Халықаралық қарттар күні қарсаңында Лисаков қалалық "Әбдіхаим Саламатұлы” мешітінің қызметкерлері “Орда” дәмханасында “Қазыналы қарттарым” атты тағылымды іс-шара ұйымдастырды.
Мұндағы басты мақсат - аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесін жастарға үлгі ету.
Сондай-ақ жаны жайсаң қариялардың жүрегіне жылу ұялату.
Аталған мерекелік кешке қала тұрғындары, зейнеткерлер мен ардагерлер, мешіт жамағаты және еріктілер қатысты. “Орда” да дәмханасының кең әрі жайлы залындағы дастархан басында қарттарға ерекше ілтипат танытылды.
Іс-шара барысында мешіттің Бас имамы жылы лебізі мен ізгі тілегін білдірді. Қонақтар әдемі әуен мен термелерді ұйып тыңдады. Абыз ақсақалдар жастарға бата беріп, имандылық ордасының ұжымына шынайы алғыстарын жеткізді.
Осындай мағыналы шаралар үлкендерді құрметтеу – ізгіліктің бастауы екенін тағы бір дәлелдеді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі