Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Имамдар бағаны

22 02.21

Кешірімділік қасиеті асыл дініміз Исламның негізгі өзегінің бірі болып табылады. Құранда «кешірім» сөзі екі жүзден астам жерде айтылады. Бұл деген сөз, дініміздің кешірімділікке ерекше мән бергендігі. Өзгелердің қатесін кешіре білу –адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі.

Құранда: خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ

 «Кешір, жақсылыққа шақыр және надандардан бетіңді бұр!» (Ағраф-199), деп әміретілген. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өзінен алыстап кеткендерге жақындау, зұлымдық жасағандарды кешіру, мақрұм қалдырғандарға (ештеңе бермегендерге) сыйлық беру – жақсы мінезді болу деген сөз»,-десе, бабаларымыз: «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», деп өсиет қалдырған.

Бала кезімізде ата-анамыз өзгелерге реніш білдірген уақыттарында «Таспен ұрғанды-аспен ұр» деп отыратын. Сонда біз таң қалып, қалың ойда қалатынбыз. Неге таспен ұрғанға ас беруіміз керек? Оның лақтырған тасын өзіне неге қайта лақтырмасқа деген ой балалық сезімді мазалайтын. Кейін есейіп, ес жиып, оқу-білім үйреніп, ақыл таразысына салып көрсек бұл ұғымның терең мағынасын, тіпті қоғам дамуында алатын орны ерекше екенін түсіне бастадық.

Жалпы адами қарым-қатынастарда сыпайылық, сабырлылық, кешірімділік, мейірімділік сезімдері азды-көпті кемшін екендігі байқалып жатады. Өз заманында жан күйзелісін мол көрген хакім Абай әділеттілікті аңсап: «Досыңа достық – қарыз іс, дұшпаныңа әділ бол», яғни досыңның достығына достықпен жауап беру, дұшпаның болса да ол жайында жаман ой немесе іс-әрекет жасама деп айтып кеткен.

Имам Әл-Ғазали өз еңбегінде: «менің пәленшеде ақым кетті деп кек қайтармау.Өзіне жасалған хақсыздыққа қарсылық қылмау, дөрекі сөйлесе-жауап қайтармау сияқты жақсы амалдар кешірім болып саналады. Адамдар арасындағы ең жоғары қасиет –жамандыққа жақсылықпен қайтару. Сол себепті жамандықты кешіру –ғажайып адамның сипаты»-деген.

Дана халқымыздың асыл сөз мұрасында: «Жақсылыққа жақсылық - әр  кісінің ісі, жамандыққа жақсылық - ер кісінің ісі» деген. Нендей керемет сөздер. Біз өз ғұмырымызда әркімге қанша рет ренжідік, өкпеледік десеңізші?! Тіпті әліге дейін небір өкпені арқалап жүрміз. Өйткені кешіре алмағанбыз. Енді көрмейтіндей ренжіп, танысымызбен араластықты үзіп, кек тұтып, ат құйрығын кескенбіз. Біле білсек, бұл әрекетімізбен тек өзімізге ғана зиян тигізудеміз. Өкінішке орай, бүгінгі күні осындай зиянды, қажетсіз салмақты өзімен бірге көтеріп жүргендердің саны аз емес. Кейбіріміз тәкаппарлығымызды жеңе алмаймыз, кейбіріміз кешірумен бізге жамандық жасаған адамға жақсылық жасадық деп ойлаймыз.

Мамандардың айтуынша кек сақтау күйзеліс тудырып, ағзада зиянды заттардың пайда болуына себеп болады екен. Дене қысымының жоғарылауы, жүрек аурулары, неврологиялық ауытқушылықтарға жол ашады. Алайда кешіргенде, бұлардың деңгейі барынша төмендейді. Кешіру бұл тек қана тәніміз үшін ғана емес. Ақиқатында, Жаратушы Хақ тағаланың марапатына кенелу.

Құран Кәрімде бұған қатысты:فَمَنْ عَفَا وَأَصْلَحَ فَأَجْرُهُ عَلَى اللَّهِ إِنَّهُ لَا يُحِبُّ  الظَّالِمِين َ«..кім кешіріп, бейбіт бітім жағын ұстанса, оның сыйы Аллаға тән.Өйткені Алла әрине залымдарды жақсы көрмейді» (Шура-40), -делінген.

Негізінде, кешірімшіл болу бұл – көркем мінезділіктің белгісі.Ғұлама ойшыл,тарихшы Шәкәрім Құдайбердіұлы былай дейді:

«Біреудің мінін кешірсең,Құдай да сені кешеді.
Бірін де қылмай есірсең,Төбеңді әлі-ақ теседі.
Көңілі жұмсақ адамның,Күрмеуін тағдыр шешеді.

Пейілі жаман адамның,Орыны дайын деседі».

Кешірімді болу – қоғамдағы азаматтардың болашағына сенім артып, оның саналы түрде тәлім-тәрбие алуына қамқорлық көрсетудің бір көрінісі.

Адамдарды кешіре білгендер ғана Алланың кешіріміне бөленеді.

Тіпті Құран Кәрімде кешірімді адамдарды Алла сүйіспеншілігіне бөлейтіндігі баяндалған:وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ وَاللّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ

«....олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді» (Әли-Имран-134).

Кешірім дегеніміз – саған деген жамандықтың бәрін еш жүректе сақтамай кешіру. Исламдағы бауырмашылдық, кешірім ең жақсы істерден болып табылады. Өйткені ислам осындай ұлы жетістіктерге кешіріммен жетті.

Құранда Алла Тағала былай дейді:

وَلَا تَسْتَوِي الْحَسَنَةُ وَلَا السَّيِّئَةُ ادْفَعْ بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ فَإِذَا الَّذِي بَيْنَكَ وَبَيْنَهُ عَدَاوَةٌ كَأَنَّهُ وَلِيٌّ حَمِيمٌ «Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа қарсы жақсылық қыл.) Сол уақытта сені мен екеуің араңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді», (Фуссилат-34).

Кешірімді адам біреуге зиян етуді жек көреді. Керісінше, ол біреуге көмек беруге дайын тұрады. Кімде-кім кешірімділік сипатына ие болса, ол адам бұл дүниеде бахытты, ал ахиретте жомарттықпен нығметтеледі. Сондықтан да бұл сипат ислам дінінде де көркем мінезділіктің шыңы болып табылады. Кешірімділік сипатымен сипатталған адамға қандай сый дайындап қойғанын білеміз бе? Ибн Мәжәдан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай ша сүйіншілейді: «Егер адамның денесіне зұлымдықтан болған қандай да бір зиян жеткенде оны кешіріп жіберетін болса, Алла ол адамның дәрежесін көтеріп, күнәсін кешіреді».

Қадірлі ағайын! Қымбатты бауырлар! Кешірімділік, сабарлылық сынды қасиеттер адам баласының бойындағы ең қымбат қазыналар. Әртүрлі қиыншылықтар мен пәлекеттерге мықты қалқан бола алатын да – осы сабырлылық пен кешірімділік! Әрі бұл Алла тағала разы болатын сауапты амал.«Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, кешіре білу кеңдіктің белгісі екенін естен шығармайық.

Алла Тағала баршамызға, осы айтылған ұлағатты сөздерді санамызға сіңіріп амал етуімізді нәсіп етсін!

 

Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Уәлиев Бектұрсын Торғайбайұлы

Уалиев Бектурсын Торгайбаевич
29 10.19

Асыл дініміз Ислам – барша адамзат баласын бейбiтшiлiкке, амандыққа, ешкiмге соқтықпай тыныш өмiр сүруге шақыратын иләһи дiн. Міне, осындай хақ дiнiмiз жер бетiнде нағыз адамгершiлiктiң, сыйластықтың рухын жайып, алауыздыққа, қастық пен дұшпандыққа тыйым салғаны да мәлiм.

Ислам бұл – тыныштықты бұзу үшiн емес, теріс пиғылды тыю үшiн жiберiлген мейірім діні. Ата-бабаларымыз да сан ғасыр бойы дәстүрлі дінді өмiрлеріне негізгі діңгек етіп ұстанып, ауызбiршiлiкпен бейбiт ғұмыр сүрiп келдi.

Дiни дүрдараздық деген ұғым қазақ даласында күнi кешеге дейiн болмаған. Өкiнiшке орай, соңғы жылдарда асыл дiнiмiздi жеккөрiнiштi етiп көрсететiндер жер-жерден бой көтере бастады. Кешеге дейiн бар қазақ бiр дiндi, бiр мәзһабты ұстанып келдi. Сенiмi де, мақсат-мүддесi де бiр болды. Ендi бүгiн әлемде түрлi мүдделер – кертартпа-жатпиғылды ағымдар көбейіп, дiнiмiзге әртүрлі жаман атаулар таңылуда.

Жат ниетті ағым, қарапайым халықты сонау ата-бабадан жалғасып келе жатқан дінінен үркітіп-шошыту мақсатында қаншама айлы-шарғыларын жасап әлек. Хақиқи Исламның атын жамылған ағымдар ашық та, жасырын да ел ішінде теріс бағытта қызмет жасауда. Әсіресе, қазақтың дүниетанымына сай келетін Әбу Ханифа мәзһабын мойындамай, жоққа шығарғысы келетіндердің әрекеті байқалады. Ал, сондай жатпиғылды ағымдардың шырмауына түскен бауырларымыз хақ дін мен ағымның арасын ажырата алмай дал.

Жат ағым өкілдері қарапайым халықты қалай өзі ұстанған сенім жолына алдап-арбайды? Оның басты деген амал-тәсілдері қандай?

  1. Кез келген «діни ағым»топқа жаңа қосылған адамды, ең алдымен психологиялық қысымға алады. Өздерінен басқаның бәрін адасқан санатына қойып, санасын улайды.
  2. Өз орталарына ерекше бір қамқорлыққа алғандай сыңай танытып, шынайы бір жанашырындай көрінеді. Үнемі оған көңіл бөледі, бұл нәрсе «ағымға жаңа қосылған адамның» жанына жағымды болады. Осыдан, діни түсінігі таяз, алданған адам, діні мен дәстүріне қарсы шығып, өз Отанына, ата-ана, ағайын-туыс, қоршаған ортасына деген өшпенділікті оятады.
  3. Дәстүрлі емес діни ағым өкілдері қоршаған ортасынан іргесін аулақ салып, қоғамнан бөлектене бастайды. Өз араларындағы «ұстазға» тәуелді болып қалады. Демек, осыдан кейін «періште ұстаздан» өзге жанның сөзін құлаққа ілу, осыған дейінгі уақытта өмір сүрген ортаның салтымен санасудың қажеттілігі көрінбей кетеді.
  4. Адамның ойлау қабілетін тежейтін тәсілдерді қолданады. Мәселен, «шектеулі болған ұстаздардың» бір сарынды уағызын ғана тыңдату. Бұл адам психологиясын тәуелділікке әкеліп соқтырады. «Тыңдарман» өзінің бұрынғы отбасынан алған тәлім-тәрбие, қадір-қасиеттерін бір сәтте жоққа шығарып, өзі түскен ағымға ұнамды бейнені қабылдап алады. Мұның соңы бөлінуден басқа ешнәрсеге алып бармасы анық.

Исламнан нәр алған бабаларымыздың ұстанған жолы – береке мен бірлік болған-ды. Ал, дініміз мұсылмандардың басқа жолдарға бөлінуіне әрқашан да қарсы. Алла Тағала бұл жайлы:

وَاعْتَصِمُواْ بِحَبْلِ اللّهِ جَمِيعاً وَلاَ تَفَرَّقُواْ

«Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» («Әли Имран» сүресі, 103-аят)-деп ескертті.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде:

يقول النبي صلى الله عليه وسلم "عَلَيْكُمْ بِالجَمَاعَةِ وَإِيَّاكُمْ وَالفُرْقَةَ فَإِنَّ الشَّيْطَانَ مَعَ الوَاحِدِ وَهُوَ مِنَ الِاثْنَيْنِ أَبْعَدُ، مَنْ أَرَادَ بُحْبُوحَةَ الجَنَّةِ فَلْيَلْزَمُ الجَمَاعَة" الترمذي

«Сендерге әрдайым жамағатпен бірге болуды және бөлінушіліктен сақтанып жүруді тапсырамын. Шын мәнінде Шайтан, жалғыз қалған адаммен бірге, ал екі адам болған жерден аулақ жүреді. Кімде-кім жұмақтың жайлылығын қаласа көпшілікті ұстансын» (Тирмизи 2165).

Және Абдулла ибн Масғуд (р.а.) айтты:

وعَنْ عَبْدِ اللهِ بن مسعود رضي الله عنه، قَالَ: "الْزَمُوا هَذِهِ الطَّاعَةَ وَالْجَمَاعَةَ ، فَإِنَّهُ حَبْلُ اللهِ الَّذِي أَمَرَ بِهِ، وَأَنَّ مَا تَكْرَهُونَ فِي الْجَمَاعَةِ خَيْرٌ مِمَّا تُحِبُّونَ فِي الْفُرْقَةِ ."المعجم الكبير للطبراني

«Итағат (бойұсыныңдар) етіңдер және әрдайым көпшілікпен бірге болыңдар. Расында осы екеуін мықтап ұстануды Алла бұйырған. Көпшіліктен бөлінгенде ұнатқан заттарыңнан гөрі көпшілікте жүріп ұнатпаған заттарың жақсырақ» (Әл-Муғжам Әл-Кәбир Ат-Табарани 8973).

Яғни, жамағаттан алыстап-бөлінудің зарары қаншалықты ауыр екендігін осы сөзерден анық аңғаруымызға болады. Демек, асыл дініміз көпшіл болуға, бірігіп ел болуға шақырып қана қоймай, жікке бөлінуді де құптамайды.

Негізінде елімізді паналаған кез келген ағымды «жақсы-жаман» деп бөлуге болмайды. Неге? Өйткені, олардың түпкі мақсатында: «бөліп ал да, билей бер»-деген ұстаным жатқаны анық.

Ал, шындығында мұсылман қандай болу керек? Әрине, нағыз мұсылман Алладан шынайы қорқып, Құдай тағала көріп тұрғандай құлшылық жасауы керек. Кісіге үкім шығарып, «сен кәпірсің, күнәһарсың» деген сөздерді қолданбауы қажет. Сондай-ақ айналасына пайда тигізетін мейірімді жан болуы тиіс. Өйткені ардақты пайғамбарымыз: «Жақсы адам – қоғамға пайдасы тиген адам», – деген. Демек, қоғамға пайдалы болғаның – жақсы мұсылман болғаның.

Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет. Діни білімге сусаған кезде, бір діни мәселеге тап болған сәтте әркімге жүгінбей, арнайы «дін мамандарынан» кеңес сұрағанымыз абзал.

Әсіресе, ата-аналар балаға дін мәселесінде дұрыс бағыт сілтеп, мешіт қабырғасынан сауат ашуға кеңес бергені жөн дер едім. Егер ата-ана балаға имандылық мәселесінде дұрыс тәрбие беріп, оңды бағыт-бағдар көрсете алмаса, жат ағым өкілдері оны өз мүддесіне пайдаланып кетуі әбден мүмкін.

Қазіргі таңда қайсыбір ата-ана баласы дінге бетбұрыс жасап, намазға жығыла бастаса кәдімгідей қорқатын жағдайға жеткен. Мұндай жайт ата-бабамыздың өңі түгілі түсіне де кірмеген болар.

Алайда, өкінішке қарай, бүгінгі жаһандану заманында еліміздегі ахуал осындай. Бұл арада мәселе діннің өзінен емес, «дін атын жамылушы теріс пиғылдылардың» құйтырқы әрекетінен ушығып тұрған жайы бар.

Бүгінгідей кезеңде басты қатер – ашық-шашықтығымыз. Осы ұрымтал тұсты пайдаланушы жымысқы әрекетті әрқандай жат ағымдар ұлтымызға жақын «дін» атын жамылып кез келген бағыт бойынша, соның ішінде ғаламтор арқылы да жастарымыздың санасын улап, қоғамымызға іріткі салуда.

Көбіне сырттан қаржыландырылатын діни ұйымның басты мақсаты болады, ол – қоғамға іріткі салу. Сондықтан олар қоғамда дүрбелең туғызатын қозғаушы күш, тобыр іздейді.

Әңгімені қорытындылай келе айтарым: түсіне білген адам үшін дін – тек намаз оқу емес, ол күрделі ғылым. Ол ғылымды игеру үшін білімнің қажет екені айт­паса да түсінікті. Ғасырлар бойы ұлы даламызда салтанат құрып келе жатқан исламның қадір-қасиеті адамзат үшін басты құндылық.

«Алланы бір, Пайғамбарды хақ, Құранды шын» деп таныған бабаларымыздың аманатына адалдық таныту – бүгінгі міндет. Сондықтан қазіргі таңда жас ұрпаққа рухани тәрбие берiп, дiни сауатын ашу үшiн барлық жағдайды жасауымыз қажет.

Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат екендігін ұмытпайық.

Құрметті бауырлар, ел болу үшін, ең алдымен өз ішімізден бөлінуге жол бермейік. «Бөлінгенді бөрі жейді»-демекші, іштегі бірлік кетіп, алауыздық туындаса, сырттан келіп, елімізді ойрандап, іріткі салу оңайға түседі.

Сондықтан әсіресе, жастар, жалпы ел мұсылмандары ешбір топтың жетегіне ермей, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұстаздарының пәтуасына жүгініп, дәрістерінен рухани азық алайық. Егемен еліміздің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда ерінбей еңбек етіп, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз – азаматтық әрі мұсылмандық парызымыз екенін жадымыздан шығармайық!

Бектұрсын Уәлиев

Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің

бас имамы

Уалиев Бектурсын Торгайбаевич
06 12.18

Жақында Елбасының тариxи сананы жаңғыртуға бастайтын "Ұлы даланың жеті қыры" атты бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Толымды мақалада мемлекет басшысы халық көкейінде жүрген көптеген дүниелерді тілге тиек етті.

Өзім осы мақаланы ерекше ден қойып оқыдым. Содан кейін өз ойымды ортаға салғанды жөн көріп қолыма қалам алдым.

Ең алдымен Алланың нәсіп етуімен ата-бабаларымыздың аманат еткен ұланғайыр жерді, қасиетті қара шаңырағымызға бақ болып қонған тәуелсіздік тізгінін мықты ұстау. Оған сызат түсірмей, қайта оның іргетасының мықты болып беки түсуі үшін, егемен елдің әр азаматы өз үлесін қоса түсу.

Сондай-ақ алдыңғы қатарлы өркениетті елдермен терезе теңестіру. Ол үшін елдің ынтымақ-бірлігін нығайту және жас ұрпақты сапалы білім мен тағылымды тәрбиеге баулып, ғылымды игере білуге шынайы талпыныс жасау.

Бәсекелік қабілетті арттырудың жолы да – білімге құштарлықтан бастау алмақ. Шынымен де жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, жаһандық өзгерістерге бейім әрі патриоттық рухта тәрбиелеу қашанда өзекті.

Білім – адам баласының қоршаған ортаны танып-білуге, оны меңгеруге деген ұмтылысы. Асыл дініміз де оқып-үйренуді, ғылыммен айналысуды жоғары бағалайды және ғалымдардың дәрежесін биік тұғырға қояды.

Адам баласының қоғамдық ортадағы дәрежесі осы – білім деңгейіне қарай анықталады. Бір сөзбен айтқанда, білім алу, сауатты болу – дініміздің ең басты талабы.

Атадан балаға қалған құнды қазына, мәдени мол мұрамызды сақтап, оны әлі де дамыта түсу. Дүйім жұртқа әйгілі болған тарихи орындарды дәріптеу. Еліміздiң мәдени мұрасын зерделеп, қалпына келтiруге және тиiмдi пайдалану жұмыстарын iске асыру. Яғни Ұлы даланың көне ұлттық өнеріміздің төл тарихын жаңғырту.

«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші, батыр, қаһармандарымыз бен ұлы ойшылдарымызды, қиын-қыстау кезеңдерде ел басқарған тұлғаларымыздың ерен еңбектерін жас ұрпақтың бойына жақынырақ таныта білу. «Еңбек етсең еленерсің, еңбегіңе кенелерсің. Есің жиып, етек жауып, елге жетіп теңелерсің» -дегендей адал еңбек етудің маңыздылығын ұғындыру қажет.

Сондай-ақ шойын темірді қамырша иіп, өнеркәсібін дамытқан, желдей ескен асауларды ең алғаш қолға үйретіп, оны ұлттық салауаттылық мәдениет пен шаруашылық пайдасына асырған да біздің бабаларымыз емес пе.

Бабадан қалған кең байтақ жеріміздің табиғат байлығы мен әсем-көркемдігі де көзтартар кереметтер. Міне, осындай ғаламат дүниелерді халқымызға нәсіп еткен Жаратушы Хақ тағалаға сансыз шүкірлер болсын.

Елбасы өзінің айтулы мақаласында – ұлттың рухани санасына жаңа серпіліс беріп, осы құндылықтарымызды дәріптей білуіміз керектігіне жан-жақты тоқталды.

Ұлттық санасы жаңғырып, төл тарихын түгендеп, дәстүрлі діні мен ділін дәріптеген азаматтың еңсесі қашанда биік болмақ.

Бабалар аманатына адал болып, Тәуелсіздіктің тұғырын төмендетпей, ел ынтымағының одан әрі нығаюына өз үлесімізді қоса білейік!

Өмірдің талай тар жол, тайғақ кешуінен өткен Өр халқымыздың намысы биік, жігері мықты, арманы асқақ болуын бір Алла өзі нәсіп еткей!

Бектұрсын Торғайбайұлы, Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы

Уалиев Бектурсын Торгайбаевич
17 10.18

Имандылық тәрбиесі – өркениетті ел болуға талпынған бүгінгі қоғам үшін өзекті мәселе. Ал, жас ұрпақтың жүрегіне имандылық дәнін сеуіп, оны одан әрі дамыту, аға буын өкілдерімен білікті ұстаздардың, тарихқа жетік, салтқа берік білікті мамандардың қолында.

Адамға қойылатын басты талап – асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты иманды азамат болып шығу. Өйткені адам баласы өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен ардақты. Адамгершілік – адамның рухани арқауы.

Жарқын болашақ иесі жастар дейтін болсақ, оларды имандылық пен адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу басты міндет. «Имандылық» сөзінің ауқымы өте кең. Мәселен ол – ар-ұятты әрі инабатты болуды және үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді талап етеді. Ар-ұят – иманның кілті. Ұят – жақсылықтың өзегі. Жамандықтың тамырын түбегейлі жоятын да осы қасиет. Әнас (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Расында, әрбір діннің өзіне тән мінезі бар. Исламның мінезі ұят»,-деп дінімізде ұяттың маңыздылығын атап көрсетіп кеткен. Тағы бір хадисінде: «Ұят пен иман тығыз байланыста. Егер  ұят кетсе, екіншісі де бірге кетеді»,-деп ұяттан ажыраған кісінің иманнан да қол үзетінін жеткізген.

Ұят иманның жемісі. Иманы кәміл болған пенденің ұяты да кәміл дәрежеде болары сөзсіз. Сондықтан болар шариғатпен сусындап салт-дәстүрін дінімен ұштастыра білген дана бабаларымыз: «Пайда ойлама – ар ойла» деп, ұяттың қаншалықты қымбат дүние екендігін дөп басып көрсеткен.  Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің өлең шумағында иман жүзді адамды сипаттап былай деген:

«Кiмде болса шын мiнез, Болмас онда екi сөз,
Өлтiрсе де көзбе-көз, Иманын сатып, алмас бөз.
Иман да сол, дiн де сол – Адаспайтын айқын жол,
Күнде!, мейлiң, ыза бол, Пейiшке анық кiредi ол».

Имандылық деген бір ғана сөздің бойына ұят, ар, ынсап, қанағат сықылды бүкіл жақсы қасиеттер түгел сыйып тұр.

Құранда Алла Тағала Әли-Имран сүресінің 134-ші аятында: «Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді»-делінген. Аятта ашуын жеңушілер жайлы да сөз қозғалуда. Жалпы ашу – адамның көркем мінез-құлқын құртып, оның денсаулығына зиян келтіреді. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Нағыз мықты – шаршы алаңында біреуді жыққан адам емес. Асылында, нағыз мықты, ашуланған кезде өз нәпсіне ие болып, ашуын жеңе білген адам»,-деген. Байқасақ, шынымен адам баласы ашуланған кезде шайтанның қолындағы ойыншығына, оның тұтқынына айналады. Шайтан оны оп-оңай өзіне бағындырып, күнә істеуге итермелейді. Сондықтан, ашудың соңы үлкен өкініш пен күнәға душар етуі мүмкін екендігін естен шығармауымыз керек. Сол себепті де, Алла Тағала мұсылмандарға ашуы келген уақытта, өзінің ызасына ұстамды бола білуін және оған қатысты зиян келтірілген жағдайда Алла разылығы үшін өзгелерді кешіре білуді бұйырды.

Адам баласы әрдайым шыншыл болса, адал еңбекпен мал тауып, асын адалынан жесе, жақсылармен дос болып, ілім үйренсе, мейірімді де қайырымды болса, үнемі көңілді де пәк жүрсе, міне осылай ғана ол, өзінің мұсылмандығына адалдық таныта алады.

Қазіргі кезде ел болашағы – жастар, еліміздің келешегін көркейтетін білімді ұрпақ деген сөздерді жиі естиміз. Әрине, қай халықтың да болмасын, мемлекеттік даму жолы – жас буынға, олардың тәрбиеленіп, ортаға сай озық білім игеріп шығуына баса назар аударылады. Бүгінгідей ақпарат пен технологиялық жаңалықтар кезек шарпыған заманда, оқуға, ғылымға сүйеніп, бұл салалардағы жетістіктерге иек артқан дұрыс-ақ. Алайда жастардың саналы азамат болып қалыптасуының кілті тек құрғақ білімде еме. Адам баласының тура жолдан адаспай, адамгершілігі мол, дұрыс азамат қатарына жетуі, оның тәрбиесіне, ата-анасының мейірім көрсете алуына тікелей байланысты. Сондықтан өскелең ұрпақты жаһанданудың жойқын соққысына ұрындырып алмай, өз ұлтының мәдениетінен алшақтамай өсуіне дұрыс жол сілтеуіміз қажет. Ол үшін рухани құндылықтарымызды ұрпақ санасына сіңдірген абзал. Адамды адам ететін, оны биік дәрежеге көтеретін, оның дүние-мүлкі емес, бәлкім оның өмір бойы жиған-терген әрі өзгелермен бөліскен пайдалы ілімі. Хақ дініміздің алғашқы: «Ей Мұхаммед! Оқы! Раббыңның атымен оқы! Ол Алла, адамды ұйыған бір тамшы қан түйірінен жаратты. Оқы! Раббың аса жомарт! Ол адамға қаламмен жазуды үйретті. Адамға білмеген нәрселерін үйретті»,-деп түскен «Ғалақ» сүресінің 1-5-аятары да білім жөнінде нәзіл болғандығы баршамызға аян.

Бұл уахи-бұйрық жер бетіне ғаламат төңкеріс әкелді. «Тал бесіктен жер бесікке дейін ғылым үйрену мұсылманға парыз»,-деп ұран тасталып, санасын тұрмыс билеген жұрттың пиғылына Хақтың сәулесін түсіріп, жан-дүниесіне қозғау салды. Иман байлығымен бірге, білім байлығына қаныққан жұрт, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ ғұмыр кешті. Әлемге мұсылман өркениетінің шұғыласы түсіп өзге өңірлерге жетіп, басқа дін өкілдері де өркениет биігіне көтерілді.

Бүгінгі таңдағы рухани жаңғыруды жү­зеге асырудағы басым бағыттардың бірі ол – ұлт­тық құндылық­тары­мыз­ды жаңғыртумен қатар, әдет-ғұрып, салт-дәс­түр арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеу. Халқымызда: «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған.

Жастарды имандылыққа тәрбиелеу негізі отбасынан басталады. Ата-ананың тәрбиесі бала мінезінің ірге тасы. «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді»,-деген нақыл, ең алдымен тәрбие мәселесіне қаншалықты терең  мән берілетінін көрсетеді. Тәрбиелік мәні, салмағы да мол қазақтың осы бір нақылынан ой тарқатар болсақ, бауырындағы балапанына жөн-жосық, өнеге көрсете алмаған ата-ана уысынан баланың қалай шығып кеткенін байқамай да қалады. Өмірді көруге, білуге құштар жас, басқа бағытты, басқа құндылықты тез қабылдайды. Сондықтан баланы дұрыс қадағалап тәрбие беру аса маңызды әрі жауапты іс. Осындай екі дүниеде де жауапты болған істерге – аға буын өкілдері, әрбір ата-ана, баршамыз да өз ұрпағымыздың игілігі үшін, қуатты қоғам қалыптастыру жолында аянбай, қажымай, талмай еңбек етейік. Алла Тағала ұрпағымыздың ұлағатты, жастарымыз жігерлі, келешегіміздің кемел болуын нәсіп етсін!

Арқалық қалалық
«Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің
Бас имамы Бектұрсын Уәлиев

Уалиев Бектурсын Торгайбаевич
09 10.17

Иман шарттарының бірі жақсылық пен жамандықтың бір Алладан екендігіне сену. Олай болса, әрбір мұсылман баласы басына келген жақсылыққа шүкір етіп, қандай да бір қиындыққа сабыр етуі міндетті.

Адам баласы Алланың нәсіп еткен тағдырына разы болып, кез-келген қиындықтарға, дерттерге сабыр етуі қажет. Сабыр ету деген сөз, басқа түскен қиындықты әркімге айтып шағымданбау. Қиындыққа сабыр етіп, Алладан медет сұрағандарға Алла береді және қиындықтан шығудың жолын сұрап, Алладан жәрдем тілесе, Жаратушы Раббымыз оның дұғасын қабыл етеді.

Шындығында Алла Тағала өз құлдарына қандай да бір дерт, қиыншылық жіберу арқылы жасаған кемшіліктерін кешіреді. Өйткені адамда барлық істің үнемі жақсы болуы, өз Жаратушысын ұмытуға, тіпті Оған қарсы шығуға, харам істер істеуге итермелеуі ықтимал.

Сағид бин Әбу Уаққастан жеткен хадисте: «Ей, Алланың Елшісі! Қандай адамға ең қиын сынақ беріледі?– деп сұрадым. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Пайғамбарларға, сосын сол секілді, сосын сол іспетті адамдарға. Кісі дініне қарай сыналады. Егер діні берік болса, сынағы қатая түседі. Ал, діні әлсіз болса, иманына байланысты сыналады. Пендені қиыншылық пен пәлекет бойын тазартпайынша, тәрк етпейді»,– деді. Демек, сынақтың мақсаты – мұсылманды қинау емес, керісінше оны шыңдау, шынайы сенім шыңына шығару екен. Түрлі тауқымет-қиындыққа төзіп, иманы шыңдалған адам нағыз иманның дәмін сезінеді. Ал, бұл деген сөз – ешбір дүниеге бергісіз сезім.

Ардақты Пайғамбарымыздың (ﷺ): «Кімде-кім, тұрмысының таршылығын шағымданып таң аттырар болса, ол Раббысына шағымданғандай болады. Ал, кім дүниелік іс үшін өкініп таң аттырса, Алла Тағалаға ашуланып таң атырғандай болады...»,-деген сөзі бар. Осы мәселе Құранда былайша баяндалған:

وَمِنَ النَّاسِ مَن يَعْبُدُ اللَّهَ عَلَى حَرْفٍ فَإِنْ أَصَابَهُ خَيْرٌ اطْمَأَنَّ بِهِ وَإِنْ أَصَابَتْهُ فِتْنَةٌ انقَلَبَ عَلَى وَجْهِهِ خَسِرَ الدُّنْيَا وَالْآخِرَةَ ذَلِكَ هُوَ الْخُسْرَانُ الْمُبِينُ

«Көңілінде күмәні бола тұрып, Аллаға ғибадат жасайтын адамдар бар. Егер басына жақсылық жетсе, ондайлар дінде тұрады да, сәтсіздікке ұшыраса, діннен безіп шығады. Ондайлар бұл дүниеде де, ақыретте де зиян шегеді».

Пайғамбарымыз (ﷺ) бір сөзінде былай дейді:

عن أبي يحيى صهيب بن سنانٍ رضي الله عنه قَالَ: قَالَ رسولُ الله صلى الله عليه وسلم:

عَجَباً لأمْرِ المُؤمنِ إنَّ أمْرَهُ كُلَّهُ لَهُ خيرٌ ولَيسَ ذلِكَ لأَحَدٍ إلا للمُؤْمِن : إنْ أَصَابَتْهُ سَرَّاءُ شَكَرَ فَكانَ خَيراً لَهُ ، وإنْ أصَابَتْهُ ضرَاءُ صَبَرَ فَكانَ خَيْراً لَهُ

«Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның қандай ісі болмасын қайырлы. Алайда, бұл мұсылманның ғана маңдайына бұйырған. Ол жақсылыққа тап болса, бірден шүкіршілік етеді – бұл оған қайырлы. Егер ол қандай да бір қиындыққа тап болса, дереу сабырлық танытады – бұл оған қайырлы».

Яғни бұл хадисте мұсылманның қандай жағдайда болса да бір қалыпты, еш уайымдамай қиыншылықтар мен ауыртпашылықтарға төзетінін және ол мұсылманның ең негізгі қасиеттерінің бірі екенін айтқан.

Жалпы сабырға қатысты аяттар мен хадистер көп болса да, іс жүзінде амалға аспай жататындығы белгілі. Қиыншылыққа тап болған сәттен-ақ, көңіл-күйіміз түсіп, төбемізге бұлт үйіріліп, жүктің бәрін өзімізге ғана артқандай күй кешеміз. Кейде Алла Тағалаға тікелей шағым айтпағанмен, іс-әрекетімізбен, тілімізбен айтып қалып жатамыз. Алла Тағала Құранда былай деп ескертпеді ме:

وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ الْخَوفِ وَالْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ الأَمَوَالِ وَالأنفُسِ وَالثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ الصَّابِرِين

«Әрине, сендерді қауіп-қатер, ашаршылық және малдардан, жандардан сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед (ﷺ) сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр!».

Пайғамбарымыз (ﷺ) өсиет сөзінде:

مَا يَكُونُ عِنْدِي مِنْ خَيْرٍ فَلَنْ أَدَّخِرَهُ عَنْكُمْ , وَمَنْ يَسْتَعْفِفْ يُعِفَّهُ اللَّهُ , وَمَنْ يَسْتَغْنِ يُغْنِهِ اللَّهُ , وَمَنْ يَتَصَبَّرْ يُصَبِّرْهُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ ، وَمَا أُعْطِيَ أَحَدٌ عَطَاءً خَيْرًا وَأَوْسَعَ مِنَ الصَّبْرِ

«Қолымда тағы бір игілік болса, сендерден әсте аямаушы едім. Кім сұраудан ұялса, Алла оның жанын пәк етеді. Кім қанағатшылдық танытса, Алла оны басқаға мұқтаж болудан сақтайды. Кім сабыр етуге ұмтылса, Алла оған сабыр береді. Ешкімге сабырдан артық мол игілік берілмеген».

Бұған қатысты қасиетті Құран Кәрімде былай делінген:

إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُم بِغَيْرِ حِسَابٍ

«Сабыр еткендерге сияпаттар есепсіз беріледі».

Фәни дүниеде кез-келген пенденің басына талай қиындықтар мен қайғылы жағдайлар келетіні рас. Өйткені, өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Алла Елшісінің (ﷺ): «Мұсылманның шаршау, ұзақ сырқат, мазасыздық, көңілсіздік, жағымсыз нәрсе, уайым-қайғыға тап болуы, тіпті тікеннің өзі арқылы Алла оның істеген қателіктерін кешіреді», - деген сөзінің арқасында кез-келген қиыншылық ешнәрсе болмай қалатындығын дұрыс ұғынуымыз керек.

Пайғамбарымыздың (ﷺ) өмір жолына қарар болсақ, Оның (ﷺ) сабырлық танытқан оқиғалары өте көп. Сол кезде танытылған сабырлықтың қазіргі кездегі жемісі, біз көріп тұрған – Ислам діні. Сондықтан әрбір адам өмірінде бір нәтижеге қол жеткізуі үшін сабыр етуі қажет.

Сабырлық – қиындықтар мен қайғылы жағдайларда адам баласына күш-қуат беріп, басын идірмей, аяғын нық басуға көмекші болатын ерекше қасиет. Адам баласы сабыр ету арқылы тағдыр тауқыметінің кез-келген түрін жеңіп шықпақ. Жазылмас дертке шалдығу, дүниенің қызығын тамашалайтын қос жанардан айырылу пенденің басына келетін ауыр жағдайлардың бірі. Дегенмен, Жаратқанның жазғанына разылық білдіріп, жалғанның қиындықтары мен ауыртпалықтарына сабыр ете білу мұсылманды күмәнсіз Алланың сүйіспеншілігіне бөлеп, ақыретте мол сауапқа кенелтеді. Бұл жайында Құранда:

وَاللَّهُ يُحِبُّ الصَّابِرِينَ

«Алла сабыр етушілерді сүйеді»-делінсе, Құраннның келісі бір аятында сабыр етушілерге қатысты Алла Тағала былай дейді:

وَلَنَجْزِيَنَّ الَّذِينَ صَبَرُواْ أَجْرَهُم بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ

«Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз».

Бірде сахаба Муғаз бин Жәбәл (р.а.) былай дейді: «Ұлым қайтыс болғанда Алланың Елшісі (ﷺ) маған хат жолдады. Ол хатта былай делінген: «Алланың Елшісі Мұхаммедтен (ﷺ) Муғаз бин Жәбәлға (р.а.)! Әуелі өзінен басқа ешқандай тәңір жоқ Аллаға мақтау болсын. Алла сауабыңды арттырсын. Саған сабыр берсін. Бізге әрі саған шүкір ете білуді нәсіп етсін. Расында біздің жанымыз бен малымыз, әйел, бала-шағамыз және олардың малдары Алланың бізге берген тәтті сыйлары, әрі уақытша жанымызда қалдырған аманаттары болып табылады. Алла саған ол баланы беру арқылы сені қуанышқа бөледі. Ал қазір үлкен сауап бере отырып, оны сенен алды. Егер сабыр етсең, үлкен сауапқа кенелесің. Байқа, қайғы-қасіретің сауабыңды жойып жібермесін. Кейін өкінетін боласың. Біліп қой! Жылап-сықтау өліні кері қайтармайды, қайғыңды да сейілтпейді. Болар іс болды». Бұл хадис өлімге көңіл айтудың ғибратты үлгісі. Сондықтан, әрбір мүмин жақын туысынан айырылған кезде Пайғамбарымыздың (ﷺ) Муғаз бин Жәбәлға (р.а.) жолдаған осы бір хатын есіне ала отырып, оны тап өзіне айтылғандай сезіне білсе, нұр үстіне нұр болмақ. Сондықтан үмметі саналатын біз үшін екі дүние ардақтысы болған Алла Елшісінен (ﷺ) алар өнегеміз өте көп.

Басқа түскен қиындықтың соңы зор кешірімге ұласатынын түсіндіріп берген бір сүйінші хадисте:

قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ" :مَا مِنْ مُصِيبَةٍ تُصِيبُ الْمُسْلِمَ إِلا كَفَّرَ اللَّهُ عَنْهُ بِهَا حَتَّى الشَّوْكَةِ يُشَاكُهَا" رواه البخاري.

«Мұсылманның басына түскен мусыбаты арқылы Алла Тағала оның күнәсін қәффарат етеді, тіпті аяғына кірген тікен болса да».

Өмірдің талай-талай тауқіметін тартқан ата-бабаларымыз басынан өткеннің барлығын ұрпағына өсиет-өнеге етіп қалдырып отырған. Өмірдің болмашы сәтсіздіктері мен ауыр қайғы-қасіретіне душар болғандарға: «Күніне мың бір бәле көрсең-дағы, сонда да күдер үзбе бір Алладан» деп, адамның қандай қиындыққа тап болғанына қарамастан, сенімге селкеу түсірмей, мұсылмандық болмысты сақтап қалуды ескерткен.

Расында сабыр – адамның рухани тірегі. Сондықтан пенде әрдайым үмітпен ғұмыр кешеді. Қандай ауыр жағдайда да, адамның кеудесінен үміт отының өшпеуі, ең алдымен сол сабырға байланысты. Қанағат та, ынсап та сабырдан тірек табады. Сондықтан, қазақ халқы: «сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деп, сабырды барлық үлгілі қасиеттердің қайнар бұлағына балайды.

Ислам ғұлама-ғалымдарының сабыр жайлы өсиеттеріне тоқталып өтсек:

Мұхаммад ибн Амр (р.а.) Омар ибн Абдулғазиздің (р.а.) мінберде тұрып былай деп айтқанын естідім дейді:

مُحَمَّدُ بْنُ عَمْرٍو قَالَ: سَمِعْتُ عُمَرَ بْنَ عَبْدِ الْعَزِيزِ يَقُولُ عَلَى الْمِنْبَرِ: " مَا أَنْعَمَ اللَّهُ عَلَى عَبْدٍ نِعْمَةً فَانْتَزَعَهَا مِنْهُ، فَعَاضَهُ مَكَانَ مَا انْتَزَعَ مِنْهُ الصَّبْرَ، إِلَّا كَانَ مَا عَوَّضَهُ خَيْرًا مِمَّا انْتَزَعَ مِنْهُ، ثُمَّ قَرَأَ: {إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُمْ بِغَيْرِ حِسَابٍ} الزمر: 10 "

«Алла Тағала бір құлына нығмет беріп, кейін оны алып қойып, оның орнына оған сабыр беретін болса, онда Алланың бергені алғанынан қайырлы болады». Кейіннен Құранның мына аятын оқыды: «Сабыр еткендерге сияпаттар есепсіз беріледі».

Ғолиб әл-Қаттан (р.а.) Хасан әл-Басридің (р.а.) былай деп айтқанын естідім деген:

غَالِبٍ الْقَطَّانِ قَالَ: سَمِعْتُ الْحَسَنَ، يَقُولُ» :الصَّبْرُ كَنْزٌ مِنْ كُنُوزِ الْخَيْرِ، لَا يُعْطِيهِ اللَّهُ إِلَّا لِعَبْدٍ كَرِيمٍ عَلَيْهِ«.

«Сабыр – ол хайырлы қазыналардан болған бір қазына. Оны Алла Тағала тек сабырлылық етуге ықыласты құлына ғана береді».

Алладан келген әрбір істің астарында не жасырынғанын, нәтижесі қалай болатындығын әлбетте пенде толық түсінбейді. Құран Кәрімде бұған қатысты былай делінген:

وَعَسَىٰ أَن تَكْرَهُوا شَيْئًا وَهُوَ خَيْرٌ لَّكُمْ ۖ وَعَسَىٰ أَن تُحِبُّوا شَيْئًا وَهُوَ شَرٌّ لَّكُمْ ۗ وَاللَّهُ يَعْلَمُ وَأَنتُمْ لَا تَعْلَمُونَ

«Сендер бір нәрсені ұнатпағанмен, ол сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Ал сендер бір нәрсені жақсы көргенмен, ол сендер үшін жамандық болуы мүмкін Алла біледі, сендер білмейсіңдер». Бұл аяттың мағынасына терең бойлаған адам Алладан келген істердің хикметін біліп, шүкірлік сезімі артып, сабырға келері хақ.

Арқалық қалалық
«Мухтасиб Әлмұхаммед»мешітінің
Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы

1 Хаж сүресі, 11-аят.

2 Имам Бухари және имам Муслим риуаят етті.

3 Бақара сүресі, 155-аят.

4 Имам Бухари және имам Муслим риуаят етті.

5 Зүмәр сүресі,10-аят.

6 Имам Бухари және имам Муслим риуаят етті.

7 Әли-Имран сүресі, 146-аят.

8 Нахл сүресі, 96-аят.

9 Имам Хаким, «әл-Мустадрак».

10 Имам Бухари риуаят етті.

11 Зүмәр сүресі,10-аят.

12 Бақара сүресі, 216-аят.

Уалиев Бектурсын Торгайбаевич

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником