Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев кезекті іс сапарында Әулиекөл ауданында болды. Ол ауданда ұйымдастырылған Мәуліт рухани кешіне қатысып, уағыз-насихат айтты.
Онда облыстық мешіттің наиб имамы Әлішер Ертайұлы мен Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Дархан Манарбекұлы Мәуліт-шәриф оқыды.
Тағылымы мол жиынға осы өңірдегі ардақты ақсақалдар мен ақжаулықты аналарымыз шақырылып, кештің ажарын кіргізді. Басқосуда аудан әкімі Жансұлтан Қоңыртайұлы айтулы мерекеге орай барша қауымды шын жүректен құттықтап, ең ізгі тілегін білдірді.
Мәуліт мейрамы өз деңгейінде өтті. Жиын соңында жергілікті «Әмит ишан» мешітінің бас имамы Нұрбол Исламұлы барша қонақтар мен жамағаттарға шынайы алғысын жеткізді.
Сондай-ақ аталмыш сапар барысында Бектұрсын Торғайбайұлы аудан басшысымен қалыптасқан діни ахуал жайлы келелі әңгіме қозғады. Әулиекөлдік ағайындармен жүздесуде діни рәсімдер кезінде ысырапшылдыққа және басқа да келеңсіздіктерге жол бермеу жөнінде тілге тиек етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі