Ашура күнінің құрметіне ұйымдастарылған іс-шара.
2 қараша күні облыс имамы Асылхан Мұханбетжанұлының ұйымдастыруымен Қостанай ауданы Заречный орта мектебінде көңілді сайыс ұйымдастырылды. Қостанай ауданы Затобол кентінің бас имамы Мурзаканов Азамат тәрбиешілермен бірге балаларға қосылып ойынға араласты. Спорттық ойындардан: ұлттық асық ойыны және мини футбол ойнады. Ойыннан кейін балаларға халал кафесінің иесі Фаттах мырза дастархан жайып ас берді. Дастархан басында өкіл имам Асылхан Мұханбетжанұлы балаларға мұсылманша тамақ ішу әдебін, мұсылманша жаңа жылдың басталғандығы және қасиетті Ашура күні туралы айтып түсіндірді. Ас соңынан балалар Фаттах мырзаға өз ризашылықтарын білдірді. Одан кейін облыстық «Марал ишан» мешітіне экскурсиялық саяхатқа келді. Өкіл имам Асылхан Мұханбетжанұлы мешіттің ішімен толық таныстырды. Соңынан балаларға бата беріп, аруақтарға құран бағышталды.
Абзал Сұлтанғалиұлы
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Наиб имамы
Бас мүфтимен өткен сұхбаттан туған ойлар
Жуырда хабар телеарнасының «Көзқарас» бағдарламасына қонақ болып Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлы келген болатын. Дін тақырыбына арналған сол бағдарламаны жүргізген Ирак Елекеев ағамыз Бас мүфтиге елдің көкейінде жүрген мәселені көтерді. Негізгі қойылған сұрақтарға тоқталсақ, олар Діни басқарманың Астанаға көшуі, дін мен дәстүр, имамдардың білім деңгейі, Қазақстандағы ағымдармен күрес жүргізу - осы секілді негізгі тақырыптар сөз етілді. Осы ретте, Алматыдағы «Нұр-қазақ» университетін соңғы курсында оқып жүргенде, бітіруші түлектер Бас мүфтимен кездесу өткізгенін еске түседі. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы кездесу барысында, «сендер елдің түкпір-түкпіріне қызмет етуге барасыңдар, естеріңде болсын, қазір халық имандылыққа мұқтаж, егер сендер дінге қызмет етпейтін болсаңдар, онда орыңдарыңа жат ағымдар жұмыс істейтін болады» дегені әлі есімізде. Қысқа да нұсқа, салмақты айтылған сөзі біздерге күш-жігер берді. Осы жолы да тікелей эфирге шыққан Ержан қажы көкейімізде жүрген біраз сауалдарға жауап берді.
Жалпы Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Елордаға көшуінде үлкен мән бар. Әуелі солтүстік өңірдегі облыс мешіттерінің жіті қадағаланып, жұмыстарының одан әрі пысықталуы үшін тиімді мүмкіндік жасалды. Еліміздің бас қаласы Астанада өтетін діндер съезі жобасына араласып, дінаралық байланысқа қатысты таным-түсінігімізді тереңдете түсуге мүкіндік туды. Ирак ағамыз сөзін жалғастырып, биылғы жылды дін мен дәстүр жылы деп атауыңыздың себебі не де деп сұрақ қойылғанда, Ержан қажы басынан өткен бір оқиғаны айтып өтті.
Сарыағаш қаласына жұмыс бабымен барғанымызда көшедегі жасы ұлғайған ақсақалдың кетіп бара жатқанын көріп, ақ жаулықты апаларымыз алдын кеспей жол беріп, құрмет көрсетіп жатқанын бақыладым. Ислам дінінің қазақ халқына, салт-дәстүріне біте қайнасып кеткеніне тағы бір көзім жеткендей болды. Осы оқиға санама серпіліс беріп, дін мен дәстүр жайлы кітап жазуыма түрткі болды. Ата-бабамыз ешқашан дінді дәстүрден бөлген емес, керсінше екеуі де қазақ жұртына, өміріне әбден сіңген және біте қайнасып өмір сүрген - деп сабақтады сөзін. Тарихта болған ақын-жыраулардың өлеңдерінен аңғаратынымыз, ата-бабамыздың шариғаттан ешқашан алшақ болмағаны.
Мысалы, қазақ ақыны Шортанбай Қанайұлының елге айтқан насихатында:
Билер пара жемеңдер
Жанға бейнет кезбеңдер.
Кісі хақын алмаңдар,
Аузыңа пара салмаңдар.
Дүние жинап өткен жоқ,
Бізден бұрын Пайғамбар.
Сөз айтайын үлкендер,
Құдайдан ғапыл өтпеңдер.
Әлің келсе, Мекке бар,
Артық дәулет біткендер! - деп жырлауынан, ақынның шариғат білімін жете меңгергендігін көреміз.
Бұл, сол заманда өмір сүрген халықтың дінге деген көзқарасын аңғартады. Дін мен дәстүрді бір-біріне қарсы қоятын теріс ағымдарға төтеп беру үшін Құран аяттары, Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистері және ғұламалар мен ақын-жыраулар сөздері ой салып, мен де осы тақырыпта арнайы кітап шығарып едім. Ол жұртшылықтың қажетіне жарап жатса, еңбегімнің өтелгені деп санаймын деп сабақтады сөзін.
Бас Муфти айтып өткендей, расында атқарылған жұмыстар аз емес. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтсек, артық болмас деп ойлаймын. Алматыда имамдардың біліктілігін арттыру институты жұмыс істеп тұр, онда көбіне шариғаттан өзге, халықтың шешендік өнері және психологиясы, әлеуметтану, саясаттану және компютермен жұмыс істей білу сияқты, заманауи ғылым мен техниканы қолдану жағы оқытылады. Еліміздегі діни оқу орындарының саны да артып келеді. Мысалы, он төрт облыстың жетеуінде тоғыз медресе болса, Алматыдағы «Нұр-қазақ» университеті жоғары діни білім беретін еліміздегі жалғыз жоғарғы оқу орны. Онда Мысыр елінен білікті де білімді ұстаздар келіп дәріс өткізеді. Оның сыртында түлектер Мысыр мен Түркия елдерінде білімін жетілдіреді.
Діни басқармадан арнайы комиссия құрылып, әр обылыстан имамдардың білімін тексеру үшін аттестация жүргізіледі. Әр жыл сайын имамдарға квота бойынша тегін қажылыққа бару мүмкіндігі берілді. Осының бәрі Бас Муфти айтқандай, халқымыздың ертеңі, жас ұрпақтың келешегі үшін жасалып отырған шаралар.
Бас Мүфти бір сөзінде: «Егер терезені ашсаң, таза ауамен бірге шаң-тозаң да кіреді» - деп, жат ағымдардың ішке кіріп алғандығын айтты. Қаншама қазақтың жігіттері теріс ағымдардың үгіт-насихатына сеніп, адасу жолына түсті. Олармен күрес те жүргізіліп келеді. Қазір арнайы терең білімі бар имам, ұстаздардан құрылған республикалық ақпараттық насихат тобы (РАНТ) Республика бойынша жер-жерді аралап, қызмет көрсетеді. Олар теріс ағымдардың қателігін әшкерелеу үшін, діни проблема ушығып тұрған өңірлерге жіберілуде. Мешіттерде, оқу-орындары мен түрмелерде экстремизм мен терроризм жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Өзекті сұрақтарға жауап беріп, ҚМДБ тапсырмасын орындап, халықтың ризашылығын алуда.
Өз басым осы сұхбаттан біраз нәрсені түйіп, сабақ алдым. Халыққа дінді жеткіземін деген кез-келген мұсылманға ой салатын сұхбат. Еліміздегі жас ұрпақтың әрбірі дін мен дәстүрді өмірлік ұстанымы етіп қойса, онда сырттан келген теріс пиғылды миссионерлердің жетегіне жегілмес еді. Өз тарапымыздан айтпағымыз, білімді де діндар ағаларымыз тұрғанда, біздің халқымыз, ата-бабамыз ұстанған шариғат жолынан ауытқымасы анық.
Алла тағала елімізге, жерімізге тыныштық, Елбасымыздың да, Дінбасымыздың да, елдің ертеңі үшін істеп жатқан жұмыстары жемісті болсын! Әмин.
Ғаламторда лаңкестердің сахабалардың сүйектерін қазып алып жатқаны жайында ақпарат тарады. Аталмыш ақпаратты Мәскеуде ресми сапармен жүрген Сирияның бас мүфтиі Ахмад Бадреддин Хассунның растағаны да айтылған. Бұл жайында «Ислам.ру» ақпарат көзі хабар таратты. Алайда, сахабалардың сүйектерін қайда алып кеткенін және не істегенін білмейтінін жеткізді. Үстіміздегі жылдың шілде айында ИСИМ содырлары қара киінген әлдебір ер адамның мазарды зілбалғамен (кувалда) талқандап жатқанын көрсететін бейнетаспаны орналастырған болатын. Аңызға сенсек, бұл бейіттердің бірінде Жүсіп пайғамбардың сүйегі жерленген.
Облыстық «Марал ишан» мешітінің ұжымы жылдан-жылға дін қызметкерлерінің, оның ішінде азаншылардың біліктілігін арттыру мақсатында тың ізденістер жасауда.
Соның нақты бір дәлелі ретінде жақында ғана аталмыш мешітте алғаш рет азан айтудан байқау өткізілді. Әрине, бұл жарысқа да шәкірттер тыңғылықты әзірленді.
Байқаудың бұл түрінен жүлделі бірінші орынды облыстық «Марал ишан» мешітінен Айбек Ғалым, екінші орынды Качар мешітінен Марат Бейсембаев, үшінші орынды Қостанай қалалық мешітінен Еркебұлан Қошан иеленді.
Бір тоқтала кетер жай, осынау жан-жақтылықты талап ететін байқауға облыстың аудандары мен қалаларынан 30 шәкірт қатысты. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, жоғарыда есімдері аталған жүлдегерлер өздерінің үнемі талпыныс үстінде келе жатқандықтарын жарқырата көрсетті.
Облыстық «Марал ишан» мешітінің наиб имамы Дархан Сыздықовтың айтуына қарағанда, бұрын мұндай азаншылар жарысы тек қана елордамыз Астанада нағыз білімді де білікті осы саланың қызметкерлері арасында өткізіледі екен.
Сондықтан да Қостанайда ұйымдастрылып отырған үстіміздегі жылғы осынау жарыс өңірдегі барша мұсылмандар қауымы үшін айтулы жаңалық әрі үлкен қуанарлық жай. Енді есімдері аталған жеңімпаздардың арасынан іріктеліп, республикалық байқауға үздік азаншы жіберіліп, ол облыстың намысын қорғайды.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
ҚМДБ-ның төраға орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай Ораз Сатыбалдыұлы Хорватия мемлекетінің Ислам қауымы және Мешихатының төрағасы доктор Азиз Хасановичты қабылдады. Кездесу барысында елдегі діни мәселелер талқыланып, екіжақты келісімдерге қол жеткізілді.
Қазақстанға ресми сапармен табаны тиген Азиз Хасанович қазақ халқының қонақжайлылығына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Хорватия мемлекетінде Ислам дінінің ресми мойындалғанына келесі жылы бір ғасыр толуына орай республика көлемінде мерейтой ұйымдастырылатынын жеткізген Мешихат төрағасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын сол мерекелік шараға шақырды.
Кездесу соңында қазақ елінің ежелгі дәстүрімен қонақтарға шапан жабылып, кәде сыйлар тарту етілді. «Сыйға сый» ұсынған Азиз Хасанович әлемдегі ең алғашқы автоқалам осы хорваттар елінде жасалғанын айта келіп, Серікбай Оразға хорват елінде жасалған қаламды сыйға тартты.
Кездесуден соң Хорват елінің дін басшысы «Әзірет Сұлтан» мешітін тамашалады. Құлшылық ордасының әсем сәулетті құрылысы мен қасиетті Құран Кәрімнің сирек кездесетін нұсқаларымен танысқан Азиз Хасанович өз таңданысын білдіріп, мешіт ұжымының жұмысына жеміс тіледі. Сондай-ақ, Серікбай Ораз басшылық етіп отырған сәулетті мешіттегі «Хикмет» телерадиостудиясының жұмыстарымен танысқан хорваттық доктор өзінің бұл сапар барысында көптеген керекті мағлұмат жинап, тәжірибе байытқанын айтты.
Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінде шәкірттердің қасиетті Құранға деген құштарлығын ояту және білім деңгейлерін көтеру мақсатында жыл сайын Құранды жатқа және мәнерлеп оқудан жарыстар ұйымдастырылып келеді.
Жақында ғана өткізілген мұндай байқау облыстың аудандары мен қалаларында, кенттерінде қаншама болашағынан үміт күттіретін дарынды жастардың аз еместігін көрсетті.
Оларды жарысқа қатыстырмас бұрын жергілікті жерлердегі мешіттерде имамдар жан-жақты дайындады. Осы тынымсыз жұмыс өз нәтижесін берді.
Мәселен, Құранды жатқа оқуда бірінші, екінші және үшінші орындарды Қостанай қаласынан Дастан Ислам, Арқалықтық Баубек Сыздықов және Жітіқаралық Арыстан Мүсірепов иеленді. Бұлардың бәрі де тынымсыз ізденіс үстіндегі шәкірттер.
Сондай-ақ Құранды мәнерлеп оқудан жүлделі бірінші, екінші және үшінші орындарды, Затоболдық Абылай Төлегенов пен Ғалия Бегалинова, Қарабалықтық Ибраһим Арғынбай жеңіп алды.
Ерекше тоқтала кетер жай, биыл облыста азан айтудан жарыс алғаш рет өткізілді. Соған қарамастан оның нәтижесі өте көңіл қуантарлықтай болды.
Байқаудың бұл түрінен жүлделі бірінші орынды облыстық «Марал ишан» мешітінен Айбек Ғалым, екінші орынды Качар мешітінен Марат Бейсембаев, үшінші орынды Қостанай қалалық мешітінен Еркебұлан Қошан иеленді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек барлық жүлдегерлерді жеңістерімен құттықтады. Оларға ақшалай сыйлықпен Алғыс хатты салтанатты түрде тапсырды.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазіргі таңда арамызда жүрген кейбір азаматтарды ажалдан құтқарып қалуда қан тапсырудың да орны ерекше екендігін білеміз. Мұны өңірдегі мұсылман бауырларымыз да жете түсінеді. Сондықтан да болар, облыстық «Марал ишан» мешітінде қан тапсыру дәстүрге айналды.
Жуырда осы киелі орынға облыстық қан орталығының қызметкерлері алдын ала жасалған келісім бойынша арнайы келді. Қан тапсырушылардың арасында қала, аудан, кент имамдары болды. Жалпы 37 мұсылман өз еріктері бойынша қан тапсырды. Осы қан тапсырудан кейін барлық донорларға мешітте дастархан жайылды. Оған 200000 теңге көлемінде «Марал ишан» мешітінен қаражат бөлінді.
Біздің мешітте қан тапсыру соңғы жылдары дәстүрге айналғаны рас.
Жалпы, бұл сауапты іс. Сондықтан биыл да мұсылмандар ұйымшылдық пен жоғары саналылық танытты,- дейді облыстық «Марал ишан» мешітінің наиб имамы Бақытжан қажы Икрам.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қ. Сабыржанұлы
Бұл жаста бала талап-тілектерінің дер кезінде орындалмағанына түсіністікпен қарауға үйрене бастайды. Қоршаған ортаның белгілі бір тәртібі барын аңғарып, соған қарай бейімделе түседі. Өзіне бір-екі дос табады. Тек өзінің айтқандары емес, басқалардың да айтқандарының болатынын түсіне бастайды. Кезек күтуді, бөлісуді, басқаларға жол беруді үйренеді. Қанша тәртіпті болуға тырысса да, кейде ұрып жіберу, теуіп жіберу сияқты кері қылықтарға да бой алдырады. Бұйыра сөйлегенді ұнатады. Бұл жаста бала қиялға берілгіш келеді. Кейде қиял мен ақиқаттың ара жігін ажырата алмай қалады.
Діни сенім осы жаста жандана түседі. Психолог Антони Верготе діни мәселелерге қызығушылық тұрғысынан төрт жасты «алтын кезең» деп бағалайды. Үш жасар бала айтып тұрғанын түсінбесе де жаттауға бейім келсе, төрт жастағы бала жаттаған нәрселерін түсінуге тырысады. Осы ерекшелікті мұсылман ғалымы Қазуини: «Халифа Мәмунның алдына төрт жасар бір баланы әкеліпті. Бала Құранды жатқа оқып, сұрақтарға өз ойымен жауап бере алатындай зерек екен. Бірақ, қарны ашқанда жылап қоя беретін балалығынан да әлі арылмаған көрінеді» – деп баяндайды.
Құранды жатқа білетін Әбу Мұхаммед әл-Исбәхани өзі жайлы былай дейді: «Бес жасымда Құранды жаттадым. Төрт жасымда Әбу Бәкр Ибнул-Мукриден хадис үйрену үшін сабақтарына бара бастадым. Алғашында сабаққа қатысушылардың кейбірі: «Жасы әлі кішкентай, сабаққа қатыстырмайық», – деп қарсылық танытты. Сонда Ибнул-Мукри маған: «Бізге «Кафирун» сүресін жатқа айтып берші?» деді. Мен сүрені қатесіз жатқа айтып бердім. Ибнул-Мукри: «Бұл бала сабаққа қатыса берсін, ол үшін өзім жауап беремін», – деді».
Ал ғұлама Сәхл ибн Түстәри болса мынандай қызықты жайтты алға тартады: «Үш жасымда түнде тұрып нағашы ағам Мұхаммед ибн Сиуардың құлшылық жасағанын қызықтап қарайтынмын. Бір күні маған «Кел, құдіретімен күллі әлемді жаратқан Жаратушыны бірге зікір етейік» – деп, қасына шақырды. Мен: «Зікірді қалай жасаймын?», – деп сұрап едім: «Ішіңнен үш мәрте «Аллаһ менімен бірге, Аллаһ маған қарап тұр, Аллаһ менің куәгерім» деп айтасың», – деді. Бірнеше түн қатарынан осы сөздерді қайталадым. Кейіннен нағашы ағам «Осы сөзді әр түні жеті мәрте қайтала», – деді. Солай жасадым. Енді ол: «Бұдан кейін он бір мәрте қайтала», – деді. Айтқанын екі етпедім. Зікірлерден ләззат ала бастадым. Бір жылдан кейін нағашы ағам: «Үйреткендерімді өміріңнің соңына дейін қайталап айтып жүр, себебі, оның саған бұл дүниеде де, ақыретте де пайдасы тиеді», – деді. Сосын сабаққа бара бастадым. Құранды толық жаттаған кезімде алты-жеті жас шамасында болатынмын».
Бұрынғы кездерде бала 4-6 жас аралығында күттабтарға жіберілген. Сондай-ақ 4 жасынан бастап сүннет амалдарға машықтандырылған. Дегенмен, психологиялық-физиологиялық дамуына байланысты бұл әр балада әр түрлі жастарда басталуы мүмкін. Мысалы, алғыр балалар 4-5 жасында сүннет амалдарға дағдыланса, кейбіреулері одан 1 жыл кеш бастауы мүмкін. Бір жағынан Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадистерінде де балаға үйретілуі керек мәселелерде белгілі бір жас көрсетілмегендіктен, бұл істерге дағдыландыруда жасты белгілеу ата-аналардың еншісінде.
Ғалымдар жас күнінде балалардың діни құнды-лықтарға қызығушылығының басым болатынын айтады. Сондай-ақ егер баланың діни қызығушылығына дұрыс бағыт-бағдар берілмесе, жас ұлғая келе ол сезімнің бірте-бірте азайып, мүлде ынтасы өліп, тіпті дінді мойындамауға дейін алып баруы мүмкін екендігін тілге тиек етеді.
Төрт жастағы балаға айналадағы нәрселердің бәрін Аллаһ тағаланың керемет үйлесімдікпен жаратқанын қарапайым тілмен түсіндірген жөн. Бала айтылған нәрселерді күмәнданбастан, сол күйінде қабылдайды. Дегенмен, мұны үстірт, жай балалық сенім деп қарамау қажет. Бұл бала рухының осы сенімдерді қабылдауын білдіреді. Осы жаста балаға иман тұрғысында мына мәліметтерді бере аламыз: Аллаһ тағала жануарлар-дың, өсімдіктердің бәрін жаратқанын және адамдарды, әсіресе балаларды өте жақсы көретінін, оларды қорғайтынын, мейіріміне бөлеп өсіретінін, тамақ, сусын, жеміс-жидек секілді рызықтар бергенін, жаман-дықтардан сақтайтынын, біз жақсы нәрсе жасасақ жақсы нәрселерді одан сайын бізге еселеп беретінін түсіндіру т.б. Бір сөзбен айтқанда, баланың Аллаһ тағалаға деген сүйіспеншілігін ояту керек.
Балалар 11 жасына келгенге дейін, яғни мураһиқ жасына дейін тәртіпсіздіктері үшін ақыретте жазаланатынын айтып қорқытпау керек. Сондықтан төрт жасар балаға «Аллаһ тағала барлық бұзықшылықты көреді, жаман іс-әрекеттерді күнә деп жазады» деген сияқты оның ішкі қарсылығын тудыратын әңгімелерді айтуға болмайды. Мұндай ескертулер айтылған кезде баланың санасында кешірімді, мейірімді, қорғаушы Жаратушы емес, қайта керісінше жазалаушы, мейірімсіз Тәңірі бейнесі қалыптасады. Діннен жеріну сезімі күшейеді.
Балаға 3-4 жасында біртіндеп «періштелерге иман» мәселесін түсіндіре бастауға болады. Себебі, осы жаста бала әңгіме мен хикаяларды тыңдағанды жақсы көреді. Оған хикая айтып отырғандай етіп, періштелердің Құранда, хадистерде айтылған ерекшеліктерін әңгіме-леп берген жөн. Періштелердің ішіп-жемейтінін, ұйықтамайтынын, шаршамайтынын, үнемі құлшылық ететінін ертегі айтқандай қарапайым тілмен түсіндіру керек. Егер адамдар да құлшылықтарын үзбей атқарса, періштелердің дәрежесіне дейін көтерілуге болатынын айтып, баланы қызықтырып, ынтасын арттыра түсу қажет. Ал бес жастағы балаға үлкен періштелер (Жәбірейіл, Микайыл, Исрафил, Әзірәйіл, Кирәмән катибин, Мүнкәр-Нәкір) және олардың атқаратын міндеттері жайында әңгіме өрбіткен жөн.
Баланың дінге деген сүйіспеншілігін арттыруға таптырмас мүмкіндіктің бірі – қасиетті түндер мен діни мерекелер. Осындай мерекелі күндері балаңызды мешіттерге ертіп барсаңыз немесе оларға діни заттарды сыйлық ретінде ұсынсаңыз, бала қуанып осындай күндерді асыға күтеді. Дінге деген шынайы ықыласы қалыптаса бастайды.
Егер ата-ана иманды, дініне берік болса, онда төрт жасар баланың сұрақтарының көбісі діни тақырыптардың аясында өрбиді. Оның сұрақтарына қарапайым тілмен дұрыс, шынайы, қысқа әрі анық жауап беруге тырысыңыз. Егер дұрыс жауап бермесеңіз, болашақта сіздің қателігіңізге көзі жеткенде, сізге деген сенімі жоғалуы мүмкін. Осы жаста діни мәліметтерді сұрақ-жауап күйінде де жаттатқызуға болады. Бұл оның сұраққа жауап беру қабілетін арттырады. Сондай-ақ санасында, сөздік қорында діни терминдердің қалыптасуына жол ашады. Көбейту кестесін жаттағаны секілді естігендері есінде мәңгі қалып қояды.
Куттаб – Құранның оқылуын үйрететін жеке сабақтар. Сонымен қатар мұсылман елдерінде жергілікті кішігірім мектепті де «күттаб» деп атаған.
Таран ауданы «Әйет» мешітінде ҚМДБ-ның талабына сай мешітте «Қайырымдылық қоры» ашылды. Қорға Таран ауданына қарайтын барлық ауылдардағы әр қазақ отбасы айдың сонында 200 (екі жүз теңге) көлемінде жинап аудандық мешітке әкеп тапсырады. Барлық ауылдан қаржы жиналып болған соң Құран хатым бағышталып әр айдың сонында жағдайы төмен, көп балалы отбасылар мен жетім-жесірлерден үш отбасына сол қайырымдылық қордан көмек көрсетіліп отырады. Соның бастамасымен Қазан айында бес жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетілді. Оның үшеуі қазақ екеуі өзге ұлт өкілі. « Өзге ұлттарға да көмек көрсетудегі мақсатымыз, халыққа Ислам дінінің ұлт пен өкілге бөлмейтіндігін насихаттау Алланың алдында барлық адам бірдей екенін түсіндіру » деп жеткізді Бас имам Ғәбдімәліков.Е.С
Сондай-ақ «Әйет» мешітінде қайырымдылық қордың бастамасымен екі отбасына көмек көрсетілді. Біріншісі әкесі жоқ жағдайы төмен көп балалы отбасы Боранбаева Гүлім есімді азаматшаға көмек көрсетілді. Аудандағы «Бақбақ» дүкенінің иесімен мешіттің қайырымдылық қоры бірігіп Боранбаева Гүлім азаматшаның Асем есімді қыз баласына қысқы курткасымен азық-түлік тапсырылды. Екінші Ольга Серх есімді жеті баласы бар жағдайы төмен орыс отбасына да қайырымдылық қордан көмек көрсетіліп тегін азық-түлік тапсырылды. Мешітте қайырымдылық іс-шара жасалынды. Ауданның «Флора» дүкенінің иесі Тахмазов Выдади ағамызбен мешіттің қайырымдылық қоры бірігіп өзіміздің оралман қазақ отбасы Тышқанбаева Палым есімді апамыздың отбасына тегін азық-түлік тапсырылды. Қуанышы қойнына сыймаған апамыз жас имамға ризалығын білдіріп өзінің ақ батасын берді.
Таран ауданы «Әйет» мешітінде тағыда қайырымдылық іс-шара жасалынды. Ауданға қарасты Орынбор ауылындағы жағдайы төмен көп балалы отбасы Асанбаева Әйгүл есімді азаматшаның алты жасар қыз баласына қысқы етік пен 9,10 жасар екі қыз баласына қайырымдылық қорға жиналған киімдерден қысқы курткалар мен күртелер тапсырылды.
Екіншісі сол ауылдағы жағдайы төмен отбасы әке-шешесі тастап кеткен, екі немересін асырап отқан өзге ұлт өкілі Прус Татяна Иванова есімді әжемізге де қайырымдылық қордан көмек көрсетілді. Екі немересіне қысқы етіктер алынып үйге тегін азық-түлік таратылды. Мешіттің атынан үйге екі жаңа кілем сыйға берілді. Айта кету керек қысқы етіктерді «Осен» дүкенінің иесі Сергей Цюх өз қаражатынан алып берді.