Мұхаррам айы – мұсылман жыл санауының басы, яғни бірінші айы. Бұл ай тарихта мұсылмандардың Меккеден Медине шаһарына қоныс аударғанымен мәңгіге қалды.
Екі дүние сардары Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) пайғамбарлықтың 12 жылы зүлхиджа айында Ақабә деген жерде мединелік Ансарлардан «Ақабә биатын (ант, уәде)» алғаннан кейін, келесі айда, яғни Мұхаррамда Меккеден Мединеге көшу/хижрет басталады.
Хижретке 16 жыл толғанда, (638 жылы) халифа Омар (р.а.) Мәдинада кеңес құрып, тарихтың есебін жүргізу мәселесін көтерді. Әзірет Әлидің ұсынысы әрі кеңестің құптауымен хижрет Ислам тарихының басталуы әрі мұсылман күн түзбесі ретінде қабылданса, мұхаррам сол күн түзбенің алғашқы айы ретінде бекітіледі.
«Мұхаррам» сөзі «тыйым салынған» деген мағынаға саяды. Осы айда соғысу харам болғандықтан «Мұхаррам» деп аталған болса керек. Бұл турасында Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінде былай делінген:
«Шын мәнісінде Алланың қасында, айлардың саны – он екі. Жер мен көк жаратылған күннен бастап Алла солай белгілеп қойды. Оның төртеуі – соғысу арам етілген айлар (зүлқағда, зүлхиджә, мұхаррам, ережеп)...»[1].
Мұхаррам айының маңыздылығы жайында Құран аяттарымен қатар, көптеген хадистерде кеңінен мысал келтіріліп, маңыздылығын мен қадыр-қасиетін айқындай түседі. Нәсәи жинағында риуаят етілген бір хадисте сахаба Әбу Зәр былай дейді:
Мен Пайғамбарымыздан түндегі қайырлы уақыт пен айлардың ішіндегі ең абзалын сұрадым. Сонда Ол (с.ғ.с): «Түннің ең қайырлы уақыты – түннің соңғы үшінші бөлігі. (Рамазаннан кейінгі) Айлардың ең абзалы– сендердің «мұхаррам» деп жүрген Алланың айы», –деп жауап берді»[2].
Ендеше, адамзат ардақтысы айлардың абзалы деп ерекше көтермелеген мұхаррамның қандай ерекшеліктері бар. Мұхаррамның мән-маңызын зерделеуде аят пен хадистерге сүйене отырып, бұны төрт мәселе тұрғысында қарастыруға болады:
«Ораза үшін Рамазаннан кейінгі ең қайырлы ай – Алланың айы Мұхаррам»[4]
Хадиске мән беріп қарасақ, осы айға қатысты мынадай екі маңызды үкім шығаруға болады:
Өзге айлардан қарағанда Мұхаррам айында нәпіл ораза ұстаудың сауабы мол.
«Алланың айы» деп бұл айды Аллаға тіркестіруі арқылы оның қасиеттілігін және өзге айлардан қайырлы екендігін аңғартуда.
Тағы бір хадисінде Алла Елшісі былай деген:
«...Рамазан айынан кейін ораза тұтқың келсе, Мұхаррам айын оразамен өткіз. Шынында, бұл ай – Алланың айы. Бұл айда, Алла тағала кей қауымның тәубесін қабыл етіп қойған болса, кейбір қауымның таубесін осы айда қабыл етеді»[5]
4. Мұхаррам айының оныншы күні келетін «Ашура күнінің» болуы.
Бұл күні ораза ұстау ұнамды әрекет. Сахих Муслимде келген хадисте Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Ашура күні ұсталған ораза жайында сұрағанда, Ол (с.ғ.с): «Өткен жылдағы жасаған (кіші) күнәлары кешіріледі»,[6] – деп жауап берген.
Ашура күнін қасиет тұту сонау жәһили (надандық) дәуірінен бастау алады. Ислам келмей тұрғанда да арабтар осы күнді ұлықтап ораза ұстайтын, осы күні Кағбаның жапқышын жабатын болған. Бұған Айша анамыздың мына сөзі дәлел:
«Исламнан бұрын Құрайш арабтары Ашура күні ораза ұстайтын. Пайғамбарымызда сол кездері ораза ұстайтын болған. Ол (с.ғ.с) Медине қаласына хижрет еткенде, өзгелерге де осы күні ораза ұстауды әмір етті. Кейінірек Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін, Ашура күнгі ораза ұстауды тоқтатты. Бұдан соң ол оразаны қалаған ұстады, қаламаған аузын ашып жүрді»[7]
Айша анамыз тағы бір сөзінде былай дейді:
«Рамазан парыз болмай тұрып, олар Ашура күні ораза ұстайтын әрі осы күні қағбаға жапқыш жабатын»[8]
Пайғамбарымыз (с.а.у) Медине қаласына хижрет еткеннен кейін, осындағы тұрғылықты Яхуди дініндегілердің де Ашура күні ораза ұстайтынын көреді. Олардан мұның себебін сұрағанда, «Бұл күні Мұса пайғамбар және оның қауымы Перғауынның зұлымдығынан құтылып, Перғауын және оның ізбасарлары суға тұншықты. Осылайша перғауынның зұлымдығынан құтқарған Аллаға шүкір етіп Мұса пайғамбар ораза ұстаған» деген жауап алады. Сонда Алланың Елшісі: «Біз Мұса пайғамбарға сендерденде жақынырақпыз»,– деп сол күні ораза ұстауды мұсылмандарға кеңес етеді[9].
«Ашура» деген сөз арап тілінде «ъашара» он санынан шыққан. Бұл күн мұхаррам айының оныншы күніне сай келгендіктен «Ашура», яғни оныншы күн деген атау берілген.
Ашура күні ораза ұстаудың үкімі – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у) осы күні ораза ұстауға мән беретін. Тіпті, Рамазан оразасы парыз болмай тұрғанда Ашура күні ораза ұстау уәжіп болған деседі ғалымдарымыз. Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін Ашура күнгі оразасы сүннет боп қалады. Сахаба Абдулла ибн Аббастан осы күні ұсталатын ораза жайында сұрағанда Ол (р.а):
«Пайғамбарымыздың осы күнгі нәпіл оразаның қадірін, өзге күндердегі нәпіл оразалардан артық санайтын...», – деп жауап берді.
Сахабалар да осы күні ораза ұстауға қатты мән берген. Олар тек өздері ауыз бекітіп қоймай, жас балаларын да осы күні ораза ұстауға баулитын. Муғаз қызы Әр-Рабиғ бұл жайында былай дейді:
«Ашура күні таңертең (Һинд ибн Әсмәны) Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мәдина қаласының айналасындағы ауылдарға жіберіп (ондағы мұсылман болған кісілерге осы күні ораза ұстасын деп айтты да): «Кімде-кім оразаға ниет еткен болса, бастаған оразасын бітірсін. Ал, кім нәр татып қойған болса, сол күннің ары қарайғы уақытын оразамен аяқтасын», – деді. Бұл сөзден кейін біз ораза ұстадық және жас балаларымызға да ұстаттық. Мешітке барғанымызда киізден істелген ойыншықты ала баратынбыз. Балалардың бірі ашығып жылай бастағанда, ауыз ашарға дейін жанағы ойыншықпен алдандыра тұратынбыз».[10]
Бұл күні неге ораза ұсталады?
Ашура күні Алла тағала өзінің пайғамбары Мұсаны (ғ.а.) перғауынның зұлымдығынан құтқарғанын айтып өттік.Аллаға шүкіршілігін білдіру мақсатында Мұса (ғ.а.) осы күні ораза ұстаған. Осыны естіген Пайғамбарымыз:«Біз Муса пайғамбарға сендерденде жақынырақпыз»деп ораза ұстайды. Демек, бұл күні ораза ұстаудың мәні де осында жатса керек, яғни Аллаға шүкіршілік білдіру.
Ашура оразасына қосып қанша күн ораза ұсталады?
Ашура күніне қосып бір күн алдын және бір күн кейін ораза ұстау ұнамды (мұстахаб), яғни Мұхаррам айының тоғызы, оны және он бірі күндері. Өйткені, Имам Ахмедтің риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз: «Ашура күні ораза ұстаңдар. Яхудилерге ұқсамау үшін бір күн алдын және бір күн кейін тұтыңдар», – деген[11].
Сахих Муслимде келген тағы бір хадисінде Алла Елшісі: «Егер келесі Ашура күніне дейін өмір сүретін болсам, Ашура күнінен бір күн алдын, яғни Мұхаррамның тоғызы күнін де қосып ұстайтын болам»[12], –деу арқылы да, тек Ашура күні ғана емес, одан бір күн алдын ораза ұстаудың ұнамды екенін ұғындыруда. Дегенмен, тек бір күн Ашура күні ғана ораза ұстаса да күнә емес.
Абдусамат Қасым
[1]Тәубе - №36 аят.
[2]Нәсәи – №4612 хадис.
[3]Тәубе - №36 аят.
[4]Сахих Муслим, әс-Сыям – №1163 хадис.
[5]Шаукани, Нилуль Әутар, Китабус сиям.
[6]Сахих Муслим, әс-Сыям – №1162 хадис.
[7]Сахих Бухари – 2002.
[8]Сахих Бухари – 1952.
[9]Сахих Бухари – 3727
[10]Сахих Бухари – 1859; Муслим - 2725
[11]Ғаунул Мағбуд, Китабус саум, №2445 хадис түсіндірмесі.
[12]Муслим – №2723 хадис.
Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады.
Нұрсұлтан Назарбаев. Бала - өмірдің жалғасы. Балаға өнер үйретіп, кәсіпке баулу, тиянақты білім беру, абзал азамат етіп тәрбиелеу - адамзат қоғамының басты міндеттерінің бірі болып саналады. Жанұяның жемісі, берер гүлі, алтын тіреуі – бала. Осы ойды халқымыз “бесіксіз үйде береке жоқ” деп бекер айтпаған.
Бұл әр ошақтың түтіні сөнбесін деген ізгі тілектен туған сөз ғана емес, сонымен бірге, елдікті ойлау, елдің ертеңгісі жөнінде қам жеу. Баланы өмірдің жалғасы, мәні мен сәні деп бағалаған халқымыз ежелден жанұяда баланың көп болуын қалаған. Ата-бабаларымыздың “Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар, көп баласы бардың үйінде жанған шамы бар, “Балалы үй базар, баласыз үй - мазар”, “Бала - адамның бауып еті” сияқты пайымдауларында терең мағына бар.
“Ата өліп, бала қалса, мұратына жеткені, бала өліп, ата қалса, арманда кеткені”, “Артында қызы бардың көзі бар, ұлы бардың өзі бар” деген секілді тұжырымдауларда сан ғасырлық тірліктің тұнбасы берілген ғой. Қазақтың түсінігінде ұл баланың дүниеге келуін ұл туғанға күн туған деп ерекше бақыт санаған, оның себебі ер бала жанұяның жалғасы, шаңырақтың иесі болып есептелген.
Жанұяда әкелер өздерінің білетін бар өнерін ұлдарына үйретіп отырған. “Атадан ұл тумас болар ма, ата жолын қумас бала болар ма дейтін асыл сөз соның айғағы. Сонымен бірге халқымыз ұлдарын ұқыпты, шаруақор болуды, отын-шөбін, азық-түлігін дер кезінде дайындап, жанұясының қамын ойлап, тірегі болуға үйреткен.
Үйдің иесі де, қожасы да ер бала деп есептеген, ал қыз балаға үй сыпыру, төсек жинау, ас пісіру, шай құю, кесте тігіп, тон пішу т.б. өнерлерді мұралап отырған. Себебі қыз бала жанұяның ұйытқысы, күтімшісі санап, олардың еңбексүйгіш, епті болып өсуіне ерекше мән берген. Қызының көрікті, ибалы болуы аналары үшін үлкен мәртебе болған.
“Аттың көркі – жал, қыздың көркі – шаш” деп білген аналар қыздың шашын дұрыстап күтіп өсіруді өнер санаған. Аналар, қыздардың киім киісіне үлкен көңіл бөлген. “Қыз өссе, елдің көркі” деп оларды өте бағалаған. “Қызға қырық үйден тыю”, “Ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол” деген сөздер баланы қауым болып тәрбиелеу мақсатында шыққан.
Қорыта айтқанда, бала жақсы болып өсіп, оқып білім алып, теңін тауып, жанұя болып, мемлекетіміздің болашағы бола алса, отбасының бақыты болып шыққаны ғой.
«Шынықсаң шымыр боласың» дегендей, қазіргі күні жастарымыздың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысулары – қуанарлық жай. Ауданымызда да дене шынықтырумен шұғылданып, уақыттарын бос өткізбей, спортты алға қойып жүрген жастарымыз аз емес.
- Жалпы мен мектеп қабырғасында оқып жүргенімде спортқа деген қызығушылым оянған болатын. Есмырза бастауыш мектебін 1998 жылы бітіріп, № 2 Ұзынкөл орта мектебінде оқуымды жалғастырдым. Аталмыш мектепті ойдағыдай аяқтағаннан соң, 2011 жылы ауданымыздың №13 кәсіптік лицейін тәмамдадым.
Әскерде азаматтық борышымды өтеген кезімде спортпен айналысып, түрлі жарыстарға қатыстым, - дейді Есмырза ауылының тумасы Айзат Төребаев.
Айзат биыл 22 жаста. Мектептен бері спорттың бірнеше түрлері-гір көтеру, қазақша күреспен айналысып келеді. Осы салада қол жеткен табыстары да атап өтерліктей. Бұл күндері әлгі аталған спорт түрлерінен жүлделі орындарды иеленді. Ел арасында мықты спортшы атанды.Бірқатар дипломдармен марапатталды.
Оның ендігі арманы – шекара қызметіне жұмысқа тұрып, спорттан қол үзбеу. Айзаттың бойындағы адамгершілік, имандылық қасиеттері де жерлестеріне белгілі. Мешітке де барып тұрады.
Төребаевтар жанұясы ауданда сыйлы. Отағасы Төлай мен зайыбы Алмагүл беделді жандар. Олардың тағы бір ұлдары Болат та спортқа бейім. Кейіпкерім өткен Құрбан айт мейрамында қазақша күрестен бірінші орынды жеңіп алды. Оған ауданның бас имамы Есенкелді қажы Сақтағанұлы оған мақтау қағазы мен бағалы сыйлық тапсырды.
Әр халықтың санасында ең қастерлі ұғым болса, ол – тәуелсіздік дер едім. Өткен тәуелсіздік алған жылдарда елімізде қаншама оңды өзгерістер орын алып, қаншама шарапатты үрдістер бой көтерді.
Әрине, көптеген қиындықтар да болды. Сонымен бірге, Аллаға шүкір, табысты нәти¬желерге де қол жеткіздік. Қазіргі таңда еліміз экономикалық, әлеуметтік қуатты реформаларды тиімді іске қосып, қай салада да ТМД елдері ішінде көшбасшы атанды.
Жалпы, тәуелсіздік кез-келген халық үшін өте қадірлі. Бұған ешкімнің таласы бола қоймас . Асылында, бұл құбылыстың терең астарларын тарих қойнауы¬нан, ата-бабаларымыздың өткенінен, оның сан ғасырлық арманынан із¬де¬геніміз дұрыс.
Бүгінгі күні біз аталарымыздың аманаты алдында, ел еркіндігі үшін қыршын кеткен боздақтардың рухы алдында, әрқашан тағзым етуге тиіспіз.
Жетпіс жыл бойы атеизмнің құрсауында болған қазақ халқы тәуелсіздік алысымен өз тегін, тілі мен дінін іздей бастады. Былайша айтқанда, тәуелсіздік бізге ислами құндылықтарды қайта оралтты. Руханиятымыз түгелдене бастады.
Асыл дініміз Исламның басты мақсатының бірі адам баласының ақылын, санасын, ойлау қабілетін қорғау, ұрпақ жалғастыру, айналаны-қоршаған ортаны аялай білу.
Сондықтан, хақ дініміз маскүнемдік, нашақорлық секілді естен тандыратын, адамның санасын улайтын және зинақорлық, парақорлық сияқты жиіркенішті жаман қылықтарды қоштамайды, оларды үзілді-кесілді лағынеттейді.
“Адамның сүйеніші – ақылы. Ақылы жоқтың діні де жоқ!” Шындығында да ақылы жоқ адамның діні қайдан болсын?! Есірткіні сорып, масайып жатқан адамнан қоғамға, жанұяға қандай жақсылық болмақ?! Ең қарапайым нәрселерді түсіну үшін, оны іске асыру үшін ақыл керек қой. Ал, дін секілді ең ұлық, ең рухани, ең пәк ұғымды түсіну үшін ақылдың да ақылы қажет.
Ақылы сергек, ойы таза адамдар ғана діннің қадірін біліп, терең ойлап, таза иманды болмақ. Өйткені, иман дегеніміз ол – сенім. Сенім – ғылым, білім арқылы пайдалы болып, беки түседі. Ғылымсыз, білімсіз адамда қандай сенім болсын?! Ол неге сенгенін, не үшін сенгенін біле ала ма?!
Міне, сондықтан, Исламият – ойы, ұжданы сау адамдардың болғанын қалайды, соны бұйырады. Иманы берік, ойы таза адамдар тың ойлайды, харам нәрселерден, әрқандай қылмыстан аулақ болады. Олар дүниедегі және ахиреттегі жауапкершіліктен қорқады.
Пайғамбарымыздың хадистерінде осы мәселелерді анықтайды: “Шүбәсіз, Алла Тағала жұмсақ мінезді, ақ жарқын кісіні жақсы көреді” , “Мұсылман – тілінен және қолынан өзге мұсылмандар амандықта болатын адам”, “Өзінің бауырына үш күннен артық кек сақтау мұсылманға халал болмайды” және “Садақалардың ең абзалы – ренжіскен адамдарды татуластыру”,-делінген.
Қорыта айтқанда, әр замандағы, барша ғасырлардағы мәселелердің шешілуінде Исламның хақ орнын түсінуіміз керек. – Дана халқымыз: «қауіп еткеннен айтамын» деген ғой. Біз неден сақтануымыз керек? Тәуелсіздіктің негізгі тірегі бұл – мемлекет ішіндегі тұрақтылық қой. Тұрақтылық қай жерде? Тұрақтылық – әлбетте бірлік болған жерде. Біз ел туралы айтқанда, ең алдымен, ел бірлігін айтуға тиіспіз. Сондықтан «Жаратушы Хақ тағала бірлігімізді бекем қылсын», -деп тілейік және соған сәйкесті амал ете білейік!...
Қазіргі таңда әрине кемшіліктерімізде жоқ емес. Бірақта біз елімізде жасалып жатқан оңды істерге сүйсіне қарап, мемлекетіміздің әлемдік аренаға көтеріліп жатқанына қуануымыз керек. Орта азиядағы жетекші ұлт екенімізді дәлелдеп келеміз. Аз ғана уақыт ішінде Жаңа елордамыздың дүниеге келуінің өзі үлкен іс. Сондай-ақ еліміз бұрынғы кеңестік кеңістік¬тегі елдер арасынан, «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына» тұңғыш төраға болып сайланды. Ислам конференциясы ұйымына да төрағалық тізгінін қолға алды. Бұл жетістік емес пе.
Өз ұлтымызға жанашыр болып, айрандай ұйытқан хақ дінімізді сақтау және мемлекетіміздің сенімділікте дамуын қамтамасыз ету үшін ең бастысы, ел ішінде конфессияаралық татулықты сақтауымыз шарт. Бұл басқа дін өкілдеріне толеранттылықпен қарауды қажет етеді.
Ислам дінінде зорлық-зомбылық жоқ. Асыл дініміз адам құқықтарын таптауға, бейкүнә адамдарға жәбір көрсетуге, фитнә (іріткі) жасауға, бейбітшілікті бұзуға жол бермейді.
Сонымен қатар, мұсылмандар өз имандарына бекем болып, адастырушы күштердің арбауына түспегендері жөнҚазақстанымыздың жер асты һәм жер үсті байлықтарына көз алартқан көптеген сыртқы күштер тарапынан арнайы ұйымдастырылған және ислам үмметінің ішіне келбетін ауыстырып кірген неше түрлі пасық топтар мен ағымдардың бар екенін әрдайым есте ұстағанымыз жөн.
Міне, солардың жалған уағыздарына иланып кетпейік ағайын. Бір нәрсені нақтылы түсініп алайық: Қазақстанның тәуелсіздігінің сақталуы, еліміздің аман, жеріміздің тыныш болуы халқымыздың мықты бірлігіне тікелей байланысты. Ал, ұлттық бірліктің берік болуы діни бірлігімізге тәуелді. Бөтен ағым-секталарға жол бермейік! Сол үшін хақ дінімізді мықтап ұстанып, бабалар аманатына еш қиянат жасамай ұлттық құндылықтарымыз бен әдептілігімізден ажырамайық.
Олай болса, әрқайсымыздың кішкене отбасымыздан басталатын кең-байтақ ұлы Отанымыздың тәуелсіздік күні құтты болсын, көк аспанымызбен астасқан көк туымыз лайым биіктен желбірей берсін! Қайта жаңарып, ажарлана бастаған барша ел тұрғындарын ең басты мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!
Алла тағала елімізге әрдайым тыныштық берсін. Отбастарыңызда бақыт пен береке нұры шалқысын. Ынтымақ-бірлігіміз артып, дін Исламға Алла күш-қуат берсін.
Ел мүддесі мен келешегін ойлайтын рухани бай жастарды тәрбиелеу үшін отбасының, ата-ананың алар орыны ерекше. Бала тәрбиесіндегі ата-ананың, отбасының маңызды екендігін білген халқымыз: «ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегенді тегіннен тегін айтпаған және аз сөзбен-ақ ұлы ұғымға меңзей білген.
Кешегі Кеңестер Одағы кезінде бала тәрбиесіне октябрят, пионер, комсомол ұйымдары да жауапты болып, балаға берілетін тәрбиенің шаруасына олар да белсене араласқаны белгілі. Солай дей тұрсақта жаңа туған баланың бойындағы рухтың дамуына тіл мен діл отбасында беріліп, ата-ананың тынымсыз жасаған еңбегімен қалыптасады.
Әрбір ұлтты бір-бірінен ерекшелендіріп тұратын осы тіл мен діл дүниеге келген сәбиге ана сүтімен, әкенің қанымен беріліп, сол жасты рухы мықты азамат етіп өсіреді. Рухы мықты азаматтың болашағы да зор. Сол үшінде әрбір ата-ана баласының жақсы тәрбие алуына, дені сау болып өсуіне көңіл бөліп, өздері тарапынан берілетін тәрбиенің мәніне, мазмұнына назар аударғандары жөн.
Жиырма жылғы жуық кәсіптік техникалық училищенің директоры бола жүріп 15-17 жастағы балалардың оқытуы мен тәрбие жұмысына араласқандықтан менің түйгендерім мен көргендерім көп. Училищеге келіп оқыған жастардың өзін-өзі ұстауы, киінуі, сөз сөйлеуі және өзімен бірге жүрген жастармен қарым-қатынастарына қарай отырып, сол баланың қандай отбасында тәрбиеленген білетін едік.
Өйткені, әр баланың бойында қалыптасқан мінез-құлық, әдептілік, білім алуға деген ынта тек ата-ананың тәрбиесімен, солардың бойларындағы жақсылықтармен дамитын қасиет.
Ата-ана әрбір жас балаға үлгі, оның бүгін қандай болып тұрғанын білдіретін және ертеңіне жол көрсетіп тұрған бағдаршам. Осы пікірімізді мынадай мысалдармен дәлелдеуімізге де болады. Кезінде мұғалімдік мамандықты игерген бір азамат уақыт өте келе ішімдікке үйір болып, соның салдарынан мектептен шығып қалып көше кезіп жүретін маскүнемдік жолға түседі.
Сол отбасындағы бес баланың қай-қайсысы да мектепте нашар оқып, үсті-бастары кір-қожалақ болып жүретін еді. Отбасындағы қиындыққа төзе алмаған балалардың анасы ауырып қайтыс болды. Ауылдастары сол балалардың өскені болмаса, өмірлері мәнді болмағандарын айтып жүрді. Әке мас болып, шеше үйдегі қиындықтардан қазаға ұшырауы балалардың бірінің ұрлық жасап істі болуына итермелесе, қалғандарының оқусыз, белгілі бір мамандықты меңгере алмаудан азып тозып кетулеріне себепші болды.
Ұлттық танымның атасы Ахмет Байтұрсынов: «Баланы үйіңде ұлша тәрбиелесең – ұл болады, құлша тәрбиелесең – құл болады» депті. Осыны еске алсақ, бала тәрбиесі отбасына, сол баланың ата-анасының берген үлгі-өнегесіне тікелей байланысты екенін көреміз. Ғылыми негізге сүйенсек адам баласының бүкіл тәрбиесінің негізгі қоры 18 жасқа дейін жиналып болады екен.
Қалған өмірінде оны толықтырады, дамытады. Ендеше, жаңа туған баласын кәмелеттік жасқа жеткенше қолында ұстап келген әрбір ата-ана оның әр күніне, әр сағатына ерекше мән беріп, уақыт өткен сайын сол баланы тәрбиелеудің жайын есінен шығармауы керек. Ертең өскен соң қатарына қарап жақсы болып кетеді ғой деп етегін кеңге жайған ата-ана ұтылады, бала тәрбиесінде үлкен кемшіліктерге ұрынады.
Кішкентайынан тәрбиелеуді өзіне міндет деп санамаған ата-аналар балаларының әртүрлі жаманшылықтарына мектептерді ғайбаттап, ондағы тәрбиені кінәлап жатады. Ал, шындығына келсек, мектепке дейінгі ата-ана тәрбиесінің аздығынан, балаға көңіл бөлмегендіктен болған олқылықтардан опық жеп жүрген ата-аналар аз емес. Ата-ана бала тәрбиесінде уақытты қадірлей білгені дұрыс.
Өйткені, оның әр сәтін пайдалана білген адам ғана ұтады. Сол үшінде балаңды бес жасқа дейін еркелетіп еркін ұстап, оған ұрыспай, өйтпе-бүйтпе демей, айтқанын істеп өсір. 5 жастан 15 жасқа дейін оны құлыңдай жұмсап, үй-ішінің бар жұмысына үйретіп, араластырып өсір. Ал, 15 жастан әрі оны қатарыңдай, ақылдасар досыңдай етіп өсір.
Уақыт қайта оралмайтын, құнды нәрсе. Сондықтан бала тәрбиесінде осы қағидаларды ұстана білген дұрыс. Бірде «Мені жарты сағаттан кейін оятыңыз» деп ұйықтап кеткен Эйнштейнді біраз тынығып алсын деп бір сағат өткенде ғана тұрғызған қызметшісіне: «Жарты сағат уақытымды қайтарып бер» деп ашуланған екен.
Уақытын темекі тартуға, күліп-ойнап бос жүруге, ұйқыға арнаған адамдар өмірінің пайдасыз іске жұмсағанын біле бермейді. «Ондай адамдар батып бара жатқан кемеде алаңсыз әңгіме дүкен құрып отырған жолаушыға ұқсайды» деген екен үлкен ілім иелері.
Уақыттың тез өтерін ескермеген ата-аналар өздерінің темекі шегу, ішімдік ішу, уақытының көбін ұйқыға арнағанынан ұтылып жүргенін білмегенімен қоймай сол әдеттерін көрген балалары ертең өскенде тура сол келеңсіз қылықтарға бой алдыратынан хабарсыз жүреді.
Ендеше, уақытты тиімді пайдаланып, оның тәрбие жұмысында тиімді жұмсалуын ойласқанымыз дұрыс. Уақыт адамға берілген байлық. Оны ұйқыға, басқада толып жатқан келеңсіздіктерге кетіріп жүрген жандар да аз емес. Сол үшінде әрбір ата-ана уақыттың қадірін өзі ғана біліп қоймай оны баласына да үйреткені дұрыс.
Уақытты тиімді пайдалана білген адам өмірден өзіне қажетін толық ала алады. Отбасы – әр адамның тәрбиелі болып өсуіне арналған алтын бесік. Сол бесікте тербелген бала болашақта елге елеулі, қатарына сыйлы, ата-анаға мақтаныш болып өсері анық. Сондай үйлерден өріп шыққан балалар өскен соң ұлтымыздың руханиятына өлшеусіз үлес қосады.
Таза, қоспасыз қазақы тәрбиемен сусындаған олар, уақытында қазақ мәдениетінің діңін ұстап тұрады. Соны көріп те жүрміз, кездестіріп те келеміз. Ендеше отбасы, ата-ана, үй-ішіндік әдет-ғұрыптар баланы көркем мінезділікке, адамгершілікке тәрбиелейтін мектеп іспеттес. Бала тәрбиесіндегі отбасының орыны ерекшеленетіні де осыдан.
Балам жақсы болсын деген әрбір ата-ана бала тәрбиесіне маңыз беріп, ондағы өз орнының қандай екенін білгені жөн. Баланың тәрбиесі – ата-ананың еккен егінінің жемісі.
Сол жемістің игілігін көремін деген ата-ана, бала тәрбиесін екінші орынға қойып, күнделікті тіршіліктің ықпалында кетпегені жөн. Сонда ғана ойлаған мақсатымызға жетеміз. Баланың жақсы болғанына мақтана алатын боламыз. Баланың жақсы болуы да жаман болуы да отбасынан, ата-анасынан көрген үлгі-өнегесінен. Соны ұмытпайық, ағайын!
Жаңа сайлау кезінде Бас мүфтидің өмірбаяны көпшілікке айтылғандықтан қайталамадық. Одан беріде байқағанымыз, «Ақырын жүріп, анық басатын», үлкенге – құрметі, кішіге – ізеті мол қарапайым кісі екен. Ең бастысы білімі де, білігі де дінімізді өркендетуге жететініне сеніміміз зор. Аз уақытта тағылымды «Таным тұғыры», «Мүбарак Рамазан», «Ғибратнама» кітаптары жарық көрді. «Дін мен дәстүр – имани иммунитет» көлемді мақаласы жарияланды.
Жақында қасиетті Құранды жатқа және мәнерлеп оқудың V республикалық байқауын өткізді.
– Құрметті хазірет! Сізге екі дүниеде сұрауы қиын, жүгі ауыр міндет жүктелгелі тоғыз айдан асты. «Жас мүфти, Бас мүфти не істеп жатыр екен?» деп, мүфтиат жақтан жағымды жаңалық күтушілер өте көп. Елеңдеген елге, қарайлаған халыққа, иман келтірген тілеулестерге, мұраттастарға не айтасыз?
– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. ХХІ ғасыр – жоспарсыз өмір сүретін, соқыр тәуекелге баратын заман емес. Мұсылмандар үшін әрбір сәт қымбат. «Үш күндігін ойламаған әйелден, үш жылдығын ойламаған ерден без», – дейді халқымыз. Стратегиялық жоспар құру – жұмысты жеңілдетеді әрі жүйелендіреді.
Қазір сөздің емес, істің уақыты. Діни басқарма жанынан Ақпаратты-насихат тобын құрдық. Жұмыс жоспары бекітіліп, сол бойынша үгіт-насихаттар айтылуда. Оның құрамына діни білімді еліміздің әр аймағынан 30 теолог енді. Ел алдында сөз бастап жүрген, аймақтағы діни ахуалдан хабары бар, жамағаттар арасындағы мәселелерді жіті білетін білікті мамандар осы күнге дейін 62 қала, 122 аудан, 33 кент, 1456 ауылға жуық елді мекендерді аралап, 200-дей жоғарғы және орта арнаулы оқу орындары мен 1654-ке жуық мектептерде кеңейтілген кездесулер өткізіп, дін мен діл жайындағы халықтың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді. Осы жұмысты барынша жандандыруға көңіл бөліп отырмын.
Дін саласы үнемі дамытуды, жетілдіруді, жаңғыртуды қажет етеді. Сондықтан да, алда әлі талай бағындыруы тиіс биік белестер тұр. Соның бірі – дін ғылымы саласы. Сан ғасырлар бойы қаншама дін ғұламаларын, әулие-әнбиелерді тәрбиелеп шығарған қазақ даласының қойнауы толған ғылым. Ұрпақтан ұрпаққа ауызша айту арқылы жеткен рухани қазынамыздың негізгі арқауы – дін болғаны белгілі. Көнеден келе жатқан қаншама діни дастандары, жыр-жауһарлары, фольклоры бар. Діни оқу ошақтары, зерттелмей жатқан діни еңбектеріміз де жетерлік. Соның бәрін зерттеп, зерделеп, діни, тарихи сананы жаңғыртатын ғылыми-зерттеу орталығын ашуды көздеп отырмыз.
– Бұл қызмет адамдармен тығыз әрі үздіксіз байланыста болуды қажетсінеді. Елмен етене тіл табысуға басшының бірінші қадам басуы үлкен ықпал етері сөзсіз. Жұртшылықты қабылдау мәселесін қалай жолға қоюдасыз?
– Мен осы қызметке тағайындалғаннан кейін барлық имам-молдаларға «қарапайым болайық», «кемінде бес шәкірті жоқ имам – имам емес» деген ұран тастадым. Қазір осы қарқынмен жұмыс жүйелі жүргізілуде.
Ал жеке жұмысыма келсем, аптаның толық бір күнін халықты қабылдауға арнаймын. Дүйсенбі күні Діни басқарма қызметкерлерінен бұрын әртүрлі сауалмен, мәселемен келген бауырларымды қабылдаймын.
– Халықтың тағдыры шешілетін діни саланың нақты мәселелерін атасаңыз. Естуімізше, пәтуалар кітабын дайындап жатқан көрінесіздер...
– Бізге күн сайын еліміздің әр аймағынан түрлі мәселе бойынша пәтуа сұрап келетіндердің қатары көп. Осы сауалдарды жинақтап, «Пәтуалар» кітабын жарыққа шығаруды ұйғардық. Алты айдың ішінде 685 сауалға пәтуа мен жауап жазылды. Оның ішінде жеке адам тағдырына байланысты сауалдар да бар. Кітапта адам ағзаларын ауыстыру, өзін-өзі өлтіру, ажырасу, т.б. отбасылық мәселелер қамтылды. Алла қаласа, осындай қоғамдағы өзекті мәселелер қамтылған кітабымыз қазақ, орыс, араб тілінде жуырда оқырман қолына тиеді. Пәтуа – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына берілген шариғи һәм құқықтық мәртебе. Осы мәртебені пайдаланып, халықты толғандырған сауалдарға Діни басқармаға қарасты 21 сайттарымыз да жауап беруде.
– Зор мәдениеттің үлгісі саналатын діни кадрларды, имамдарды тәрбиелеу, қалыптастыру барысы қалай жүзеге асуда?
– Еліміздің түкпір-түкпіріндегі, ауыл-аудандардағы мешіттерді жоғары білікті дін мамандарымен қамтамасыз етпесек, жағдайды оңалту мүмкін емес. Ол үшін еліміздегі «Нұр» қазақ ислам университеті мен ҚМДБ-ға қарасты медреселердің білім беру жүйесін одан әрі дамытып, сапасын арттыруымыз қажет.
Қазір бізге ұлттық санасы қалыптасқан, діни білімі терең, интеллектуалы жоғары заманауи имамдар қажет. Имам-молдалардың білімі мен біліктілігін жаңа заманға сай жетілдірудің де өзектілігі анық сезіліп отыр. Сол себепті «ХХІ ғасыр имамы» атты зияткерлік білім сайысын да жуық арада қолға алып, өткізуіміз керек. Сол арқылы имам-молдаларға дін ғылымымен қатар елдің тарихын, қазақ мақал-мәтелдерін, ұлт көсемдері мен би-шешендерінің даналық ой-тұжырымдарын, діни өлең-жырларын жаттатып, уағыз-насихатты сондай ұлттық құндылықтармен тұздықтап отыруға машықтандырамыз. Осындай білім сайыстарының дін қызметкерлерінің бүгінгі қоғамның сұранысына сай білім ізденуіне, өздерін өздері қамшылап дамуына, ой өрістерінің үнемі кеңеюіне септігі тиер еді деп ойлаймын.
Өткен наурыз айынан бастап осы уақытқа дейін ҚМДБ-ның біліктілік арттыру тобы еліміздің Алматы, Астана қалалары, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл облыстары мен Жезқазған, Павлодар, Семей аймақтарында, Алматы облысы мен Талдықорған аймағында барлығы 808 дін қызметкеріне 1241 сағат дәрістер оқып, біліктілігін арттырды.
– Діни оқу-ағарту жұмыстарына келсек, еліміздегі ислами бір университет, бір институт, 9 медресенің білім беру деңгейі қуанарлық жағдайда емес. Әдістеме, педагогика, оқулық, т.б. жетіспейді.
Қысқасы, діни оқу-ағарту мәселелерін сергек қарайтын уақыт жетті. Ұлттық рухтағы ислами оқу орындары қалыптасса дейміз.
– Діни-оқу ағарту – біздің басты жұмыстарымыздың бірі. Қазір медреселер мен имамдардың білімін жетілдіруді, Ислам институтының оқу бағдарламаларын жаңартуды, жандандыруды қолға алдық. Шәкірттер мен имамдарға діни дәрістен бөлек, дүниауи сабақтар беріліп жатыр. Соның бірі – шешендік өнер. Уағызшы шешен болмаса, жұртты өзіне қаратып, үйіріп әкете алмасы анық. Ендеше, имам қалай сөйлеу керек, халық адында қандай әдіс-тәсілдерді қолдану қажет деген сауалдар осы шешендік өнер пәнінде оқытылуда. Сонымен қатар, тағы бір пәнді енгіздік. Ол – психология сабағы. Бұл да қажетті пәннің бірі. Адамның көңіл-күйін аңғару, табиғатына сай насихат айту – мұның бәрі имамға қажетті дүниелер. Шәкірттің білімін осылайша сатылап көтеру жоспарланды.
Қазір білім мен біліктің заманы. Осыған орай мешіті мен имамы мол Оңтүстік Қазақстан облысының бірқатар діни қызметкерлерін аттестациядан өткіздік. Енді бұл бастамамыз басқа да облыста, аудандарда жүзеге асатын болады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Түркия Республикасы Дін істері бсқармасымен әріптестік тұрғыдан жақсы қарым-қатынас орнатты. Осы жылдың 29-30 сәуір күні Түркия Дін істері басқармасына ресми сапармен барып, Түркияның бас мүфтиі Мехмет Гөрмез мырзамен кездесіп, екі бауырлас ел арасындағы бірлесе атқаруға қатысты біраз мәселені оңды шешіп қайттық.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз тарихында алғаш рет төл мамандарының білімін, біліктілігін арттыру үшін ғасырға жуық дін кадрларын даярлаудағы тәжірибесі бар Түркия Дін істері басқармасы жанындағы имамдардың білімін жетілдіру «Хасеки» институтымен келісім-шартқа қол қойды. Дәл қазір дін қызметкерлеріміздің алғашқы тобы «Хасекиде» білімдерін жетілдіруде. Осы оқу орнына түсу үшін арнайы діни сауаты бар, медресе немесе жоғары оқу орнын бітіру талап етілді. Сол себепті болашақ білікті де, білімді дін маманын даярлау мақсатында Діни басқарма Нұр-Мүбарак университеті және 9 медресе түлектерінің ішінен «өте жақсыға» бітірушілерден үміткерлерді таңдап жіберуді жоспарлады.
Мамандардың білімге талабын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өз кезегінде жүйелі жолға қоюда. Діни басқарма ең әуелі асыл дінімізге қызмет ететін, білімді де білікті дін мамандарын даярлауды қолға алған. Бұл мақсатта Нұр-Мүбәрак университетінде «Исламтану» мамандығы бойынша болашақ имамдар оқып жатыр. Ислам ғылымының өзі бірнеше салаға бөлінетіндіктен, 2013-2014 жаңа оқу жылынан бастап «Исламтану» мамандығында оқып жатқан студенттер 3 курстан бастап, топтар бойынша «Фиқһ», «Тәпсір», «Шариғат», «Усулуд дин» саласына сай білімдеріне басымдық беріледі. Бұдан мақсат: студенттерді алдағы уақытта ислам ғылымдарының бір саласына бейім маман ретінде дайындау. Себебі бүгінгі студент – ертеңгі дін ғалымы.
– Уағыз-насихаттың рухани мазмұнын байытуды, ар-ожданмен сөз қозғауды кейбір діндарларымыз әлі де жете түсіне бермейтінін байқаймыз. Сіздің ойыңыз қалай?
– Адам баласы дінге жүрек қалауымен келеді. Дін – нәзік мәселе.
Біздің жұмысымыз құдды археологтардың қызметіне ұқсас. Бұл саланың мамандары жерді белден қазып, қопарып, жұмысты жапырып жіберейін десе, жер астындағы жақұттар мен тарихи жәдігерлерді бүлдіріп не сындырып алады. Сондықтан олар ұзақ уақыт бойы топырақты сыпырғымен сыпырып, сабырлықпен жәдігерлерді жинап, жерден ажыратып алады. Бұл – тағаттылық пен шыдамдылықты қажет ететін іс. Дін насихаты да солай. Асыра сілтеп, асығыстық жасауға болмайды. «Мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте», – деген сөз бар.
Сөзімнің басында айтып өткенімдей, «ХХІ ғасыр имамы» атты интеллектуалдық са-йыста имамдардың тарихты білуі, мәдениетіміз бен әдебиетімізден хабардар болуы, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды жетік меңгеруі талап етіледі. Сондықтан бұл мәселеге біз де бей-жай қарап отырмаймыз.
– Ана тіліміздегі діни кітаптар, діни мақалалар өте аз. Көбісі қайталаулар. Бір кітапты әртүрлі «автордың» атымен бірнеше рет оқуға тура келген жағдай өршіп кетті. Діни басқарма Сараптау бөлімінің мақұлдауымен шыққан кітаптардың да біразы сын көтермейді. Діни мәселелерді жазуда сақтық, тазалық керек екені ескерілсе. Діни плагиаттың жолын қалай кесуге болады?
– Иә, кітаптың санынан бұрын сапасы маңызды. Сіз жаңа сөзіңізде насихаттың мазмұнын байытуда ар-ұждан жайлы сөз қозғауды айтып өттіңіз. Ар-намыс, ұят, иба, инабаттылық, әдеп деген қазақтың қастерлі сөздері мен ұғымдарын дәстүрден табамыз. Байыптап қарасақ, қазақтың дәстүрі ізгілікке тұнып тұр. Ендеше, діннің түбін ақтарып қалсаңыз, дәстүрімізде бар ұғымдар мен қағидаттар жатыр. Ал дәстүріміздегі адамгершілік қағидалар діннен бастау алады. Қолданыстағы мақал-мәтелдердің мағынасы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) айтқан хадистерімен ұштасып жатыр. Мысалы: «Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап», – деген хадис бар. Халқымыз осы өсиетті нақылға айналдырып: «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй алмас бұрын көршіңді ойла», – деген. Хадисте: «Асықпау – Рахманнан (Алладан), асығу – шайтаннан», – делінсе, халық арасында: «Асыққан шайтанның ісі», – деген нақыл кең тараған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кеңес қылған ел азбас», – деп өсиет етсе, осы хадисті халқымыз да өмірінің өзегіне айналдырып, бертін келе мақал ретінде айтылып, тіпті, қасына ұйқасын келтіріп былай деген: «Кеңес қылған ел азбас, кеңінен пішкен тон тозбас». Мұндай мысалдар жетерлік.
Өкінішке қарай, қазақтың басынан өткен талай өмір сынақтары осы дәстүр мен дінді бір-бірінен әбден алшақтатуға бағытталды. Қазір заман өзгерді. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп отырмыз. Мешіттеріміздің есігі айқара ашық. Намаз оқуға, Аллаға мінәжат етуге мүмкіндік пен еркіндік бар. Осы ретте қазіргі ұрпаққа, дін қызметкерлеріне, ел игілігі үшін елеңдеген барлық жанашыр азаматтарға жүктелер міндет – дін мен дәстүрді түгендеу, оны халыққа түсіндіру. Осынау ұлы мақсатты көздей отырып, біз қазір «Дін мен дәстүр» деген кітапты шығардық. Осы еңбекте дін мен дәстүріміздің қабысатын қағидаттары молынан баяндалды. Алла қаласа жақын күндері қолдарыңызға тиіп қалады.
Ал Сіздің діни плагиаттың жолын кесуге қатысты қойған сұрағыңызға келсем, өзгелердің көз майын тауысып жазған еңбегін көшіріп алушылардың адамгершілікке жатпайтын ісін олардың өз абырой, ар-намыс, ұяттарына қалдырғанымыз жөн деп есептеймін.
– Бүгінгі таңда иман келтірген қыздардың ар-ождан бостандығына, ұстанымына көз аларта қараушылар да аз емес. Бір жаулық, кең көйлек, ұзын етек – бірнеше тақырыптағы әңгімелерге жол ашуда. Қазақ мұсылман әйелдерінің жағдайы ҚМДБ-ны қаншалықты алаңдатады?
– Орынды уәжіңізбен келісемін. Кешегі кимешек киген апа-әжелеріміз, жаулық таққан әпке-қарындастарымыз имандылықты ту етіп, ізгі ұрпақ тәрбиелеп, Алланың қалауымен қазақ ұлтына Абай, Міржақып, Ахмет, Әлихан, Мұстафа, Шәкірім, Мәшһүр, Әсет сынды дара тұлғаларды сыйлап кеткен еді. «Есті қыз етегін жабады», – деген мақалды өмірінің өзегіне айналдырған кешегі қаракөз апаларымыз ұлтымызды ұятқа қалдырған емес. Ар мен намыс ұдайы ұлықталды. Басынан сөз асырмаған бойжеткендеріміз ибалықты бойына сіңіре білді. Міне, ұрпақ осылай тәрбиеленіп еді. Осындай сауапты һәм салауатты өмір салтына бір кездері балта шабылды. Біз соның әлі күнге дейін зардаптарын бастан кешіп келеміз. Осы сәтті пайдаланып, орамал таққан қарындастарымды оқуда, қоғамдық іс-шараларға белсенді түрде атсалысуға, ата-ананы сыйлауға, дінде даналық жолын ұстануға, сабырлы, байсалды, байыпты болуға шақырамын. Сіз бен біздің абыройымыз ол – асыл дініміздің абыройы екенін ұмытпайық.
Осындай ибалық жолын ұстанған, ар мен абыройын сақтайтын салиқалы қыз-келіншектерге бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеп отыратын ҚМДБ жанынан Әйелдер бөлімін ашу ойымызда бар. Алайда бұл мәселе ұзақ зерттеуді, зерделеуді, алдын ала жұмыс жоспарын бекітіп алуды, қосымша қаржы қарастыруды талап ететін жұмыс. Алла қолдаса, бұл ниетіміз де жүзеге асып қалады деген сенімдемін.
– Сіз Мысырдағы атақты әл-Әзһар Ислам университетінің Шариғат және заң факультетін толық тәмәмдап келген мамансыз. Исламдағы құқық мәселесі, діни құндылықтардың қорғалуы елімізде қаншалықты көрініс тауып отыр?
– Күнделікті тіршілігі мен өміріне риза болу ол да – мұсылманшылықтан. Мешітке баруға, намаз оқуға, ораза ұстауға ешқандай кедергі жоқ. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев игі де ізгі шаралардың бастамашысына айналып, сауапты істерге үлес қосуда. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен елімізде көптеген еңселі, зәулім мешіттер бой көтерді.
Өткен бір жолы Сауд Арабиясында сапарда болдым. Сонда жергілікті мешітке кіріп намаз оқыдық. Келесі намаз уақыты кіргенше сол мешітте Құран оқи тұруды ұйғардық. Сөйтсек, ол жерде тәртіп басқаша екен. Жамағат намаз оқыған соң бәрі өз жөнімен тарасады. Мешітте бірде-бір адам қалуына болмайды. Көрдіңіз бе? Ал бізде, Құдайға шүкір, намаздан кейін имамдар күнделікті уағыз айтады, жамағаттың сауалдарына жауап береді, пікір алмасады, діни сұхбат құрады. Міне, біз осындай нығметтің қадіріне жете білуіміз керек. Қаншама елдерде бүлік, тұрақсыздық орын алуда. «Бағаламасаң, бақ кетеді», – дейді қазақ. Қабан жырау Асанұлы бабамыз өсиет өлеңінде:
– Бақыт, қайда барасың?
– Соғысқа құмар ойы жоқ,
Ұлан асыр тойы көп,
Бейбіт елге барамын! – деген екен.
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Азаматтардың діни сенім бостандығы Ата Заңымызбен қорғалатыны баршаға аян.
– Лаңкестік діни топтармен күресу оңай емес. Ол барша қоғам болып күш біріктіруді талап етеді. Бүкіл мұсылман әлемін әлсіретіп, тоқыратып отырған бұл жағдайдың Қазақстанда көрініс таппауы үшін жаңа мүфтиат тың бастамаларға, батылдыққа, күрескерлікке ұмтылса, ұлттық намыс пен ұлттық рухта қызмет етсе дейміз.
– Ізгі ниетіңізге Алла разы болсын! Өздеріңіз білесіздер, дүниені жайлап жатқан жаһандану үрдісі арқылы келіп жатқан ақпарат ағыны еліміздің де рухани дүниесі мен салт-санасына кері әсер етіп отыр. Ғаламтор беттеріндегі жат ағымдардың теріс уағыздары бұғанасы бекіп, қанаты қатаймаған жастарымыздың санасын улап жатыр. Әсіресе еліміздің батысында дін атын жамылған саяси күштердің арбауына іліккен бауырларымыздың саны арта түскендігі баршамызды алаңдатуда.
Ендеше, халқымыздың теріс ағымдарға қарсы иммунитетін қалыптастырудың негізгі тетігі – діни ағартушылық. Ол үшін, тағы да айтамын, білікті де білімді жас мамандарды көптеп даярлап, еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық мешітті сондай сауатты кадрлармен қамтамасыз етуіміз қажет. Сонда ғана ата-бабамыз ғасырлар бойы діни дүрдараздыққа жол бермей ұстанып келген дәстүрлі дініміз халық санасында орнығып, теріс ағымдардың жолы жабылмақ.
Жастардың экстремистік ағымдарға ілесіп кетпеуіне жол бермеудің тағы бір тәсілі – бұқаралық ақпарат құралдарын тиімді пайдалану. Өкінішке қарай, бүгінде дәстүрлі дініміздің телеарна, радиолар арқылы насихатталуы мен арнайы діни бағдарламалардың түсірілуі ақсап тұр. Көптеген телеарналар мұндай тақырыптан қашқақтауға тырысады. Сол себепті дін насихаты халыққа тиісті деңгейде жетпейді. Осыған қатысты үкіметке бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы діни тақырыптардың жоспарын жүктеп, бекітіп берсе деген ұсыныс айтқым келеді. Бұл ойымыз жүзеге асса, жұмысымыз нәтижелі болады. Қылмыс азайып, жастардың тәрбиесі де күшейе түседі.
Сөзімнің басында ҚМДБ-сы жанынан Ақпаратты-насихат тобы құрылғанын айттым. Қазір осы топ менің жеке бақылауымда. Жұмысы жіті қадағаланып отыр. Нәтижелер де бар. Осыған дейін тек Қарағанды облысының өзінен 92 бауырымыз сәләфилік бағыттарынан қайтып, дәстүрлі Исламның құндылықтарымен қайта қауышты. Мұндай жағдаяттар өзге де аймақтарда да байқалып жатыр.
ҚМДБ жанынан арнайы Жастар бөлімін аштық. «Жастар неге әуес, олар үшін құндылық деген не, жасөспірімдердің діни түсінігі қандай?» т.б. деген сұрақтарға жауапты Жастар бөлімі іздейтін болады. Осы бағытта кездесулер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып жатқанын өздеріңіз көріп жүрсіздер.
Діни басқарма жазалаушы мекеме емес екенін түсініп алғанымыз жөн. Біздің күшіміз – уағызда. Көркем насихат арқылы бұрыс түсінікте жүргендердің жүрегін жібітуді көздейміз. Қатесін кешіріп, даналық жолмен қазақ жерінде дәстүрге айналған Ханафи мәзһабын ұстануға үгіттеп келеміз. Осындайда: «Дінді ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің», – деген сөз текке айтылмаса керек.
– ҚМДБ-ға қарасты «Ислам және өркениет», «Иман» газет-журналының мазмұнын арттыру қажет сияқты. Сараптамалық, талдамалық, ғылыми мақалалар берілсе, ұсақ-түйекті сөз еткен ақпараттарға тосқауыл қойса...
– Сауалыңыз орынды деп есептеймін. Мұндай ақпарттардың төл басылымдарымызда бұған дейін жарияланғаны жасырын емес. Осы олқылықты болдырмау үшін жаңа қадамдарға, жаңа айдар ашуға көңіл бөліп отырмыз. Бүгінгі қоғамда жастар, отбасы, пәтуа мәселелері өзекті. Осы мәселелерге байланысты басылым бетінен арнайы айдар ашуға, діни танымдық, талдамалық мақалаларға орын беруге пәрмен бердім.
Діни басқарманың ресми сайты www.muftyat.kz жаңа дизайнға көшті. Осы сайттың мүмкіндігін Ислам насихаты үшін, еліміздің игілігі, мұсылмандардың ынтымағы жолында барынша пайдалануға кірістік.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңа құрамы қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі деп есептей аламыз ба?
– Бұрынғы мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің Діни басқарманың жұмысына қосқан үлесі мол. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – деген аталы сөз бар. Ұстазымыздың атқарған игі іс-шаралары, бастамалары бүгінде жемісін бере бастады. Ал біздің меже – осы жұмысты жаңа деңгейге көтеру, қызметті жаңа қарқынмен жүргізу, игі жобаларды жүзеге асыру. Мұның бәрі жұрт болып жұмыла, ауызбіршілікпен атқаратын уақыттың еншісіндегі еңбектер.
– Елбасының тапсырмасымен қазір елімізде ұлттық тарихты зерделеу ісі қолға алынғанын білесіз. Ислам дінінің ұлттық тарихтағы орны туралы қысқаша айта өтсеңіз.
– Ислам – өткеннен өнеге алып, болашаққа имандылықпен қадам басуға үндейтін ізгі дін. Ислам – тарихтан сабақ алуға шақыратын кемел дін. Кешегі ұрпақ қамы үшін жасалған ұлы істер, ата-бабаларымыздың ар мен ұятты ұлықтап өтуі, ғылым мен білім жолында үздіксіз ізденуі, бір сөзбен халыққа тоқтау айтуы, міне, мұның бәрі – бүгінгі ұрпаққа, Сіз бен бізге өшпес өнеге. Мешіттеріміздегі жұма уағыздарынан бөлек, жамағатқа айтылар насихат жұмыстарында да халқымызды осынау өнегелі өлең-жырлармен, бабаларымыздың байсалды шешен сөздерімен сусындатуға басымдық берілді. Әлі де болса танылмай келе жатқан діни тұлғаларымыздың өмірі мен шығармашылығын терең зерттеп, жұртымызға, жамағатымызға ұсынуды көздеп отырмыз.
– Президентіміз Н.Назарбаевпен бірінші рет Құрбан айт намазын атқардыңыз. Патша қатысқан намазда имамдыққа патша өтуі керек дегенді оқып едім. «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі айт намазында имамдықты кім жүргізді? Елбасы ма, Сіз бе, бас имам ба?
– Иә, Елбасы еліміздің бас мешіті, сәні мен салтанаты жарасқан «Әзірет Сұлтанда» халқымызды, жұртымызды мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айтпен құттықтады. Президентіміз барлық ұлттарды бірлік пен ынтымаққа шақырып, адамдар Құрбан айт мейрамында мейір-шапағатқа, қайырымға бөленетінін айтты. Бұл – асыл дінімізге деген үлкен құрмет.
Құрбан айт намазын менің рұқсатыммен бас имам өткізді.
– Халыққа айтар тілегіңіз...
– Алла тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың кең пейілі мен ізгі ниетіне сай, бірлігімізге сызат түсірмей, жақсылығын нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі мәңгілік болғай!
Жаратушы Иеміз баршамызды жақсылықта, сауапты істерде, ел игілігі жолындағы жұмыстарда, берекелі басқосуларда жолықтырғай! Екі дүниеде де жүзіміз жарық, мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай!
– Арнайы қабылдап, әңгімелескеніңізге рахмет!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Дін мен дәстүр» атты жаңа жобаны бастап, оның 1-ші кітабын жарыққа шығарған екен. Бұл игі бастаманы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өзі қолға алып кіріскенін сезіп отырмыз. «Істің қалай біткеніне емес, қалай басталғанына қарар болсақ», көңіл қуантарлық жоба екені көрініп тұр. Қолымыздағы 1-ші кітаптың бас-аяғына көз жүгіртсек, бес параграфтан тұратын оқулық формасында жазылыпты. Аздан көпке, таяздан тереңге дамытқан ой-пікірлер ұғымды, жеңіл, түсінікті тілмен баяндалыпты. Аяттар мен хадистер орынды келтірілген. Қазақ халқының өмірімен, тіршілігімен тығыз сәйкестендіріп үйлесімділік тауып тұр. «Қолыңыздағы кітап сондай игі бастаманың жемісі. Мұнда қазақы әдет-ғұрыптардың басым бөлігінің имани ұстанымнан алынғандығы туралы әңгімеленеді», - депті Бас мүфти Ержан қажы. Өте орынды. Ислам діні өмірге келгелі 1400 жылдан асты десек, біздің ата-бабаларымыз өз қалауымен дін ретінде қабылдай бастағалы 1200 жыл шамалы уақыт болыпты. Жеті өлшеп бір кесетін біздің ел бірден «елп» ете қалған жоқ. Өзінің өмір сүру ережесімен, салт санасымен, дәстүр-әдетімен санасып барып, қабылдап еді. Әсіресе, бір тәңірлік, бір құдайлық сенімінің дәл келуі бұл дінге деген құрметін оятқан болатын. Сол күнге дейін айтып келген көк тәңірісі сол Алла екеніне көздері жеткен соң, «Алла – бір, Кұран – шындық, пайғамбар - хақ» деп кәлимаға тілдерін келтіріп, «Алладан өзге тәңір жоқ, Мұхаммед – оның елшісі» - деп серт еткен. Міне, содан бері хақ жолды тапқан халқымыз адаспай, айнымай келе жатыр. Ешкім де «біз қателесіппіз, былай еді...» - деген емес. Өйткені исламның ұстанымдары қазақтың ұстанымына, дәстүріне, дүние-танымына бірдей еді, ешбір қайшылық тудыратын алауыздықты көрген де, айтқан да жан болған жоқ. Бұл жол 1200 жыл барысында өмірімізге дендеп кіріп, біте қайнасып кеткен болатын. Мақал-мәтелдеріміз, ізгі амалдарымыз Құран құдіретіне жақындап қанымызға, жанымызға сіңіп кетті. Ғұлама имам Әбу Ханифаның мазһабы біздің діттеген жерден шыққандықтан да, ақылды бабаларымыз Ханифа мазһабын жол ретінде таңдады. Әдет-ғұрыптың дінге қарсы келмейтін өнегесінен пайдалану мәселелерге үкім шығарғанда, ұлттық ерекшелікпен санасу халықтың қажетіне жарады.
Жастардың топ-тобымен кәлимаға тілін келтіріп, өткен заманның зардабынан құтылып жатқанын көріп қуанып жүргенде, бойымызды үрей билейді. Ендігі жерде дінге келген жастарды көрсек «өзі адасқаннан аман ба екен?» - деп алаңдайтын болдық. Дінін жоғалта жаздап, қайта тауып жатқан ұлтымыздың ту сыртынан карап отырған әлдекімдер қысылып тұрғанда, қамтып қалғысы келіп, тап берген екен де, өздерінің өтпей жүрген идеяларын базарға салып, біраз бауырлардың басын ауыртыпты. Оқып келгені бар, тартылып жатқаны бар, олар ғұрып-әдетімізге, өмір-салтымызға қарсы шығып, бара-бара ұлтты тәрк етуге дейін барды. Тарихты асыл дінімізді зерттеп үйренудің орнына қожайындарының бұйрығына әдеттенген әпербақандар елді ала тайдай бүлдіріп, қалыптасқан асыл дінімізге кір келтірді.
Міне, осындай кезде қарап отырмай, ел болып, билік болып бүлікке, бөлшектенуге қарсы «майдан» ашты. Бұл өте құптарлық. Діни басқарма шұғыл кірісіп, имамдардың қызметін, уағыздың жүйесін реттеді. Жер-жердегі молдаларды бірауыздылыққа келтіріп, мешіттер жұмысын бір дін, бір мәзһаб жүйесіне келтірді. Осындай оңды бастамалардың жүруі үшін көптің көзін ашатын, ойын тұрақтандыратын сапалы кітаптар керек еді. Осы мәселенің де дер кезінде қолға алынғанына да куә болып отырмыз. Қолымыздағы «Дін мен дәстүр» атты кітап осы сөзімізге дәлел. Кітапты көбейту арқылы сауатты мұсылмандардың санасына жеткізе беру керек.
Бұл кітаптың өзге діни кітаптарға қарағанда өзгешелігі – ұлттық сипатында. Біздің өмірмен сұрыпталған ғұрып-әдеттерімізбен, таңдаулы дәстүрлерімізбен діннің бірлігін түсіндіріп, қазақ халқының әуел бастан тура жолда екенін, өткен ғасырлардағы сахабалар жеткізген діннің шып-шырғасы бұзылмай сақталып келе жатқанын дәлелдейді. Мыңдаған мақал-мәтелдерге сіңіп кеткен имандылық рухы - өнегеміз, ұстанар қағидамыз. Жүздеген ақын-жырауларымыз қалдырған толғаулар мен дастандар асыл дініміздің таптырмас нәсихаты. Бұқар жыраудың «Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа» - деп басталатын даналығынан бастап, барлық арғы-бергі ақын-жыршылардың өлең жолдарынан үзінділер келтірілген. Әр бөлімін оқыған сайын ризалық сезіміне бөленесің.
Құранда: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» (Хужурат сүресі, 13 аят) дейді. Көріп отырғанымыздай, Алланың өзі айтып отыр: біздің қазақ болуымыз да Алланың қалауы. Әрі тегіңнен айнып, өзге ұлтқа айнал деген жоқ. Өз орныңда, өз ортаңда ақиқатты таны, адамша өмір сүр. Тақуа, шыншыл бол деп отыр.
Бізге Мұхамед пайғамбардың (с.ғ.с.) жолы, Ханафи мәзһабы үйлеседі, ол тарихтың сынынан өткен. Міне, осы іздеген нәрселерімізді қолымыздағы кітаптан табамыз. «Жас келсе, іске» - деген оңды бастамаларыңыз орындала берсін. Діни бірлік – тәуелсіздігімізге, ел ертеңінің жарқын болашағына нық қызмет етсін!
«Мәуліт» араб тіліндегі «уәләдә» түбірінен туындаған сөз. Мағынасы «туылған жер, туылған уақыт, туған күн» дегенді білдіреді. Мұсылман жұртшылығы «мәуліт» сөзін Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күні ұғымында қолданады.
Мәуліт – Хақ тағалаға мақтау, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айту.
Кейбір ғалымдардың айтуынша, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күнін атап өту рәсімі һижра жыл санағымен VI ғасырда (миләди XIII ғ.) пайда болған. Десек те, кейбір тарихи деректерге сүйенер болсақ, мәулітті тойлау һижраның ІІІ ғасырынан бастау алғанын көреміз. Сол кезге дейін бірде-бір мұсылман, ел басшысы немесе қара халық мәулітті тойламайтын.
Әйгілі мұсылман ғалымы Әс-Сахауидің бұған қатысты: «Мәуліт һижри жыл санағымен ІІІ ғасырдан соң пайда болды. Содан бастап әлемде мұсылмандар мәулітті садақа берумен және «мәуліт қасидаларын» оқумен атап өтетін болды», - деген сөзі бар («Мұхаммед», Мұхаммед Риза).
Фатимиліктер үш ғасыр бойы (һижра 296-567 ж.ж.) Мысырды билеп, сонда халифат (мемлекет) құрған болатын. Мәселен, әйгілі тарихшы Макризи өзінің «Әл-Хутат» атты еңбегінде фатимиліктер жайында былай деген: «Фатимиліктер көптеген мейрамды заңдастырып, бәрін жыл бойы атап өтетін. Сол мейрамдардың ішінде мәуліт те болды...».
Мысырлық мүфти, шейх Мұхаммед Бұхайт Әл-Мутыи келтірген дерек көздеріне сүйенсек, мәулітті ең бірінші болып фатимилік патша Әл-Муиз атап өтті. Ол мәуліттің құрметіне салтанатты мейрам ұйымдастырып, мейрам барысында адамдарға сыйлықтар мен садақа таратқан.
Тарихтағы алғашқы мәуліт қуаңшылық пен аштық кезеңіне сай келгенін атап өткен жөн. Сондықтан, Әл-Муиз өткізген мәуліт, таратылған сыйлықтар мен садақа қалың жұрттың бір қажетін өтеді («Ахсану әл-калям фима йата`алләку биссуннати мин әл-ахкам»).
Уақыт өте кресшілермен болған күрестің қаһарманы сұлтан Салахуддин Әл-Айюби фатимиліктерді талқандап, оларды Мысырдан тықсыра қуды. Онымен шектелмей, сұлтан Салахуддин фатимиліктердің мейрамдарына да тыйым салды. Өйткені, бастапқы кезде мәуліт тек фатимиліктердің халифатында ғана аталып өтілетін еді.
Жоғарыда айтылған оқиғалардан соң һижра күнтізбесінің VI ғасырында Ибрил қаласының (Ирак) әкімі сұлтан Әл-Музаффар Әбу Саид Көкбөрі халықтың кейбірі мәулітті үйлерінде жасырын түрде атап өтетінін байқап қалады. Нәтижесінде, Әл-Музаффар мәулітке рұқсат беріп, бұқара халықтың мейрамы болуын ұйғарады. Сонымен қатар, ол шатырлар тігіліп, раби әл-әууәл айы бойы азық-түлік пен сыйлықтар таратылуын бұйырады. Осыдан соң мәуліт жыл сайын аталып өтілетін халықтық мейрамға айналды.
Әлемді мекендеуші екі миллиардтан астам мұсылман қауымының сүйікті Пайғамбары (с.ғ.с.), екі дүние бақытының жолбасшысы, әлемнің жарық нұры, Пайғамбарлардың ең абзалы – Мұхаммад Мұстафа (с.ғ.с.) милади 571 жылдың 20-шы сәуір, рәбиғул-әууәл (ай күнтізбесі бойынша) айының 12-ші түні, дүйсенбінің таң-сәресі уақытында Мекке мүкаррамадағы Абдулмутталиб шаңырағында дүниеге келді. Сондықтан да әр жылы осы күнді құрметтеп, Аллаһ Тағаланың бізді ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммадтың (с.ғ.с.) сүйікті үмметі қылып жаратқандығына шүкіршілігімізді білдіріп, салауат-сәлемдер айтамыз.
Жер жаһан мұсылмандары осынау мүбарак түнді жыл сайын Мәуліт мерекесі ретінде атап өтеді. Пайғамбарымыздың ұлты – араб, Құрайыш тайпасының Хашимұлдары әулетінен шыққан. Әкесі - Абдолла, анасы - Әмина еді, құрсақта жатқанда әкесінен, алты жасында анасынан айрылып тағдыр тауқыметін тартады. Біраз уакыт атасы Абдулмуттолиб тәрбиесінде болып, 8 жасқа қадам басқанда одан да айрылып, немере ағасы Әбутәліптің қамқорлығына көшеді. Жиырма бес жасында хазреті Хадиша анамызға үйленеді. Одан төрт қыз, екі ұл перзенті болады. Қырық жасында рамазан айында Хира тауында Жабрайл періште келіп, бүкіл адамзат баласы мен жындарға пайғамбар болғандығын хабарлайды. Үш жылдан кейін өз қабилаластарын иман келтіруге шақырады. Елу екі жасында Ережеп айының жиырма жетінші түнінде Мекке мүкаррамаға Жабрайл (ғ.с) келіп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Мәсжид Харамнан Құдыстағы Мәсжидил Ақсаға, одан әрі көкке алып барады. Оның бұл сапары «миғраж» деп аталады. Осы миғражда жүрегімен Алла Тағаланы көрді. Миғражға рух һәм денесімен бірге шықты. Осы түні мұсылмандарға бес уақыт намаз парыз қылынды. Елу үш жасында Мәдина мнаууараға һижрат етті. Ол кезде қасында хазреті Әбубәкір Сыддық болды. Мәдина мнаууарада жиырма жеті рет қасиетті дініміз үшін соғысқа кірді. Оның тоғызында жауынгер, ал қалғанында Бас қолбасшы ретінде соғысады. Бәдр, Ухуд, Хандак, Хайбар, Мута, Фатх Мекке, Хунайн, Тайф, Тәбук соғыстары – дін тарихындағы мәшһүр ұрыстар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) һижраның он бірінші жылында рабиғул әууәл айының он екісі, дүйсенбі күні Мәдина мнаууарада қайтыс болды. Айша анамыздың хұжрасына жерленді. Һижри жыл санауымен алпыс үш, григориян күнтізбесі бойынша алпыс бір жасында еді.
Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) қиямет қайымға дейінгі болашақ нәсілдерге теңдесіз үлгі-өнеге болатын ең ұлы тұлға. Ол – барша әлемнің мырзасы. Оның кемелдігі мен ұлы тұлға болуының іргесі – көркем мінез-құлқының арқасы. Ол туралы Құран Кәрімде былай делінген: «Сөзсіз, сен ұлы (көркем) мінезге иесің» (Қалам сүресі 4-аят). Ол тек сөз жағынан Құранды үйреткен мұғалім емес, ондағы иләһи бұйрықтарды өз өміріне енгізіп, Құранның жанды үлгісі бола білген қасиетті жан. Сахаба Жәбир (р.а.) келтірген хадисте Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с.): «Аллаһ Тағала мені көркем мінез-құлықты толықтыру үшін жіберді»-деген. ( Муатта 904; Бәйхаки, әс-Сунәнул Кубра Х, 192)
Нұрлы келбетінен тартымдылық пен шешендігі байқалатын. Артық сөз сөйлемей, әрбір сөйлеген сөзі даналық пен үгіт-насихатқа толы еді. Оның киелі аузынан ешқашан өсек, яки, бос сөз шыққан емес-ті. Қарсы алдында тұрған адамның түсінігіне қарай сөйлеп қарым-қатынас жасайтын. Ол әрқашанда сыпайы, кішіпейілді және жайдары болатын. Тіпті оның қатты дауыстап күлгенін көрген жан жоқ еді. Зиялы қауым өкілдеріне де, олардың мәртебелеріне де үлкен құрмет көрсететін. Туған-туысқандарына ерекше көңіл бөліп, оларға да құрметпен қарайтын. Өз отбасына сондай-ақ, ардақты сахабаларына да жақсы қарым-қатынаста мәміле жасайтын. Қол астындағы қызметшілеріне де жылы шыраймен қарап, олардың ризашылығына бөленіп, өзі не ішіп-жесе, не кисе оларды да ішкізіп-жегізіп, киіндіретін. Қашанда мейірімі мол ерекше қамқоршы еді. Кезі келсе батылдылық танытып, кейде жұмсақ мінезін көрсететін. Берген уәдесіне берік, сөзіне шыншыл еді. Мінез-құлқы мен ақылдылығы, парасаттылығы тұрғысынан барлық адамзаттан үстем әрі ұлы мақтауға лайық болатын. Қысқаша айтар болсақ, дене бітімі әдемі, жаратылысы кәміл, теңдесі жоқ киелі жан болатын. Пайғамбар (с.ғ.с.) қажет деп тапқан кезде ғана сөйлеп, көбінесе үнсіз әрдайым терең ойларда жүретін. Бір сөзді бастағанда, әңгімесін толығымен жеткізіп, әрбір айтқан сөзінің астында астарлы мағына жататын. Жаратылысы жұмсақ болғанымен, асқан дәрежеде берік те айбатты еді.
Ол ешкімнің үйіне иесі рұқсат бермейінше кірмейтін. Өз үйіне келгенде де үйде өткізетін уақытын үшке бөлетін: Бір бөлігін – Аллаhқа құлшылық жасауға, екінші бөлігін – отбасына, үшінші бөлігін – өзіне. Адамдарды ақ-қара деп бөлмей, барлығына бірдей қарап, оларды риза ететін. Сондай-ақ әрбір іс-қимылын зікірмен орындайтын.
Кімде-кім одан қажет бір нәрсе сұраса, сұраған нәрсесі маңызды ма жоқ па, оны бермейінше көңілі тыныштық таппайтын. Егер сұраған нәрсесі табылмаса, ол мұқтаж адамның көңілін қалдырмай, жылы сөздермен шығарып салатын. Әркімнің қайғы-қамына да ортақтасатын. Адамдарды бай немесе кедей, ғалым, яки, надан деп қарамайтын. Бәріне бірдей адамзат баласы ретінде мәміле жасайтын. Мәжіліс жасағанда сыпайы, ғылыми және сабырлылықпен өткізетін. Қателігі мен кемшілігіне бола ешкімді кекетпейтін. Ескерту жасағанның өзінде де қасындағы адамды ренжітпей, сыпайы түрде ымдап қана қоятын. Өзгелерге жаман ойда болу, олардың артына түсіп аңду, Аллаһ Тағала тарапынан рұқсат етілмегендіктен ешкімнің айып-қателіктерінің соңына түсіп аңдымайтын және бұлай істейтіндерге тыйым салатын.
Олай болса екі дүние жақсылығына жеткіміз келсе, құрметті Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өзімізге үлгі тұтып, көркем мінезін басшылыққа ала отырып, әрдайым сүннетімен жүруге тырысуымыз қажет.
Қазіргі уақытта да Мәуліт бүкіл мұсылман әлемінде мейрам түрінде өткізіледі. Сирия, Мысыр, Ливия, Иордания, Тунис, БАӘ-де мәуліт мемлекеттік мейрам ретінде бекітіліп, бұл күні ресми демалыс болып есептеледі. Ал Пәкістанда пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күні үш күн бойы тойланады.
Көптеген мемлекеттерде рәбиғул-әууәл айы бойы мәуліт тақырыбында уағыз-насихат жүргізіледі. Барлық жерде адамдар мешіттерге барып, онда Құран, мәуліт қасидалары оқылып, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі жайында айтылады.
Сонымен қатар бірқатар мұсылман мемлекеттерінде газет пен журналдарда осы тақырыпта мақалалар жарияланып, теледидар мен радиоларда арнайы бағдарламалар жүргізіледі. Кейбір мұсылман мемлекеттерінде жоғары лауазымды тұлғалар мереке тойланатын жерлерге барып, мұсылмандарға құттықтау жолдайды.
Мәселен Сауд Арабиясында 24 қыркүйек «Отан күні» ретінде ресми мейрам болып бекітілгенімен, мәуліт мемлекеттік деңгейде аталып өтілмейді. Дегенмен, Саудияның батыс аймағын мекендейтін халықтың басым көпшілігі және Мекке мен Жидданың кейбір тұрғындары бұл күнді мейрам ретінде атап өтеді. Әдетте, мәулітті тойлайтындар туыстарының не болмаса таныстарының үйіне жиналады. Шариғат талабына сай әйелдер бөлек, еркектер бөлек отырады. Жиналған қауым Құран, хадис, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тарихын оқиды. Сонымен қатар, дұға жасап, зікір, Алла Тағалаға мақтау, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтады.
Ислам ғұламаларының мәуліт айын мерекелеуге қатысты айтқан сөздері мен берген бағалары орасан зор.
Көпшілікке танымал, беделді ғұлама Имам Суютый: «Менің пікірімше, адамдардың мәуліттің құрметіне жиналып Құран оқуы, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығы, дүниеге келуі турасында әңгіме етуі, ысырапкершіліктен сақтанып ас ұсынуы Нәбиге (с.ғ.с.) деген құрмет ретінде жасалған игі әрі сауапты іс және қуаныш», – деген.
«Сахих Әл-Бұхари» атты хадистер жинағына түсініктеме жазған имам Ибн Хажәр Әл-Аскаләни мәуліт жайында сұралғанда, былай деп жауап берді: «Рас, мәуліт жаңа іс. Бұл іс бастапқы үш ғасырда өмір сүрген мұсылмандардан мұра ретінде жетпеді. Дегенмен, дінге қайшы істерден сақтанса, мәуліт жақсы іс болады. Мен мұны хадисте айтылған мына жағдай-мен байланыстырамын. Расулулла (с.ғ.с.) Мәдинаға һижрат еткен кезде сондағы иудейлердің Ашура күні (мухаррам айының оныншы күні) ораза ұстап жүргенін байқады. Нәби (с.ғ.с.) оразаның себебі жайында сұрағанда, олар: «Осы күні Алла Перғауынды теңізге батырып, Мұса пайғамбарды (ғ.с.) құтқарған болатын. Біз Тәңірге шүкіршілік ретінде осы күні ауыз бекітеміз», - деп жауап берді. Сонда Расулулла (с.ғ.с.): «Негізі ораза ұстауға сендерден гөрі біз лайықпыз», – деп үмметіне сол күні ораза ұстауды бұйырды. Ал рахмет пайғамбары Нәбидің (с.ғ.с.) дүниеге келуінен артық сый бар ма?! Ендеше, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күнін тойлауға осы айтылған жайттар негіз бола алады. Сондықтан, мәулітте бар ынтаны Алла Тағалаға шүкіршілік етуге бағыттау керек. Ал шүкіршілік дегеніміз – Құран оқу, мұқтаждарды тамақтандыру, садақа беру, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айту, ізгі амал істеуде көрініс табуы тиіс».
«Сахих Муслим» түсініктемесінің авторы имам Науауидің ұстазы шейх Әбу Шама бұл мейрамға анықтама беріп: «Біздің дәуіріміздегі жақсы амалдың бірі – мәулітті садақа берумен, уағыз айтумен және өзара жайдары болумен өткізу. Осының бәрі Нәбиге (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік пен құрметтің әрі Алла Тағалаға болған шүкіршіліктің белгісі».
Біздің дәуіріміздің атақты ғалымы, шейх Мұхаммед Саид Рамазан Әл-Бутый: «Мәуліт қазіргі күні өткізілетін діни конференция тәрізді іс. Ілгеріде конференциялар өткізілмесе де, конференция бидғатқа жатпайды. Бар мәселе мәуліт барысында дінге қайшы іске жол берілмеуінде», – деп түсініктеме берген.
Шейх Нұх Әл-Қада, Иордания мүфтиі: «Нәбидің (с.ғ.с.) дүниеге келуі Хақ Тағаланың ұлық сыйы екенінде күмән жоқ. Сол үшін бізге бұл күні қуану міндетті», – деген.
Бұл айда оқылатын арнайы намаз жоқ болғанымен, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көбірек салауат айтып, сәлем жолдаудың сауабы мол. Бұл туралы Құранда «Ахзаб» сүресінің 36-аятында: «Шынында да, Аллаһ пен Оның періштелері Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат жолдайды. Әй, иман келтіргендер, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, сәлем жолдаңдар!», – деп бұйыруда. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да өзіне салауат айтудың маңыздылығын: «Қиямет күнінде маған ең жақын болатын кісі – ең көп салауат айтқан адам», – деп білдерген. Ендеше, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп-көп салауап айтып, Мәуліт оқып, сүйіспеншілігімізді жаңғыртуға тырысу қажет. Оны сүйе білу үшін әуелі дұрыс танып-білу керек. Оның нұрлы өмірін баяндайтын шығармаларды, бізге шуақ шашып, иманымызға қуат беретін хадистерін оқып, амалдарымызды көркейткеніміз абзал.
Пайғамбар шоғырының соңғы жарық жұлдызы Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) әлемдерді шарапаттандырып, нұрлы тәнімен дүниеге келген қасиетті Мәуліт айы да келіп жетті. Ұлы Жаратушы иеміз осы айда мейірім мен мейірбандылықтың, адамгершілік пен парасаттылықтың, ізгілік пен жақсылық, көркем мінез-құлықтың үлгісін паш етсін деп, Оны күллі Әлемге тек рахым етіп жіберді. Барша мұсылман жұртшылығын сүйіндіріп төрімізге өрлеген Мәуліт айы бәрімізге мүбарак болсын. Алла Тағала біздің жүрегімізге иман нұрын себелеп, Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігімізді арттырып, оның үмметі болуға лайық қылсын. Ахиретте Оның ақ туының астында қылып, барлығымызға хауыз кәусардан қана ішуді нәсіп етсін, Әмин!
«Жәннат – ананың аяғының астында» - Хадис.
Әйел-ана – қашаннан да ырыстың қайнары, берекенің негізі, ынтымақтың көзі. Ана – өмірдің алтын діңгегі, отбасының ұйытқысы.
Ислам діні отбасыға перзент бойына сүйіспеншілік пен өзара көмектесу, жанашырлық сезімін қалыптастыратын қасиетті шаңырақ ретінде қарайды. Ал, отбасындағы тәлім-тәрбие, ұрпақтың жалғасып, олардың баянды өсіп-жетілуі ата-анаға тікелей байланысты. Қасиетті шаңырақты шайқалтпай негізін қалыптастыратын ең берік тірек – ата-ана. Сондықтан ата-ана – ең әуелі құрмет көрсетілуі тиіс аяулы жандар. Алла Тағала құранда: «Оған (Аллаға) еш нәрсені серік қоспаңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар!»-десе тағы бір аятта: «Раббың Өзiне ғана құлшылық етулерiңдi және әке-шешеге жақсылық жасауларыңды бұйырды» – дейдi. Міне, осылайша Алла Тағала балаға ата-анасын құрметтеуiн және оларға бойұсынуын бұйырады. Әсiресе олар қартайып кәрiлiк жеңген шақта перзенттерiнiң жан-жақты қамқорлықтарына аса зәру болмақ. Міне осы сәттерде перзент ата-анасының қас-қабағына қарап, оларды ерекше аялап, көңiлiнен шыға бiлуi тиiс. Ал, ата-анаға тiл тигiзiп, жанын жаралау, көңілге қаяу салу – үлкен күнә. Құранда: «Әке-шешенің екеуi немесе бiреуі кәрiлiкке жеткен болса, оларға «туһ» деп кейіс білдірме. Әрi оларға дауыс көтеріп, айғайлаушы болма, ол екеуiне сыпайы сөз сөйле», – деп ескертедi. (Исра сүресі 23-аят). Ал, егер ата-ана дүниеден өткен болса, олардың хақына дұға жасау перзенттік міндет. Адал әрi iзгi ұрпақ әркез ата-анасына дұға қылып, Аллаға жалбарынады. Артында қалған салихалы перзентінің оған дұға жасауы – оның өзi өлсе де үзiлмей жалғасып жататын iзгi амалдарының бiрi. Құран Кәрiм аяттарында: «Раббым, менi кiшкентайымда мәпелегенiңдей ол екеуiн де рахымыңа бөлей көр», – деп дұға жаса» – делiнедi. (Әл-ғимран сүресі 24-аят).
Дiнiмiз Ислам бала күтiмi мен тәрбиесiне әке мен ананың екеуi де қажыр-қайрат көрсететiнiн меңзегенiмен, анаға айрықша көңiл бөлу керектiгiн анық аңдатқан. Ана перзентiн тоғыз ай құрсағында көтерiп, оны аса қиындықпен дүниеге келтiредi, ақ сүтiн берiп емiзiп, өмiр бойы перзентiн жан шуағына бөлеп, есейiп кетсе де әркез оған алаңдаумен күн кешедi. Осы тұрғыдан Пайғамбарымыз ананың алдындағы мiндетiмiздiң бiрiншi орында тұратынын «Анаңа, анаңа және анаңа қызмет жаса» деп үш мәрте қайталау арқылы, ана дәрежесін айқындап берген. Ана – әрбір адам баласы үшін ең ыстық, жанға жақын, мағыналы да қастерлі сөз. Адамзат баласы алғаш дүние есігін ашқанда ананың ақ сүтімен бойына нәр алады, ана құшағына еніп, ана мейіріміне бөленеді. Адамның аузынан шығатын ең алғаш сөзі де – «Ана».
Ислам діні әйел затына осы ана болу сипаты арқылы ең жоғарғы әрі қымбатты дәрежені берген. Әр түрлі тарихи кезеңдерде қорлық пен кемсітушілікке душар болып, тіпті, соңғы ғасырларға дейін Еуропада басқа дін өкілдері арасында: «Әйел деген адам ба, әлде шайтан ба?» деген қызу пікірталас болған кезде, Ислам әйел затын ең жоғары дәрежеге көтеріп: «Жәннат ананың аяғының астында» деп жәнаттағы ең жоғары мәртебені аналардың аяғының астына жайып салды. Ислам әйелдерді соншалық құрметтегеннен Құран кәрім сүрелерінің біреуін арнайы әйелдерге арнап: «Ниса - Әйелдер» деп атады. Бұл асыл дініміз Исламның әйелге, әсіресе анаға ерекше мән беруін көрсетеді. Жаһилиет (надандық) дәуіріндегі әйелдер жағдайы қалай болып еді? Тарихқа зер салсақ ол уақытта әйелдің мираста (мұрада) ешқандай хұқығы болмаған. Олар бұл жөнінде: «Мирасты тек қана қылыш көтеретін және ұрпақты қорғайтын кісі ғана алады»,- дейтін. Ол дәуірде әйелдің күйеуінен талап қылар ешқандай хақысы да жоқ еді. Тіпті исламға дейін дәуірде қыз баланы өте жек көретін және намыстанғаннан оны тірідей көміп тастайтын. Ал, мейірімділік пен қамқорлықты ту еткен Ислам жаһилиет дәуіріндегідей әйелді жек көріп, қараламады. Керісінше, әйелдерден бұл қорлықты алып тастайтын әділетті орнатып: «Әйел – еркектің серігі, ер кісінің құқықтары болғандай, әйелдердің де құқықтары бар» -деп насихаттады. Сонымен қатар, әйелдің өзіндік нәзік жаратылысына, болмысына тән міндеттерін де түсіндіріп берді. Ал, ер кісі қуатты, қолы кең, қиындықтарға төзімді болғандықтан, әйелге басшылық етеді. Ол - әйелді қорғап, қамқорлығына алатын, еңбек етіп асырайтын басшысы. Халық даналығында: «Еркек үйдің иесі, әйел үйдің киесі» - деп бекер айтылмаса керек.
Ана – тіршілікке, өмірге ұрпақ келтіруші, отбасының жүрегі, шаңырақтың берекесі, баланың бақыты. Ұлт бойындағы бар жақсы қасиеттерді – «Тілін, дінін, әдет-ғұрпын» – ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, дарытушы әрине әйел-ана. Халқымыздың ырысты ынтымағын, туыс-татулығын іске асыратын да аяулы аналарымыз. Ислам ғалымдарының бірі айтады: «Бір күні анаң о дүниеге аттанады. Ананың балаға деген махаббаты өзімен бірге кетеді. Біліп қой, ананың о дүниеге аттануымен, сен үшін «жәннат есіктерінің» бірі жабылады. Егерде сенің анаң тірі болса, оны жалғыз қалдырма. Алыста болса дереу хабарлас, үйде болса тезірек барып, маңдайынан сүй! Қолыңнан келгенше анаңа жақсылық жаса. Ол қандай сөз айтса да, анаңды разы қылуға тырыс. Ешуақытта анаңа ашуланба, Оның саған деген махаббаты орналасқан «жүрегін» жаралайтын ауыр сөздер айтушы болма!».
Қадірлі ағайын! Бәріміздің де жалғыз ғана анамыз бар. Бәрімізді дүниеге әкелген сол аналарымыздың дәрежесі екі дүниеде де биік болсын! Алла тағала баршамызды өсіріп-мәпелеген ата-анамыздан разы болсын деп тілейік! Әмин!......