Қазақ – ұлттық дәстүрге ерекше мән беретін халық. Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Осы дәстүрге берік болғандықтан асыл дінге деген құрмет те өте жоғары болды деген ойдамын. Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Екеуі егіз тақырып десекте болғандай. Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар деп айтуға болады.
Алла Тағала Құранда:
خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ
«Кешірімді бол, ғұрыпқа жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол» - деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла Тағала жоғарыдағы аятта қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр.
Көне тарихтың қатпарларына бір сәт көз жүгіртсек, хақ дін исламның бүкіл түркі әлемімен бірге біздің дала түркілеріне енуі, оның бұдан былайғы бүкіл тұрмыс-тіршілігіне тигізген ықпалы, тағдырлас, тілдес, туыстас тайпаларды ұлт қылып біріктірудегі рөлі орасан зор.
Сонау 960 жылдар шамасында Қарахан мемлекетінде Мұса қағанның кезінде Ислам мемлекеттік дін деп жарияланды. Сол уақыттағы Қарахан мемлекетінің басқару жүйесі, заңдылықтарының барлығы Исламға негізделген. Түрік тарихшысы Зия Кабахшының айтуы бойынша, Қараханидтер кезінде Орта Азиядан үш жүзден астам фикһ (шариғат) ілімінің мамандары шыққан.
Қазақ халқы көшпелі тұрмыс кешкеннен кейін көбінесе мешіт-медресе ұстай алмағаны анық. Бірақ, Қазақ халқы шынайы дін қызметкерлерінің уағызы арқылы дінмен жақынырақ танысқаны белгілі.
Қазақ халқының болмыс-бітімін, мәдениет-әдебиетін Ислам дінінен ажыратып қарауға болмайды. Асыл дініміз қазақ халқына тікелей уағыз-насихаттан гөрі ел арасында ауызба-ауыз жеткізілген діни әдебиет, қисса-дастандар арқылы жақсы тараған.
«Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», жырлары мұраларымызда рухани құндылықтарымыз бен дүниетанымдық ұғымдарымыз айқындалады. «Алпамыс батыр» жырында ислам діні мен құндылықтарының ұғым түсініктері баяндалады.
Бұл жырда Байбөрінің Жаратушыға құлшылық қылып бес уақыт намаз оқитыны, ел-жұртына зекет, садақа беретіндігі баяндалады. Мысалы мына бір өлең жолында:
«Құптанның болды уақыты, Намазын оқып шам жағып,
Бұрынғы қылды әдетті, Бір етегін төсеніп.
Аяқтарын көсіліп, Бір етегін жамылып,
Көзінен жасы ағылып, Құбылаға бас беріп,
Жарыса түсіп, бұл жатты».
Қазақ жырлары елді Исламның парыздары мен жалпы адамзаттық құндылықтарына адал болуға шақырып, ел-жұртының иманды да, ахлақтық келбетін сақтап қалуына елеулі үлес қосты.
Жыраулық, термешілік дәстүрі халқымыздың діни санасы мен тұтастығын, имандылығын, салт-санасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізген рухани мұра.
Сондай-ақ Қазақ топырағы дін ілімінің үлкен қайраткерлерін дүниеге әкелгені мәлім. Тіпті тек қазақ елінде емес, әлемде Ислам дінінің кең қанат жайып, дамуына өлшеусіз үлес қосқан, Түркістан топырағынан шыққан дін ғұламалары жетерлік. Мәселен Самарқандта жерленген белгілі мутакаллим-философ, қалам ілімінің маманы, Алтын Орда ханы әз-Жәнібектің қолдауымен жазған «Мұхтасар мағаний» еңбегінің авторы Сағауддин Тафтазанидің грамматика, риторика, Құран тәпсірі туралы еңбектері бірнеше ғасырлар бойы Осман империясының медреселерінде оқытылуынан-ақ Түркістан топырағынан тараған діни ілімнің тамыры тереңге кеткенін көруге болады...
Қазақ хандығы құрылмастан бұрынғы Алтын Орда дәуірінде дүниеге келіп, ел арасында танымал болған жыр-дастандардың дені дін тақырыбында еді. Солардың қатарында «Зарқұм», «Салсал», «Қаһарман», «Кесікбастың қиссасы», «Мұхаммед пайғамбар» т.б. атауға болады. Қандай жыр болмасын, адамгершілік, имандылық принциптерін насихаттады.
Ағартушы ғалым А. Байтұрсынов: «Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған»,– деп тұжырымдайды. Қазақ даласында кең тараған күні-түні жастанып оқитын, кешкілік бір үйге жиналып, шамның жарығымен хат танитындарға оқытып, ел болып тыңдайтын жырлар, қисса-дастандар көп болды. Солардың көпшілігі діни жырлар болатын әрі бәрінде де имани үгіт-насихат кездесетін.
Түркі халқына ортақ тұлға Ж. Баласағұни баба әңгіменің әлқиссасын былай бастапты:
Алла атымен бастадым сөз әлібін, Жарылқаған, жаратқан бір Тәңірім!
Рақымды Ием пайғамбарын жіберді, Кісі ізгісі, ел сарасы жігерлі.
Ал одан кейінгі келген Ахмет Иүгінеки былай деп жырлайды:
«Бір Алла өлтіретін тірілтетін, Көрерсің сен де оны көзің жетіп.
<Иесі құдіреттің жалғыз Құдай, Өлгендерді тірілту оған оңай.
<Айтайын артықтығын Пайғамбардың,Ұғып ал толғауымен ой мен ардың».
Абылай ханның ақылшысы Бұхар жырау Қалқаманұлы мақтау-мадаққа Құдай Тағаланың лайық екендігін, әңгіменің абзалы иманды түгендеу екендігін жалпақ жұртқа ұғынықты жыр жолдарымен жеткізген.
Ей, айташы, Алланы айт, Аты жақсы Құдайды айт.
Төрт шадияр Мұстафа, Мұсқаф ашқан ғаламды айт.
Тәңірім сөзі – Фұрқанды айт, Кәләмулла – Құранды айт.
Тәңірім салса аузыңа, Жан жолдасың – иманды айт.
Жамандыққа жақсылық Көктемеген Еділді айт.
Ғаршы менен Күрсіні айт, Лаухы менен Кәләмді айт.
Құдыретімен жаратқан,Он сегіз мың ғаламды айт.
Шортанбай Қанайұлы (1808-1881) халықты ақыретке амал етуге шақырып, насихат айтқан:
«Үлкендер, саған айтайын...,
Мал басына бармаңдар, Ақырет қамын қармаңдар!
Дүниенің боғы үшін Сірә, тіпті азбаңдар!
Тентек болма балаға,Безер болма келінге,
Қадірің кетер еліңе, Қарауыл қой сөзіңе!
Қанша нәрсе ереді Өлгеннен соң өзіңе?!
Қарай алмай жүрерсің, Таңда махшар күнінде, Құдайыңның жүзіне!
Атаның тілін ұл алмас, Ананың тілін қыз алмас.
Айта беріп қайтейін, Өлінің тілін тірі алмас!
Жақыннан шыққан жақсыны Ағайын-туған көре алмас.
Ақыр заманның белгісі – Бірге туған бауырың
Тату да болып жүре алмас!»
Данышпан Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) да өле өлгенше жамиғы жұртты хақ жолына, өнер-білімге шақырып өткені баршаға аян. Өресі биік кемеңгер былай деп насихаттайды:
Алла – мінсіз әуелден, Пайғамбар – хақ,
Мүмин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ
Құран рас, Алланың сөзі-дүр ол,
Тәуилін білерлік ғылымың шақ.
Алланың, Пайғамбардың жолындамыз,
Ынтамызды бұзбастық иманымыз
Пайда мақтан, әуесқой шайтан ісі,
Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?
Ташкенттегі «Көкелташ» медресесінің түлегі, шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882-1939) өз шумақтарында:
Серігің жоқ бір Алла, Өлмейтін тіпті тірі, Алла.
Қастық қылған Ханнастың, Тұмсығына ұр, Алла.
«Үмітіңді үзбе!» деп Айтқансың Өзің Құранда.
Шынында, халықтың ұлттық санасы мен болмысы Ислам дінімен тонның ішкі бауындай астасып, жымдасып кеткен. «Алла – бір, Құран – шын, Пайғамбар – хақ» деген қағиданы ертелі-кеш айтып жүрген кең сахара жұртының жадында ислами қағидалар берік орнаған. Олар тіршілігін де, өлімін де мұсылманшылық шарттарына сай атқарып бақты.
«Лә иләһә иллаллаһ! Иллалада пайда бар.
Білмеген құлға не айла бар?
Жатар жерің қараңғы,
Шамшырағың сайлап ал!»
Қазақ кешкілік ұйықтар алдында да кәлимасын қайталап, тілек тілегенде: «Алла құлым дегей, Пайғамбар үмметім дегей» деп қайырды. Сол арқылы мұсылмандықтың сара жолынан сырт кетпеген.
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед»
Мешітінің бас имамы Бектұрсын Уәлиев
Сабырлық – ол бойында көркем мінез және жүрегінде иманы бар адамның негізгі сипаты. Өмірде түрлі қиыншылықтарға тап болған адамға өз-өзін ұстай білуі әрине оңай іс емес, сондықтан болар сабыр етушіге берілетін сыйы мен оның алатын сауабының мөлшері көрген қиындықтарына сәйкес көбейе түседі екен.
Сабыр етушілер жайында Қасиетті құранда өте жиі айтылады, имам Ахмад (р.а.): «Сабырлықтың құндылығы жайлы Құранда тоқсан мәрте атап өтіледі»,-дейді. Сол аяттардың бірінде Алла Тағала:
﴿إِنَّ اللَّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ﴾
«Расында, Алла сабыр етушілермен бірге» (Бақара сүресі, 153-аят).
Өмір – сынақ, жақсылықпен қоса қиындық та қатар жүреді. Сол қиындықтарға мойымай сабырлық таныту – біздің міндетіміз. Кезінде шариғи ілімнен нәр алған бабаларымыз қанша қиыншылық көрсе де, сорақы-зұлматтарға сабыр етіп, сол қиыншылықтан өту жолдарын іздеп, қиындықтың арты жақсылық болатынына үлкен үмітпен Жаратушы Хақ тағалаға сыйынып, бойындағы имандылықтың жемісімен сабырлықтың үлгісін көрсете білген. Жүсіп Баласағұн атамыз: «Сабыр етсең – ісің оңға асады, шүкір қылсаң – жамандық та қашады»,-деген екен.
Қандайда бір қасыретке тап болған адам сабыр етсе, Алла тарапынан ақыретпен қатар осы дүниеде де лайықты бағасын алады екен. Бұл туралы Құранда:
﴿ وَإِن تَصْبِرُواْ وَتَتَّقُواْ لاَ يَضُرُّكُمْ كَيْدُهُمْ شَيْئاً﴾
«Егер сендер сабыр етсеңдер және тақуалықты ұстансаңдар, олардың (мұнафықтардың) қастық істері сендерге ешбір зиян қылмайды» (Әл-Имран сүресі, 120 аят). Бұл сабырлық жайлы Құранда келтірілген аяттар. Енді сабырлықтың құндылықтары жайлы ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистеріне тоқталып көрсек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): (والصبر ضياءً) «Сабырлық – ол нұр»,-деп қысқа да нұсқа айтып, сабырлықтың құндылығын атап өткен болатын (Имам Мүслім, Әбу Мәлік Әл-Әшғариден).
Сондай-ақ, Алланың Елшісі:
) ومن يتصبر يصبره الله ، وما أعطى الله أحداً عطاءً هو خير وأوسع من الصبر (
«Сабырлық таныту – ол Алладан берілген сый және Алланың алдында сабырлықтан артық сый жоқ»,-деді.
Ешбір адам, тіпті ол Пайғамбар, елші болсын Алладан жіберілген қасырет пен сынақтардан өздерін сақтандыра алмайды. Себебі қасырет-сынақты беретін де Алла, одан сақтайтын да бір Алла!
Құранда:
﴿ مَا أَصَابَ مِن مُّصِيبَةٍ إِلَّا بِإِذْنِ اللَّهِ ﴾
«Алладан бұйрықсыз ешбір қайғы-қасірет болмайды» (Тағабун сүресі, 11 аят). Барлық сынақ Алладан деген нық сенімді, қандай да бір қайғы-қасыретке тап болған адам есінен шығармауы тиіс. Сондықтан бір Аллаға ғана жалбарынып, дұға етіп, тәуекелге бел байлауымыз қажет.
Барлық қасыреттің Алланың қалауымен болатынын біле тұра, қалайша біз Аллаға қарсы келеміз?... Алладан жіберілген сынақтың барлығында да адамға пайдасы бар, себебі Алла әділ және Өзінің құлдарына жәбір көрсетпейді. Біле білсек Алла Тағала құлдарын күнәларынан тазартуы үшін сынақ жібереді екен, егер ол құлдарының күнәлары болмаса, онда олардың дәрежелерін көтереді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
)إن الرجل لتكون له المنزلة عند الله فما يبلغها بعمل ، فما يزال يبتليه بما يكره حتى يبلغه ذلك(
«Расында адамның басына қасырет берілсе және сол қасыретке сабырлық танытса, қанша жақсы амалдарымен де жете алмас деңгейге, дәрежесі көтеріледі»,-деген (Ибн Хиббан, «Сахих» кітабы, № 2896).
Және бір хадисте:
)ما يصيب المؤمن من هم ولا غم ولا نصب ولا وصب ولا حزن ولا أذى حتى الشوكة يشاكها إلا كفر الله بها من خطاياه(
«Иманды жанның басына түсетін уайым-қайғы, тіпті денесіне кірген тікеннің өзін Алла Тағала оның күнәларын кешіру үшін себеп қылып қойған» (Имам Әл-Бұхари). Міне, бұдан түсінетініміз, сынақ пен азғана ауруды Алла Тағала әлсіз бір құлының күнәсін кешірілуі үшін жасайтындығы.
Өз сөзінде Алла елшісі (с.ғ.с.):
)من يرد الله به خيراً يصب منه(
«Алла кімге жақсылық қаласа, оған сынақтар (қиындықтар) жібереді». Сондықтан адам баласы басына қандай да бір ауыртпалық келсе, соңының жақсы болатынына сенім артып, тек Алла разылығы үшін сабырлықта болуы қажет.
Мұсылманның басына қандай да бір қасырет келетін болса, оған ол соншалықты уайымдап, сабырсыздана өмірден түңілуі негізсіз болмақ. Себебі Алла Елшісі (с.ғ.с.):
)ما من عبد تصيبه مصيبة فيقول : إنا لله وإنا إليه راجعون . اللهم أجرني في مصيبتي واخلف لي خيراً منها إلا أجره الله في مصيبته وأخلف له خيراً منها(
«Егер құлдың басына қасырет түсіп және ол өз-өзін сабырлыққа шақырып: «Расында біз Алладанбыз және Оған қайтамыз. Ия, Алла! Осы қасыретте маған нығмет бере гөр»,-деп айтар болса, Алла ол құлын сый-сыяпатына бөлейді»,-деді (Имам Мүслім жеткізді). Яғни, қасыретке тап болғандар жоғарыдағы хадисте келтірілген дұғаны айтатын болса, оның сабыр еткені үшін Алла оған тиісінше нығметке бөлейтін болады. Сондықтан біздер Алланың нығметіне бөленуді қаласақ, мына шарттарды орындауымыз қажет:
- Барлық сынақтың Алладан екеніне және тек Алла ғана қасыреттен құтқаратынына нық сенімді болу.
- Алладан басқа ешкімге шағымданбау.
- Алладан ғана үміт етіп, Алла үшін ғана қайғыға төзімділік таныту.
- Барлық сынақта бір Алланың даналығы бар екендігіне сенім білдіру.
Бұл әрбір мұсылманның орындауы тиіс негізгі шарттары. Егер осы шарттар бұзылса, оның жеңіл жазасы – сауаптан құр қалып, бекерге қайғы-қасыретін көретін болады. Ал, ауыры – егер тағдырға, Алланың шешіміне қарсылық білдіріп, шағымданар болса, үлкен күнәға батуы әбден мүмкін. Сондықтан әрдайым ұстамдылықта болғанымыз дұрыс. Сабырлық қасиеттен ажырап, тағатсыздық танытар болсақ, бұл біздің осалдығымызды білдіртеді. Халқымыз: «Осалдың бәрі ойбайшыл, әлсіздің бәрі айғайшыл келеді»,-дейді. Қандай да бір күйзеліске ұшыраған сәтте, байбалам салмай, керісінше Алла разылығы үшін барынша байыптылық танытса, одан асқан рухани байлық жоқ. Себебі, барлық істің нәтижелі болуы тек қана Ұлы Жаратушының құзырында екендігі анық.
Алла Тағала баршамызға дер кезінде, жауапты сәттерде сабыр етуді, ұстамды болуды нәсіп етсін! Әмин!
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед»
мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы
Ислам – барша адам баласын бейбiтшiлiкке, амандыққа, ешкiмге соқтықпай тыныш өмiр сүруге шақыратын дiн. Сондай хақ дiнiмiз жер бетiнде нағыз адамгершiлiктiң, сыйластықтың рухын жайып, алауыздыққа, қантөгiске, қастық пен дұшпандыққа тыйым салғаны да мәлiм. Адамзат баласына жақсылықты түсiндiрiп, көркем мiнездi кемелiне келтiрсiн, жүректердi тазартсын деп Алла Тағала адамзаттың ең ардақты тұлғасы сүйікті елші Мұхаммедтi (с.ғ.с.) таңдап, пайғамбар еттi. Демек, Ислам дiнi тыныштықты бұзу үшiн емес, бұзықтықты тыю үшiн жiберiлдi.
Адамзатқа Исламмен бiрге жеткен өркениеттiң бәрiн санап тауысу мүмкiн емес. Ілгеріде мұсылмандық дегенде, ғылымның да, әдептiң де, мiнездiң де, қарым-қатынас ережелерiнiң де ең биiк шыңы елестейтiн. Ал, ардақты пайғамбарымыз дүниеден озып, саңлақ сахабалар оған iлесе кетiп, iзгi керуен бiртiндеп арғы дүниеге көшкен сайын сол Ислам дiнi бiрте-бiрте өзiнiң биiк тұғырынан төмендей бастағандай. Себебi, бүгiнгi таңда асыл дiнiмiзге қойылмаған ат, таңылмаған айдар жоқ. «Террор» дейсiз бе, «экстремизм» дейсiз бе, қысқасы, дiнiмiзбен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сан түрлi атаулар бүгiнде Исламға қатысты айтылатын болды. Бұлай болуының себебi не, бұл кімдердің жасаған қитұрқысы екені беймәлiм. Бiр анығы, Алла Тағаланың жер бетiне «Ислам – бейбiтшiлiк» деп жiберген ақиқи дiнiнде ондай шектен шығушылықтардың бiрi де жоқ. Экстремизм деген сөз шектен шыққан көзқарастарды ұстану дегендi бiлдiрсе, онда бұл нәрсенi Исламнан iздегендер қатты қателеседi. Лаңкестiктiң ұлты, дiнi болады дегенге кiм сенедi? Ендеше, нағыз мұсылман ешуақытта «экстремист бола алмайды». Ал, қасақана Исламға жала жапқандар ауыр күнәға батушылар. Алла Тағала қасиеттi Құран Кәрiмде:
الْيَوْمَ أَكْمَلْتُ لَكُمْ دِينَكُمْ وَأَتْمَمْتُ عَلَيْكُمْ نِعْمَتِي وَرَضِيتُ لَكُمُ الإِسْلاَمَ دِيناً
«Бүгiн дiндерiңдi толықтастырдым және нығметiмдi тәмамдадым. Сондай-ақ, сендерге Ислам дiнiн қоштап ұнаттым» (Мәйда сүресі 3-аят) - деп баян еткен. Демек, Ислам дiнi бүкiл ғаламдардың иесi, ұлы Алланың қош көрiп ұнатқан дiнi. Олай болса, оған күйе жағу – Алланың қаһарына ұшырау болып табылмақ. Қай-қайдан шығып, қоғамдағы тәртiптi бұзып жүргендердi Исламмен байланыстырып қою, саналы адамның қисынына да келмейдi.
Ислам дiнi – жер бетiнде бейбiтшiлiк пен тыныштықты орнату үшiн жiберiлген соңғы иләһи дiн. Мiне, сондықтан, әрбiр мұсылман, тiптi, сәлем бергеннiң өзiнде «әссәламу ғалейкум» деп бейбiтшiлiк пен тыныштық тiлеп амандасады. Ата-бабаларымыз да сан ғасыр бойы дәстүрлі Ислам дiнiн өмiрмен бiте қайната ұстанып, ауызбiршiлiкпен бейбiт ғұмыр сүрiп келдi. Дiни дүрдараздық деген ұғым қазақ даласында күнi кешеге дейiн болмаған. Қазақ даласы түгiлi, ешбiр Ислам дүниесiнде кешегi ХIХ ғасырларға дейiн «дiни экстремизм» деген ұғым болып көрмеген. Өкiнiшке орай, соңғы жылдарда асыл дiнiмiздi жеккөрiнiштi етiп көрсететiндер жер-жерден бой көтере бастады. Кешеге дейiн бар қазақ бiр дiндi, бiр мәзһабты ұстанып келдi. Сенiмi де, мақсат-мүддесi де бiр болып келдi. Ендi бүгiн әлемде түрлi мүдделер кертартпа ағымдар пайда болып, дiнiмiзге әлгiнде аталғандай жаман атаулар таңылуда. Бiздiң дiнiмiз өз отандастары мен қандастары, жерлестерi былай тұрсын, өзге сенiм иелерiмен де бейбiт ғұмыр кешудi бұйырады. Екi дүниенiң бақытына жетудiң жолдарын үйрететiн Исламда
أَنَّهُ مَن قَتَلَ نَفْساً بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعاً
«Бейкүнә бiр адамды өлтiру – күллi адамзатты өлтiрумен тең» (Мәйда сүресі, 32-аят) - деген. Олай болса, қаншама жазықсыз адамдарды, көздерi мөлдiреген жап-жас сәбилердi өлтiруге Ислам дiнi бұйырды деу қисынға сыймайтыны ақиқат. Адам өлтiретiн лаңкестiк әрекеттер әлбетте Құранға да, мұсылманшылыққа да жат. Адам түгiлi, малды қорқыту Исламға қайшы. Сойылатын малдың көзiнше пышағын қайраған сахабаға пайғамбарымыз қатты кейiп: «Сен малды неше рет өлтiрмексiң? Пышағыңды малды жатқызбас бұрын қайрап алмадың ба?», - деп қатаң ескерту жасаған.
Өзгелердiң жанын қию үшiн өзiне де қол жұмсаған жанкештiлер өздерiн «шәһидпiз» деп есіредi. Шәһидтiк мәртебе бейкүнә жандарды өлтiрумен келетiн оңай нәрсе емес. Дәстүрлі діндердің ешқайсында жазықсыз жанды өлтіріп, шәһид болу деген қағида жоқ. Сондай-ақ Исламның негiзгi қайнар көзi саналатын Құран мен Сүннетте жазықсыз адамның қанын төгу қажет деп насихатталмаған. Сонда Ислам мен «экстремизмде» қандай байланыс болуы мүмкiн? Әлбетте ешқандай байланыс жоқ. Керiсiнше, Ислам дiнi дұрыс түсiндiрiлмегендiктен түрлi орынсыз әрекеттер бой көрсетуi ықтимал. Сондықтан қазіргі таңда әсіресе жас ұрпаққа рухани тәрбие берiп, дiни сауатын ашу үшiн барлық жағдайды жасауымыз қажет. Асыл дініміздің құндылықтарын жан-жақты жеткізіп, насихаттай отырып, ұлттық дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың аясында тәлім-тәрбие беру аға буын өкілдері үшін жауапты міндет екендігін жадымыздан шығармайық ағайын.
«Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің
бас имамы Бектұрсын Уәлиев
Мұсылман адам өз өмірінде шариғат өлшемдерінен мүлт кетпеуге тырысады. Өйткені ол әр нәрсенің сұрауы болатын Есеп күніне сенеді. Осы тұрғыдан алғанда мұсылман баласы қандай мәселеге де асқан жауапкершілікпен қарай білмек. Сондай жауапкершілікті талап қылатын адам баласының өмірінің бір негізі ол – отбасын құру, одан ізгі ұрпақ өрбіту.
Алла тағала Құран кәрімде:
وَمِنْ آيَاتِهِ أَنْ خَلَقَ لَكُم مِّنْ أَنفُسِكُمْ أَزْوَاجاً لِّتَسْكُنُوا إِلَيْهَا وَجَعَلَ بَيْنَكُم مَّوَدَّةً وَرَحْمَةً إِنَّ فِي ذَلِكَ لَآيَاتٍ لِّقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ
«Сендерге өз араларыңнан жұбайлар жаратып, сүйіспеншілік пен мейірім салуы да Алланың белгілерінің бірі. Ой жүгірте білетін қауым үшін мұнда көп ғибрат бар» (Рум сүресі, 21-аят) делінген.
Ендеше, үйлену, отбасын құру адамның жаратылысымен астасып кеткен бір нығмет. Дана бабаларымыз: «Отан отбасынан басталады» десе, халқымыз: «Ақ неке», «Адал жар» деген ұғымдармен отбасының, некенің қасиеттілігін ардақтай білген. Отбасы шағын мемлекет болғандықтан қоғамда отбасын құру мен оны сақтау мәселесінің маңызы да өте жоғары.
Ислам шариғатында отбасын құрудың алғашқы шарты неке қидыру болып табылады. Неке қиюдың өз алдына тиісті шарттары бар. Ал, некесіз екі жастың қосылуына Ислам діні қатаң тыйым салады. Яғни, некесіз отбасы, отбасынсыз неке болмайды. Қазіргі күнде кейбір жастар некеге мән бермей, бастауын батыстан алатын азаматтық некеге әуестеніп алған. Мұны неке деп те айтуға ауыз бармайды, мұнда ешқандай жауапкершілік те жоқ. Бір-бірін сынау мақсатында бір шаңырақта есеппен өмір сүреді. Бүгінгі күні осындай жалған некеден қаншама адамдар зардап шегуде. Оның салдарынан мыңдаған отбасылар бұзылып, қаншама балалар тірі жетімге айналуда. Жезөкшелік пен азғындық артып, қауіпті аурулар пайда болуда. Ал, адамзатты адалдық пен тазалыққа үндейтін, әр мәселеге даналықпен қарайтын Ислам діні болса неке қиюды діннің талабы етіп қойған.
Неке – отбасын құрудың негізі, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Неке – ер мен әйелдің өз еріктерімен бірге өмір сүруін қамтамасыз ететін, бірін екіншісіне адал ететін байланыс. Құранда:
وَمِن كُلِّ شَيْءٍ خَلَقْنَا زَوْجَيْنِ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ
«Біз әр нәрсені жұп-жұбымен жараттық, бәлкім ойланарсыңдар» делініп, әрбір нәрсенің жұптаса өмір сүретіндігін көрсетеді. (Зарият сүресі, 49-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да: «Ей, жастар қауымы! Кімнің мүмкіндігі жетсе үйленсін. Себебі үйлену көзді харамнан, абыройдың жоғалуынан ең жақсы қорғайтын нәрсе» деп отбасын құрудың жеке адам үшін де, қоғам үшін де пайдалы екеніне, адамды жауапкершілікке тәрбиелейтініне назар аударады. Некелесу ерге де, әйелге де белгілі бір жауапкершіліктерді жүктейді. Ер адам – отбасының асыраушысы, ол әйелі мен баласын материалдық және рухани тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті болса, әйелдің міндеті – күйеуіне бағыну, өзін күнәлі істерден сақтау, ерінің тапқанына иелік ету. Мұсылман отбасында ерлі-зайыптылардың міндеттері мен орны діни және ұлттық салт-дәстүрмен бекітілген.
Шариғатымызда неке ұлы сауаптарға жетелейтін ғибадат болып саналады. Ибн Хуммам (р.а.): «Неке ғибадатқа етене жақын. Үйлену –құлшылық үшін бойдақ қалудан әлде қайда жоғары», - деген. Ғалым ибн Ғабидин (р.а.): «Біз үшін Адам ата заманынан осы заманға дейін шариғат етіп қойылған және кейін жәннатта да жалғасатын неке мен иманнан өзге құлшылық жоқ» (Раддул мухтар кітабы) деп, некенің екі дүниелік құлшылық екендігін жеткізген.
Шариғатта: «неке – шаңырақ көтеруші ер мен әйелдің ұсыныс және қабылдау арқылы сөз байласуы» болып саналады. Яғни, неке қидыру дегеніміз – үйленуге кедергісі жоқ екі жастың куәгерлердің алдында сөз байласуы арқылы адал жолмен қосылып, перзентті болып, шаңырақ көтеруі деген ұғым.
Имам Мәлік, сахаба Әнәстан (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін жеткізеді: «Адам баласы некеге тұру арқылы иманын кәміл етеді. Иманын кәміл ететін некеге немқұрайлы болудан Алла Тағаладан қорықсын!» Міне, сондықтан да Ислам дінінде неке адам өміріндегі маңызды бір құлшылық іспетті.
Бала ер жетіп, қыз балиғатқа толған шақта әрбір ата-ананың «ұлын ұяға, қызын қияға қондыруы» міндет екендігі Қасиетті Құран аяттарында да баяндалады:
وَأَنكِحُوا الْأَيَامَى مِنكُمْ وَالصَّالِحِينَ مِنْ عِبَادِكُمْ وَإِمَائِكُمْ إِن يَكُونُوا فُقَرَاء يُغْنِهِمُ اللَّهُ مِن فَضْلِهِ وَاللَّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ
«Араларыңдағы бойдақтарды (ер жеткен ұл-қыздарды) үйлендіріңдер! Егер олар пақыр кедей болса, Алла оларды өз кеңшілігімен байытады. Алла Тағала аса кеңшілік иесі, толық білуші». (Нұр сүресі, 32-аят) Жоғарыдағы аяттың мәнін ұғына отырып, жас шамасы шаңырақ көтеруге лайықты болған ұл-қыздарымызды дер кезінде некелестіріп, әрқандай абыройсыздықтардан қорғап қалуымыз қажет. Маңызды бір себебі болмаса неке қиып, отбасын құрудан қашқан адам, сүннетті тәрк еткен болады. Ал, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп өсиет етеді: «Неке – менің сүннетім. Кім менің сүнеттімнен бас тартса, ол менен емес, (яғни менің үмметімнен емес)». Үйленіңдер. Расында мен, үмметімнің көптігін мақтан етемін». (Кутубу ситтә; 6564).
Қоғамымыздағы әлеуметтік институттардың бірі – отбасы болса, сол отбасының өзі – жеке бір тәрбие институты. Өйткені, адам дүниеге келген сәтінен бастап, адами құндылықтарды осы отбасында бойына сіңіріп өседі. Сондықтан асыл дініміз насихат еткен некенің орны өте ерекше.
Қорыта айтар болсақ, неке қию – жеңіл-желпі қарауды көтермейтін діни әрі ұлттық мәселенің бірі. Отанды құрайтын отбасы құндылықтарының бұзылуына жол бермеу еліне жанашыр әрбір азаматтың міндетіне айналуы тиіс.
Бектұрсын Торғайбайұлы
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед»
мешітінің бас имамы