Жалқаулық – адам бойындағы жағымсыз сипат, адамдық затын тоздыратын зиянды кесел. Бұл жаман кесел – жан мен тәнге, тіпті ақылға дендеп кетуі ықтимал. Бұл дерттің басты себептері – бос уақыт, жаны әрқашан бір жеңілдікті, рахатты сүю, ойын-сауыққа құмарлық, көп ұйықтау, жалған үміт жетегінде жүру және бұзылған орта.
Асыл дініміз жалқаулықты құптамайды. Ондай қасиеттен аулақ болуға бұйырады. Дұрыс ұғына білсек, жүректің тынышын, тәннің тынысын бұзатын да осы жалқаулық. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Сендер ұйықтағанда, шайтан адамның басына үш түйін салады. Әр түйінді салғанда, «түн ұзақ, жатып ұйықта» дейді. Егер оянып, Алланы тіліне алса, бір түйін шешіледі. Дәрет алса, тағы бір түйін шешіледі. Намаз оқыса, тағы түйін шешіліп, бойы сергіп қалады. Әйтпесе, жаман боп жалқауланып тұрады» (Бұхари, Муслим) – деп, жалқаулықтан қалай құтылу керектігін ескертекен.
«Адамды жөн білетін дана деп біл, Істерін жалқау жанның шала деп біл» (Шал Құлекеұлы)-демекші, жалқаулықты еңбек жеңеді. Әрекетке –берекет, еңбектену және қам-қарекет жасауға талпыну қажет. «Әрекет ету» сөзі Құранда көп айтылады. Мәселен: «Әрбір жанға әрекет-ұмтылыстарына лайықты қайтарым сыйы не жазасы берілу үшін...» (Таһа-15), Міне, ешкім сен үшін сенің шаруаңды істемейді. Сондықтан, орныңнан тұр да, өз қамыңды өзің жаса. Ибн Масғұд (р.ғ.): «Мен жұмыссыз бос адамды көрсем ашуланамын. Ондай адам дүниесіне де ахиретіне де ешбір пайдалы шаруамен айналыспайды»-деген. Жалқаулық пен еріншектік арлылық деген асыл қасиеттен жұрдай қылатын жаман әдет. Арлы адам – ешкімнен қол жайып сұрамайтын, өзге біреудің көлеңкесінде өмір сүруді қаламайтын жан. Абай атамыз қара сөзінде: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі - надандық, екіншісі - еріншектік, үшінші - залымдық деп білесің. Еріншектік - күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік - бәрі осыдан шығады» деу арқылы осыны дәлелдеп тұр.
Халық даналығында: «Диқаншы нанын жейді, еріншек арын жейді» деген керемет нақыл да орынды айтылған. Шәкәрім Құдайбердіұлы:
«Жалқаулық, көрсеқызар, ашу, мақтан, Арамдық, өтіріктен - ерте сақтан.
Күні бұрын жуытпа маңайыңа, Есер, есірік, ынжықтық - солар жақтан».
Ал, енді осы жалқаулықтан ісіміз шала болмас үшін, қалай құтыламыз? Соның бірнеше амалына тоқталып өтсек:
- Таңертең ерте тұру – адамға сергектік сыйлап, кешке дейін қалыпты күйде жүруге көмектеседі. Түн бізге тынығу үшін берілгендіктен, түнде ерте ұйықтап, таңертең ерте тұру қажет. Ерте тұру деген сағат тілімен ерте тұру емес, жылдың қай мезгілі болса да, күн шықпай тұруды айтады.
«Еңбекқор ширақ тұрады, еріншек қирап тұрады» дегендей ширақ тұру дегені «ерте тұру» дегенді білдіреді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ия, Раббым! Менің қауымыма таңертеңгі уақытта береке бер!», – деп дұға жасаған. Ендеше, осы сөзді басшылыққа алып, күннің берекесі сол күннің таң намазынан басталатынын естен шығармайық.
«Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық»-дегендей, күн шыққанша тіліңіз зікірде, қолыңыз шаруада болса, сол күннің сіз үшін мүмкіндікке қарай денені ширату, көбірек қимыл-қозғалыста болу. Жалқаулықпен жастық шағымызды босқа өткізіп алмау. Орыс жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты, ақын, публицист Иван Бунин: «Адамзат, сенің қасыретің сол, жастығыңды ақымақтықпен өткізіп, жасампаз шағыңды жалқаулықпен тауыстың. Енді көрге лақтырар қаңқаң ғана қалды. Пендеге де, батырға да, Адамның бүкіл ұрпағына ортақ мылқау өліктердің мәңгілік мекені бар екенін ұмытпа».
- Дұға ету де маңызды нәрселердің бірі. Ардақты Пайғамбарымыз: «Ия, Алла! Қайғы-қасіреттен, уайым жеуден, дәрменсіздіктен, жалқаулықтан, қорқаулықтан, сараңдықтан, қарызға батудан және адамдардың зорлық-зомбылығынан Өзіңе сыйынамын», - деп дұға жасап, үмметіне де бұл дұғаны үйреткен.
- Бүгін бітетін істі ертеңге қалдырмау. Яғни қандай да бір жұмыс шыға қалса, оны уақытында атқаруға тырысу. Әр күннің өз ісі бар, жұмысты кейінге қалдыру еріншектің ісі. «Еріншектің ертеңі бітпейді», еріншекке бүгіннен ертең оңай көрініп тұрады. Ал өз уақытында жасалмаған жұмыс көбейе келе, ақыры еңсеңізді басып, уайымыңызды одан әрі күшейте түседі. Сондықтан әр нәрсені өз уақытында тындыруға күш салу. Алла Құранда: «Ал, енді босай қалсаң тырыс, әрекет ет және Раббыңа қарай ұмтыл», - деп бұйырған. (Шарх-7,8) Сондықтан босай қалсаңыз, қарап отырмай бірдеңеге жарап отыруға әдеттеніңіз. Себебі, адам өз ойларымен, жұмыссыз қалып қойса, нәпсі мен шайтанның жетегінде кетіп қалуы әбден мүмкін.
- Тамақты мөлшерден тыс көп жеп қоюдан сақтаныңыз, яғни аз тамақтану. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласы асқазаннан жаман ыдыс толтырған емес», ‒ деген. Тамақты жасар құлшылығы үшін, етер еңбегі үшін әлденіп алу мақсатында жесе жеткілікті.
Алла сіз бен бізді қоғамға пайдасы тиер еңбекқор, табанды, жігерлі құлдарының қатарынан етсін!
Рудный қалалық мешітінің имамы Бектұрсын Торғайбайұлы
берекеге толы болатынына күмән жоқ.
- Шынығып,
Уақып бұл – Алла разылығы үшін белгілі бір мүлікті қайырымдылық жолына арнау немесе бағыштау. Уақып – істелуі ұнамды болған және Аллаға жақындататын хайырлы іс. Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер!» (Бақара-267) деп, ескерткен. Және бір аятта: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да Алла оны сөзсіз біліп тұрады», (Әли Имран-92) деген.
Әбу Һурайрадан (р.ғ.) риуаят бойынша: «Алланың Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Садақа Раббының ашуын басады және жаман өлімді қайтарады» (Тирмизи) деп, Алла жолында садақа берудің сауабын айтып өткен.
Саңлақ сахабалар өз дәуірінде бар мал-мүлік, жиған қаражатын халықтың игілігі жолында, Алланың разылығын алу мақсатында сарп ететін болған. Бұл қоғамдағы жарлы-жақыбай, кедей-кепшіктерді тұрмыс тауқыметінен құтқарса, уақып жасаушы жанды мол сауапқа кенелткен. Мәселен, Әнас ибн Мәликтің өгей әкесі Әбу Талха, Алла елшісінен жоғарыдағы аяттарды естіген бетте «Бейруха» есімді сүйікті бақшасын дереу Алла жолына бағыштап, уақып еткен.
Бірде Омар ибн Хаттаб (р.ғ) пайғамбарымызға келіп: «Уа, Алланың елшісі, мен Хайбар соғысында бір жерді өз меншігіме алдым, осы жер хақында маған қандай әмір бересің?», деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Егер қаласаң ол жерді уақып қыл да одан түскен пайданы садақа қылып отыр», деп кеңес береді. Омар (р.ғ) содан кейін ол жерді ешкімге сатылмайтын, мирасқа да қалмайтын қылып садақа етеді. Одан түскен пайданы мұқтаж жандарға, Алла жолындағы жақсылықтарға, жолаушыларға садақа қылып беріп отырды. Ал, ол істі мойнына алған яғни пайданы жинап отыратын кісінің сол кездегі жағдайға сәйкес ішіп жемі мен еңбегін де беріп отырды. Ислам ғұламалары Омардың (р.ғ) өз меншігіндегі жерін уақып қылуын «Ислам тарихындағы ең алғашқы уақып» деп санаған. (Абдулла ибн Абдурахман Әл Бәссәм, Таузихул ахкам мин Булуғил марам, 1-7, Мәктәбәтул Әсәди)
Ал, енді біздің бабаларымыз уақыпқа қалай амал жасады?
Қоғам қайраткері, жазушы, ақын, аса көрнекті ағартушы, жалынды көсемсөз шебері, айбарлы алты алаш үшін жанын қиған асыл арыстардың бірі Міржақып Дулатұлы бір өлеңінде:
Жарар еді ортада мешіт салсақ,
Қаза қылмай намазды барып тұрсақ,
Бір ғалымды фазыл заттан имам сайлап,
Байларымыз жиналып уақып қылсақ.
Барша түркі жұртының алтын бесігіне айналған, рухани астанамыз саналатын Түркістанда Ақсақ Темірдің, Қожа Ахмет Яссауиға арнап салғызған кесене-мешіті орасан зор мұра. Тарихи деректерден Ақсақ Темір осы кесене-мешітті уақып етіп салып, «уақыпнама» қалдырған.
Батыр да дана бабаларымыз өзге елде жүріп те халыққа пайдалы қыруар еңбек жасаған, арғысы Сұлтан Бейбарыс бабамыз Мысыр еліндегі салған мешіті болса, бергісі Құнанбай қажының Меккедегі уақып етіп салып кеткен тәкиесі – халқымыз үшін ардақты мекен болып саналады. Бүгінгі күні де елқамын ойлаған азаматтарымыз мешіт, медресе салып, халықтың ыстық ықыласына бөленуде.
Уақыптың пайдасы мен хикметі:
- Дүние мүлкін Алла жолында уақып қылу Аллаға жақындатады. Мұсылман осы арқылы үлкен сауапқа ие болады және ол үшін бұдан асқан үлкен қайырлы іс болмайды.
- Уақып арқылы қайтыс болған мұсылманның сауабы үзілмей артынан барып тұрады. Негізінде бір мұсылман қайтыс болған кезде бүкіл іс әрекеттерінің сауабы үзіледі. Ал жасаған «уақып амалының» сауабы үзілмейді. Сол арқылы оның рухы қабірде нұрланатын болады. Қайтыс болған мұсылманның артынан салихалы ұрпағының дұғасы, пайдалы білімінің және қылған уақып амалының сауабы барып тұрады.
- Уақып мұсылмандардың қажетіне асады және осы арқылы Ислам дінінің дамуына өз үлесін қосады.
Қадірлі ағайын, қымбатты бауырлар! «Уақып» тақырыбы еліміз үшін, дініміз үшін өзекті мәселе. Қазіргі таңда ҚМДБ-ның тікелей қолдауымен «Уақып қоры» өз жұмысын бастап кетті. Қордың мақсаты дәстүрлі рухани құндылықтарды дамыту, діни ғимараттар мен әлеуметтік нысандар құрылысын бірлесіп салу, дін қызметкерлеріне қолдау көрсету, олардың біліктілігін арттыруға көмектесу. Сонымен қатар мұқтаж жандарға материалдық көмек көрсету болып табылады.
«Өзін ғана ойлаған, Жамандықтың белгісі.
Өзгені де ойлаған, Адамдықтың белгісі» - демекші, асыл дініміз Ислам әрдайым өзгелерге көмектесуге, қамкөңіл жандардың қамын жеуге үндейді. Сондықтан қолымыздан келгенше, дүние-мүлкімізден Алла жолында уақып етуді ұмытпайық. Құдай тағала кәсіптеріңізге береке беріп, адал табыс табуды нәсіп еткей!
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің имамы Бектұрсын Уәлиев
Адамның қоғамда өз орнын табуында, көпшілік құрметі мен сеніміне ие болуында әдептілікпен сөйлей білуі де маңызды. Өйткені, мұсылман адам қоғамда барлық жағынан үлгі болуы қажет. Сол үшін де оның әрбір айтар сөзі, іс-әрекеті, адамдармен қарым-қатынасы әдептілік нышандарымен көркемкелденгені абзал. «Сөз қадірін білмеген – өз қадірін білмейді»,«Құлаққа кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар» - деп, сөз семсерін оңды-солды серпи берудің көңіл жаралайтынын ескере келіп, әрбір сөзге абай болуды меңзейді.
Құранда дұрыс сөйлеуге жігерлендіретін, сөзде сақтық таныта білу керек екенін ескертетін аяттар жетерлік. Мәселен, мына аятта: «Уа, иман еткендер! Алладан қорқыңдар. Әрі дұрыс сөз сөйлеңдер. Алла істеріңді оңалтып, күнәларыңды кешіреді!», - деп бұйырса, (Ахзаб 70-71) Келесі бір аятта: «Аузынан нендей сөз шықса да, қалт жібермей бақылап жазып тұрады» -деп ескерткен. (Қаф-18).
Осы дүние және ахиретте иесіне пайда да, зиян келтіретін бұл – адамның тілі. Тілмен сөйлеу қабілетіміз – Алланың біздерге берген ұлық сыйларының бірі. Тілдің өрісі өте кең, егер тілімізді қадағалап, әрбір сөйлер сөзімізге есеп беріп тұрмасақ, оған шайтан араласып, жамандыққа жетелеуі мүмкін. Тілді орынсыз пайдаланса, адам тозақы болады, ал егер тілді шариғат жүгенімен жүгендесек, әрқандай жамандық атаулыдан құтыла аларымыз хақ. Адам баласын көп жағдайда бақытсыздыққа, күнә істерге душар ететін нәрсе – осы орынсыз сөйлеу.
Даналыққа жеткен бұрынғы ізгілер: «Үндемеу ол хикмет, жақсы қасиет. Тілдің үндемеуі, көңілдің үндемеуіне, ал көңілдің үндемеуі Раббысының кешіріміне себеп болады» - десе, хазреті Әли р.ғ.: «Егер жүрек таза болса, тілден әдемі орынды сөздер шығады» - деген. Дұрысында адам орынды сөз сөйлеу үшін, тыңдауды үйренуі қажет. Адам баласы көп тыңдап, аз сөйлесін деп Құдай тағала екі құлақ, бір тіл нәсіп еткен.
Расында, тілін жамандықтан сақтаған адам екі дүниеде де ұлық дәрежелі болады. Себебі, тілге сақ болу – қателесу, жалған сөйлеу, сөз тасу, өзін адамдарға көрсетіп сөйлеу және де кісінің абыройын айрандай төгу сияқты жамандықтардан сақтайды. Бұл апаттар тілге жеңіл болғанымен, иесіне жаратылыс жағынан және шайтан тарапынан жамандықтардың келуіне үлкен себеп болады. Адам баласы осы айтылып өтілген істерге кірісе кеткенде өзін тоқтатып қалуға шамасы да жетпей қалады. Тілге ие болу әрдайым салмақты болуды, ойлануды, бұл дүниеде және ахиретте есеп берудің қинышылығынан аман сақтап қалуды қамтиды.
Қадірлі оқырман қауым! Сөздің түйіні: Аллаға және ақыретке иман келтірген адам жақсы сөз сөйлеуі қажет немесе үндемегені абзал. Өздеріңіз аңғарғандай, дініміз сөйлеу мәселесіне үлкен мән берген. Өйткені тіл өз иесіне көп жақсылық та жамандық та әкелуі мүмкін. Сондықтан да саналы да байыпты түрде сөйлейік, сыпайы да сауапты сөздеріміз көп болғай!
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің имамы Бектұрсын Торғайбайұлы
Бұл өмір-тіршілік – Алла тағаланың адам баласына берген зор нығметі әрі сынағы. Нығметі дегеніміз – Мейірімді Алланың өз құлдарына берген рыздық-несібесі, ғұмыры, күш-қуаты. Сондай-ақ біз осы өмір арқылы әлемдердің Раббысы Алланы танимыз, айналамызға қарап, ой жүгіртеміз. Яғни, Алланың сүйікті құлы болуға әрекет жасаймыз. Ал енді сынағын айтатын болсақ, әр өткен күнімізге есеп беру, басқа түскен қандайда бір қиындыққа сабыр ете білу. Құранда: «Ол Алла қайсыбірің игі, сауапты істер істейді екен деп, бәріңді сынап көру үшін өлім мен өмірді жаратты» - делінген.
Әрбір жан иесінің еншісінде өлшулі уақыты бар. Адам баласы сол өлшеулі мезгілді тиімді пайдаланса, әрине алға қойған мақсатына жетеді. Алайда өз өмірінің қадір-қасиетін тиімді пайдалана алмай жүргендер қаншама? Алтын уақытын болмашы, бос нәрселермен өткізіп, не өзіне не өзгеге пайдасын тигізе алмайды.
Түсіне білсек, дүние тіршілігі жүйелі түрде өмір сүру үшін берілген, қайта айналып келмейтін үлкен бір мүмкіндік. Өміріңді түзете алсаң, сонда ғана барлық берекеге қол жеткізесің. Атақты ғалым Суфян әс-Саури: «Бұл дүниеден-тәніңе қажеттіні, ақыретіңе-жүрегіңе қажетті нәрсені ал» деген екен.
Әрбір мұсылманның өмірдегі мақсаты – Алланың сүйікті құлы болу, бастаған ісі берекеге ұласып, табысқа кенелу, қоғамға пайдалы адам болу. Мұны қаламайтын, армандамайтын адам кемде-кем болар. Алайда сол мақсатқа жету үшін біз қаншалықты күш жұмсаудамыз? Өмірде мақсатсыз адам болмайды. Бірақ өкінішке орай көп адамның мақсаты орындалмас арман болып қала береді. Адам нені мақсат етсе соған жетеді. Кез келген бір істі бастарда: «Я, Раббым! Осы ісімді берекелі ете гөр» деп бастауы керек. Егер мақсатына жетіп жатса, шүкірлік етіп, ал егер алға қойған мақсаты орындалмаса, оның да қайыры бар деп тілегені жөн. Әрине, ізгі ойлар адамға қанат бітіріп, арман қиялында самғатып қана қоймай сол арманының орындалуына қосымша күш береді. Лұқман хәкім баласына былай деп өсиет етіпті: «Ақиқатында мына өмір терең теңіз секілді, көп адамдар оған батып кетіп, қасіретке ұшырайды. Егер кемең тақуалыққа негізделсе, онда мына өмірдің арбауынан құтыла аласың».
Нәпсісімен күресу үстінде пенденің алға қойған мақсатына жетуіне шайтан барынша кедергі болуға тырысады. Оған мойымай, тақуалықпен қарсы тұра білген жөн. Хазіреті Әли (р.ғ) кім мына қасиеттерге ие болса, тозақтан құтылар еді деген: «Алланы танып, Оған итағат етсе;
шайтанды танып, оған бойұсынбаса;
ақиқатты көріп, сол жолға бастаса;
күнәдан аулақ болып, тақуалыққа бейім болса;
дүние қызықтарына алданбай,ахиретті игі тұтса».
Рудный қалалық мешітінің имамы Бектұсын Уәлиев
Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы зор. Еліміздегі озық салт-дәстүр мен ислам дінінің сабақтастығының түп тамыры тереңде жатыр. Қазақ халқы тарих ағысында түрлі кезеңдерден өткен. Қилы замандарды бастан кешіріп, сан алуан діндер мен әдет-ғұрыптарға куә болды. Бабаларымыз ақыл-түсінігі мен талғамын Ислам дінімен сүйемелдей білген. Соның арқасында қазақтың әрбір әдеті мен ғұрпы, тікелей дінмен байланысып, өзара ажырамастай өріле түскен.
Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі – халқымыздың батырлығы мен ерлік дәстүрін паш етеді.
Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар деп айтуға болады. Алла тағала құранда: «Кешірімді бол, ғұрыпқа жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол» - деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла тағала жоғарыдағы аяттарда қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр.
Дініміз Ислам әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан ғұламалар әдет-ғұрып мәселесін талдап, оның өзін жеке бір тақырып етіп зерттеген. Біле-білсек, сан ғасырдан бері бабаларымыздың ұстанған Исламның жолы «Әбу-Ханифа» мектебі – осы салт-дәстүрімізді ардақтауға, тамырлы тарихымызды ұмытпауға, ел тыныштығының сақталуына бағытталған.
Халқымыздың: «Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның»,-деген ұлағатты сөзінде терең мән-мағына жатыр. Дана халқымыздың әдет-ғұрыптарына келер болсақ дінмен ұштасқан, ақылға сәйкескен жерлері өте көп. Атап айтқанда қазақ халқының амандасу көрінісі: көліктегі адамның жаяу адамға, жаяу адам отырған жандарға «Ассаламу ғалейкум» деп амандық сұрасуы, үлкенге құрмет, кішіге ізет танытуы. Бұл Пайғамбарымыздың хадисінде де баяндалады: «Атты адам жаяуға, жаяу кісі отырған адамға, бір топ дүйім көпшілікке сәлем береді», - деген. Қазақ жеріне дін келгелі бері осы үрдіс қалыптасып, тіпті қылышынан қан тамған Кеңес Одағы кезінде де бұл дәстүрлі амандасу халық жадынан ұмыт болған жоқ. Дінімізді тәнімізден жұлса да дәстүрімізді жанымыздан өшіре алмады.
Алты алаштың дәстүрі сансыз, солардың тағы біріне келер болсақ, әр ру мен тайпаның таңбасы мен туы болғандығы.
Бұл әдет те кезінде Пайғамбардың құптауымен болған іс. Қандай да бір жорыққа аттанар алдын Алла Елшісі (с.ғ.с) әр тайпаға өз туын белгілеп, ішіндегі ең сенімді әрі қайраттысына ұстатқан. Ал қазір халқымыздың туы бір, елтаңбасы белгілі. Бұл дінге сәйкес дәстүрімізді қастерлеп құрметтеу әрбір азаматтың борышы.
Бала дүниеге келгеннен кейінгі «Сүйінші сұрау», «Азан шақырып ат қою», «Шілдехана тойы», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару», «Сүндетке отырғызу», «Құда түсу», «Үйлендіру» – бәрі де асыл дінімізде салмағы бар, маңыз берілген дәріптелетін сүннет яки мұстахап амалдар екенін көреміз. Келіннің ата-енесіне сәлем салуы құрмет болса, беташар рәсімі – некені жариялау, бесік тазалық пен денсаулық кепілі болса, дастарханда бас қосып дәрежемен орын алу ахлақ (әдеп) көрінісі.
Салт-дәстүрлеріміздің кейбіреуі тіпті бұлжымас діни ережелер бойынша жүзеге асатынын да байқауға болады. Ибн Ғабидин «Уқуд рәсм әл-муфти» кітабында былай дейді: «Ғұрыптың шариғатта орны бар, Кейде үкім соған орай орнығар»-деген. Бір сөзбен айтқанда әдет-ғұрып діни үкім шығару тұрғысынан, мұсылман құқығының қайнар көздерінің бірі болып табылады.
Қымбатты бауырлар! Асыл дінімізді ардақтап, салт-дәстүрімізді қадірлей білейік. Өз ұлтының ерекшеліктеріне мән берген елдің Алла бұйыртса іргесі берік, келешегі кемел.
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің имамы Бектұрсын Торғайбайұлы