бұл ай – жүректі жұмсартып, сананы сергітіп, адамды өз болмысымен табыстыратын ерекше мүмкіндік. Рамазанның тағылымын өмірімізге серік етсек, ғұмырымыз да мәнді, амалдарымыз да берекелі болмақ. Кемелдік – тек біліммен немесе байлықпен өлшенбейді. Шынайы кемелдік – мінездің көркемдігі, ниеттің тазалығы, амалдың адалдығы. Рамазан осы үш негізді бекемдей түседі. Кемелдік – мінсіз болу емес, өз қателігін түсініп, түзелуге талпыну, әр күн сайын жақсырақ болуға ұмтылу. Рамазан – осы талпыныстың ең көркем көрінісі.
Ораза – нәпсіні тәрбиелеудің үлкен мектебі. Күнделікті өмірде байқалмайтын әлсіздіктер осы айда айқын көрінеді. Ашыққанда ашуға берілмеу, шөлдегенде сабыр сақтау, ренжігенде кешірім жасау – рухани кемелдікке бастар қадамдар. Рамазан – нәпсіні тәрбиелеп, жүрек пен тілді тазартады. Егер адам ораза ұстап жүріп, боқтап-сөгіп, ғайбат айтып, өтірік сөйлесе, онда оразаның рухани жемісі азаяды.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَقُولُوا قَوْلا سَدِيدًا «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және түзу сөз сөйлеңдер», – деген (Ахзаб сүресі, 70-аят). Тілі таза адамның оразасы да көркем болады. Ауыз бекіткен адамның ойында «Осы ісім оразамды бұзбай ма?» деген сұрақ тұрады. Тіпті ораза ұстаған кісі біреуді ренжітіп алудан сақтанып, сауаптан құр калмауға үнемі көңіл бөледі. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
مَن لَم يَدَعْ قَوْلَ الزُّورِ والعمَلَ بهِ، فليسَ للهِ حاجةٌ في أنْ يَدَعَ طعامَهُ وشرابَهُ
«Кімде - кім ораза болып жаман сөзден және оған амал етуден тиылмаса Алла оның тамақтан және судан тиылғанын қажет етпейді»-деген.
Рамазан – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның рухани жаңғыруына ықпал ететін берекелі ай.
Бұл айда әр мұсылман өзін түзетуге, жүрегін тазартуға, мінезін көркемдеуге ұмтылады. Ал, адам түзелсе – қоғам да түзеледі. Сондықтан Рамазан – адал қоғам қалыптастырудың берекелі мүмкіндігі. Алла тағала Құранда:
إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالْإِحْسَانِ وَإِيتَاءِ ذِي الْقُرْبَى وَيَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنكَرِ وَالْبَغْيِ يَعِظُكُمْ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ
«Расында, Алла әділдікті, ихсанды және туған-туысқа қол ұшын беріп қарайласуды бұйырады. Сонымен қатар арсыздықтан, жамандық атаулыдан және зұлымдықтан мүлдем тыяды. Ойланып-толғансын, ғибрат алсын деп Алла Тағала сендерге осылайша насихат айтып, жол сілтейді», – делінген (Нахл сүресі, 90-аят).
Ораза ұстаған жан, үнемі Алланың бақылауында екенін сезінеді. Ішкі бақылау күшейген сайын сыртқы тәртіп те орнығады. Заңнан бұрын ардан ұялу – адал қоғамның негізі. Жауапкершілікті сезінген қоғам мүшесі әрқандай жамандық атаулыдан тыйыла бастайды. Ал, мұндай адам қоғамға зиян емес, пайда әкеледі. Адал еңбек, әділ сауда, таза қарым-қатынас – бәрі-бәрі осы «ораза» атты құлшылық тәрбиесімен нығая түседі. Әрине, адал қоғам бір күнде құрылмайды. Бірақ, Рамазан – соған бастар кемелдік жолы. Егер әр адам осы айда үйренген адалдықты, көркем мінезді өмірлік қағидасына айналдырса, қоғам да мейірімді де берекелі болмақ.
Жаратушы Раббымыз баршамызды қасиетті айдың берекесіне бөлеп, оразамызды қабыл етіп, игі амалдарымызды сауаптан жазсын. Рухани кемелдікке жеткізіп, шынайы адалдыққа жетелесін. Әмин!
Бектұрсын Торғайбайұлы Қостанай облысының Бас имамы
Ақпан айының 19 күні оразаның алғашқы күні;
Наурыздың 16-17-не қараған түн «Қадір түні»;
Пітір садақа жан басына 735 теңге;
20-шы наурыз – «Ораза айт» мерекесі






