Жақында Қостанай ауданына қарасты Алтын дала ауылында Мәуліт мерекесі аталып өтті. Оған өңірімізге танымал дін қайраткерлері, белгілі азаматтар және жергілікті мұсылман бауырларымыз қатысты.
Жиналған қауымды облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің найб имамы Әлішер Балахмет пен ауыл әкімі Жаннай Қайырбайұлы мейраммен шын жүректен құттықтап, әрбір отбасына ырыс-береке, молшылық тіледі.
Сонымен қатар осы айтулы басқосуға «Жайлаубай ата», «Марал ишан», «Маңдай батыр» мешіттерінің Бас имамдары Шоқан қажы Әмірханов, Бектұрсын қажы Торғайбайұлы, Дархан қажы Манарбекұлы арнайы шақырылды.
Мәуліт кеші өте тартымды да әсерлі өтті. Елді мекен тұрғындары олардың ұлағатты сөздерін ұйып тыңдап, көп тағылым алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Есенгелді қажы Сақтағанұлы Бас имам болғалы бері Ұзынкөл ауданының жұртшылығын имандылыққа шақыруда, адамгершілік пен кісілікті ту етіп ұстауда қаншама игі істерге мұрындық болып келеді.
Мәселен, таяуда ғана жергілікті мешітте ауданның жастары мен жас отбасылары басқосты. Жиында «Ішімдіктің зияны» және «Біз есірткіге қарсымыз» атты тақырыптар қозғалды.
Тәрбиелік мәні ерекше уағыз-насихатты қатысушылар ұйып тыңдады. Мешіт қызметкерлері олардың қойған сауалдарына нақты мысалдармен жауап берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Нұрхан Асанұлы жергілікті Шоқан Уәлиханов атындағы №1 жалпы білім беретін мектепте болды.
Ол онда жоғары сынып оқушыларымен кездесуде жат ағымның тигізетін зардабы жөнінде айта келіп, шаһардағы мешітпен тығыз байланыста болу керектігін еске салды.
Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының үстіміздегі жылғы «Ізгі қоғам» бағдарламасы аясында да тілге тиек етті. Оқушылардың қойған сауалдарына нақты жауап берді.
Білім ордасы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибәділдәқызы бас имамға мазмұны терең әңгімесі үшін мектеп ұжымы және оқушылары атынан шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Алатаудың баурайындағы Алматы шаһарынан келген РАНТ мүшесі, Исламтанушы әрі тәлімгер Дастан Жанасұлы Қостанай облысындағы сапары барысында Рудный қалалық «Нұр» мешітінде де болды.
Ол жергілікті жамағатпен кездесіп, «Ғибадаттың мақсаты мен пайдалары» деген тақырыпта ақшам уағызын өткізді. Жиналған қауым білікті маманның ұлағатты сөздерін тыңдап, көп жайға қанықты.
Кеншілер қаласындағы бұл кездесу жиналғандардың жадында ұзақ сақталары сөзсіз. Өйткені, онда тың ой-пікірлер айтылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Үстіміздегі жылы айтулы мереке - Республика күніне байланысты өңірде қаншама танымдық-тағылымдық жағы мол шаралар өткізіліп, оны көрген замандастарымыз рухани ләззат алып, ризашылықтарын білдірді.
Бұл орайда Арқалық қалалық “Мухтасиб Әлмұхаммед” мешіті қызметкерлерінің атқарған жұмыстары көпке үлгі боларлықтай. Мәселен, олар имандылық ордасында ұлттық нақыштағы жәрмеңке және қолөнерлік каллиграфиядан көрме өткізді.
Аталған көрменің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына дін қызметкерлері мен жергілікті жамағаттар белсене атсалысты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
РАНТ мүшесі, исламтанушы әрі ұстаз Дастан Құрманбаев Қостанай облысының имамдарына арналған семинарға қатысып, ой салар пікірін ортаға салды.
Онда «Жат ағымның жақтастарымен жеке кездесулер өткізу әдістемесі» тақырыбы жайлы келелі әңгіме қозғады. Оның мазмұнды баяндамасын оңалту жұмысына бекітілген теологтар мен имамдар ықыласпен тыңдады.
Жалпы, есімі көпке танымал дін қайраткерінің Қостанай облысына сапары жоспарға сай өте әсерлі өтті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінде әйел-қыздар жамағаты арасында фикһ және ақида пәндерінен тест өткізілді.
Жыл аяқталуға таяу қалғандықтан мұндағы шәкірттер өздерінің білімдерін сарапқа салды. Әділқазылардың шешімімен І орынды иеленген Кәмшат Сабыржанға 30000, ІІ орынды иеленген Маржан Пернебекке 20000, ІІІ орынды иеленген Нұргүл Атабаеваға 10000 теңге ақшалай сыйлық табыс етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда облыстық «Аймағамбет қажы Спанұлы» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірдегі жастар ісі секторы «DINTELLECT» интеллектуалды білім сайысын ұйымдастырды. Оны найб имам Әлішер Балахмет басқарды.
Осынау тағылымы мол жарысқа облыс бойынша 10 команда қатысты. Әділқазылар құрамында белгілі дін қайраткерлері Дастан Құрманбаев, Бектұрсын Уәлиев, Дархан Сыздықов, Нұрбол Балахмет, Аңсаған Абдрахман, Сабыржан Есмұрзиндер болды.
Сайыс 7 кезеңнен тұрды. Оның қорытындысы бойынша І орынды облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы», ІІ орынды қалалық «Жайлаубай ата», ІІІ орынды Алтынсарин аудандық «Жанұзақ Алдиярұлы» мешіттерінің командалары иеленді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық пен сертификаттар берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің Бас имамы Нұрхан қажы Асанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясындағы тапсырмасына сәйкес шаһардағы студентермен кездесу өткізді.
Арнайы жайылған дастархан басындағы әңгімеге негізінен мұсылмандар арасындағы ауызбірлік пен құрмет тақырыбы арқау болды. Онда жастарға айтылған уағызда елдің жарқын болашағы ұлт пен ұлыстар арасындағы ынтымақ пен сыйластыққа, Отан үшін адал еңбек етуге байланысты екендігі сөз болды.
Бас имамның айтуы бойынша, осындай тәрбиелік мәні зор жүздесу әрбір бейсенбіде жалғасын таба бермек. Қатысушылар ұйымдастырушыларға дән ризашылықтарын білдірді. Құфтан намазы оқылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің қызметкерлері жергілікті №39 еңбекпен түзету мекемесінде үстел теннисінен жарыс ұйымдастырды.
Бұл сайысқа аталмыш имандылық ордасының жамағаты және мекеме қызметкерлерімен қатар жазасын өтеушілер де бағын сынады. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды мекеме қызметкерлері, екінші орынды жазасын өтеушілер, ал үшінші орынды мешіт жамағаты иеленді.
Бас имам Айбек Аманқосұлы жүлдегерлерге бағалы сыйлықтарды табыс етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі