Қостанай облысының Батпаққара өңірінде ғұмыр кешкен Файзолла қари Сатыбалдыұлы – имандылық пен ізгілікті насихаттаған ұлы тұлға. Оның оқыған қасиетті Құран кітаптары ұрпақтарының қолында ұзақ уақыт сақталып келді. Көзі қарақты оқырман Қаридың басқа да көпшілікке өмірлік тағылым болар шығармаларын білсе керек.
Жақында оның елордамыз Астанада тұратын немересі Рамазан Сұлтанұлы Зияуйтденов «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде болып, жоғарыда аталған Қасиетті Құран кітаптарын «Файзолла қари» оқу орталығына табыс етті.
Бұл аса бағалы жәдігерлерді осынау орталықтың басшысы Нұрлан Сейдағалиев қабылдап алып, шынайы алғысын білдірді. Жиналғандарға XVIII-XIX ғасырларда жарық көрген дүниелердің оқырмандарға үлкен ой салып, ізгілікке бастайтындығына тоқталды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай облыстық мешітінің наиб имамы Абзал Сұлтанғалиұлы Л. Толстой атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында болып, ұжым қызметкерлерімен кездесті.
Жиын барысында парасат ордасының басшысы Сәния Серікқызына облыстық мешіттің Бас имамының атынан ізгі тілегін білдіріп, Алғыс хат пен Серікбай қажы Ораздың «Ұлы Дала төсіндегі Ислам» кітабын табыс етті.
Тоқтала кетер бір жай, жоғарыда аталған кітапхана қызметкерлері мешіттің жанындағы кітапхана жұмысының жандана түсуіне өздерінің әдістемелік көмектерін көрсетіп келеді. Осы ізгі мақсаттағы қарым-қатынас алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Федоров аудандық «Жиентай қажы» мешітінің бас имамы Руслан Маратұлы жергілікті жастармен маңызды кездесу өткізді.
Ол жүздесу барысында теріс діни ағымдардың зардабы жөнінде насихат айтты. Әсіресе, әлеуметтік желіде жарияланатын күмәнді мәліметтерге сақ болуға шақырды.
Басқосуға қатысқан студенттер көкейде жүрген сұрақтарын қойып, оған нақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінде әр жұмада жиналған жұртшылыққа құрт көжені тарату дәстүрге айналды. Оның басты мақсаты-жамағаттың ауызбіршілігін нығайту.
Сондай-ақ «Қайырымды жұма» аясында 10 отбасыға азық-түлік берілді. Қамқорлыққа бөленген шаңырақ иелері мешіт қызметкерлеріне шын жүректен шыққан шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Әулиекөл ауданына қарасты Көктал ауылының тұрғындары бірауыздан алкоголь өнімдерінен бас тартты. Өз елді-мекендерін «Ішімдіксіз аймақ» деп жариялаған ауылдықтар бұл шешімдері қоғамның денсаулығын нығайту, рухани құндылықтарды сақтау және ауылдағы қауіпсіздікті күшейту мақсатын көздейді.
Жергілікті клубта ішімдіктен бас тартуға бағытталған жиында мұғалімдер, ақсақалдар, дәрігерлер, фермерлер мен дін өкілдері бас қосты. Онда сөз алған мектеп директоры Н.Ислямова: «Біз жас ұрпақтың дені сау, саналы және жауапты болып өсуін қалаймыз. Ішімдіксіз өмір – бұл өркениетке бастайтын даңғыл жол», – деп көпшіліктің ойын білдірді.
Ал ардақты ақсақал А. Әміржанов соңғы үш жылда Көктал ауылында бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмегенін мақтанышпен жеткізе келіп: «Осы бастама ауылымыздағы тыныштық пен тәртіпті одан әрі нығайтуға септігін тигізеді», – деді.
Жұртшылықты имандылыққа ұйытып отырған аудан имамы Нұрбол Балахметов: «Ішімдіксіз өмір – бұл тек денсаулыққа ғана емес, рухани байлыққа да жол ашатын саналы таңдау» деген пікірін ортаға салды.
Әңгімеге арқау болған Көктал елді-мекені бүгінде өзгелерге үлгі боларлықтай. Ауылда спорттық жарыстар, салауатты өмір салтын насихаттайтын дәрістер мен тұрғындарды ынтымақ-бірлікке шақыратын мәдени шаралар ұйымдастыруға жете назар аударады. Ең маңыздысы, олар өздері қолға алған шешімдерін қадағалап, оның орындалуына атсалысып отырады. Осынау ортақ өнегелі іс әр адамның жауапкершілік жүгін арттыра түсті.
Сонымен, «Ішімдіксіз ауыл» жобасы өзінің нәтижесін беруде. Жергілікті азаматтар бастаманың жүзеге асуы әр отбасыға байланысты және оның күші жұдырықтай жұмыла білуде екендігіне көздері әбден жетті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің ұжымы жұртшылыққа үлгі болар түрлі танымдық шараларды өткізуге мұрындық болып келеді. Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде Ережеп айының құрметіне жамағатқа “ауыз ашар” берілді.
Сондай-ақ аталмыш имандылық ордасындағы имам-ұстаздар жамағатпен қоян-қолтық араласа қызмет атқарып, олардың діни сауатын арттыруға айрықша көңіл бөлуде.
Мұндағы білікті мамандар өткізілетін дәрістердің сапалы әрі тартымды болуына айрықша назар аударады. Шәкірттер де тәлімгерлерінің әрбір сабағын мұқият тыңдап, өздерінің шынайы алғыстарын білдіруде.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай аудандық "Маңдай батыр" мешітінің ұжымы және "Мейірімді жандар" тобындағы жамағаттардың қолдауымен қайырымдылық шарасы өткізілді.
Аталмыш ауданға қарасты Қостомар ауылындағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған бес отбасына 90 047 теңгені құрайтын азық-түлік табыс етілді.
Осынау ізгілікті іске демеушілік еткен азаматтарға Алла Тағаланың нұры жауып, алдарына қойған биік мұраттарына жете берсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің наиб имамы Азамат Серікбайұлы Тобыл қаласында теріс ағымдарға байланысты бірқатар кездесулер өткізді.
Осы сапар барысында жергілікті орта мектептің оқушыларымен, Халыққа қызмет көрсету орталығы ұжымы және Ауыл шаруашылық колледжі студенттерімен жүздесті.
Ол бұл басқосуларда қазіргі таңдағы өзекті тақырыптардың бірі – теріс ағымдардың алдын-алу және оның қоғамға тигізер зардаптары жөнінде жан-жақты әңгімеледі. Қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Федоров аудандық «Жиентай қажы» мешітінің бас имамы Руслан Маратұлы жергілікті ауыл шаруашылығы колледжінің студенттерімен кездесті.
Жүздесу барысында дін қайраткері жастарға қоғамға пайдалы болудың қасиеттілігі, отансүйгіштік, жемқорлықтан аулақ болу, теріс ағымдардан сақтанудың жолдары жөнінде насихат айтты.
Осынау басқосуда студенттер бас имамның келелі тақырыптағы құнды пікірлерін ұйып тыңдап, көкейде жүрген сауалдарына нақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қайырымдылық көмек көрсетілді
Ұзынkөл аудандық «Құрман баба» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 35 жылдығына орай қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылды.
Онда бір жылқы сойылып, көп балалы және көмекке мұқтаж 20 отбасына ет пен азық-түлік таратылды. Жиын барысында уағыз-насихаттар айтылып, шаңырақ иелерінің қойылған сауалдарына жауап берілді.
Мешіт тарапынан жасалған қайырымдылыққа дән риза болған азаматтар шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді.
Білікті маманмен жүздесу
Есенгелді қажы Сақтағанұлы басқаратын Ұзынкөл аудандық "Құрман баба" мешітінде түрлі сала мамандарымен жүздесулер ұйымдастыру дәстүрге айналды.
Таяуда жергілікті төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Артур Болтиков маңызды тақырып бойынша кездесу өткізді.
Өз саласының майталманы төтенше жағдайларға байланысты, соның ішінде өрт қауіпсіздігіне аса мән беру мен оның алдын алу және өрт кезінде қандай нақты іс-әрекеттер жасау керектігі жөнінде кеңінен әңгімеледі. Жиналғандарға жадынама қағазын табыс етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі