Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі 2026 жылғы діни күндер кестесін бекітті.
Хижри айлардың басталуы халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметтері негізінде жасалды. Пәтуа мамандары діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертеді.


Дереккөз: 2026 ЖЫЛДЫҢ ДІНИ КҮНДЕР КЕСТЕСІ БЕКІТІЛДІ , Muftyat.kz
Жақында Дархан қажы Сыздықов басқаратын Қостанай аудандық "Маңдай батыр" мешіті ұжымының ұйымдастыруымен "Қайырымды жұма" акциясы болып өтті.
Онда жанашыр демеуші азаматтардың қолдауымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған көп балалы көмекке мұқтаж 5 отбасына 103 806 теңгенің көлемінде азық-түлік табыс етілді.
Қамқорлыққа бөленген жанұялар жаны жомарт жандарға шын көңілден шыққан жылы лебіздерін білдіріп, алғыстарын жаудырды.




Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінде жиналған жамағатқа наиб имам Бақберсін Ізбасаров “Құрметтің шыңы ата-анаға илтипат” деген тақырыпта уағыз-насихат айтты.
Тағылымы мол әрі тәрбиелік мәні зор ғибратты әңгімені қатысушылар ұйып тыңдады. Олар түнгі намазды оқып, үйлеріне тарқасты.
Сондай-ақ, өткен бейсенбі күні имандылық ордасында намазхандарға дастарқан жайылып, ауызашар берілді. Басқосуда жұртшылық наиб имам Қазбек Кошеровтың өзекті тақырыпқа арналған уағыз-насихатынан көп жайды көңілдеріне түйді. Соңында ақсақалдар бата берді.


Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің ұжымы қасиетті жұма күні қайырымдылық шара ұйымдастырды.
Онда көмекке мұқтаж 7 отбасыға 140 мың теңгені құрайтын азық-түлік табыс етілді. Олардың демеушілік еткен азаматтарға алғысы шексіз.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысына жасаған жұмыс сапары аясында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде өңір жастарымен кездесті.
Шара «Ислам және отбасы құндылықтары» жылы аясында ұйымдастырылып, «Жастар – ізгілік жаршысы» тақырыбында өтті. Кездесуді университеттің әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Темірбеков Нұрлыхан Мұқанұлы жүргізді.
«Жас келсе – іске» дегендей, қай істе болсын жастардың үлесі үлкен. Олар көптігімен емес, тәуекелшілдігімен, табандылығы және қайсарлығымен мықты. Тарихтың қайсыбір қатпарына көз тастасақ та, жастардың қатысуынсыз іс бітпеген.
Бүгінгі таңда жастар халықаралық аренада да елеулі және ықпалды күшке айналуда. Жас ұрпақтың әлеуметтік белсенділігі – қоғамдық дамудың маңызды қозғаушы күші. Сондықтан интеллектуал, жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу – жалпыұлттық, мемлекеттік ауқымдағы міндет»,- деді Бас мүфти өз сөзінде.
Кездесу барысында студенттер көкейдегі сұрақтарын қойып, ұлттық тәрбие мен руханият төңірегінде мазмұнды пікір алмасты.
















Дереккөз: ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ҚОСТАНАЙДА ӨҢІР ЖАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ , Muftyat.kz
Бүгін Қостанай қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан ұйымдастырылған «Міржақып Дулатұлына 140 жыл: Өмірі мен мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында алаш қайраткерінің өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған арнайы көрме ұйымдастырылды.
Шара аясында «Торғай мұражайлар кешенінің» көшпелі көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде Міржақып Дулатұлының қоғамдық-саяси қызметін айғақтайтын сирек архив құжаттары, тарихи деректер мен жәдігерлер қойылып, келушілерге тұлғаның ұлт тарихындағы орны жан-жақты таныстырылды.
Сонымен қатар, көрме залында Міржақып Дулатұлына арналған кітап көрмесі өттіп, онда алаш қайраткерінің өз еңбектерімен қатар, оның өмірі мен шығармашылығы жөнінде жазылған ғылыми зерттеулер, монографиялар мен басылымдар көрермен назарына ұсынылды.
Іс-шара аясында «Ақ желең» ансамблі Міржақып Дулатұлына арналған күйлерді орындап, жиналған көпшілікке рухани мазмұны терең өнер туындыларын тарту етті.








Дереккөз: МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫНЫҢ 140 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ АРНАЙЫ КӨРМЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ , Muftyat.kz
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Бас мүфти Діни басқарма тарапынан ұйымдастырылған «Міржақып Дулатұлына 140 жыл: Өмірі мен мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.
Аталған конференцияда Наурызбай қажы Тағанұлы қазақ халқының тәуелсіздік идеясын ұлт санасына сіңіріп, рухани жаңғыруға үлес қосқан Алаш ардақтыларының еңбегі ұрпақ үшін аса маңызды екенін атап өтті.
«Міржақып Дулатұлы – қазақ халқының рухани жаңғыруына, білім мен мәдениетке, ұлттық сана мен еркіндікке үндеген көрнекті тұлға. Оның «Оян, қазақ!» деп ұран тастап, елін білімге, өркениетке, әділет пен еркіндікке шақыруы бүгінгі буын үшін де аса маңызды өнеге деп санаймыз», – деді Бас мүфти.
Конференция жұмысына мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшылар, ғалымдар мен дін саласының мамандары қатысып, Міржақып Дулатұлының өмір жолы мен мұрасы жан-жақты талқыланды.
Жиын соңында Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бақытсыз Жамал: тағдыр және таным» атты эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы I, II, III орын иегерлеріне сертификат пен қаржылай сыйлық табыс етті.
























Дереккөз: БАС МҮФТИ ҚОСТАНАЙДА МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫНЫҢ 140 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ , Muftyat.kz
Республика күні қарсаңында өңір бойынша футбол, волейбол және үстел теннисінен жарыстар ұйымдастырылды. Оған мешіт жамағаты пен имамдар белсене қатысып, бақтарын сынады.
Сайыс алдында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы сөз алып, егемен еліміздің Тәуелсіздігі оңайлықпен келмегендігін, ата-бабаларымыз осы жарқын күндерге қаншама қажыр-қайраттарын жұмсағандығын тілге тиек еттік.
Жарыс соңында жүлделі орындарға ие болғандарға арнайы сертификаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.













Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Су – тіршілік көзі, күнделікті тұрмысымыздың, құлшылығымыздың ажырамас бөлігі. Ата-бабаларымыз: «Су – өмір нәрі», «Су – ырыстың көзі, Еңбек – кірістің көзі», «Су бар жерде ырыс бар» деу арқылы судың маңызын насихаттаған.
Алла Тағала «Әнбия» сүресінің 30-аятында: «Тіршілік иелерінің барлығын судан жараттық. Олар сонда да иманға келмей ме?» – деп айтқан. Тәпсір ғалымдары: «Бұл аятта су жер бетіндегі барлық жаратылыстың тіршілік көзі екені айтылуда» деген. Расымен де, жер бетіндегі барлық тіршілік иесі үшін су ауадай қажет. Жер бетінің жетпіс пайыздан астам бөлігін су алып жатыр. Қаншама тіршілік иесі судың себебімен өмір сүріп, тепе-теңдігін жоғалтпай келеді.
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында: «Табиғи ресурс-тарды, әсіресе суды үнемдеу мәдениетіне келсек, ол жағынан үлкен кемшілік бар екенін мойындауымыз қажет. Яғни, атқарылатын жұмыс шаш етектен. Бұл – азаматтардың, әсіресе жастардың арасындағы түсіндіру шараларының, тіпті идеология жұмысының жеке бір бағыты. Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуы тиіс», – деп атап өткен болатын.
Расында, халық арасында суды үнемдеу мәселесіне қатысты барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген абзал. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміз бойынша айтылатын жұма уағызында суды үнемдеу жайлы тұрақты түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне суды ысырап етпеуді, оны үнемдеуді, ағын суды ластамауды насихаттаған.
Су – Алла Тағаланың адамзат баласына берген үлкен нығметі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Такасур» сүресінің 8-аятында: «Сосын сендер сол күні нығмет атаулыдан міндетті түрде сұраласыңдар», – деп ескерткен. Мұсылман адам әрбір ішіп-жеген және басқа да қажеттіліктері үшін қолданатын су нығметі үшін Раббысына шексіз шүкірлік білдіруге тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тамақтанғаннан кейін: «Бізді тойдырып, сусын берген әрі мұсылман еткен Аллаға мадақ болғай!» – деп дұға етуді үйреткен.
Халық даналығында: «Судың да сұрауы бар», «Су бергеннің сауабы бар, су төккеннің жауабы бар» деген сынды керемет нақыл сөздер айтылған. Мұның астарында суды үнемдеу, оны ысырап етпеу, суға ұқыпты қарау деген көптеген мағына жатыр. Судың нығметі үшін шүкіршілік ету құр тілмен айтумен жүзеге аспайды. Оны дұрыс, тиімді, үнемдеп және ұтымды пайдалана алған жағдайда ғана шүкіршілігіміз лайықты түрде орындалады.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 3-аятында: «... жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Расында, Ол (Алла) ысырап етушілерді әсте ұнатпайды», – деп ескерткен. Егер суды ішкеннің өзінде Алла Тағала бізге оны шамадан тыс қолдануды қайтарып отыр. Суды артық қолдану ысырапты іс, ал ысрап күнә болып саналады. Күнә іс жасаудың о дүниеде жазасы тым қатты болмақ. Сондықтан суды басқа мақсатта қолданғанның өзінде тіпті сақ болуымыз керек.
Дәрет алу – құлшылықтың әрі тазалықтың негізі. Бірақ оның өзінде суды шамадан тыс шашып-төгуге болмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл үмбеттің ішінде дәрет пен дұғада шектен шығатын бір топ болады», – деген. Имам Айни (Алла оны рақымына алсын): «Дәретте шектен шығу – көп құйып (төгіп) және мөлшерін арттыру арқылы суды ысырап ету дегені», – деп түсіндірген. Имам Ахмад (Алла оны рақымына алсын): «Суды (дәретте) аз қолдану кісінің білімін көрсетеді», – деген екен. Ғалымның шәкірті Мәруәзи: «Әскери тұрақта Әбу Абдулланың (имам Ахмед) суын әзірлеп бердім. Оның аз сумен жуынғанын көрген жұрт дәрет алуды білмейді екен деп айтпауы үшін көлегейлеп тұрдым», – деп айтқаны бар. Біз бұдан Ислам ғұламаларының суды мейлінше ысырап етпеуге тырысқанын көреміз.
Бір кісі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Дәретті қалай алу керек?» – деп сұрады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір құмған су алдырды. Екі қолын үш рет жуды. Сосын жүзін үш рет жуды. Кейін қос білегін жуды. Басына масих тартып, екі сұқ саусағын құлағына кіргізді, бас бармағымен құлағының сыртына масих тартты. Сосын екі аяғын жуды. Мұнан кейін: «Дәрет осылай алынады. Кімде-кім бұдан арттырса, жаман етіп, шектен шықты, зұлымдық жасады», – деген екен.
Сол себепті мешіт дәретханаларындағы «Суды ысырап етпеңіз» деп арнайы жазылған ескертпелер бекер емес. Бұған әрбір мешітке келіп, дәрет алушы үлкен мән беруі қажет. Имам Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын): «Барлық ғалымдар бірауыздан теңіз жағасында болса да суды ысырап етпеу керектігін айтқан», – дейді.
Бір күні Сағд деген сахаба дәрет алып жатқанда қасынан Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өтіп бара жатып: «Уа, Сағд! Мынау не деген ысырап?!» – деп сұрайды. Сол кезде Сағд: «Дәрет алғанда да ысырап бола ма?» – деп таңғалады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрине, болады. Өзеннің жағасында болсаң да ысырап етуші болма», – деп ескертіп, барлық адамзат баласы ұстанатын қағиданы бекітіп берген.
Ендеше барлығымыз бір адамдай өзен, теңіз, құдық, арық сияқты су көздерін сақтап, таза әрі табиғи күйін кейінгі ұрпаққа қалдыруға күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Судың барлық адамға таза күйінде жетуі деніміздің саулығына, құлшылығымыздың бүтіндігіне, тіршілік жасауымызға тікелей байланысты. Сондықтан суды үнемдеу, ысырап етпеу – дініміздің міндеті әрі талабы. Олай болса, мұсылман адам әрбір нәрсені есеппен жасауы тиіс. Қаражаты жеткен барлық нәрсені алу, пайдалану шарт емес, қажетіне жетерлік мөлшерді алу не пайдалануы керек.
Халқымызда «суға түкірме», «суға дәрет сындырма», «суға қоқыс төкпе», «суды былғама» деген сынды тыйым сөздер бар. Ата-бабаларымыз осындай тыйым сөздерді ұрпағына жиі айтып, тәлім-тәрбие берген. Суға түкіру – қазақ халқының адамгершілік құндылықтарына теріс, ол діни-этикалық нормаларға да қайшы. «Суға түкіру», «суға дәрет сындыру» немесе «адамның жолына үлкен немесе кіші дәретке отыру» сынды тыйым салынған әрекеттер дінімізде де, дәстүрімізде де көрініс тапқан. Діні мен дәстүрін ардақтап, қос құндылықты қастер тұтқан халқымыз бейәдеп танытқан адамға: «Су ішкен құдығыңа түкірме», – деп айтқан. Демек, өзен, құдық, көл болсын, жалпы тіршілік көзі саналған су құрметті әрі қадірлі дүние деп бағаланады.
«Қолдағы алтынның қадірі жоқ» дегендей, күнделікті көріп жүрген нығметтерге үйреніп, оның қадір-қасиетін ұмытып кететін жағдайлар аз болмайды. Судың да көп жағдайда қадір-қасиетін лайықты дәрежеде түсінбей жататынымыз жасырын емес. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мүлік» сүресінің 30-аятында: «Қане, айтыңдаршы, бар суларың жер түбіне тартылып ізім-қайым жоғалып кетсе, сендерге қайтадан тұщы қайнар суды кім шығарып бере алады?!» – дейді.
Бұл – адамзат баласын ойландыратын аят. Бұл аят Алланың нығметін еске салады, тәкаппарлықтан, шүкірсіздіктен сақтандырады. Шын мәнінде, адам өмірі суға тікелей тәуелді. Егер Алла қаласа, ол суды жердің түбіне сіңіріп жібере алады. Ондай жағдайда адамзат ешнәрсе істей алмай қалатыны хақ. Егер Алла қаламаса, адам қандай технология мен ғылымға ие болса да табиғи тұщы суды жердің түбінен қайта өз еркімен шығара алмайды. Бұл аят қазіргі экологиялық дағдарыс пен су тапшылығы мәселесін меңзейді. Адам табиғатты құртып, суды ластап, ысырап етсе, мұндай нығметтен айырылып қалуы ғажап емес.
Бұдан түйетініміз, суды, жалпы табиғатты ежелгі болмысында сақтау – мойнымыздағы аманат. Осыған кері әрекет еткен кісі тек өзіне емес, қоғамға, барлық адамзатқа үлкен зиян тигізбек. Қазіргі күні тұрмыста қолданылатын қарапайым үнемдеу әдістері арқылы судың қорғалуына үлкен үлес қосқан боламыз. Суды қорғау – өмірді қорғау деген сөз. Ендеше суды үнемдеуді өзімізден бастайық!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти