Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Блог верховного муфтия Казахстана

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Фаджр
Восход
Зухр
Аср
Магриб
Иша
Религиозная интерактивная карта Казахстана
Григорианский
Хиджра

Блоги имамов

20 09.23

Құранқари әрі ақын Файзолла Сатыбалдыұлы

Асыл дініміз Исламның Тобыл-Торғай жерінде тамыр жайып кемелденуіне үлес қосқан, ел тұтқасы бола білген дін қайраткері Сатыбалды ишан мен оның балалары. Біздің шағын жазбамызға негіз болған Файзолла Сатыбалдыұлы 1883 жылы Қостанай облысы, Аманкелді ауданында дүниеге келген. Әкесі Сатыбалды – сауатты, тақуа-діндар, ел құрметтеген ізгу жан, жұрт ол кісіні «Қыпшақ ишан» деп те атаған. Сатыбалды ишан – Бұхарада білім алған, құранды жетік меңгеріп, оқып жүріп «Ишан» деген атқа ие болған. Осындай текті әулеттен шыққан Файзолла ұари – алғаш сауатын өз әкесі Сатыбалдыдан алады. 9 жасында Тройцкідегі Ахун хазіреттен білімін ұштайды. Кейін Бұхараға барып, діни білімін тереңдетеді. Бұл жерде – қари Баһрам ұстаздан тәлім алып, әке сенімін, ел үмітін ақтап Құдай берген қабілет-қарымымен шариғат, фиқһ ілімімен қатар Алланың қасиетті кәләм-шәрифін де бойына сіңіріп 17 жасында қари атанады.

«Пенденің Тәңірі берер мұддұғасын, Тауфиқты қабыл етсе ирадасын. Ұстаздың ұлықсатын сол жерде алдым, Қарилық Құран Хатым фатихасын, - деп еске алады Файзолла ақын «Өмірбаян» атты жазбасында.

Файзолла елге қайтып келгеннен кейін туған жерінде діни қызмет жасайды. Торғайдағы атақты діндар тұлғалар – Оспанқожа, дәмолла Бәйту, Бейіс хазірет, Кәтен молла, Әлмұхамед Оспанұлы секілді ел ішіндегі ықпалы зор діни қайраткерлермен сырлас-дос болып, араласады. Осы кезде ақын Торғайдағы Алаштың көрнекті тұлғалары: Ахмет, Міржақып, Ахметсафа, Байқадам Қаралдин секілді тұлғалармен де тығыз байланыста болады. Патша құлап, қызылдар қыр көрсете бастағанда елдің іші де сан тарауға түскені белгілі. Кеңес үкіметі атқа мінгеннен кейін ел ішіндегі озық ойлы азаматтарға бүйідей тигені мәлім. Халық арасында беделге ие болған діндар тұлғалар ұсталды, қамалды, атылды.

Файзолла қари да діни қызметте жүргенде қамауға алынды. Ақыры Қостанайдың өкіл соты ақынды 14 жылға соттап, 1929-1935 жылдар арасында Ақтеңіз-Балтық, Новосібір каналдарын қазу жұмысына айдап жібереді. Алла қолдап, 14 жылға кесілген үкімді 6 жыл өтеп, аман-есен босайды. Алайда осы 6 жылда көрмеген мехнаты жоқ. Айдауда жүргенде Міржақып, Мырзағали Есполовтармен жүздескен. Ал, Мағжан Жұмабаевпен 2 жылдан астам бірге болған. Қапастан аман-есен оралған соң Алматыға келеді. Тігін цехында жұмыс жасап, ұлттық киім тігетін шеберлерге жетекші болады. Алайда басынан қиқу кетпей, Башқұртстанға өтіп, кейін Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданы және Қарағанды облысының Нұра ауданында тұрады.

Түрлі ауыр жолдарды бастан өткеріп, елге 1945 жылы ғана табан тірейді. Оның өзінде Қостанай облысының Әулиекөл ауданында тұратын досы Әлмұхаммед Ос¬панұлында аялдайды. Ал, туған жері Батпаққараға бір жылдан соң оралады. 25 жыл шамасында сыртта жүріп, қуғын-сүргінді бастан кешкен ақын туған жерінде өмірінің соңғы жылдарын өткізеді.

Файзолла ақынның қаламынан туындаған бірқатар шығармалары дін тақырыбын қамтиды. «Есің болса ер жігіт Алланы сүй»-өлеңі: Жаратқан жалғыз Алла сыйынарым, Ертелі-кеш мінәжат қып жалынарым. Одан басқа күштінің бәрі жалған, Жоқ оларға жалбаңдап жағынарым. Құдай берсе – кім оны ұстап тұрар, Ақылдылар – Алла ісін мақсат қылар. Жақсыға – жау жетеді ел ішінде, Бұғып тұрып тасадан тас лақтырар. Әділ жігіт – әр сөзді тергеп алар, Асықпай ақыл менен ойға салар. Халық – әділ қазы ғой, нақұрыстар, Байқамаса түбінде ұятқа қалар! Қызықпаймын бұл күнде бақ пен таққа, Жала жұқпас ешқашан көңілі аққа. Сол себептен бұл күнде таза жүріп, Сыйынамын Хақ Құдай, бір Аллаға! Бір Құдайдан басқаның бәрі бекер, Дүние – көзді арбаған бейне шекер. Есің болса ер жігіт Алланы сүй, Алдамшы бақ бір күні тастап кетер!...

Файзолла Сатыбалдыұлы – ең алдымен діндар тұлға, құранқари әрі ақын. Парсы, түркі, орыс және араб тілдерін жетік меңгерген. Оның өлеңдерінде терең философия, елдік, адамдық мұраттар басты орын алған. Ақын өлең-толғауларымен бірге үлкен дастан, поэмалар жазған. Оның: «Шәкір-Жамал», «Тоқымбет-Гүләйім», «Әбдіғапар хан», «Адамзаттың шежіресі», «Өмірбаян», «Ұзақ жол», «Ер Толыбай», «Имам Ағзам хазіреттің ақырғы ғұмыры» сынды шығармалары бар. Әрине, ұзақ жыл қуғын-сүргінде жүрген ақын көп қағажу көрді. Жазылған дүниелері дер кезінде жарық көрмеді. Өзі дүниеден озғасын да шығармалары бүркеуде болды.

Жазықсыз жапа шегіп, күйзелсе де Алланың рахметінен үміт үзбейді. Жабыққан көңілін жалынды жырымен серпілтуге тырысқан ақын бір сәт ширығып, өзіне-өзі қайрат беріп, жігерлендіріп қоюды да ұмытпайды.

«Ей Файз, сабыр ет, Бекем бол бейнетке!
Жар болса Кұдірет, Жетерсің зейнетке.
Қайғының қотырын қасыма, Көрсетпе көзіңнен тамшы жас!!
Мойыма мұңайып, жасыма, Азапқа қарсы тұр, бер шыдас!!»....

Өмірінің соңғы жылдары имандылықты біржола серік еткен ақын тұрғыластары Әлмұхаммед, Жарман, Өтеш, Нұрхан моллалармен бірлікте дін ісімен ғана шұғылданып, өткен өмір белестерін ой көзімен зерделеп, кейінгі ұрпаққа аталық, ұстаздық тағылымды ғибратымен нұр-шуақ болып төгіліп, ел құрметіне бөленіп ақсақалдық, қарттық кезеңге аяқ басады. Ол өзінің дүниеден өтерін де алдын-ала сезіне білді.

Ей, Файзолла, гүзалың, Таяу тұр күтіп ажалың.
Ғұмырың қалды бір апта, Жырласын соны ғазалың, - дей келе, өз үйі өлең төсегінде, халқының ортасында Алланың жіберген ақ бұйрықты ажалына сабырлылықпен бойсұнады. Бастан өткен зұлмат дәуірді, зұлмат кезеңнің құрдымында мерт болған тумысы бөлек, қадірменді ағалары Мырза ишан, Шаһауиддин, Зияуеддин, Әкімал, Жамаладдинді мұңая еске алып, өзіне туған жерден топырақ бұйыртқан Жаратушысына шүкірлік қылады.

Өмірден баз кешкен ақын қияметтік сырлас-досы, тағдыр тауқыметін бірге арқалаған мұңдас інісі Әлмұхаммед моллаға жазған кешу сөзін тебіренбей оқу мүмкін емес.

«Ерекше барлық достан көрген досым,
Қадірін дін Исламның білген досым,
Қалтқысыз бар жаныммен сүйген досым
Қапысыз қияметтік сенген досым...
Не дейін қиыспас дос, шәрифзатым,
Бұл саған арнап жазған соңғы хатым.
Қош, сау бол, қоштасатын уақыт жетті,
Қош, деуден басқа сөзге жетпес дәтім...

Сөйтіп, тағдырдың талай соққысына төтеп берген Файзолла қари 1959 жылдың желтоқсан айында фәниден бақиға озады. «...Тапсырып ақ тәнімді қара жерге, Әлеке, өзің шығар намазымды» деп өзі өсиеттегеніндей жаназасын Әлмұхаммед молла шығарып, ел-жұрты Файзолла қаридың асыл сүйегін әкесі Сатыбалды ишан кесенесіне жерлейді.

«Марал ишан» мешітінің имамы Бектұрсын Торғайбайұлы

Задать вопрос

Защитный код


предыдущая запись блога
Ыбырай Алтынсариннің ілім жолындағы жасаған уақыбы
следующая запись блога
Ысырапшылдыққа жол бермейік

Назидание

все статьи

Медиа

все записи
Разработка сайта — Иником