Уақып бұл – Алла разылығы үшін белгілі бір мүлікті қайырымдылық жолына арнау немесе бағыштау. Уақып – істелуі ұнамды болған және Аллаға жақындататын хайырлы іс. Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер!» (Бақара-267) деп, ескерткен. Және бір аятта: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да Алла оны сөзсіз біліп тұрады», (Әли Имран-92) деген.
Әбу Һурайрадан (р.ғ.) риуаят бойынша: «Алланың Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Садақа Раббының ашуын басады және жаман өлімді қайтарады» (Тирмизи) деп, Алла жолында садақа берудің сауабын айтып өткен.
Саңлақ сахабалар өз дәуірінде бар мал-мүлік, жиған қаражатын халықтың игілігі жолында, Алланың разылығын алу мақсатында сарп ететін болған. Бұл қоғамдағы жарлы-жақыбай, кедей-кепшіктерді тұрмыс тауқыметінен құтқарса, уақып жасаушы жанды мол сауапқа кенелткен. Мәселен, Әнас ибн Мәликтің өгей әкесі Әбу Талха, Алла елшісінен жоғарыдағы аяттарды естіген бетте «Бейруха» есімді сүйікті бақшасын дереу Алла жолына бағыштап, уақып еткен.
Бірде Омар ибн Хаттаб (р.ғ) пайғамбарымызға келіп: «Уа, Алланың елшісі, мен Хайбар соғысында бір жерді өз меншігіме алдым, осы жер хақында маған қандай әмір бересің?», деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Егер қаласаң ол жерді уақып қыл да одан түскен пайданы садақа қылып отыр», деп кеңес береді. Омар (р.ғ) содан кейін ол жерді ешкімге сатылмайтын, мирасқа да қалмайтын қылып садақа етеді. Одан түскен пайданы мұқтаж жандарға, Алла жолындағы жақсылықтарға, жолаушыларға садақа қылып беріп отырды. Ал, ол істі мойнына алған яғни пайданы жинап отыратын кісінің сол кездегі жағдайға сәйкес ішіп жемі мен еңбегін де беріп отырды. Ислам ғұламалары Омардың (р.ғ) өз меншігіндегі жерін уақып қылуын «Ислам тарихындағы ең алғашқы уақып» деп санаған. (Абдулла ибн Абдурахман Әл Бәссәм, Таузихул ахкам мин Булуғил марам, 1-7, Мәктәбәтул Әсәди)
Ал, енді біздің бабаларымыз уақыпқа қалай амал жасады?
Қоғам қайраткері, жазушы, ақын, аса көрнекті ағартушы, жалынды көсемсөз шебері, айбарлы алты алаш үшін жанын қиған асыл арыстардың бірі Міржақып Дулатұлы бір өлеңінде:
Жарар еді ортада мешіт салсақ,
Қаза қылмай намазды барып тұрсақ,
Бір ғалымды фазыл заттан имам сайлап,
Байларымыз жиналып уақып қылсақ.
Барша түркі жұртының алтын бесігіне айналған, рухани астанамыз саналатын Түркістанда Ақсақ Темірдің, Қожа Ахмет Яссауиға арнап салғызған кесене-мешіті орасан зор мұра. Тарихи деректерден Ақсақ Темір осы кесене-мешітті уақып етіп салып, «уақыпнама» қалдырған.
Батыр да дана бабаларымыз өзге елде жүріп те халыққа пайдалы қыруар еңбек жасаған, арғысы Сұлтан Бейбарыс бабамыз Мысыр еліндегі салған мешіті болса, бергісі Құнанбай қажының Меккедегі уақып етіп салып кеткен тәкиесі – халқымыз үшін ардақты мекен болып саналады. Бүгінгі күні де елқамын ойлаған азаматтарымыз мешіт, медресе салып, халықтың ыстық ықыласына бөленуде.
Уақыптың пайдасы мен хикметі:
- Дүние мүлкін Алла жолында уақып қылу Аллаға жақындатады. Мұсылман осы арқылы үлкен сауапқа ие болады және ол үшін бұдан асқан үлкен қайырлы іс болмайды.
- Уақып арқылы қайтыс болған мұсылманның сауабы үзілмей артынан барып тұрады. Негізінде бір мұсылман қайтыс болған кезде бүкіл іс әрекеттерінің сауабы үзіледі. Ал жасаған «уақып амалының» сауабы үзілмейді. Сол арқылы оның рухы қабірде нұрланатын болады. Қайтыс болған мұсылманның артынан салихалы ұрпағының дұғасы, пайдалы білімінің және қылған уақып амалының сауабы барып тұрады.
- Уақып мұсылмандардың қажетіне асады және осы арқылы Ислам дінінің дамуына өз үлесін қосады.
Қадірлі ағайын, қымбатты бауырлар! «Уақып» тақырыбы еліміз үшін, дініміз үшін өзекті мәселе. Қазіргі таңда ҚМДБ-ның тікелей қолдауымен «Уақып қоры» өз жұмысын бастап кетті. Қордың мақсаты дәстүрлі рухани құндылықтарды дамыту, діни ғимараттар мен әлеуметтік нысандар құрылысын бірлесіп салу, дін қызметкерлеріне қолдау көрсету, олардың біліктілігін арттыруға көмектесу. Сонымен қатар мұқтаж жандарға материалдық көмек көрсету болып табылады.
«Өзін ғана ойлаған, Жамандықтың белгісі.
Өзгені де ойлаған, Адамдықтың белгісі» - демекші, асыл дініміз Ислам әрдайым өзгелерге көмектесуге, қамкөңіл жандардың қамын жеуге үндейді. Сондықтан қолымыздан келгенше, дүние-мүлкімізден Алла жолында уақып етуді ұмытпайық. Құдай тағала кәсіптеріңізге береке беріп, адал табыс табуды нәсіп еткей!
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің имамы Бектұрсын Уәлиев