Таяуда Қостанай облысының «Марал ишан» мешіті мен Қостанай ауданының «Маңдай батыр» мешітінің ұйымдастыруымен жас өспірімдер арасында футболдан сайыс болып өтті. Бұл сайысқа Қостанай қалалық балалар үйі, Нұржан Наушабаев және Заречный орта мектебінен 3 команда қатысты.
Аталмыш сайыс өте қызықты өтті. Жарыс болған жерде жеңіс те болатыны белгілі. Футболдан ұйымдастырылған сайыстың қорытындысы бойынша 1-ші орынды балалар үйінің командасы, 2-ші және 3-ші орындарды Нұржан Наушабаев мектебі мен Заречный орта мектебінің командалары иеленді.
Онда 1- ші орынды иеленген командаға ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек кубокты салтанатты түрде табыс етті. Сондай-ақ оларға аквариумды сыйлады.
Марпаттау рәсімен кейін Затобол кентіндегі «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Азамат қажы Серікбайұлының ұйымдастырумен мешіт асханасында балаларға дастархан жайылды. Содан кейін мешіттің алқа мүшесі Сайым қажы жасөспірім балаларға ақ батасын берді.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Түркия дін істері басқармасының басшысы Мехмет Гермез мемлекеттік мекемелерде тіркелуден өтпеген діни бағыттағы некелер әйел балаларына зиянды, сондай-ақ өте жас некенің санын көбейтуде деп мәлімдеді.
CNNTurk телеарнасының тікелей эфиріне шыққан Мехмет Гермез аталмыш жайт Түрік мемлекеті үшін үлкен мәселеге айналып отырғанын жасырмады.
«Осының салдарынан кейбір көптеген теріс пиғылды адамдар адамилыққа жат қадамдарға барады, салдарынан әйелдер зардап шегеді. Түркияның әрбір азаматы білуі тиіс, некені ең алдымен заңдық тұрғыдан бекітуі керек, онан соң барып имамды іздесін» деді Дін басшысы. Айта кетейік, Түркияның оңтүстік-шығыс аумағындағы әрбір үшінші діни рәсіммен өтетін некеге тұрған қалыңдықтың жас шамасы 15 жастан басталады.
Ал, Әділдік пен даму партиясы жетекшісі Түркия дін істері басқармасына осы мәселе төңірегіндегі өз ұсыныстарын жеткізді. Онда ол мешіттерге некені заңдық тұрғыдан да бекітуге мүмкіндіктер берілсе деген ойын айтты. «Бүгінгі қоғамда орын алып отырған оқиғалар расында елдегі үлкен мәселеге айналды. Осының салдарынан көптеген балалар жетім, әйелдер жесір атануда» дейді партия жетекшісі.
ummet.kz
Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Заң экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуге бағытталған. Ол ұлттық қауіпсіздік органдарына экстремизм мен террорлық әрекетке қатысы бар адам ретінде белгілі азаматтардың елге кіруіне тыйым салады.
"Бізге шетелден азаматтар жиі келіп жатады. Құқық қорғау органдарында бір шетелдік азаматтың экстремизм мен терроризмге қатысы бары туралы ақпарат болса, бірақ оның біздің аумағымызға келуіне тыйым салуға құқықтық негізіміз болмайды. Енді мына заң егер шетелдік туралы тиісті ақпарат болса, ҰҚК органдарына оның елге келуіне тыйым салуына құқық береді", - деген болатын ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов.
Бұған қоса, жаңа нормаларға сәйкес, шетелдердегі соғысқа аттанғалы жатқан қазақстандықтарға қылмыстық жауапкершілік туралы ескертілетін болады.
"Лаңкестік және экстремистік құбылыстардың алдын алу мақсатында шетелге экстремистік немесе лаңкестік оймен аттанып бара жатқан Қазақстан азаматтарына ұлттық қауіпсіздік органындағылар ресми түрде ескерту айтса дейміз. Осындай арнайы құқық берілуі керек. Біз мұндай ресми ескерту қанды қақтығыс болып жатқан жерлерде лаңкестермен бірге соғысуға бел буып, шетелге кетіп жатқан жекелеген азаматтарымыздың қарасын күрт қысқартады деп топшылаймыз" - деді Бас прокурордың тағы бір орынбасары Андрей Кравченко.
Сонымен бірге, заң ерекше сот өндірісі тәртібінде ұйымдарды олардың аумақтық мәртебесіне қарамастан, экстремистік және террористік деп тануға мүмкіндік береді. Заң террористік мазмұндағы ақпараттық материалдарды сот тәртібі жағдайында террористік деп тануға да жағдай жасайды. Бұған дейін тек экстремистік материалдарды ғана бұлай тану мүмкін болды.
Тағы бір жаңалық - сот экстремистік деп таныған ұйымның мүлкін мемлекет пайдасына тәркілеу мен айналымға енгізуге мүмкіндік беру. Сонымен қатар, террористік қылмысы үшін сотталған немесе сондай қылмысы үшін құқық қорғау органдарының немесе арнайы қызметтердің көзіне түскен адамдарға қатысты қаржылық мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін норма болады.
Бұған қоса, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетіне сот экстремистік немесе террористік деп таныған ұйымдар мен ақпараттық материалдардың бірыңғай тізімін жасап, оны өзінің ведомстволық сайтына орналастыруға құқық беріледі.
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2014 жылды дін мен дәстүр жылы деп жариялағаны белгілі. Діни басқарма өзі құрылғалы осы бағытта алғаш рет ізгі де сенімді қадам жасады. Мұны жаңа заман талабына сүйеніп, имандылық қалыптастырған бұрынғы тамырымызды тектілікпен бекемдеп, жүйелеу жолындағы өзекті мәселені қолға алу деп түсінген ләзім.
Соңғы кезде түп тамырымызға зер салып, біз осы кімбіз, қандай халықпыз деген сауалдарға жауап іздеп, дін мен дәстүріміз терең зерделену үстінде. Бұрынғы белгілі жәйттердің өзі жаңаша сарапталып, руханият тұрғысынан қайта жүйелену үстінде. Себебі, кез-келген халықты өзінің төлтума рухани құндылықтары мен ізгі қасиеттері ғана біріктіре алады. Сондықтан, дін мен дәстүр деген бастама зиялы қауым тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Бұл тектен тек қолға алынған жүрек қалауы емес, бүгінгі өркениетті, озық технологиялы, жаһандық ықпалдасудан, керек десеңіз, түрлі қауіп-қатерден қорғану жолы. Осы орайда ұлтымыздың белгілі ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Қасыңнан да, досыңнан да бірдей сақтан» дегенде нені айтты екен деп ойға қаласың. Сақтанудың басы өзіңе қатысты рухани құндылығыңды түгендеп, кейінгіге мұра етіп қалдыру болса керек деп ой түйдік.
Рас, дәл мына өмірімізден дін мен дәстүріміздің сабақтастығын қалай аңдап, қалай зерделейміз? Мұның астарынан дін мен дәстүрді қалай насихаттаймыз деген екінші сауалдың кесе-көлденең шығатыны хақ. Арысы әр халық ел болып ғұмыр кешуі үшін жастардың санасына ұлттық құндылықтарын сіңіріп, рухани болмысымен өмір сүруге баулиды. Ол үшін мешіт, медрселерден бастап, барлық ақпарат құралдары, тәрбие салалары осы бағытқа жұмылуы керек. Әсіресе, тәрбие саласының маңызы өте зор. Жастарымыз мектеп қабырғасынан бастап, үлкен оқу орындарында дін мен дәстүрімізді оқып, сусындап өссе теріс ағымдар мен жат мәдениеттің жетегінде кетпес еді. Салт-дәстүрі мен дініне ерекше мән берген елдің тұғыры биік, іргесі қашанда берік болмақ.
Осы ретте дәстүрді, дәстүршілдікті артта қалушылық деп санайтын қасаң түсініктен арылуымыз керек. Кез-келген қоғам ұзақ уақыт бойы жинақталған тәжірибені келесі ұрпаққа ізгі дәстүрінсіз жеткізе алмайтынын есте сақтағанымыз абзал. Егер халқымыздың уақыт сынынан өткен сан ғасырлық дәстүрі болмаса қалай дамып, қалай өркен жаяды? Өткеннің тәлімді тәжірибесін алмай, алға қадам басуға бола ма? Кез-келген халық шариғатқа қайшы келмейтін дәстүрімен жаңаны жалғап барып қадам жасауы – оның өмір сүруінің алғашқы белесі. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет жәненадандардан теріс айнал» («Ағраф» сүресі, 199-аят), - деп бұйырған.
Халқымыз Ислам дінімен өмір сүріп келе жатқанына он екі ғасырдан астам уақыт өтті. Осы аралықта дін мен дәстүріміз біте қайнасып, болмысымызға айналды, ұлттық рухани бай мұрамыз жасалды. Халықты табиғи болмысынан айырмай сақтап тұратын құндылық ол – шариғатқа сай келетін ең ізгі әдет-ғұрпымыз. Қазақы салт-сананың қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді озық үлгіде реттеп отырғаны кімді болса да таңғалдырады. Дана бабаларымыз күннің орнынан қалай шығып, айдың қалай туатынына дейін қалт жібермей бағып, жіті бақылап отырған. Тіпті, қоғамдағы құбылыстарға да сондай мән беріп, шариғат тұрғысынан әділ үкім шығарған. Әлеуметтік, қоғамдық қарым-қатынастарды дін мен дәстүр аясында тиісінше жіліктей білген. Қазтуған жырау: «Жарлысы мен байы тең, жабысы мен тайы тең», - деп жырлайды. Бұл аталарымыздың қазақи болмыспен қоғамдық үйлесімділікті сақтап отырғанының айқын көрінісі. Өркениетті елдердің өзі жете алмаған біздегі қалыптасқан осынау ізгі дәстүріміз өмірдегі тепе-теңдік ауыр міндетті тарихтың қай кезеңінде болмасын өз шама-шарқынша атқарған, әлі де қызмет ететіні күмән тудырмайды.
Ұлттық құндылықтарымызды өзге жұрттардың ұғына алмайтындығы оның қайталанбастай төлтумалығын аңғартады. Сондықтан, бабаларымыздың ғибратты жолын жоққа шығару немесе оның орнына басқа жат нәрсені әкелуге тырысудың зардабы өлшеусіз. Баршаға белгілі, дәстүріміздің озығы да, тозығы да бар. Бұған қатысты мән беретін екі жәйт бар. Біріншісі – дәстүрімізді сол қалпында тұтастай қайталап, оны іске асырудың мүмкін еместігі. Екіншісі – қайталап қолдануға болатын сол дәстүріміздің діни негіздегі (дінмен біте қайнасып кеткен дәстүрдің) ұстанымдарын, құрылымдық үлгілерін, қағидаларын біліп, һәм насихаттауымыз қажет.
Біз рухани бай мұрамыздың мөлдірлігін өзге жұрттарға тектілігіміздің дәлелі ретінде паш етуімізге болады. Ол біздің мақтанышымыз. Біз өткеннің өнегесін үйреніп, үлгі алуымыз керек. Болашақ ұрпақтың санасына жеткізе білгеніміз ләзім.
Елдің іргесі сөгілмесін дейміз. Рухани сабақтастық пен тұтастығымызға сызат түспесін деп тілейміз. Әумин!
Ержан қажы Малғажыұлы
Қазіргі кезде қасиетті дінімізді жеккөрінішті етіп көрсету етек алуда. Ислам дінін қаралап, терроризм, экстремизм, уаххабизм және салафизм ұстанушыларына теңеп, мұсылмандарды жік-жікке бөліп, бір-бірімен соғыстыру жағдайына дейін апарып отырған күштер, мұсылман әлемінің берекесін кетіріп, бірлігін бұзуда.
Солардың бірі «Тәкфиршілер тобы». Олар үлкен күнә жасағандарды мұсылманшылық санатынан шығаратындықтарын айтып жар салуда. Бұлардың адасқан жерлерінің екіншісі, өздерін мұсылман санайтын бірақ, мемлекетті басқару жүйелерінде шариғатты басшылыққа алмағандығы үшін билік өкілдерін кәпір санауларында.
Кезінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) айтқан болатын: «Шектен тыс кінәмшілдік, жанкештілік жақсылыққа апармайды. Кінә таға беру мұсылмандар арасында өшпенділікке апарады». Ирактағы, Сириядағы жағдайлар осының айғағы. Негізі дініміз адамзатты Алла жолына даналық, жұмсақтық, көркем үгіт арқылы шақыруды көздейді. Құран аяттары да Исламды жұртшылыққа сабырлылықпен қарапайым етіп жеткізуді ұсынады. Өз кезегінде ханафи мазхабының негізін салған имам Әбу Ханифа да «Сәлаф салихтарға, тіл тигізбейтін, тағдырға иман келтіретін және күнәсі үшін мұсылманды кәпір санамайтын», топты жақтаған.
Осы күндері намаз оқымағандарды кәпір санайтын сәлафия ағымы дін атына кір келтіруде. Ал біздің аһли сунна уал джамаға ғұламаларының көпшілігі, амал жасамаған мұсылманды кәпір деуге қарсы.
Өмірде кездесіп жүргендей, біз кейде айтып отырған сөзімізге мән бермей, достарымыздың өзіне де сен кәпірсің дей саламыз. Аллаға серік косу (ширк) үлкен күнасын жасаған кісіден басқа, кез келген адам үлкен күнә жасағандығы үшін кәпір болмайды. Алла Тағала, өзіне серік қосудан басқа күнәләрдің барлығын қалаған кісіге кешірім жасайды, қаласа жазалайды.
Парыз амалдарды орындамағандар немесе күнә амалын істеген кісіні күнәһар немесе пасық дейді, алайда оны кәпір демейді. Намаз оқымаған адамдарға да жаназа оқылатыны бізге мәлім.
Мұсылмандар бір-бірінің айыбын ашып, кемшілігін іздегеннен гөрі, бауырмалдылықты насихаттауымыз керек.
Қоғамымызды, бөлінушіліктен сақтап, берекелі ғұмыр кешуді мақсат етуіміз қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кезінде айтып кеткен: «Алланың ең сүйіктілері, араларында ешқандай туысқандық, сауда-саттық, іскерлік байланыс болмаса да, Алла разышылығы үшін бір-бірін жақсы көретіндер». Бүгін біздің мемлекетіміздің ұстанымы: дінаралық, ұлтаралық татулық, толеранттылық.
Біздің елде салафиттік бағыттың ішіндегі «хиджра уа такфир» ағымына тыйым салынды. Сол себепті біз, мешіт жамағаты, халықты теріс ағымдардан сақтанып жүруге шақырамыз.
Ата-бабаларымыздың дінімізге берік болғаны етенеден белгілі. Ал кәзір де ынтымағымыз жарасқан 134 ұлт пен ұлыстардың өкілдері береке бірлікте ғұмыр кешудеміз. Алла Тағала осы жолдан тайдырмасын деп тілейік жаратушыдан.
Үстіміздегі жылдың 18 тамызында «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық ұйымы экстремистік ұйым есебінде танылып және елімізде оның қызметіне тыйым салынғаны жөнінде хабар БАҚ арақылы таратылуда. Көп соққанға бір тосу деген осы болмақ.
Жақсылық қажы Ғайсин
ҚМДБ «Зекет»қорының
Қостанай облысы бойынша өкілі,
Қажылар қауымдастығының төрағасы