Рамазан – барша мұсылман қауымы әр жылы сағына күтіп, қимай қоштасатын, Құран Кәрімнің асыл аяттары түсе бастаған қасиетті ай.
Рамазан – әрбір ораза ұстаушының өзінің ішкі жан-дүниесімен сырласып, жасаған пендешіліктері үшін шын ықыласымен тәубеге келетін айы. Бұл айда Алланың рақымынан үміттеніп, ауыз бекітіп, құлшылық жасаған мүміннің тәубесі қабыл болып, жапырақтары төгілген күзгі ағаштай күнәларынан арылады.
Бұл айдағы ауызашар мен сәресінің берекесі тілмен айтып жеткізгісіз. Адам жанын сергітіп, жүрегіне жылылық ұялататын бұл ай ораза ұстаушыны пендеге тән бүкіл жағымсыз қылық атаулы: кісімсу, даңдайсу, тәкаппарлықтан алыстатады. Барынша кішіпейілдікке баулиды. Күллі жаратылыс атаулының ішінде адам баласының ең ардақты екендігіне баршамыздың көзімізді жеткізіп, соған шүкір ете білуге үйретеді. Мүмін оразада күнәлардан бойын аулақ ұстап, көбірек жақсылық жасауға күш салады. Өйткені, бұл айда тозақ есіктері жабылып, жұмақ есіктері айқара ашылады, жын-шайтан тізгінделеді. Бұл айда бар ынта-ықыласымен ауыз бекітіп, жан дүниесін айнадай жарқыратып ұстауға тырысатын адамды қанша азғырса да дегеніне жете алмай шайтанның діңкесі құриды. Себебі, ораза мүмінді күнә жасаудан қорғайды.
Оразаның жеке адамға да, қоғам үшін де пайдасы аса зор. Шындығы сол, кез келген ғибадат тәрізді мұсылман адам ниетін таза ұстап, оразаны Алла Тағаланың бұйырғаны үшін ғана ұстайды. Хазірет Әли (оған Алла разы болсын) бұл жөнінде: «Пайдаға бола жасалған ғибадат – саудагердің ғибадаты. Үреймен жасалған құлшылық – құлдың ғибадаты. Алла Тағаланың жақсылықтарына шүкіршілік ету мақсатында орындалған құлшылық – нағыз ерікті адамның ғибадаты» (Әли әл-Қари, Мирқатул-мафатих, 2/135) деген. Иә, парыз құлшылықтың бұл түрінің Жаратушының әмірі екендігін жете түсініп, кіршіксіз адал ниетпен ұсталған оразаның әрбір мұсылман үшін пайдасы өлшеусіз.
Араб тіліндегі «саум» (ораза) сөзі: «бір нәрседен алшақ тұру, адамның өзін тізгіндей білуі және жол бермеу» деген мағыналарды білдіреді. Оразаның терминдік мағынасы – арнайы ниет ете отырып таңның атысынан күннің батысына дейін ішіп-жеу мен басқа да нәпсі қалауларынан тыйылу. Ораза құлшылығы Мәдина кезеңінде, хижраның екінші жылы мұсылмандарға парыз етіп бекітілген еді.
Ораза ұстау – Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадис шәріптерінде нақты бекітілген бес парыздың бірі. Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді», («Бақара» сүресі, 183-аят) делінген. Тағы бір аятта: «Сендердің араларыңда кімде-кім Рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сырқат немесе жолаушылар ораза айында ұстай алмаған күндерін басқа күндері ұстасын» («Бақара» сүресі, 185-аят), - деп көрсетілген.
Таң атқаннан күн батқанға дейін нәр татпаумен қатар түрлі жамандықтардан тиылу – нәпсіні тәрбиелеудің үлкен мектебі. Ал күні бойғы нәпсімен арпалысқан күрестің есесіне кешкі ауызашарда сізді мол сауап, ерекше ләззатты сәттердің күтуі өз алдына бір ғанибет.
Баса атап көрсететін тағы бір жәйт, Жаратушы Жаббар Ие ешқашан да пенделерінің оразасы мен құлшылығына мұқтаж емес, қайта пенделер өздерін жаман қылықтардан арылтуда әрі екі дүниеде де жақсылыққа кенелуде көбірек құлшылық жасауға мұқтаж.
Ораза адамның өз-өзіне есеп беруі іспетті. Ол – иләһи сырларды түйсінудің құтты кеңістігі. Рамазанның аспаны қай кезде де берекелі ақ нөсерін төгуге дайын рақым бұлттарына толы. Оның сұлу тамшылары кенезесі кепкендердің таңдайын жібітіп, шөлін басады.
Рамазан – жығылғанды демеп, жылағанды жұбататын, мұң-мұқтаждардың қабағын кірбіңнен арылтатын шынайы жанашырлық айы. Осы айда жақсылық көрген жетім-жесірлердің жүзі жадырап, ғаріп-міскіндердің арқа-басы бір кеңіп қалады. Әр жылы Рамазан айын қуана қарсы алып, айналамызға нұр шұғыласын шашқан қасиетті кештердің, құлақ құрышын қандыратын азанның, сәресідегі тәттіліктің, ауызашардағы ләззатты, тарауих намазына деген ынта-ықылас, ерекше құлшынысты көрген жасөспірім де бұл айдың осындай небір ерекшеліктерін сезінері хақ. Олар үшін әр жылғы Рамазан айы ұмытылмас қуанышты сәттерімен есте қалатыны сөзсіз.
Рамазан – өзінің әлсіз, әлжуаз екенін мойындап, құлшылық арқылы қуат алғысы келетін әрі бойындағы сансыз кемшілігін жоюға тырысқан пенденің рухани дертін емдейтін мейірімді емшісі іспетті.
Рамазан айы күн шапағындай әр тарапқа шуағын төгіп, адамды ізгілік пен қайырымдылыққа шақырып, бауырмашылдықпен өмір сүруге үндейді. Әр жылы ауыз бекітіп, бір ай бойы тақуалық мектебінен өткен, ғұмырына мән сыйлаған Жаратушының адал кұлдарын ақиретте күтетін сый-мәртебе қаншалықты зор десеңізші!
Ендеше, еліміздің барша мұсылмандарын алдағы қасиетті Рамазан айымен құттықтап, ниеттеріңіз қабыл, ізгі мақсаттарыңыз асыл болсын демекпін. Жүздеріңіздегі нұр, жүректеріңіздегі иман арта бергей! Алла Тағала бәрімізге де мол сауаптан жазғай!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти.
Бүгін Алматыда «Достық» спорт кешенінде Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне орай және «Дін мен дәстүр» жылы аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жүлдесі үшін мешіт жамағаттары арасында Қазақ күресінен II республикалық турнир өтті.
Ұлттық спорттың абыройын асқақтатқан дүбірлі доданы жанкүйерлермен бірге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, наиб мүфти Наурызбай Тағанұлы, қазақтың даңқты балуаны, күрестен тұңғыш олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров т.б. спорт шеберлері тамашалады.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жүлдесі үшін ұйымдастырылған додаға өңірден іріктеліп шыққан жасы 18-ден асқан, салмағы 74 келіден жоғары 75 балуан қатысты. Сонымен халықаралық дәрежедегі төрешілер шешімімен төмендегі спортшылар жүлделі орындарға ие болды.
І орын – Жайық ҚЫҢЫРБЕКОВ (Алматы облысы). Үлкен қажылыққа тегін жолдама (750 000 теңге қаржылай сыйлық).
ІІ орын – Алмаз БЕГІМБЕТОВ (Жамбыл облысы). Кіші қажылыққа тегін жолдама (375 000 теңге қаржылай сыйлық).
ІІІ орын – Ақжол РАҚЫМЖАНОВ (Қостанай облысы). Теледидар (200 000 теңге қаржылай сыйлық).
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:
«МАҚСАТЫМЫЗ – САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН НАСИХАТТАУ»
«Қазақ күресі – ұрпақтан-ұрпаққа ұмытылмай жеткен дәстүрлі өнеріміз. Тарихқа қарайтын болсақ, түрлі той мен алқалы ас бұл сайыссыз өткен емес. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен палуандар халықтың құрметіне бөленетін. Күрестің осы түрі дәстүрімізбен қоса, дінімізбен де астасып жатыр. Сондықтан, бұл өнер пайғамбарымыздан (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келе жатқан сүннет. Атқарылып жатқан бұл іс-шаралар дін мен дәстүрімізді дәріптей отырып, мешіттегі жамағаттың, жастардың басын қосу, біріктіру мақсатында ұйымдастырылып жатыр. Мақсатымыз – салауатты өмір салтын насихаттау».
Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ, әлем чемпионы:
«ИМАМДАРДЫҢ КҮРЕСТІ НАСИХАТТАУЫ – ҮЛКЕН ҮЛГІ»
«Қазақ күресі – күрестің атасы, қазақ күресі – ұлттың рухы. Осы спорт түрі Діни басқарма деңгейінде насихатталып жатқаны қуантады. Имамдарымыз тек уағыз айтып, мешітте намаз өткізумен шектелмей, халық арасында спортты өз амалдары арқылы насихаттауы өте дұрыс идея. Артымыздан қаншама жастарымыз өсіп келе жатыр. Солар спортқа әуестеніп, жамандықтан арылып, жақсылыққа үйір болса, біздің болашағымыз жарқын болады. Ержан қажы Малғажыұлының бұл бастамасына алғысымды айтамын».
Жайық ҚЫҢЫРБЕКОВ, І орын иегері:
«ҚАЖЫЛЫҚҚА БАРУДЫ АРМАНДАҒАН ЕДІМ...»
«Діни басқарма ұйымдастырған осындай республикалық жарысқа қатынысқаныма қуанып тұрмын. Жарысты ұйымдастырған ағаларыма алғысымды айтамын. Күрес – менің сүйікті спортым. Бұл кешегі балауан бабаларымнан, пайғамбарымыздан қалған үлкен өнер. Алдағы уақытта тағы да осы жарыс жалғасын табады деген сенімдемін. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын. Әрқашан жеңіс төрінен көріне берейік
Мен қажылыққа баруды бұрынна армандадым. Сүйікті спортым күрес арқылы қажылыққа тегін жолдаманы жеңіп алуым мен үшін үлкен абырой, биік мәртебе. Мақсатыма жеткеніме қуаныштымын. Аллаға шексіз шүкір айтамын».
Әсет БЕКТҰР,
ҚМДБ Баспасөз бөлімінің бас маманы
суреттерді түсірген автор
Ержан қажы Малғажыұлы
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Дін туралы сөз еткенде кейбір адамдар білместіктен, түсінбестіктен пайымсыз пікірлер мен теріс тұжырымдарды алға тартады. «Дін» сөзінің аясы кең, ұғымы ұлы. Ол Құдайға құлдық ұрып, тек құлшылықтан бас көтермеу дегенді білдірмейді. Дін – өмір сүрудің үздік үлгісі, екі дүние бақытына жетелейтін жол. Дін – адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке ұйытатын құдіретті күш. «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын», – дейді ақын Абай. Міне, дін дегеніміз – адамдық қасиетті қалыптастыратын, Жаратушыға жағымсыз амалдан арылтатын күш.
«Дін» сөзінің араб тіліндегі мағынасы – «сыйлық», «үкім», «есеп», «жаза», «шариғат», «мойынсұну», «бағыну», «құлшылық», «заң», «жол», т.б. Ал діннің терминологиялық түсіндірмесі мынадай: адамзаттың өмір сүру жүйесін ретке келтіретін, адамның жан-дүниесіне рухани тірек болатын, жұмыр басты пендені екі дүние бақытына бөлейтін Алла Тағала тарапынан пайғамбарлар арқылы жіберілген заңдылықтар мен тәртіптер. Дін бүкіл әлемнің жаратушысы Алла Тағала тарапынан ғана жіберіледі. Дін адамды Алланың даналыққа құрылған таңғажайып жаратылысынан ғибрат алуға, өмірдегі мақсаты мен міндетін айқындап беретін, Құдайға құлшылық етуге тәрбиелейтін ұлы жол. Ислам адамға екі дүниенің қуанышы мен сыйына, бақыты мен берекетіне жетелейтін тура жолды көрсетеді. Адамның бүкіл өмірін, амалын ізгілікке, қайырымдылыққа бағыттайды.
Діннің ең басты ерекшелігі – уахи арқылы келуінде. Дүние есігін ашқан әрбір адамның бойында дінге, рухани тазалыққа, құдіретті күшке сену сезімі болады. Бұл сезім адамды ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір құдіретті күшке сенуге жетелейді. Тарихтың өзі дәлелдеді емес пе? Тарихта дінсіз, яки имансыз адам болғанымен, дінсіз қоғам болмаған. Себебі, адам баласы сенімге мұқтаж. Алла Тағала адамзат баласын рухтар әлемінде Өзінің Жаратушы Ие екенін үйреткен. Сөйтіп, адам баласынан, яғни бізден Өзін Жаратушы Ие деп танитымыз туралы уәдемізді алған.
Атам қазақтың «әлмисақтан мұсылманбыз» деп айтуының түп-төркіні осында жатыр. Бұл туралы Қасиетті кітабымыз Құранда: «(Мұхаммед Ғ.С) Алла Тағала кезінде адам балаларын әкелерінің белдерінен (нәсілдерін) алып, оған өздерін куә етіп: «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» – дегенде, олар: «Әрине, Раббымыз Өзіңсің, оған куә боламыз», – деген. Бұл қиямет күні: «Бұдан хабарымыз жоқ еді демеулеріңіз үшін» («әлмисақ» уәдесі алынған).
Ымыраға негізделген ынтымақ
Егемен еліміздің татулықты ту еткен тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлем дін қайраткерлерінің басын қосып, асқақ Астанамызды бейбітшілік пен бірліктің символына айналдырды. Жуырда өтетін дәстүрлі дін көшбасшыларының кезекті құрылтайы да ізгі мақсатқа жетелейді.
Осынау әлемдік алқалы жиын Исламның бірлік пен татулықтың діні екенін жаһанға жар салуға, дін атын жамылған радикализм мен экстремизмнің көріністерін айыптап, бейбіт тұрғынның берекетін қашырған оқиғалардан сабақ алуға, елдің тұтастығын сақтап, халқымыздың имандылығы мен бірлігін бекемдей түсуге ықпал етпек.
Еңселі Елордамыздағы келелі кездесуде дін қайраткерлері тарапынан айтылар парасатты ойлар мен мазмұнды баяндамалар дінаралық татулық пен келісімді тағы да нығайта түседі деген сенімдемін. Елімізде әр үш жыл сайын өтетін дәстүрлі құрылтай 70 пайыз мұсылманның басын біріктірген, 2500 мешітті бір орталықтан басқаратын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмыстарына да серпін беріп, діни татулық пен тұрақтылығымыздың орныға түсуіне септігін тигізеді.
Діни басқарма тәуелсіздік алған жылдардан бері өзінің 25 жылдық тарихында діни салада ауқымды іс-шаралар атқарды, берекелі бастамаларға ұйытқы болды. Еліміздегі 2500 мешіт халқымыздың бірлігін ұйыстыратын, дәстүрлі рухани орталыққа айналды.
Толыққанды кәсіби имамдардың корпусы калыптасты. Алғашқы кезде имамдарымыз 5 уақыт намазды өткізумен шектелсе, бүгінгі таңда халық арасындағы сұранысқа жауап бере алатын, қоғамдық мәселеге белсене араласатын діни тұлғаға айналды.
Өзгенің сенімін қорлау – өз сеніміңді қорлаумен тең
Дініміздің жанашыры, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы 2006 жылы әлемдік дін көшбасшыларының құрылтайында көкейде жүрген мәселені көтеріп еді. Сонда Елбасы былай деді: «Бұқаралық ақпарат құралдары басқа діндегілердің қасиетті сезімдерін қорлауды ұшындыра түссе, онда бұл журналистердің ерте ме, кеш пе өз нанымдарының қорлануымен бетпе-бет келетіні айқын болады. Біреу үшін қасиетті нәрсе басқа біреу үшін әзіл немесе келемеж тақырыбы болмауы керек. Бұл қарапайым қағида, өкінішке қарай, оны журналистер мен саясатшылар жиі бұзады».
Рас, біз кейде дін, мешіт деген ұлы ұғымдарды сенсацияға айналдырып, өз дінімізді, өз наным-сенімімізді қалайша қорлап жатқанымызды білмей де, сезінбей де қаламыз. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстанда өтетін дін қайраткерлерінің құрылтайы әлем халықтарын діни алауыздық тудырмауға шақырып, бірлікке, игілікке үндеп келеді.
Қазір заман өзгерді, уақыт талабы да жоғары. Ақпараттар ағыны мен технологияның дамыған дәуірі, адамзат санасының күн санап өзгеруі, бізге, Діни басқарма қызметкерлеріне де зор жауапкершілік жүктеп отыр.
Қазіргі кезеңде әлемдік қауымдастық экономикалық дағдарысты, саяси, ұлтаралық, дінаралық шиеленістерді бастан кешуде. Әсіресе, адамзат жаңа ғасырда бұрын-соңды болмаған діни алауыздықтар, дау-жанжалдар, ұлтаралық қақтығыстармен бетпе-бет келді. Дінді саясиландыру арқылы жастар санасын теріс арнаға бұру үрдісінің куәгері болдық. Дінді өз саяси мақсаттарына икемдеп алған түрлі топтар әлемнің әрбір жерінен көріне бастады. Радикалды топтар тек дәстүрлі діни түсініктерді жоққа шығарумен қатар, ашық түрде лаңкестік әрекеттер жасауда.
Жер бетінде Ислам халифатын орнатамыз деген ұранды таратушылар Ирак және Шам елдерінде адасқан арманның, құр қиялдың жетегінде жүріп, діни дүрдараздық пен бүлік тудыруда. Дінді біліммен емес, жалған сезіммен түсінген жастар олардың қатарына қосылды. Ислам атын жамылған бүлікшілердің бұл әрекеті, сөз жоқ, дәстүрлі дінімізге деген анық қарсы әрекет, мұсылмандық былай тұрсын, адамшылыққа да жат амал.
Басты назарда – 4 бағыт
Біз бағдарымызды айқындайтын, мемлекет тұтастығын сақтауға сеп болатын Діни басқарманың 2020 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасын қабылдадық. Діни қызметтің сапасын арттыруға арналған 4 бағытты бекіттік. Олар – көркем уағыз, жат ағымның жетегінде кеткен жастармен жұмыс, қайырымдылық іс-шаралар және халықты діни сауаттандыру.
ҚМДБ жанынан діни білімі терең, тәжірибесі мол білікті дін ғалымдарының басын біріктірген ақпараттық насихат топтары құрылды. Олар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жұмыла жасалған жұмыс нәтижесін бере бастады. Жат ағымдағы жастарымыздың беті бері қарап, қатарымызға қосылды.
Қазіргі уақытта ҚМДБ жүйесінде қызмет атқаратын 4 мыңға жуық діни мамандардың білімін тереңдету жұмысы қолға алынды.
Елбасының қамқорлығымен Алматы қаласында елімізде тұңғыш рет ашылған имамдар даярлайтын «Нұр Мүбәрак» университетінің жұмысы белсенді жүргізіле бастады. Имамдардың білімін жетілдіру республикалық Ислам институты жұмыс істейді. Осыған дейін республика аумағында салынған 9 медресе болашақ имамдарды, ұстаздарды даярлауда.
Имамдардың атқарып жатқан қызметі мен біліктілігін анықтау мақсатында аттестациядан өткізу жұмыстарын қолға алдық.
Өткен жылы ҚМДБ жанындағы Ғұламалар Кеңесінің жаңа құрамы жасақталып, жиһад ұғымы жайлы, теріс ағымдар ақиқаты туралы пәтуалар шығарды.
Біз 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялап, абыроймен атқарып шықтық. Бұл игі бастаманы 2018 жылға дейін ұзартуды ұйғардық.
Дәстүрімізді жаңғырту жолында бірқатар мәселелерге баса назар аудардық. Діни басқарма осы бағытта жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі тәлім-тәрбиені қалыптастыруға ерекше мән берді.
Жамағатқа дәстүрлі Ханафи мәзһабы мен имам Матуриди сенімі, салт-дәстүрді құрметтеу, қастерлеу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің мән-мағынасы жеткізілді.
Дәстүрлі мәзһабымызды кеңінен насихаттау мақсатында 2015 жылды «Әбу Ханифа жылы» деп жариялап, бірқатар іс-шаралар жоспарлап отырмыз. Жоспарымыздың шеңберінде «Нұр Мүбәрак» университетінің жанынан «Әбу Ханифа ғылыми-зертеу орталығы» ашылып, өз жұмысын бастап кетті.
Алғашқы ізденістің жемісі болған «Дін мен дәстүр» кітабының бірінші бөлімі шығарылды.
Имамдар форумы: тәлімі мол төрт құжат
Халқымызда: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», – деген нақыл бар. Ортақ мақсатқа жету үшін бәріміз бірігіп, бір-бірімізге көмекші болуымыз тиіс.
Біз халықтарды бірлікке, ізгілікке, қайырымдылыққа шақыруда діни тұлғалардың айрықша рөлін ескеріп, имамдардың әлеуетін, қабілеті мен тәжірибесін арттыруға баса назар аударып келеміз. 2015 жылдың 19 ақпанында тұңғыш рет Елбасы қолдауымен І республикалық имамдардың форумын өткіздік. Нұрсұлтан Әбішұлының құттықтауымен ашылған форумда тарихи төрт құжат қабылданды. Бірінші құжатымыз – «Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы». Тәлімдік құжат еліміздегі күллі мұсылманың бағдаршамы іспетті деуге болады.
Дұрыс сенімде болу, білім алу, Отанды сүю, дінаралық татулықты нығайту, басшыны құрметтеу, еңбекқор болу, көркем мінез қалыптастыру, ысырапқа жол бермеу сынды асыл қасиеттер – мұсылманға тән сипаттар. Осы бағытта «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» тәлімдік құжатын қабылдадық.
Алла Елшісінен: «Жақсы адам кім?» деп сұрағанда, пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Қоғамға пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен. Мұсылманның шынайы келбетін бейнелейтін құжатымыз ел игілігі үшін қызмет етуге үндейді.
Ұлт көшбасшысы Ұлытау төрінде берген сұхбатында халқымызды ысырапқа жол бермеуге, үнемшілдікке, қолда барға қанағат етуге шақырып, мұсылмандықтың үлгісін көрсетті.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін», – деп, адамзат баласын қанағатшыл болуға бұйырған.
Біз барға – қанағат, жоққа – шүкір еткен халықпыз. Иманым – жиғаным деп білген бабаларымыз байлықтың өлшемін қанағат деп білген. Ал мұсылман дегеніміз – ысырап та жасамайтын, сараңдық та танытпай, орта жолды ұстанатын пенде.
Қазіргі заман талабына сай, білімі мен біліктілігі толысқан діни мамандар санын арттыру – менің жіті назарымда.
Сондықтан бабаларымыздың пәтуалы сөзімен үндесетін «Имамның тұлғалық келбеті» тәлімдік құжатымыз қазіргі таңдағы қоғамда сұранысы мол, жалпы жұртымыздың бүгінгі тіршілігінде маңызды рөл атқарады деген үміттеміз.
Одан бөлек «Дін қызметкерінің этикасын» әзірлеп, сол форумда қабылдауымыздың мәні ерекше. ХХІ ғасыр имамын тек мешітке қатысты құлшылық-амалдармен елестету өткен күннің еншісінде қалды деуге болады.
Бүгінгі имам, бәлкім біз күткен дәрежеден де биік тұруы тиіс. Әрбір имам қарапайым адамнан бастап, қоғамның түрлі саладағы тұлғаларымен тең дәрежеде сұхбаттасатын рухани көшбасшыға айналуы керек. «Дін қызметкерінің этикасы» деп аталатын құжатымыз осынау талаптарды ескереді.
Имам дегеніміз – ол ұстаз, тәрбиеші, психолог, сөз шебері, бірлік пен береке ұйытқысы, бір сөзбен айтқанда, діннің айнасы дер едім. Діндарға қарап, дінді танимыз. Бұл құжаттың көтерер жүгі осындай.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетін: «Алла Тағала кімге жақсылықты қаласа, соған дінді үйретеді», – деп сүйіншілеген.
Қоғам рухани құндылыққа мұқтаж
Аллаға шүкір, мемлекетімізде дінге сенушілердің діни қажеттіліктерін орындау үшін барлық жағдайлар жасалды. Елбасы жыл сайынғы жолдауларында халқымыздың рухани өміріне, мәселен отбасы құндылығын арттыру, жат ағымнан алыс болу, бірлікті сақтау, қайырымдылық жасау, мейірімді болып, кешірім жолын ұстану секілді суапты амалдарға да мән береді. Біздің негізгі бағытымыз – діни, рухани сала болғандықтан, еліміздің рухани дамуы жолында аянбай еңбек етіп келеміз. Өйткені, халықтың иманы мен руханиятын дамытпай, елдің экономикалық өркендеуі мүмкін емес деп есептеймін.
Орта Азия бойынша құлшылық үйлерінің саны жағынан біздің ел бірінші орында. Дәстүрлі діндердің ғибадатханалары тең дәрежеде қызмет етуде.
Биыл еліміздің рухани саласында мемлекеттік деңгейде айтулы игі іс-шаралар өтуде. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Конституциямыздың 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл секілді мерекелер кеңінен атап өтілуде. Бұл – ұлттар мен ұлыстарды бірлікке ұйыстыратын, татулыққа үндейтін елеулі шаралар.
2015 – әсіресе, діндар қауымы үшін де маңызды оқиғалар жылы. Өйткені, биыл Елбасының тарихи бастамасымен Сарыарқа төсінде бой көтерген, рухани келісімнің ордасы – Астанамызда әлемдік дін көшбасшыларының дәстүрлі кезекті құрылтайы өтеді.
Бейбіт заманды басты байлығы санаған халқымыз қашан да татулықты тұғырына айналдырған. Тарихтан белгілі, халықтың болашағын ойлаған дін қайраткерлері де татулық пен бірлікті басты бағдар еткен. Халықтар бірлігі – бәрінен қымбат қазына деп санаған.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандықтың іргетасын бірлікпен бекіткен. Алла Елшісінің тайпалар мен руларды бір мақсатқа біріктіруі – кез келген басшыға басқару ісінде үлкен бағдар болары хақ. Дін көшбасшыларының құрылтайы да осы мақсатты көздейді.
Халқымызда: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», – деген қанатты сөз бар. Алла Тағала адамзат баласын: «Бөлінбеңдер», – деп бауырмал болуға бұйырған.
Әрбір парасатты пенде әлемдегі қаржылық дағдарыс пен адамдар арасындағы әділетсіздік, отбасылық күйреу, әлеуметтік келеңсіздіктер секілді мәселеден құтылудың бір ғана жолын түсінді. Ол – рухани құндылықтарды бірінші орынға шығару.
Бүгінде қоғам діннің адамгершілік құндылықтарына мұқтаж. Ал осындай рухани күйзеліс сәттерінде дін, зиялы қауым өкілдерінің белсенді жұмыстарына үміт артылады. Қамыққанға қамқор болу – ол да мұсылманшылықтың асыл парызы.
Халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазіргі заман – өткен заманның баласы, болашақ заманның атасы», – дейді. Ортақ Отанымыз – Қазақстан халқының бірлігі мен татулығы, діни келісімге негізделген жалпыға ортақ құндылықтары – болашақ заман үшін үлгі-өнеге, өсиет болып қала бермек. Осынау мамыражай сәттер, дәстүрлі дін өкілдерінің ортақ келісімі, ымыраға негізделген ынтымағы тарих беттерінде алтын әріптермен жазылары хақ.
Алла Тағала халқымызға бақ-береке бергей. Тәуелсіздігімізді мәңгілік етіп, болашаққа басқан қадамымызды берекелі еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин!
Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің Бас имамы С.Есмурзин халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Жітіқара ауданына қарасты «Мүмкіндігі шектеулі балалардың күндізгі болу бөлімшесі» және «Жітіқара балалар мен жасөспірімдер баспанасы» КММ балаларын құттықтап, сыйлықтар таратты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы өкілдігінің
Баспасөз қызметі
Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкілдігінің тікелей бастамасымен биыл да өңірде халықаралық балаларды қорғау күніне байланысты бірқатар танымдық-тағылымдық жағы мол шаралар ұйымдастырылды.
Мәселен, облыс орталығындағы шахмат клубында өткізілген жасөспірімдер арасындағы шахматтан жарыс қатысушыларға үлкен әсер қалдырды. Оған облыстық Марал ишан мешітінің ұжымы мен Қазақстан қажылар қауымдастығы облыстық филиалы мұрындық болды.
Оның қорытындысы бойынша жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Барлық қатысушыларға дәмі ауыздан кетпес тәттілер үлестірілді.
Сондай ақ, облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек пен Қажылар қауымдастығының облыстық филиалының төрағасы Жақсылық қажы Ғайсин Қостанай шаһарындағы облыстық балалар үінде болды. Осында тәрбиеленіп жатқан ұл мен қыздарға арнайы дастархан жайылды.
Бүлдіршіндерге қаланың көрікті жерлерін аралатып, кино театырларда фильмдерді тамашалатты. Тәрбиеленіп жатқан балалар өздеріне ерекше қамқорлық танытқан дін қайраткерлеріне шын жүректен шыққан ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды. Қонақтарға өздері дайындаған концертті ұсынды.
Сонымен қатар есімдері аталған облысқа кеңінен танымал азаматтар тағы да бір осындай жетім балалар үйіне атбасын бұрып, дастархан жайылды. Қай мереке сый-сияпатсыз болушы еді. Бұл тәрбие орнына өздерімен ала келген үш түкті кілемді тапсырды.
Ал аталмыш мерекеде облыстық Марал ишан мешітінің наиб имамы Асқар Мейрамбекұлының ұйымдастыруыменен жазғы каникул кезінде дәріс алып жатқан жасөспірімдер де сый-сияпаттан кенде болған жоқ. Олар да шаһарды аралап, ойын-сауық орындарын тамашалады. Серуен құрып, балмұздақтың дәмін татты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы өкілдігінің
Баспасөз қызметі
Алла қаласа биылғы жылдың 19-мамырынан Шағбан айы басталды. Бұл ай – Пайғамбарымыздың айы. Шағбан айы өте берекелі және мүминдерге Алланың рақымы молынан жауатындықтан, мүмкіндігімізше тәуба истиғфарды, таһажжуд, тасбих, қаза намаздарын көп оқып, Алла Тағаланы мадақтап, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат шәріпті көп айтқанымыз жөн.
Шағбан − қасиетті үш айлардың бірі, құлшылықтарымыздың сауабы еселеніп жазылатын шарапатты айлар. Қамари ай санауы бойынша сегізінші айға жатады. «Көптеген жақсылықтардың бастауы» деген мағынаға ие «шағбан» сөзімен аталған қасиетті ай Ережеп айының бітуінен хабар беріп, Рамазанның жақындағанын сүйіншілейді. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ережептен кейінгі кезекте Шағбан айына ерекше көңіл бөлген. «Алла Тағалам, Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ете гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз», – деген дұғасын жиі айтатын. Қасиетті Шағбан айына белгілі бір дайындық жасаудың мәні зор. Өйткені, Әбу Умәмә әл-Бәһилиден (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар»,-деген. Бұл айдағы сауабы көп құлшылықтың бірі − ауыз бекітіп, нәпіл ораза ұстау.
Айша (р.а.) анамыз айтады: «Расулуллаһтың (с.ғ.с.) бірінің артынан бірін ұстаған оразасына қарап, енді ораза ұстауын тоқтатпайды деп ойлайтынбыз. Ал оразаны бірінің артынан бірін ұстамаған кездері, енді Ол оразаны ұстамайтын шығар деп ойлайтынбыз. Ол шағбан айында ораза ұстағанды ұнататын. Мен: «Я, Расулаллаһ, Сенің шағбанда көп ораза ұстайтыныңды байқадым. Осының сыры неде?»-деп сұрадым. Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Я, Айша! Бір жыл ішінде қайтыс болатын адамдарыдың есімдері шағбан айында жеке дәптерлерінен өшіріліп, Азрайылға тапсырылады. Сондықтан оразалы күйімде есімім бір дәптерден өшіріліп, екіншісіне жазылуын қалаймын. Осы себептен шағбан айын жақсы көремін»-деп жауап берді.
Шағбан айында мұсылманның иманы толысып, кемелденеді. Әрі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл айды ерекше ұнатып, осы айды ораза ұстаумен өткізетін. Демек, үмматтары бізге де осынау мүбарак айда шама-шарқымызға қарай ораза ұстауға талаптанғанымыз абзал екен. Усама ибн Заид (р.ғ.) риуаят етеді: «Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Я, Алланың Елшісі, айлардың ішінде шағбан айында көбірек оразада болғаныңды көремін»-дедім. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Осы айдан пенделердің көбісі ғапыл. Бұл ай – Ережеп пен Рамазанның ортасындағы ай. Шағбанда амалдар Алла Тағаланың хұзырына келтіріледі. Сондықтан амалымның оразамен көтерілгенін қалаймын»-деді. Шағбан айы көптеген қасиеттерді өз аясында қамтыған құлшылық айы. Алла Тағаланың пенделеріне деген ризық-несібесін молайтатын ай. Жақсылық атаулы бүршік жарып, береке біткен артып, ғибадат-құлшылықты жан-тәнімен атқарушылардың қателіктері кешіріліп, күнәларынан арылатын ай.
Құрметті бауырлар, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Менің айым» деп ерекше ұлықтаған осынау айын біз де қадірлеп ғибадат-құлшылықтарымызды арттырып, Алла Тағаланың ұлық нығметтерін иеленуге қам жасайық.
Шағбан айының тағы бір қасиеті осы айдың орта шеңінде ұлық бір түн бар. Ол – Барағат түні. Барағат мүбарак бір түн. Өйткені ол түні мұсылмандарға рахмет, берекет, жақсылық, кешірім және мағфират жауады.
Али бин Әбу Талибтен (р.ғ.) риуаят етілген бір хадис шәрифте былай делінген: «Алла Тағала шағбанның он бесінші түні дүние аспанына түседі. Мыналардан өзгенің бәрінің күнәлары кешіріледі. Кешірімнен тыс қалғандар: мүшрік, мұнафық, туысымен қарым-қатынасын үзген және зинақор әйел».
Алла Тағаланың «дүние аспанына түсуі» деген сөзі, Оның рахметі мен берекетінің, қайыр мен нығметінің түсуі. Көк есіктерінің ашылуы, дұғалардың дереу қабыл болуы әрі құлдарына рахым мейірімімен қарауы. Өйткені Алла Тағалаға мекен тағайындау дұрыс емес.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбарак сөздерінде: Жәбрәйілден (ғ.с.): «Бұл түні мына есіктер қашанға дейін ашық тұрады?»-деп сұрағанымда Жәбрәйіл (ғ.с.): «Таң атқанша дейін»-деді де: «Я, Мұхаммед! Алла Тағала осы түні тозақтан құтқаратын құлдарының саны Бәни Кәлб руының қойларының қылдарының санындай (Яғни, кейбіреулерден басқа, барлық мұсылмандар кешіріледі)»-деді.
Мінеки, құрметті жамағат, Барағат кешінің осы іспеттес адам баласына берер пайдасы өте көп. Бұл кештің Ислам тарихында алар орны да орасан. Алла Тағала бұл түні көптеген Пайғамбарларын (ғ.с.) рахметіне бөлеген. Бұл түні – Алла Тағала Нух (ғ.с.) Пайғамбарға топан судан құтылу үшін иман келтірген қауымы мен хайуанаттарын жұп-жұбымен кемеге мінуге бұйырған. Осы түні Алла Тағала Мұсамен (ғ.с.) тілдескен. Сол түні Алла Тағала Зәкәрия (ғ.с.) пайғамбарды Жақия есімді ұлымен сүйіндірген. Бұл түні Құран Кәрімдегі «Әл-Қамар» сүресінің бірінші аятында айтылған аспандағы айдың екіге жарылып бөлінген оқиғасы болып өткен. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) берілген бұл ұлық мұғжиза осы бәрәғат кешінде болған еді. Осы тәрізді Барағат кешінде жүзеге асқан тарихи оқиғалар жетерлік.
Бұл мүбарак түн маусым айының 1-нен 2-не қараған түні болады. Бұл түні нәпіл намаздар оқып, Құран тилауатында болу, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көбірек салауат айтудың айрықша сауабы зор. Өйткені Құран Кәрімдегі «Ахзаб» сүресінің 56-шы аяты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтуды бұйырады. Осынау айда Алла Елшісіне (с.ғ.с.) Жәбрайыл (ғ.с.) келіп: «Я, Мұхаммед (с.ғ.с.) егер де сенің үмматыңнан біреу саған бір салауат айтар болса, Алла Тағала ол адамға он жақсылықтың сауабын жазады, он жаманшылығын кешіреді әрі ол адамның дәрежесін он есе көтереді»,-деді. Сондықтан осы түні Расулімізге (с.ғ.с.) қолымыздан келгенінше көбірек салауат айтайық.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәріпінде: «Менің үмматымның ең жақсы құлшылығы – Құран оқу»,-деген. Тағы бір хадисінде: «Кімде-кім жатар алдын «Ясин» сүресін оқыса, Алла Тағала ол адамның күнәсін кешіреді», - деді. Бұл түні көбірек истиғфар, яғни Алладан күнәларымыздың кешірілуін сұрауымыз керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім кешкісін истиғфар айтып, сол түні дүниеден өтер болса, Алла Тағала ол адамды жаннатқа кіргізеді», - деген.
Шағбан айының (13, 14, 15) күндері ораза ұстаудың сауабы зор. Бұл күндер «Аямул байд» яғни ақ күндер деп аталады. Хижри жыл санау бойынша әр айдың ортаңғы күндері ораза ұстау қажет. Себебі бұл күннің түндерінде ай толықсып, түнді нұрға бөлеп тұрады. Бұл күндері ораза ұстаған адамның жүрегін Алла Тағала дүние қараңғылығынан ағартады. Сол үшін де Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шағбан айының ортасының түні болғанда күндізінде ораза болып, түнінде намазға тұрыңдар»,-деді.
Олай болса, қадірменді мұхтарам жамағат Алла Тағала алдымызда келе жатқан Мүбарак Шағбан айын және ұлық Барағат түндерін баршамызға құтты қылып, Осы айды Алла разылығы үшін тағат-ғибадатпен өткізуді шын жүрегімізден ынталандырсын. Еліміз көркейіп, дініміз марқая берсін!
Шағбан айындағы нәпіл ораза ұстайтын күндердің сәресі және ауыз ашар уақыттарының кестесі:
Мезгілі | 31.05.2015 | 01.06.2015 | 02.06.2015 |
Сәресінің аяқталуы | 03:14 | 03:13 | 03:12 |
Ауыз ашар уақыты | 22:10 | 22:12 | 22:13 |
Ескерту: Аталмыш уақыттар Қостанай қаласының координаттары бойынша берілді.
Асылхан қажы Мұханбетжанұлы
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы
Малайзияның Сұлтан Зайнал Абидин университетінің вице-канцлері профессор, доктор Яхия бин Ибраһим бастаған бір топ делегация Нұр-Мүбарак Египет ислам университетіне арнайы сапармен келді. Ондағы мақсат екі университет арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастарды күшейтіп, екі жақты тиімді келісім-шарттар жасау.
Сұлтан Зайнал Абидин атындағы университет (UNiSZA – university sultan zainal abidin) Малайзиядағы жоғарғы діни білім беретін 20 оқу орнының бірі. Теренгану штатында орналасқан университет әлемнің 29 елімен халықаралық байланыс орнатқан, шет елдік студенттердің білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Оқу орнындағы 9 факультетте 8000-ға жуық студент білім алса, оның 5000-ы жатақханамен қамтамасыз етілген.
Бұл университетке өткен жылы ҚМДБ өкілдері бастаған бір топ делегация арнайы барып, меморандумға қол қойып, болашақ бірлескен іс-шараларға келісіп қайтқан болатын. Сол келісім аясындағы бүгінгі кездесуде екі университет арасындағы болашақ іс-шаралар жан-жақты талқылануда. Сұлтан Зайнал Абидин университетінде дәріс негізінен ағылшын тілінде өтеді, яғни ағылшын тілі жақсы дамыған. Сондықтан Нұр-Мүбарак университеті студенттерді бакалавриат модулі бойынша қысқамерзімді және ортамерзімді мәдени алмасу және тілдік тағылымдамаларды қамтамасыз ететін бағдарламаларды жүзеге асыру, ҚР Білім және ғылым министрлігінің оқу бағдарламаларына сәйкес Баллондық үдеріс, академиялық ұтқырлықты ұйымдастыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Доктор-профессор оқытушыларымен алмасу, студенттердің екі жақты білім алуы жан-жақты сөз болды. Ол үшін ЖОО-аралық академиялық ұтқырлық орталығын құру, бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша бірлескен интеграцияланған білім бағдарламаларын жасау, бірлескен қос диплом бағдарламасын жүзеге асыратын екі жақты келісім-шартқа (ол үшін Нұр-Мүбаракта 2 жыл, қалған 2 жыл Сұлтан Зайнал Абидин университетінде, магистратура, докторантура бойынша 1+1 және 2+1 тәртібі бойынша) қол қою, оқу орынаралық «Қазақстан-Малайзиялық ақпаратты-коммуникациялық технология орталығы» жобасын жүзеге асыру, исламтану мамандығының «Ислам экономикасы» саласы бойынша бірлескен тәжірибелік білім бағдарламасын жасау сынды жобалар жан-жақты талқылануда.
Университет ректоры доктор, профессор Жуда Басюни Нұр-Мүбарак университетінің Қазақстан мен Мысыр арасындағы алтын көпір ретінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың кепілі болып отырғандығын алға тартты. Сондай-ақ, малайзиялық делегацияны бүкіл Қазақстанда жалғыз ғана ислами оқу ордасына мемлекеттің көзқарасы мен қолдау мәселесі қызықтыратындықтарын бідірді. Бұл сауалға университет проректоры доктор, профессор Шамшәдин Керім мырзаның : «Нұр-Мүбарак университеті тікелей елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен ашылып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аясында еліміздегі діни мамандарды дайындау жолында жан-жақты даму үстінде»,-деген жауабы өз кезегінде малайзиялық делегацияның болашақ бірлескен жоспарлар мен жобаларға нық сеніммен кірісуіне дем бере түсті.
Малайзиядан келген дінбауыр қонақтар Нұр-Мүбарак оқу орны ғимаратымен, мешітімен танысып, біршама студенттермен жүздесті.
Айша КЕҢЕСБАЙ,
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің баспасөз қызметі
ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.
Барша мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын), оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Шариғатта жалпы барша нәрсенің негізі «таза» болып табылады. Тек шариғи дәлел ғана «таза еместігін, нәжіс екендігін» көрсетсе ғана лайықты үкімі беріледі. Ислам ғұламалары: «Харам нәрсені нәжіс деп атауға өкілеттілігіміз жоқ. Себебі оны нәжіс деп үкім шығару үшін шариғаттан дәлел керек»,-деген көзқарасты алға тартқан. Мәселен есірткі, улардың үкімі харам. Бірақ негізі таза. Өйткені олардың нәжістігіне шариғи дәлел жоқ. Кез-келген нәжіс харам болғандығымен харам нәрсенің бәрі нәжіс емес. Сондықтан спирт мас қылу себебінен харам болғанымен нәжіс емес. Құранда үкімі харам болып бекіген «хамр» сөзі жүзімнен жасалған шарапқа айтылады. Имам Ағзам мазһабында шарап харам әрі нәжіс болғандықтан тиген жерлерін нәжіс етсе, ал спирт тиген жерлерін нәжіс қылмайды. Имам әш-Шафиғи мәзһабында шараптың санатына барлық мас қылушы ішімдіктер кірген. Олардың барлығы нәжіс деп те үкім берілген. Алайда нәжіс деп үкім берілсе де спирттік сұйық заттар араласқан дәрілерді қолданудың оғаштығы жоқ деп санаған. Құрамында спирті бар иіс сулар немесе спирт араласқан сұйық заттар денеге, киімге тисе нәжіс болмайды. Спирт тиген жерді жуу да міндетті емес. Өйткені спирт тез арада ұшып кетеді. Қазіргі таңда көптеген дәрілерге азды-көпті белгілі бір мөлшерде спирт қосылады. Спиртті қосудағы мақсат науқасты мас қылу емес. Бар болғаны дәрі құрамындағы кейбір заттардың еруге мұқтаждығы бар. Сол себепті спирт қосылады. Сондай-ақ дәрінің құрамы уақыт өте келе өзгеріске түспеу үшін және ұзақ мерзімге сақтау үшін де аз мөлшерде спирт қосылады.
Ғалымдар шариғи үкімі нәжіс, харам нәрселер басқа нәрсеге араласып, қасиеті мен сипатын жоғалтса яғни, иісі, реңі, дәмі де қалмаса таза болады деген. Әйгілі имам, мулла Нұруддин Әли ибн Сұлтан, имам Ұбайдулла ибн Масғұдтың ән-Нуқая атты еңбегіне жазған Фатху-Бәбил-Ғиная атты шархында былай дейді.
«Нәжістің күлі немесе т.б (нәжістердің үкім) таза болып табылады. Яғни, тұзды жерде өліп, тұзға айналған есектің үкімін алады. Сондай-ақ шариғатта негізі ұрықтың (сперманың) үкімі нәжіс. Уақыт өте келе жатырға түскен ұрық ұйыған қанға айналады. Оның үкімі де нәжіс. Кейін әлгі ұйыған қан бір шайнам етке айналады. Оған таза деген үкім беріледі. Сонымен қатар шариғатта жүзім сусынының үкімі таза. Егер ашытылып шарапқа айналса, үкімі нәжіс болады. Ол тағы да бір өзгеріске ұшырап сірке суына айналса, үкімі таза болады. Осылайша біз қандай-да бір заттың негізінің басқа бір затқа айналуы әуелгі қасиеті мен сипатын жоғалтатындығын білеміз. Өйткені оның табиғаты және көрісі өзгеріске ұшырады»[1].
Демек спиртті ішу адамды мас күйге түсіретіндіктен тыйым салынады. Алайда дәрінің құрамына химиялық қоспалардың араласу арқылы спирт өзінің қасиеті мен сипатын жоғалтса таза болып есептеледі.
Үкім:
1. Спирт ішуге шариға тұрғыдан тыйым салынады. Алайда нәжіс емес.
2. Құрамында спирт болған дәріні, дененің сыртқы бөлігіне қолдануға болады.
3. Егер спирт қандай-да бір дәрінің құрамында болып, қасиеті мен сипатын жоғалтса ішуге болады.
4. Ал егер спирт қандай-да бір дәрінің құрамында болып, қасиеті мен сипатын жоғалтпаса төмендегі шарттарды ескере отырып ішуге болады.
а. Аса зәру жағдай болып, құрамында спирті бар дәрінің орнын басатын таза дәрі болмаса;
ә. Құрамында спирт қосындысы бар дәрі науқастың оңалуына септігі тисе;
б. Құрамында спирт қосындысы бар дәріні міндетті түрде жоғары білімді, білікті дәрігер нұсқауымен қолданылуы қажет;
والله اعلم بالصدق و الصواب
ҚМДБ-ның шариғат, пәтуа бөлімі