Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Блог верховного муфтия Казахстана

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Фаджр
Восход
Зухр
Аср
Магриб
Иша
Религиозная интерактивная карта Казахстана
Григорианский
Хиджра

Статьи

Қасиетті күндер, түндер


Исра мен миғраж оқиғасындағы иманның сыналуы

Әрбір қиындықтан кейін жеңілдік келеді.

Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен салауаты болсын) өмірінде көптеген сынақтарға тап болды. Құрайыштар Меккеде дағуат жолын жапты, Исламға шақыруды және оны ұстанғандарды қатаң жазалады. Пайғамбардың ﷺ әрдайым қасынан табылатын, жанашыр, мейірімді ағасынан айырылды, мүшріктер оған ашықтан-ашық жәбір көрсетті. Сондай-ақ, оны жұбатып, демеу болған, әрдайым қолдау көрсеткен сүйікті жары Хадиша анамызда (р.а.) дүниеден өтті.

Одан кейін Алла елшісі ﷺ Әбу Тәліп шатқалында үш жыл бойы қоршауда қалды. Бұл кезеңде Ол ﷺ аштықпен, жоқшылықты бастан өткізді. Ал Таифте көрген жарақаттары мен жан азабы одан да ауыр болды. Осындай қиындықтардың бәріне қарамастан, Алла елшісі ﷺ Раббысының әміріне сабыр етіп, діні мен дағуат жолынан таймай, өз жолын жалғастыра берді.

Міне, осы ауыртпашылық пен сабырдың сый-марапаты ретінде Исра мен Миғраж сапары Алланың тарапынан берілген, иләһи нығмет болды.

Ғұламалардың анықтамасы бойынша:

Исра – Пайғамбардың ﷺ Меккедегі Мәсжидул Харамнан (мешітінен), Құддыстағы (Иерусалим) Мәсжидул Ақсаға дейінгі түнгі сапары, ал Миғраж – жеті қабат аспанға және одан да жоғары көтерілуі – деген мағынада.

Құран Кәрімде Исра оқиғасы «Исра» сүресінде, ал Миғраж оқиғасы «Нәжм» сүресінде баяндалған. Алла Тағала былай дейді:

سُبْحَانَ الَّذِي أَسْرَى بِعَبْدِهِ لَيْلاً مِنَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ إِلَى الْمَسْجِدِ الْأَقْصَى الَّذِي بَارَكْنَا حَوْلَهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آيَاتِنَا إِنَّهُ هُوَ السَّمِيعُ الْبَصِيرُ

«Құлын бір түнде Мәсжидул Харамнан айналасын берекелі еткен Мәсжидул Ақсаға апарған Алла – барлық кемшіліктен пәк. Оған Өз белгілерімізді көрсету үшін (осылай істедік). Шын мәнінде, Ол – Естуші, Көруші».1

Сондай-ақ Алла Тағала былай дейді:

أَفَتُمَارُونَهُ عَلَى مَا يَرَى. وَلَقَدْ رَآهُ نَزْلَةً أُخْرَى. عِنْدَ سِدْرَةِ الْمُنْتَهَى. عِنْدَهَا جَنَّةُ الْمَأْوَى. إِذْ يَغْشَى السِّدْرَةَ مَا يَغْشَى مَا زَاغَ الْبَصَرُ وَمَا طَغَى. لَقَدْ رَأَى مِنْ آيَاتِ رَبِّهِ الْكُبْرَى

«Сонда көргені жөнінде онымен таласасыңдар ма? Ол оны тағы бір рет көрді. Сидратул-Мунтаһаның қасында. Оның жанында Жәннатул-Мауа бар. Сол кезде Сидраны не көмкерсе, сол көмкерді. Көзі тайған жоқ әрі шектен шықпады. Ол, расында, Раббысының ұлы белгілерін көрді».2

Бұл ұлы оқиға мен ғажайып деректер егжей-тегжейлі сахих хабарларда баяндалған.

Имам Муслимнің «Сахих» жинағында Әнас ибн Мәлик (р.а.) былай деп риуаят етеді:

Алла елшісі ﷺ айтты:

«Маған Бурақ әкелінді. Ол – ақ түсті, бойы есектен үлкен, қашырдан кіші, тұяғын көз жетер жерге қоятын жануар еді. Мен оған мініп, Құддыстағы Бәйтул-Мақдиске (Мәсжидул Ақсаға, Иерусалим) жеттім. Оны Пайғамбарлар байлайтын сақинаға байладым. Сосын мешітке кіріп, екі рәкағат намаз оқыдым. Кейін шыққанымда Жәбірейіл (ғ.с.) маған бір ыдыс шарап, бір ыдыс сүт әкелді. Мен сүтті таңдадым. Сонда Жәбірейіл: “Сен фитраны (табиғи таза дінді – ислам мен туралықты) таңдадың”, – деді».

Одан кейін Пайғамбар ﷺ Жәбірейілмен (ғ.с.) бірге аспанға көтерілді. Жәбірейіл (ғ.с.) аспан есіктерінен рұқсат сұрады, әр аспан иелері Алла елшісіне () рұқсатын берді.

Осылайша аспаннан аспанға көтеріліп Пайғамбарлармен жолықты. Әрбір аспанда Алла елшісін ﷺ ерекше қошеметпен қарсы алды.

Содан кейін Алла елшісі ﷺ Сидратул-Мунтаһаға көтерілді. Сол жерде Алла Тағала Өз қалауынша уахи етті.

Мұса (ғ.с.) Пайғамбар намазды жеңілдетуін сұрауды кеңес берді. Алла елшісі ﷺ бірнеше рет қайта оралып, ақырында елу намаздың орнына бес уақыт намаз парыз етілді.

Кейін Алла елшісі ﷺ қайтадан Бәйтул-Мақдиске оралып, таң намазын Мәсжидул Ақсада имам болып, Оның ﷺ артында барлық пайғамбарлар намазды ұюып оқыды.

Осылайша Пайғамбардың ﷺ сапары аяқталды.

Меккеге оралған соң оның жүрегіндегі барлық қайғы-қасірет, уайым мен мұң сейілді.

Алла елшісі ﷺ бұл сапар мен Раббысының аяттары туралы еліне хабар бергенде, мүшріктер оған қарсы шығып, жоққа шығарды. Иманы жүрегіне берік орнықпаған кейбір адамдар діннен қайта бастады. Мүшріктердің бір тобы Әбу Бәкірге (р.а.) барып:

«Сенің досың Құддысқа бір түнде барып келдім деп айтып жүр», – деді.

Сонда Әбу Бәкір (р.а.):

«Егер ол айтса – рас айтқан. Мен одан да ұлы хабарларды мойындап, иман келтіріп жүрмін», – деді.

Бұл Исра және Миғраж мұғжизасы жай ғана бір оқиға емес, ішінде терең мағыналар мен ғибраттар жатқан ұлы сапар болды.

Бұл оқиғадан алатын ғибрат:

Ислам – фитра (табиғи болмыс) діні. Бұл шындық Пайғамбардың ﷺ сүтті сусыннан таңдауы арқылы айқын көрінді. Сондай-ақ Жәбірейіл (а.с.) Пайғамбарға ﷺ: «Сен фитраға бағытталдың» деп сүйінші хабар берген. Бұл – Ислам дінінің адам жаратылысына тән табиғи қажеттіліктерді толық өтейтінін білдіреді. Ол рух пен тәннің, пайда мен зиянның, дүние мен ақыреттің арасындағы тепе-теңдікті орнатады. Егер фитраны ұзындығы мен өлшемдері бар бір дене деп елестетсек, онда Ислам діні – сол денеге дәл өлшеп тігілген киім іспетті болар еді. Бұл – Исламның тез таралуының және адамдардың оған ықыласпен бет бұруының ең маңызды себептерінің бірі, қаншама кедергілер мен тосқауылдар қойылса да.

Алла Тағала былай дейді:

فَأَقِمْ وَجْهَكَ لِلدِّينِ حَنِيفاً فِطْرَتَ اللَّهِ الَّتِي فَطَرَ النَّاسَ عَلَيْهَا لا تَبْدِيلَ لِخَلْقِ اللَّهِ ذَلِكَ الدِّينُ الْقَيِّمُ وَلَكِنَّ أَكْثَرَ النَّاسِ لا يَعْلَمُونَ

«Ендеше жүзіңді ханиф күйінде дінге бұр. Ол – Алланың адамдарды сол бойынша жаратқан фитрасы. Алланың жаратылысында өзгеріс жоқ. Міне, осы – тура дін. Бірақ адамдардың көбі білмейді».3

Исра мен Миғраж оқиғасында Пайғамбардың ﷺ ақиқатты ашық айтудағы батылдығы айқын көрінді. Бұл оның ﷺ мүшріктерге ақылдары қабылдамайтын хабарды тайсалмай жариялауынан байқалады. Олардың қарсы шығуы мен мазағына ұшырау қорқынышы оны ақиқатты жеткізуден тоқтата алмады. Осы арқылы Пайғамбар ﷺ үмбетіне хақ тура жолда жалғандыққа және оның жақтастарына қарсы тұрудың ең көркем үлгісін көрсетті, тіпті бұл ақиқат олар үшін тосын болса да.

Иманның көрінетін, сыналатын сәттері болады. Шынайы мүміндердің иманы дәл осындай қиын-қыстау кезеңдерде анық байқалады. Әбу Бәкір (р.а.) осы мұғжизаға күмән келтірмегендігі үшін «Сыддық» деп аталды.

Мүшріктер оған: «Саған жолдасың туралы айтып берейік пе? Ол бүгін түнде Мәсжидул-Харамнан Байтул-Мақдиске (арасы 1300 км қашықтық) апарылдым деп жатыр», – дегенде, Әбу Бәкір (р.а.): «Ол шынымен солай айтты ма?» – деп сұрады. Олар: «Иә», – дегенде, Әбу Бәкір (р.а.): «Егер ол айтқан болса, онда рас айтқан. Мен оған бұдан да алыстағы нәрсеге барды десе де сенемін. Мен оған таңертең не кешке көктен келетін хабарда (уахиға) да сенемін», – деді.

Міне, осы себепті Әбу Бәкір (р.а.) «Сыддық» деп аталды. Сондықтан әрбір мұсылманның Алла елшісінің ﷺ сөзі мен бұйрықтарына қатысты көзқарасы Әбу Бәкірдің (р.а.) қатынасындай болуы тиіс: толық иман, нық сенім, шын көңілмен растау және бойсұну, тіпті ол өз ақылына немесе нәпсісіне қайшы келсе де.

Алла Тағала былай дейді:

وَمَا كَانَ لِمُؤْمِنٍ وَلا مُؤْمِنَةٍ إِذَا قَضَى اللَّهُ وَرَسُولُهُ أَمْراً أَنْ يَكُونَ لَهُمُ الْخِيَرَةُ مِنْ أَمْرِهِمْ وَمَنْ يَعْصِ اللَّهَ وَرَسُولَهُ فَقَدْ ضَلَّ ضَلالاً

«Алла және Оның Елшісі бір іске үкім еткен кезде, мүмін ер мен мүмін әйел үшін ол істе таңдау құқығы болмайды. Ал кім Аллаға және Оның Елшісіне қарсы келсе, ол анық адасушылыққа ұшыраған болады».4

Исра және Миғраж оқиғасында мұсылмандар үшін Мәсжидул-Ақсаның маңыздылығы айқын көрінді. Өйткені ол — Алла елшісі ﷺ түнгі сапарға шыққан мекен және оның көктерге көтерілу нүктесі деп айтылады. Сондай-ақ ол — Меккелік кезеңде мұсылмандар бет бұрып намаз оқыған алғашқы құбыла болды. Екі мешіттен кейін арнайы сапар шегіп зиярат қылып баруға болатын мешіт те — осы. Алла елшісі ﷺ былай деген:

لا تشد الرحال إلا إلى ثلاثة مساجد:المسجد الحرام،ومسجدي هذا(ومسجد الرسول صلى الله عليه وسلم)، والمسجد الأقصى

«Арнайы жолға тек үш мешіт үшін ғана шығуға болады: Мәсжидул-Харам, менің мешітім және Мәсжидул-Ақса», деген.5

Бұл хадисте мұсылмандарға Мәсжидул-Ақсаның дәрежесін тану және оған қатысты жауапкершілікті сезіну жөнінде ишарат бар. Яғни оны күпірлік, азғындық, адасушылық әрекеттерден тазарту, Алла Тағаладан осы Иерусалимде (Құдыста) Ислам туының қайта желбіреуін және дұғаларында тастамауын сұраймыз.

Осы ұлы сапар арқылы намаздың маңыздылығы да ерекше түрде айқындалды. Намаздың Исламдағы орны өте жоғары. Оның қадірін арттырған тағы бір жайт — намаздың дәл Исра мен Миғраж түні парыз етілуі. Бұл — намазға деген ерекше қамқорлық пен құрметтің белгісі. Сондықтан да намаз Алла елшісінің ﷺ қайтыс болар алдындағы соңғы құтпадағы өсиеттерінің бірі болды.

Исра және Миғраж сапары — Пайғамбардың ﷺ ұлы мұғжизаларының бірі. Кейбір ақылсымақтар бұл оқиға тек рухани түрде болды немесе түс қана еді деп жорамалдады. Алайда сәләф (алдыңғы 3 ғасыр) пен хәләф (одан кейінгі ғасырлар) ғалымдарының басым көпшілігінің пікірі бойынша, ол ояу күйде, әрі тәнімен де, рухымен де жүзеге асты деді.

Имам Ибн Хажар «Сахих әл-Бухариге» жазған түсіндірмесінде былай дейді:

«Исра мен Миғраж бір түнде, ояу күйде, Пайғамбардың ﷺ тәнімен де, рухымен де болды. Бұл пікірді хадисшілердің, фиқһ ғалымдарының және кәлам ғұламаларының көпшілігі ұстанған. Бұған сахих хабарлардың айқын мәтіндері дәлел. Ақылға сыймайтын ештеңе жоқ болғандықтан, оны өзгеше жорамалдаудың қажеті жоқ».

Дәл осылай Имам Нәуауи де «Сахих Муслимге» жазған түсіндірмесінде айтқан.

Исра мен Миғраждың тән және рухпен болғанына тағы бір дәлел — Құрайыш кәпірлерінің бұл оқиғаны тым таңғаларлық көруі. Егер ол тек түс қана болғанда, Құрайыш оны жоққа шығармас еді және онда мұғжизалық сипат та болмас еді.

Исра мен Миғраж мұғжизасы — мұсылмандар үшін мәңгілік қайталанбас мектеп. Олар осы оқиғадан ғибрат алып, Алланың мына сөзіне лайық болуға ұмтылады:

كُنْتُمْ خَيْرَ أُمَّةٍ أُخْرِجَتْ لِلنَّاسِ تَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَتَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنْكَرِ وَتُؤْمِنُونَ بِاللَّهِ وَلَوْ آمَنَ أَهْلُ الْكِتَابِ لَكَانَ خَيْراً لَهُمْ مِنْهُمُ الْمُؤْمِنُونَ وَأَكْثَرُهُمُ الْفَاسِقُونَ

«Сендер — адамдар үшін шығарылған ең қайырлы үмбетсіңдер: жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тиясыңдар әрі Аллаға иман келтіресіңдер. Егер Кітап иелері де иман келтірсе, олар үшін қайырлы болар еді. Олардың ішінде иман келтіргендері бар, бірақ көпшілігі — бұзақылар».6

Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің наиб имамы Абзал Сұлтанғалиұлы

1. Нәжм сүресі, 12–18-аяттар
2. Рум сүресі, 30-аят.
3. Ахзаб сүресі, 36-аят.
4. Имам Бухари.
5. Әли Имран сүресі, 110-аят
6. الإسراء والمعراج دروس وعبر
https://www.islamweb.net/ar/

предыдущая статья
Ережеп айының ерекшелігі мен қасиеті.

Назидание

все статьи

Медиа

все записи
Разработка сайта — Иником