Білім – ақылдылық пен парасаттылықтың белгісі. Ислам – білім алуды парыз деп санайтын дін. Асыл дініміздің адамзат баласына қоятын ең басты талабы білім алу және оны іздену. Баршамызға мәлім, Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты да білім алуға шақырды. Ардақты Пағамбарымыз (с.ғ.с.): «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз, – десе, тағы бір хадисінде: «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен», – деп насихат айтқан.
Ілім – қараңғылықтан жарыққа шығаратын шамшырақ. Бізден бұрын өткен мұсылман елінің ғалымдары білімнің алуан түрлі салаларын меңгерді. Қазақтың ұлы ғалымдары Мәшһүр Жүсіп, Шалкиіз, сол заманда өмір кешкен Ақтамберді жырау, Бұхар жырау, Абай, Шәкәрім, Ыбырай т.б. көркем әдебиет ғылымын шариғаттан негіз ала отырып, жандандырған. Бүгінгі тақырыбымыздың да негізгі өзегі – көрнекті педагог, ағартушы, ақын, этнограф Ыбырай Алтынсариннің елге жасаған уақып амалы жайлы болмақ.
Барлық күш-жігерін оқу-ағартуға арнаған кемеңгер ұстаздың бойында туған халқыма пайдамды тигізсем деген ұмтылыс басым болды. Ол ұрпақ тәрбиелеп, педагогикалық қызметпен шұғылдануды армандады, бұл істі өзінің өмірлік мақсаты деп білді. Ақындық шығармашылығында ең алдымен халыққа білім берудің маңызын насихаттап, жастарды білім алуға шақырды. Білімнің қажеттілігін өз заманында дәлелдеу керек болды. Ол балаларды оқуға, білімге шақырған көптеген өлеңдер жазды. Солардың ішіндегі: «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық.
Оқығанды көңілге, Ықыласпен тоқылық!» деген өлеңі жас өспірімді оқуға үміттеген жалынды ұран болып қалды. Бұл өлеңде адам өміріндегі білім мен ғылымның пайдасы туралы нақты айтылды.
Ибраһим Ыбырай Алтынсариннің қазақ даласындағы алғашқы мектепті Торғайда ашқаны тарихтан мәлім. Бірақ тұңғыш білім ошағын тұрғызу оңай болған жоқ. Мектеп ашуға рұқсат беріліп, Торғайға мұғалім болуға жіберілгенде Ыбырайдың жасы 20-да ғана еді. Ол, нағашысы Шеген бидің елінде ұстаздық ете жүріп, осы өңірде мектеп ашуға бел буып, 1861 жылы құрылыс жұмыстарын бастайды. Шеген бидің ұрпақтары, яғни нағашылары, ауыл-ауылдағы тұрғындар демеу көрсетіп, ортақ іске қаражат жинайды. Нағашыларының көмектесіп жатқанын естіген өз жұрты, яғни Балғожа бидің туыстары да "біз де қалыспайық" деп, мал жиып, Торғайға құрылысқа қажетті материалдар жіберген.
Ағартушы ұстаз Ырғыз қаласында да қазақ қыздарына арналған мектеп-интернат ашты. Оның басшылығымен қазақ балаларына арналған 7 бастауыш мектеп, 4 екі сыныптық училище жұмыс істеді. Қыз балалардың сауаттылығын арттыру жолында да тер төгіп олардың жүйелі білім алуын жолға қойды.
Алтынсарин шәкірттердің адамгершілік тәрбиесіне де баса мән берді және кедейлердің балаларын, қазақтың қыздарын оқытуға ерекше көңіл бөлді. Ол шәкірттердің бойында адамгершілік, еңбекке адалдық, Отан сүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға күш салды. «Олар кейіннен парақор болып шықпас үшін, олардың адамгершілік сезімдерін оятуға барлық күш-жігерімді жұмсаудамын» - деген өз еңбегінде....
Көшпелі ел ғасырлар бойы бағып өсірген малын байлығым деп санаған. Ал, негізінде ешқашан сарқылмайтын нағыз байлық ол – білім. Алтынсарин жастардың көзін осыған жеткізгісі келді, оларды сендіруге ұмтылды. Осындай жағдайды алға қоя отырып, терең түсінген қазақтан шыққан алғаш педагог Ыбырай: «Қазақ хрестоматиясында» жарық көрген өлеңінде ғылымы озық елдердің техникалық үдерісін қарапайым сөзбен түсіндіре мысалға келтірді:
«Өнер – білім бар жұрттар, Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден, Көзіңді ашып-жұмғанша, Жылдам хабар алғызды»,
- деп, өнер мен білім, техниканың пайдасын айтып насихаттап, бәсекелестік рухта тәрбиеледі. Осы сөздермен сол замандағы ұрпаққа қазіргі тілмен айтқанда үлкен мотивация беріп, қатарынан қалыспай, жаңа ғылымдарды зерттеп көруге шақырды.
Ағартушылықты жанының азығы еткен Ұстаздың өз ойларын 1864 жылы 16 наурызда жазылған келесі жазбаларынан байқауға болады: «Қойды қуған аш қасқыр секілді, мен қызу түрде балаларға білім беруге кірістім. Және осы балалар үш айдың ішінде, тіпті орыс және татар тілдерінде оқып-жазуды үйреніп алды. Бір сөзбен айтқанда, бұл жақсылар курс аяқталғанша, 4 жылдан кейін бір нәрсе үйреніп, лайықты сөйлей алатын болады деп үміттенемін. Сондай-ақ, кейін олар жемқор болып шықпас үшін, бар ынта-жігеріммен тіпті олардың моральдық әрекеттеріне де әсер етуге тырысамын» деп жазған.
Ресей білім орындарында алған әсері мен тәжірибесін қазақ өлкесінде іске асыру үшін бастауыш мектептердің ашылуына рұқсаттар алып онда сабақ өтудің озық үлгілерін көрсетті. Ол тек қана жазу-сызуды ғана үйретіп қоймай, математика, физика, биология, география, этнография, тіпті, қазіргі күннің өзінде тек жоғары оқу орындарында ғана оқытылатын геология саласында да қазақ ұл-қыздарына негізгі білім берді.
Басқа да өңірлерде ашылған мектептерге мұғалім дайындау ісіне де ат салысты. Ондағы оқыту мен тәрбие берудің педагогикалық талаптарға сай болуын қадағалап отырды.
Ағартушы:«Оқысаңыз, балалар, Шамнан шырақ жағылар, Тілегенің алдыңнан, Іздемей-ақ табылар»,
- деп жырлап, оқыған, көзі ашық адамның қараңғыны қаумалап жүрмей, қандай мәселеде болсын шаммен қарағандай анық көре алатындығын, критикалық ойлау қабілетінің дамитындығын түсіндіріп жеткізді. Білімді адам кемінде өзінің күн-көрісін бір жүйеге қоя алады. Бұл турасында келесі жолдардан анық байқауға болады:
«Әлпештеген ата-ана, Қартаятын күн болар. Қартайғанда жабығып, Мал таятын күн болар. Ата-енең қартайса - Тіреу болар бұл оқу, Қартайғанда мал тайса, Сүйеу болар бұл оқу».
Адамның және жалпы ұлттың қадірі оның білімімен өлшенеді. Халықтың жері қаншалықты бай болса да, оны игеретін ғалымы, білімді азаматы болмаса одан не пайда?! Сондықтан: «Күш - білімде, Білім - кітапта. Қына тасқа бітеді, Білім басқа бітеді» - демекші, жастарымыз білімді болсын, сол білім жолына насихат жасайтын ғалымдарымыз көп болсын!
Бар ғұмырын қазақ ұлтының сауатын ашу, көңілін білімге ояту, қоғам өмірінде белсенді болуға шақырумен өткізген Ыбырай Алтынсарин атамыздың елге жасаған ерен еңбегін, игі істерін Алла сауаптан жазсын.
Ендігі уақытта жазба әдебиетімізді байытқан ұлт ұстазының еңбектерін келер ұрпаққа дәріптеумен кеңінен айналысуымыз қажет. Әсіресе бастауыш мектеп-медреселерде өлең-әңгімелерін талдап, әр баланың бойында жақсы қасиеттер қалыптастыруға жұмыс жасалғаны абзал.
Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің имамы Бектұрсын Торғайбайұлы