Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Блог верховного муфтия Казахстана

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Фаджр
Восход
Зухр
Аср
Магриб
Иша
Религиозная интерактивная карта Казахстана
Григорианский
Хиджра

Статьи

АДАЛДЫҚ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазірет 2026 жылды «Ислам және адал қоғам» деп жариялады. Бұл қазіргі уақыт талабынан, мемлекетіміздің жарқын болашағы мен мүддесінен туындағаны ақиқат.

Енді осы адалдық деген не, ол адам баласының бойындағы қандай қасиет деген сауалдарға байланысты оқып-түйгенімнен ойымды ортаға салмақпын.

Алдымен айтарым, адалдық – адам мінезіндегі бағалы қасиет. Ол кез-келген жеке тұлғаның сана-сезіміне, ар-ұжданына қайшы келмейтін, халықтың мақсат-мүддесін көздейтін, тарихи шындықпен ұдайы ұштасып жататын нақты іс-әрекеттер жиынтығы деп түсінемін.

Асыл дініміз – қара қылды қақ жарған адалдық пен әділдікке шақыратын дін. Адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінің соңына дейін адалдықты, әділдікті насихаттап, басқаларға іс жүзінде үлгі болып кетті. Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәлім-тәрбие, үлгі алған саңлақ сахабалардың өмірі де тұнып тұрған адалдық пен әділдік. Шәкәрім қажы: «Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, Ғибадат пен адалдық ар үшін жи, - деп, бақыттың өзі адалдыққа негізделетінін айта келіп, адалдыққа ерекше көңіл бөледі.

Иманды да адал адам ешқашан да өтірікке бой алдырмайды. Өзгелерді жаман әдетке жетелейтін өтірік айтып, алдап-арбап, пайда табуды мақсат етпейді. Аллаға шынайы иман келтірген, ахиретке сенген жан шалыс қадам жасамайды. Алла Тағала Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَكُونُوا مَعَ الصَّادِقِينَ

«Әй мүміндер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар» - деген.

Ар мен ақиқатты насихаттау жолында адалдық сертінен айнымау, туралықтан таймау - нағыз шыншылдың белгісі. Адал қоғам – әрбір мүшесі шыншыл, әділ, сенімді адамдардан құралған қоғам. Мұндай қоғамда алдау және әділетсіздік сирейді.

Адалдық – бұл жүректің тазалығы, өмірдің жарығы және сенімнің негізі. Адалдық тек жеке адамның қасиеті емес, бүкіл қоғамның гүлденуіне септігін тигізетін мінез. Егер әр адам өз ісінде адал болса, қоғамда сенім, татулық пен бейбітшілік арта бермек.

Хазіреті Әли ибн Әбу Талиб (р.ғ): «Көркем мінез үш қасиетпен келеді: арамнан аулақ болу, адалды талап ету және отбасына кеңпейілді болу», – деген екен.

Дана халқымыз да өз ұрпағына «ісінде адал болуды», «біреудің ала жібін аттамауды» насихат етіп келген. Кезінде Құнанбай қажы: «Абырой, атақ алу үшін – ең алдымен адалдық керек, ешкімді ала көрмей, адалына болысу, кемтарға жәрдемдесу керек дегенді ертеден ойыма бекіттім... Өзіме елді қаратып, ел басшысы болғаннан кейін, қате кетпесе, біле тұра қиянат жасап, арамды қолдаған, момын, жетім-жесірді жылатқан жерім болған жоқ. Мен адалдыққа, көпке сүйендім. Олар мені қиыннан құтқарды. Мені ел – адал, әділ деген атаққа бөледі. Менің көргенімдей жағдайға ұшырасаң, ақты жақта, жетім-жесірге, жылағанға болыс, жәрдем ет!» деп артына тағылымы мол өсиет қалдырған.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «....Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» - бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады» дегені барша қауымның жадында болар.

Адал қоғамның пайдасы: адал қоғам – бұл тек әділдік пен сенімнің орны ғана емес, сонымен қатар қоғам мүшелерінің рухани дамуына да әсер етеді. Мұндай ортада адамдар өздерін қауіпсіз сезінеді, бір-біріне сенеді, бірге дамуға ұмтылады. Сонымен қатар, адалдыққа негізделген қоғамда құқықтық тәртіп пен әлеуметтік тұрақтылық нығая түседі.

Қадірлі ағайын! Әрқайсымыз өз саламызда қоғамның гүлденіп-дамуына қомақты үлес қосайық. Қазіргі таңда адалдық бұрынғыдан да маңызды. Жемқорлық, өтірік, аманатқа қиянат секілді әрекеттер қоғамның іргесін сөгіп, адамдар арасындағы сенімді әлсіретеді. Сондықтан адалдықты насихаттау – әрбір азаматтың ортақ міндеті деп білемін. Адалдық бұл – тек діни талап емес, ұлттық құндылық, адамгершілік өлшемі. Адал адам – арлы адам, ал арлы қоғам – кемел келешектің кепілі.

Алла тағала баршамызды адалдықты өмірлік ұстаным еткен, елге пайдасы тиген ізгі жандардан болуын нәсіп етсін. Қостанайлық әріптестерім бұл асқаралы мақсат жолында қажыр-қайраттарын аямай жұмсай беретіндігіне кәміл сенемін.

Бектұрсын Уәлиев Қостанай облысының Бас имамы

предыдущая статья
Шағбан айының мәртебесі мен Рамазан айына дайындық
следующая статья
Уақып — исламдағы мәңгілік холдинг (экономикалық-құқықтық талдау)

Назидание

все статьи

Медиа

все записи
Разработка сайта — Иником