Қостанай ауданындағы Жамбыл ауылдық мешітінің ұжымы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығына орай есте қаларлық шара ұйымдастырды. Онда ауданға қарасты ауыл мешіттерінің жамағаттары арасында волейболдан жарыс өткізді.
Әділқазылар алқасының шешімімен жүлделі бірінші орынды Мәскеу, екінші орынды Жамбыл, үшінші орынды Озерный мешіттерінің жамағаттары иеленді. Жүлдегер командалар марапатталды.
Сайыстан соң алыс-жақыннан келген қатысушыларға дастархан жайылып, Ислам дінінің құндылықтары жөнінде уағыз-насихат айтылды. Ас соңында дін қызметкерлері жамағатқа алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Тобыл қаласындағы "Маңдай батыр" мешітінің Бас имамы Дархан Манарбекұлы облыстың Бас имамының тапсырмасы бойынша алда тұрған міндеттерді талқылау мақсатында жиын өткізді.
Оған Қостанай ауданына қарасты Озерный, Қостомар, Жамбыл, Алтын дала, Московский және Алтынсарин ауылдарының имамдары қатысты.
Аталмыш басқосудан соң жергілікті имамдардың діни білімдері мен біліктіліктерін жетілдіру үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуә бөліміне қатысты семинар ұйымдастырылды.
Осы кездесулер тиісті деңгейде өтіп, дін қызметкерлері көп жайды көңілдеріне түйді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысындағы халал стандартына сай сертификатталған «Terra meat» қасапханасы мен «Poultry agro» құс фабрикасында айлық аудтит жұмыстары жүргізілді. Бақылау-қадағалау шараларын «Халал Даму» технологы Нұрбек Қанатұлы мен жергілікті өкіл Алишер Балахмет орындады.
Сонымен қатар, қасапхана мен құс фабрикасындағы құрал-жабдықтардың тазалығы, шикізаттың өңделуі, жұмысшылардың халал стандарттарын сақтау деңгейі тексерілді. Кәсіпорын қызметкерлеріне халал талаптары бойынша қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы әдістемелік нұсқаулықтар таратылды.
Тексеру нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша тиісті ескертулер жасалып, оларды жою бойынша нақты ұсыныстар берілді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығы және дін мен дәстүр бағыты бойынша облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің ұйымдастыруымен «Ақ бата-асыл мұра» атты өңірдегі ақсақалдар арасында бата жарысы болып өтті.
Осынау өмірден көргені мен түйгені мол аға ұрпақ өкілдері бас қосқан сайысқа аудандар мен қалалардан 24 адам бақтарын сынады. Олардың бәрі де жергілікті жерлерде ақыл - парасаты және өнегелі өмірлерімен абыройға бөленгендер.
Олар жарыс барысында бірнеше номинация бойынша көкейлеріндегі білім-біліктері және ұлағатты да терең ойларымен жұртшылықтың назарын аударды.
Әділқазылар алқасының шешімімен бірінші орынға Жардыхан Сезімхан, екінші орынға Сүндет Молдашев, үшінші орынға Бақытбек Оспанов ие болды.
Сондай-ақ «Мейірімді қария», «Қазыналы қария», «Шежірелі қария», «Заманауи қария», «Батагөй қария» номинацияларын Хасенғали Камалов, Жамбау Тоқмағамбет, Жаппар Ғаниев, Бақытжан Сәуекенов, Сайым Садықовтар жеңіп алды.
Жүлдегерлерге Алғыс хаттар, демеушілердің қолдауымен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Қатысушылардың құрметіне мешіттің асханасында дастархан жайылды. Абыз ақсақалдар бата берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешіті ұжымының бастамасымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығы және Міржақып Дулатовтың туғанына 140 жыл толуына байланысты «Дәріптейік - Алаш арыстарын» атты ғылыми-танымдық конференция болып өтті.
Оған А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, Phd докторы Рауан Байдалыұлы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, профессор, белгілі ақын Серікбай Оспанұлы, Міржақып бабамыздың ұрпағы, кәсіпкер, ел ағасы Бақберген Қасымұлы, Л.Н.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметкері Э.Елькеева, жоғарыда аталған оқу орнының ұстаздары мен студенттері һәм мешіттің алқа мүшелері қатысты.
Конференцияда болашақ ұрпақтың бойына патриоттық рухты сіңіру мақсатында ғалымдар баяндама жасады. Жиналған қауым кітап көрмесін тамашалап, Алаш ардақтысының өмірін бейнелейтін еңбектерімен танысты.
Келген қонақтарға дастархан жайылып, естелік сыйлықтар табыс етілді. Мешіт ақсақалдары бата берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығы, сонымен қатар «Ислам және отбасы құндылығы» жылдығы аясында Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде дүниеден өткен дін қайраткерлерін еске алуға арналған жиын болып өтті.
Оған марқұмдардың аудан және қалаларда тұратын туған-туысқандары, шаңырақтарындағы шырақтарын сөндірмей отырған жан-жарлары, ұрпақтары шақырылды.
Осынау танымдық-тағылымдық жағы мол басқосуда Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері өңірдегі мешіттерде қызмет атқарған әріптестер жайлы жүрек тебірентерлік сөз айтты. Олардың жұртшылықты имандылыққа ұйытуда сіңірген еңбектеріне жан-жақты тоқталды.
Кездесу барысында кезінде облыстың бас имамы Ертай қажы Исламұлы, көрнекті тұлға Ғазиз қажы Әмірханұлынан бастап өзге азаматтардың мағыналы өмір деректері жайлы бейне роликтер арқылы көрсетілді.
Сондай-ақ, арамыздан ерте кеткен имамдардың отбасыларына естелік сый-сияпаттар жасалды. Жиыннан кейін мешіттің асханасында дастархан жайылып, ас берілді. Аруақтарға бағышталып, Құран оқылды. Абыз ақсақалдар бата берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
«Маңдай батыр» мешітінің Бас имамы Дархан Манарбекұлы және Қостанай аудандық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің әдіскер - теологы Азамат Серікбайұлы Владимиров ауылында болып, тұрғындармен кездесті.
Онда өзекті мәселе «Экстремизмнің зардабы» тақырыбы қозғалып, дін қайраткерлері қазақ-орыс тілдерінде уағыз-насихат айтты. Жүздесу соңында жиналғандар көкейде жүрген сауалдарын қойып, оған тұшымды жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жұртшылықтың есінде болар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы үстіміздегі жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялаған болатын.
Соған орай Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің наиб имамы Ерлан Өмірбекұлы мешіт ақсақалдарымен осы маңызды тақырып бойынша кездесу өткізді.
Басқосуда мемлекетіміздің тірегі болып табылатын отбасының алар орны жайлы әңгіме өрбітті. Қатысушылардың сауалдарына нақты жауап берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай ауданына қарасты Қостомар ауылдық мешітінің қызметкерлері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 35 жыл толуына орай жергілікті жамағаттар арасында футболдан жарыс ұйымдастырды. Ойын қорытындысы бойынша жүлделі бірінші, екінші және үшінші орындарға аудандық «Маңдай батыр», Озерныйдағы «Алима», Алтын дала мешіттерінің командалары ие болды.
Жарыстан кейін алыс-жақыннан келген қонақтар мен қатысушыларға дастархан жайылып, ас берілді. «Маңдай батыр» мешітінің Бас имамы Дархан Манарбекұлы жамағаттарға алғысын білдіріп, Ислам дінінің құндылықтары жайлы уағыз-насихат айттты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай аудандық "Маңдай батыр" мешітінің ұжымы және "Мейірімді жандар" тобындағы жамағаттардың қолдауымен қайырымдылық шарасы өткізілді.
Әлеуметтік жағынан аз қамтылған бес отбасына азық-түлік табыс етілді. Осынау ізгілікті іске демеушілік еткен азаматтарға Алла Тағаланың нұры жауып, алдарына қойған биік мұраттарына жете берсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі