Абзал Сұлтанғалиұлы
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Наиб имамы
Бас мүфтимен өткен сұхбаттан туған ойлар
Жуырда хабар телеарнасының «Көзқарас» бағдарламасына қонақ болып Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлы келген болатын. Дін тақырыбына арналған сол бағдарламаны жүргізген Ирак Елекеев ағамыз Бас мүфтиге елдің көкейінде жүрген мәселені көтерді. Негізгі қойылған сұрақтарға тоқталсақ, олар Діни басқарманың Астанаға көшуі, дін мен дәстүр, имамдардың білім деңгейі, Қазақстандағы ағымдармен күрес жүргізу - осы секілді негізгі тақырыптар сөз етілді. Осы ретте, Алматыдағы «Нұр-қазақ» университетін соңғы курсында оқып жүргенде, бітіруші түлектер Бас мүфтимен кездесу өткізгенін еске түседі. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы кездесу барысында, «сендер елдің түкпір-түкпіріне қызмет етуге барасыңдар, естеріңде болсын, қазір халық имандылыққа мұқтаж, егер сендер дінге қызмет етпейтін болсаңдар, онда орыңдарыңа жат ағымдар жұмыс істейтін болады» дегені әлі есімізде. Қысқа да нұсқа, салмақты айтылған сөзі біздерге күш-жігер берді. Осы жолы да тікелей эфирге шыққан Ержан қажы көкейімізде жүрген біраз сауалдарға жауап берді.
Жалпы Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Елордаға көшуінде үлкен мән бар. Әуелі солтүстік өңірдегі облыс мешіттерінің жіті қадағаланып, жұмыстарының одан әрі пысықталуы үшін тиімді мүмкіндік жасалды. Еліміздің бас қаласы Астанада өтетін діндер съезі жобасына араласып, дінаралық байланысқа қатысты таным-түсінігімізді тереңдете түсуге мүкіндік туды. Ирак ағамыз сөзін жалғастырып, биылғы жылды дін мен дәстүр жылы деп атауыңыздың себебі не де деп сұрақ қойылғанда, Ержан қажы басынан өткен бір оқиғаны айтып өтті.
Сарыағаш қаласына жұмыс бабымен барғанымызда көшедегі жасы ұлғайған ақсақалдың кетіп бара жатқанын көріп, ақ жаулықты апаларымыз алдын кеспей жол беріп, құрмет көрсетіп жатқанын бақыладым. Ислам дінінің қазақ халқына, салт-дәстүріне біте қайнасып кеткеніне тағы бір көзім жеткендей болды. Осы оқиға санама серпіліс беріп, дін мен дәстүр жайлы кітап жазуыма түрткі болды. Ата-бабамыз ешқашан дінді дәстүрден бөлген емес, керсінше екеуі де қазақ жұртына, өміріне әбден сіңген және біте қайнасып өмір сүрген - деп сабақтады сөзін. Тарихта болған ақын-жыраулардың өлеңдерінен аңғаратынымыз, ата-бабамыздың шариғаттан ешқашан алшақ болмағаны.
Мысалы, қазақ ақыны Шортанбай Қанайұлының елге айтқан насихатында:
Билер пара жемеңдер
Жанға бейнет кезбеңдер.
Кісі хақын алмаңдар,
Аузыңа пара салмаңдар.
Дүние жинап өткен жоқ,
Бізден бұрын Пайғамбар.
Сөз айтайын үлкендер,
Құдайдан ғапыл өтпеңдер.
Әлің келсе, Мекке бар,
Артық дәулет біткендер! - деп жырлауынан, ақынның шариғат білімін жете меңгергендігін көреміз.
Бұл, сол заманда өмір сүрген халықтың дінге деген көзқарасын аңғартады. Дін мен дәстүрді бір-біріне қарсы қоятын теріс ағымдарға төтеп беру үшін Құран аяттары, Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистері және ғұламалар мен ақын-жыраулар сөздері ой салып, мен де осы тақырыпта арнайы кітап шығарып едім. Ол жұртшылықтың қажетіне жарап жатса, еңбегімнің өтелгені деп санаймын деп сабақтады сөзін.
Бас Муфти айтып өткендей, расында атқарылған жұмыстар аз емес. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтсек, артық болмас деп ойлаймын. Алматыда имамдардың біліктілігін арттыру институты жұмыс істеп тұр, онда көбіне шариғаттан өзге, халықтың шешендік өнері және психологиясы, әлеуметтану, саясаттану және компютермен жұмыс істей білу сияқты, заманауи ғылым мен техниканы қолдану жағы оқытылады. Еліміздегі діни оқу орындарының саны да артып келеді. Мысалы, он төрт облыстың жетеуінде тоғыз медресе болса, Алматыдағы «Нұр-қазақ» университеті жоғары діни білім беретін еліміздегі жалғыз жоғарғы оқу орны. Онда Мысыр елінен білікті де білімді ұстаздар келіп дәріс өткізеді. Оның сыртында түлектер Мысыр мен Түркия елдерінде білімін жетілдіреді.
Діни басқармадан арнайы комиссия құрылып, әр обылыстан имамдардың білімін тексеру үшін аттестация жүргізіледі. Әр жыл сайын имамдарға квота бойынша тегін қажылыққа бару мүмкіндігі берілді. Осының бәрі Бас Муфти айтқандай, халқымыздың ертеңі, жас ұрпақтың келешегі үшін жасалып отырған шаралар.
Бас Мүфти бір сөзінде: «Егер терезені ашсаң, таза ауамен бірге шаң-тозаң да кіреді» - деп, жат ағымдардың ішке кіріп алғандығын айтты. Қаншама қазақтың жігіттері теріс ағымдардың үгіт-насихатына сеніп, адасу жолына түсті. Олармен күрес те жүргізіліп келеді. Қазір арнайы терең білімі бар имам, ұстаздардан құрылған республикалық ақпараттық насихат тобы (РАНТ) Республика бойынша жер-жерді аралап, қызмет көрсетеді. Олар теріс ағымдардың қателігін әшкерелеу үшін, діни проблема ушығып тұрған өңірлерге жіберілуде. Мешіттерде, оқу-орындары мен түрмелерде экстремизм мен терроризм жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Өзекті сұрақтарға жауап беріп, ҚМДБ тапсырмасын орындап, халықтың ризашылығын алуда.
Өз басым осы сұхбаттан біраз нәрсені түйіп, сабақ алдым. Халыққа дінді жеткіземін деген кез-келген мұсылманға ой салатын сұхбат. Еліміздегі жас ұрпақтың әрбірі дін мен дәстүрді өмірлік ұстанымы етіп қойса, онда сырттан келген теріс пиғылды миссионерлердің жетегіне жегілмес еді. Өз тарапымыздан айтпағымыз, білімді де діндар ағаларымыз тұрғанда, біздің халқымыз, ата-бабамыз ұстанған шариғат жолынан ауытқымасы анық.
Алла тағала елімізге, жерімізге тыныштық, Елбасымыздың да, Дінбасымыздың да, елдің ертеңі үшін істеп жатқан жұмыстары жемісті болсын! Әмин.