Тәуелсіздік – талайдың тағдырына бұйырмаған баға жетпес бақыт. Алла Тағланың бізге берген үлкен нығмет-сыйы. Ғасырлар бойы жүргізілген тынымсыз күрес пен қайтпас қайсар бабаларымыздың ерен еңбегі. Сондықтан Тәуелсіздік – біздер үшін аманат. Осы қасиетті құндылығымызды атадан балаға, баладан ұрпаққа қалдыруға үлес қосу кез келген саналы адамға міндет. Ол үшін әрқайсымыз иманды да ибалы болып, еліне жанашыр жан болғанымыз абзал.
Азат елдің діни сенім бостандықтарын қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекет болмаса, онда діннің де, руханияттың да еркін тыныстай алмасы анық. Сонымен қатар, тұрақтылық пен тыныштық орнамаған елде экономикалық ахуал да оңалмайды. Сондықтан, әуелі тәуелсіздік пен тұрақтылық, татулық пен тыныштық қажет деп білемін.
Адам жанына рухани азық, ішкі жан-дүниесіне күш-қуат беретін құндылықтар бар. Соның бірі – дін. Діннің қоғамда алатын орны ерекше. Дін – адам тарихының тағылым-тәрбиесінің бірі және сарқылмас даналық көзі. Дін – имандылықтың, парасаттылықтың кепілі. Дін татулығы – халық бірлігі, яғни қоғамда дінаралық келісім болса, сол қоғамда өмір сүріп жүрген халықтың да бірлік пен татулықта болғаны.
Жалпы қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше. Дін – адам баласын мейірімділікке, қайырымдылыққа, білімділікке үндейді. Бауырластыққа, татулыққа, бейбітшілікке шақырудағы орны да орасан зор. Діннің ел мен елді, түрлі ұлттар арасындағы достық қарым-қатынастарды реттеудегі рөлі жоғары.
Сонау 1992 жылы Елбасымыздың ұсынысымен Рухани келісімнің Бүкіләлемдік Бірінші Конгресі өткізілген болатын. Онда татулық пен мейрімділікті паш етер – Рухани келісім күнін атау туралы шешім қабылданған. Мұндағы мақсат конфессияаралық келісім, өзара түсіністікпен құрметті қалыптастыру болатын. Бұл игі іс өз жемісін де берді. Бұған дәлел Елбасымыздың бастамасымен Астана қаласында бірнеше рет өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері. Осы алқалы жиынның нәтижесінде жер шарының түрлі елдерінен келген халықаралық дәрежедегі әлемдік дін лидерлері ортақ мәмілелерге келді.
Күллі жер шары – барша адамзатқа ортақ үй. Мұны Алла Тағала біздерге аманат етіп берді. Оны сақтау, қорғау бәріміздің борышымыз. Бүгінгі алмағайып дүниеде бейбітшілік пен ынтымақтың күшейіп, дамуы үшін әсіресе дінаралық үнқатысу мен төзімділіктің мән-маңызы зор. Әлемдік діндер арасындағы үнқатысу ерте кездерден бастау алады. Қасиетті Құранның өзі мұсылман жұртшылығын өзге дін өкілдерімен ынтымақ жарастыруға, ортақ түсіністікке шақырады.
Мәселен, Құранның Хужурат сүресінде: «Я, Адамзат! Біз сендерді бір ер және бір әйелден жараттық. Бір-бірлеріңмен танысып, білісулерің үшін сендерді ұлыстар мен түрлі ұлттарға бөлдік. Араларыңдағы ең ізгілерің тақуалықта тым жоғары болғандарың» - делінеді. Аятқа тереңірек үңілетін болсақ, барша адамзат бір ата мен бір анадан өрбіп өскендіктен баршамыздың арғы тегіміз бір. Бір атаның балаларымыз.
Сондай-ақ, біздің әртүрлі ұлыстар мен ұлттарға бөлінуіміздің астарында танысу мен білісу жатыр. Келесі бір Құран аятында: «Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылықпен әдептілік сақтап пікір алысыңдар». Міне, қасиетті Құранның дәріптеп отырған насихаты осы. Пікірталас өрбіту кезінде сыпайылықтан аспау, Исламда ізгілік этикасы болып табылады. Адамзат мақтанышы ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Раббысынан алған тәрбиесімен мұсылман, християн, яһуди деместен барлық адамға құрметпен қарай білді.
Соңғы кездері сан ғасырдан бері бейбітшіл бағытты ауытқусыз насихаттап келген асыл дінімізді лаңкестік, экстремистік сияқты небір жағымсыз ұйымдармен байланыстыратын жалған пікірлер пайда болуда.
Сондай-ақ Тәуелсіздігімізге мойынұсынбайтын, мемлекеттігімізге шүбә келтіретін дәстүрлі емес діни ағымдар көбейген. Әлбетте, мұндай діни экстремизмді қоздырушылар шынайы мұсылман емес. Діни экстремистер мен деструктивті топ мүшелері, Ислам дінінде тыйым салған көптеген әрекеттерге барады. Негізінде Ислам еш уақытта адам баласын бүлікке, бұзақылыққа, тәртіпсіздікке шақырған емес. Керісінше, ол өзгенің ақысына қылдай қиянат жасамауға үйрететін үлкен тәрбиенің қайнар көзі.
Бүгінде бізге ауадай қажет құндылықтардың бірі ол – татулық пен бауырмалдық. Алла Тағала Құранда: «Алланың жібінен (дінінен) мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» - деп мұсылман жұртшылығына бірлік пен ынтымақтықты бұйырады. «Тозған қазды топтанған қарға алады» - демекші, бірлік жоқ болса, бар байлығымыздан ажырап қалуымыз ықтимал. Адамзат тарихында қай жерде бірлік жоғалса, сол жерде жеңіліс болғанын көреміз. Өмірдің берекесі мен мерекесі де осы – бірлікте емес пе. Қандай жағдайда да ең әуелі ел бірлігін, жұрт тыныштығын барлық мүддеден жоғары қою қажет.
Қазіргі таңдағы Алла Тағаланың егемен елімізге берген ынтымақ-бірлігінің арқасында алған асуларымыз бен жеткен жетістіктеріміздің қадірін білгеніміз жөн. Тәуелсіздігіміз баянды, мемлекетіміздің тұғыры биік, еліміз марқайып, дініміз көркиіп, ел тыныштығы сақталып, байрағымыз көкте мәңгі желбіреп тұрсын десек, біздің бар тілек-дұғамыз татулық пен ынтымақ болуы тиіс. Алла Тағала жаны жайсаң, дархан халқымызды ынтымағынан ажыратпасын.
Олай болса, қадірлі қауым! Біздер де бір-бірімізге қамқор болып, дінаралық диалогты, достық пен сыйластықты құптай отырып, егемен еліміздің өркендеуі мен даму жолына бірлік қажет екенін дұрыс түсініп, кешірімділік пен қайырымдылық жолын ұстана білейік.
Ылайым жер бетінде тыныштық орнап, әрдайым амандық пен татулық болсын! Бәрiмiз бiрiгiп әлемге тыныштық, бейбiт аспан, ынтымақ пен бiрлiк тiлейiк. Сол үшiн дұға жасайық!
Алла Тағала Тәуелсіз еліміздің тұғырын биік, мәртебесін асқақтата берсін!
Бектұрсын Уәлиев
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед»
мешітінің бас имамы
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай, Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің қызметкерлері қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтында, Агроколледждің оқу корпустары мен жатақханаларында жастармен кездесу өткізді.
Бұл жүздесулерде ең әуелі жастардың ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіздіктің қадірін білу және оны баянды ету жайы әңгімеге арқау болды.
Кездесулерде Бас имам Бектұрсын Торғайбайұлы егемендігіміздің жемісі жайлы тілге тиек етіп, тәуелсіздіктің арқасында асыл дініміз қайта оралғандығын тебірене айтты.
Бас имам жастарды иманды да ибалы, білімді де парасатты болуға шақырды. Сондай-ақ елімізге, қоғамға зиян келтіретін жат ағымдардан аулақ жүру керектігін де ескертті.
Институттағы жүздесуде білім ордасының басшысы, география ғылымдарының докторы Сейітбек Бекенұлы жастар тәрбиесі қашан да маңызды екендігіне тоқталды. Оларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық та ауыз толтырып айтарлықтай екендігін баяндады.
Сондай-ақ мешіттің алқа мүшесі, дін жанашыры Мейрамхан қажының студенттерге арнап, ұстаздар мен ата-анаға құрмет көрсету жайындағы ойлары да қатысушыларды тебірентті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай қалалық мешітінде еліміздің жарқын болашағы жастарды бәсекеге қабілетті мамандыққа баулып жатқан Қостанай экономикалық колледжінің студенттерімен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған кездесу өткізілді.
Мұндағы мақсат-бүгінгі жігіттер мен қыздарды отансүйгіштікке, тәуелсіздігіміздің қадірін білуге, әлемге танылған мемлекетімізді одан әрі өркендетуге өз үлестерін қосуға баулу.
Басқосуда осы маңызды жайлар негізінен әңгімеге арқау болды. Онда жиналғандарға арнайы дайындалған бейне баяндар, слайдтар ұсынылды.
Сондай-ақ «Тарих. Тағылым. Тәуелсіздік» деп аталатын көрме де әзірленді. Тақырыбы айтып тұрғандай, онда қатысушылардың ой-өрісін кеңейтер маңызды жайлар кеңінен қамтылды.
Кешті Қостанай қалалық мешітінің бас имамы Шоқан қажы Әмірханов ашып, барша қауымды ұлы мерекемен құттықтап, оларға ізгілік әрі толағай табыс тіледі.
Содан кейін «Тәуелсіздік шежіресі» деп аталатын бейне ролик те көрсетілді. Оны тамашалаған соң Салтанат Серікова, Махаббат Жарбосина, Әйгерім Төлепова, Кәмшат Сабыржан секілді студенттер Тәуелсіздікке арналған өздерінің арнау өлеңдерін оқыды.
Жиналғандар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жібек жолы» баспасынан шыққан «Тәуелсіздік белестері» кітабымен де танысып, көп жайды көңілдеріне түйді.
Сондай-ақ қалалық Н.Островский атындағы кітапхананың қызметкері Ботагөз Дүйсенбаеваның, наиб имам Дүйсен Дайырұлының сөздерін де ұйып тыңдады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Құрметті қостанайлықтар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкілдігінің Жастар және әйелдер секторы Мәуліт айының құрметіне «Мұхаммед (ﷺ) пайғамбардың еңбек сүйгіштігі» тақырыбында шығарма жазуға бәйге жариялайды!
Сараптау нәтижесі бойынша жақсы жазылған шығармалар арнайы сыйлықтармен Қостанай облысы өкілдігі өткізетін Мәуліт кешінде марапатталады.
Қосымша ақпаратты: Жастар секторының өкілі Жұмағұлов Омар тел: +7 707 729 7445, Әйелдер секторының өкілі Халим Жансая +7 702 319 00 93 арқылы біле аласыздар.
Жастар - халықтың ертеңі, болашаққа апаратын алтын көпірі дейді керегесі кең, төрт құбыласы түгел қазақ халқымыз. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Осыған байланысты бүгінде Рудный қаласында бетке ұстар азаматтардың қатысуымен Егемен Қазақ еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап Рудный индустриалық институтында «Ұлы дала – Мәңгілік ел жастарының әлеуеті»: даму қағидалары және болашағы» халықаралық жастар ғылыми-тәжірибелік конференциясы болып өтті.
Аталмыш конференцияға Ресей Федерациясының білім саласының құрметті қызметкері, Липецк мемлекеттік техникалық университетінің профессоры И. Мазур, Қазақстан халық Ассамблеясының мүшесі Д. Гусак, Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай әлеуметтік-гуманитарлық кафедрасының аға оқытушысы М. Тұйғанов, Г. Носов атындағы Магнитогорск мемлекеттік техникалық институтының Механика, металургия, көлікқұрылыс және шикізат өңдеу кафедрасының ассистенті Б. Зарицкий, Рудный индустриялық институтының ректоры техника ғылымдарының докторы, профессор Ә. Найзабеков, Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Сейіт Темірбекұлы және басқа да жоғарғы оқу орындарының студенттері қатысты.
Қазақ жастарының еліне деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін, ұлттық намысын оятып, тәуелсіз елдің жастарын жігерлендіру мақсатында сөз сөйлеген Сейіт қажы Темірбекұлы осы күнге жеткеніміз бірінші Алланың, одан кейін бірлік пен ынтымақтың арқасында деп баяндамасын қорыта келіп, жиналған қауымды Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен құттықтады.
Алла тағала тәуелсіздігімізді, бірлігіміз бен ынтымағымызды мәңгілік еткей! Жаратушы Иеміз жеткен жетістіктерімізге береке беріп, алар асуымыз бен бағындырар белесіміз көп болғай! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Облыс орталығымен іргелес жатқан Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Сейіт Темірбекұлы жуырда мүгедектер үйінде болып, ондағы мемлекет қамқорлығындағы кісілердің жағдайымен танысты.
Бас имам онда «Ислам- бейбітшілік діні» деген тақырыпта әңгіме өрбітіп, дініміздің кімді де болсын, ізгілікке, қайырымдылыққа, үлкен мен кішіні сыйлауға баулитындығын жеткізді.
Мүгедек үйіндегілер оның сөзін ұйып тыңдап, көп жайларға қанығып,өздеріне көңіл бөліп келгені үшін алғыстарын жеткізді.
Сонымен қатар Сейіт қажы Ыбырай Алтынсарин атындағы гуманитарлық-әлеуметтік колледжінде «Болашақ сенен басталады» деген тақырыпта студенттермен семинар өткізді.
Қай халықта болмасын ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры және болашағы деп есептеген. Сондықтан осы тәрбие мәселесіне көңіл бөліп, оған тиімді әдіс-тәсілдерді қолданған.
Кездесуде «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», - дегендей еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды, білімді, жігерлі ұрпақтардың орны бөлек екендігін. Сондай-ақ ол Елбасының жастарға үлкен сенім артып отырғандығын да айта келіп, егеменді мемлекетіміздің жарқын келешегі үшін барша жігіттер мен қыздар аянбай еңбек етулері қажеттігі айтылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орай Таран ауданындағы «Әйет» мешітінің Бас имамы Хамзин Ислам жуырда Тобыл орта мектебінің жоғарғы сынып оқушыларымен кездесу өткізді.
Басқосуда бейбітшілік заманымыз үшін әуелі Аллаға онан соң Елбасының жасап жатқан еңбегіне рахмет айтса артық болмайтынын айтып өтті. Сонымен қатар білім ордасында оқып жатқан шәкірттердің заманға сай нағыз азамат атанулары үшін көп ізденулері қажет екендігіне тоқталды.
Сондай-ақ адам баласының ажарын ашатын асыл қасиеттер – сыпайылық, көркем мінез, адамгершілік әрі кішіпейілдік екендігі де айтылды.
Бас имамның ұлағатты сөзін кездесуге қатысқан ұстаздар мен шәкірттер зейін қоя тындады. Олар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын да қойып, нақты жауап алды.
Ұзын сөздің қысқасы, мектеп қабырғасындағы басқосу жиналғандар көпке дейін ұмытпайтындай тартымды әрі тағылымды өтті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай қалалық мешітінде Қазақстан мемлекетінің жарқын болашағы жастармен яғни ұстаз мамандығын таңдаған студенттермен «Ішімдік пен есірткі жаһанды жаулаған індет» және «Суицид – өз-өзіне қол жұмсау-тығырықтан шығатын жол емес» атты тақырыпта кездесу болып өтті.
Бұл іс-шара үкілі үмітіміз жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу әрі жаһанды жаулаған індет әрі бүгінгі таңдағы зардабын тигізер дерттің алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.
Осы тағылымды кешті Қостанай қалалық мешітінің бас имамы Шоқан Әмірханов жүргізіп, келген қонақтарды студент жастарға таныстырып, басқосудың мәні мен маңызына тоқталды.
Содан кейін Қостанай қалалық прокурорының орынбасары Тұрар Жүсіпов ішімдіктің адамға тигізер зиянын медициналық және ғылыми тұрғыдан айта келе, жиналғандарға бейнеролик көрсетті.
Осы өзекті мәселеге байланысты Қостанай қалалық мешітінің наиб имамы Дайыр Сарінжіпұлы Исламдағы аят-хадиске сүйене отырып, әсерлі насихат айтты.
Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің психология және педагогика кафедрасының оқытушысы, магистр Гүлзат Ибраева «Суицид» тақырыбына орай жан-жақты баяндама жасады. Арнайы дайындалған бейне баянды да жұртшылық назарына ұсынды.
Осы кеште Қостанай қалалық мешітінің найб имамы Дархан Қосылбаев «Өз-өзіне қол жұмсау» деген тақырыпты Ислам діні тұрғысынан түсіндіріп өтті.
Тәрбиелік мәні зор басқосудан кейін барша қатысқан студенттерге арнайы дастархан жайылды.
Қорыта айтқанда, осынау іс-шарада жастарды сақтандырар ішімдік және суицид секілді өзекті мәселе жайлы ой салар пікірлер айтылды.
Бұл ұйымдастырылған кешке бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Кәсіпкер Руслан және Раушан Шакаровтардың есімі облыс өңіріне жақсы танымал. Олар бүгінгі уақыт талабына сай жеке бизнестерімен айналысады. Сөйтіп, туған жері мен еліне адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетуде.
Ерлі-зайыптылар тек өзімізге ғана болсын деген кісілердің санатына жатпайды. Табыстарынан демеушілік жасауды да азаматтық парызымыз деп есептейді.
Олар Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітін тұрақты қамқорлыққа алған. Басқаларын айтпағанның өзінде, осы өңірдегі 50 кісіні елімізге танымал діни-танымдық «Ислам және өркениет» газетіне тегін жаздырып, барша әріптестеріне үлгі-өнеге көрсетті.
Қазақ «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді. Руслан мен Раушанның бойындағы мұндай жомарттық, қайырымдылық және адамгершілік қасиеттер олардың ата-аналарынан жұққандығы да даусыз.
-Өз басым бұл кәсіпкерлердің адами қасиеттеріне шексіз ризамын. Қашан да бір сөзімді екі еткен емес. Рухани байлықтың қайнар көзі болып табылатын «Ислам және өркениет» газетіне аудандағы 50 адамды жаздырып берулерінің өзі олардың қандай қолы ашық әрі жаны игі кісілер екендігін көрсетеді емес пе,- дейді «Балықты» мешітінің бас имамы Есенгелді қажы Әжімахантегі.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Міне, 2016 жыл да аяқталуға жақындады. Осы жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесі қандай? Бұл маңызды сұраққа биыл 22 және 29 қараша күндері өткен Астана қаласындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасындағы Жастар ісі бөлімінің, сондай-ақ түзету мекемелерінің жылдық қорытынды жиналыстарында нақты жауап берілді.
Баршаға мәлім, қазіргі таңда барлық өкілдіктерде жастар ісі бөлімі жемісті еңбек етіп, егеменді еліміздің ертеңі болатын жастар тәрбиесіне айтарлықтай ықпалдарын тигізіп келеді.
Олар жастар арасында имандылықты насихаттап, салауатты өмір салтын ұстануға шақырған түрлі кездесулер мен спорттық сайыстар ұйымдастырып келеді.
Сондай-ақ білім ордаларындағы өткізіліп келе жатқан дәрістер мен уағыз-насихат жұмыстардың сапасын арттыруға да айрықша көңіл бөледі.
Сонымен бірге әр өкілдіктің қызметтеріндегі басты бағыттарының бірі – түзету мекемелеріндегі діни экстремизм бойынша сотталып, жазасын өтеп жатқан азаматтармен жұмыс істеу. Бұл жұмыстар үлкен жауапкершілікті қажет етеді.
Елордамыз Астанада өткен түзету мекемелеріндегі атқарылған істердің жылдық қорытындысына Қостанай облысының өкіл имамы Бахытбек Тәжімбет пен найб имам Азамат Мурзаканов қатысты.
Аталған басқосуда барлық облыстағы өкілдіктердің, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің, ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі мен ҰҚК өкілдері болды.
Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Қостанай өкілдігінің қызметкері Ғұмар Нәбиұлы және наиб имам Азамат Серікбайұлына арнайы Алғыс хатты салтанатты түрде тапсырылды.
Бұл марапат тек дін саласында келе жатқан қос азамат ғана емес, облыстағы барша мешіттердің имамдары және дін қызметкерлеріне көрсетілген құрмет деп түсінгеніміз абзал.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі